Президент тапсырмаларын орындау: Үкімет экономиканың өсуі үшін нақты секторды қолдауға 8 трлн теңге бағыттайды

Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық еткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндама жасады.

«Бесінші Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді. Азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында экономиканың тұрақты және сапалы дамуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғасады. Үкімет Ұлттық Банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырады. Негізгі басымдық – халықтың табысын арттыру. Биыл халықтың нақты табысының өсуі 2-3%-дан жоғары болуы тиіс. Бұған экономиканың тұрақты, сапалы өсуін қамтамасыз ету және инфляцияны төмендету есебінен қол жеткізілетін болады. Экономиканың өсуі 5%-дан кем емес деңгейде қамтамасыз етіледі. Ол үшін негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі жалпы ішкі өнімге қатысты 18%-ға дейін жеткізіледі», — деді ол.

Оның айтуынша, шикізатқа жатпайтын секторларды дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға, экономиканы технологиялық жаңартуға және цифрландыруға баса назар аударылмақ. Проактивті инвестициялық саясат жүргізіліп, кәсіпкерлікті қолдау шаралары кеңейтіледі. Экономикалық өсудің проактивті саясаты шеңберінде жалпы қосылған құнның, экспорттық түсімдердің және еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз ететін жаңа өндірістік қуаттарды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік механизм құрылады. Мемлекеттік органдар қуатты және табысты жобаларды ұйымдастыруда және құруда белсенді рөл атқаратын болады. Мәселен, экономикалық өсудің проактивті саясатын жүзеге асыру үшін «Бәйтерек» холдингінің рөлі күшейтілді. Биыл холдингті 1 трлн теңгеге дейін капиталдандыру көзделген. Қаржыландыруды ескере отырып экономиканың нақты секторы шамамен 8 трлн теңге көлемінде қолдау шараларымен қамтылады. Басты екпін экспортқа және импортты алмастыруға бағытталған терең өңдеу кластерлерін дамытуға жасалады.

«Экономиканың тұрақты дамуының маңызды факторы – шағын және орта бизнес. Әкімшілік жүктемені азайтып және қолдау көрсете отырып, бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту бойынша жүйелі шаралар жалғасады. Басымдық берілетін салаларда кәсіпкерлік қызметті ынталандыру үшін «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды. Оған қоса өңірлік мамандандыру жобаларына бағдарланған «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы әзірленді. Бағдарламаны жүзеге асыру шамамен 23 мың жобаны қолдауға, 127 млрд теңге бюджеттік қолдаумен, 1,2 трлн теңге сомасына несие беруді қамтамасыз етеді. Инфляцияны 9-11%-ға, орташа 10%-ға дейін төмендету үшін шаралар қабылданады. Азық-түлік тауарларының отандық өндірісін ұлғайтуға және ішкі нарықты молықтыруға, тауар нарықтарында теңгерімсіздіктерді болдырмауға, өнімді тиімді сақтау және тасымалдау бойынша инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылмақ. Бағаларды тұрақтандыру үшін осы жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 19-дан 31-ге дейін кеңейтілді. Сондай-ақ, табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтері өскен кездегі тигізетін ықпалы қатаң қадағаланбақ. Ол инфляцияның нысаналы параметрлеріне байланысты шектелетін болады», — деді Серік Жұманғарин.

Жаңа Салық кодексін енгізу бойынша да жұмыстар Үкіметтің тұрақты бақылауында. Кодекс қабылданған сәттен бастап жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Барлық 20 өңірде 130 мыңға жуық бизнес өкілдерінің қатысуымен семинарлар ұйымдастырылған. 1 500-ге жуық сұрақ келіп түскен, олар бойынша түсініктемелер берілді. 

Сондай-ақ тұрақты кері байланыс қамтамасыз етілуде. Кодекске қол қойылған сәттен бастап 1 400-ге жуық өтініш келіп түсті, оның ішінде осы жылдың басынан бастап – 205 өтініш. Олардың көпшілігі қолданбалы сипатта болды және салық режимін таңдау, ұзақ мерзімді шарттарды орындау, сондай-ақ жаңа нормаларды іс жүзінде қолдану мәселелеріне арналды.

«Жұмысты жеңілдету мақсатында Үкімет жанынан Салық кодексін енгізудің және реттеуші ортаны оңайлатуды қамтамасыз ететін Жобалық кеңсе құрылады. Жобалық кеңсе бизнестің өтініштері шоғырланатын, келісілген шешімдер қабылданатын және мемлекеттің біртұтас ұстанымы қалыптастырылатын бірыңғай үйлестіру нүктесіне айналады. Барлық сындарлы ұсыныстар мұқият қаралып, қорытындысы бойынша түзетулер енгізудің орындылығы мен қажеттілігі айқындалатын болады. Жобалық кеңсе Салық кодексінің жаңа нормаларына қақтығыссыз, заңбұзушылықтарсыз біркелкі, болжамды және келісілген түрде көшуді және реттеуші ортаны оңайлатуды қамтамасыз етеді. Жоспарланған шаралар халқтың әл-ауқатының артуымен қатар жүретін одан әрі орнықты және сапалы өсу үшін негіз жасайды», — деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі.

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде осы және алдағы жылдарға арналған жұмыстың негізгі бағдарлары – Мемлекет басшысы қойған басымдықтар мен міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыру, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың жалпы нарығында қазақстандық тауарларды ілгерілету жолындағы кедергілерді анықтау және жою. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары ұлттық деңгейде әрбір ел қолданатын мемлекеттік қолдау шараларының көлемі келісілген мәндерден аспауға тиіс екендігі туралы келісімге қол жеткізілді. Жалпы алғанда, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау және ілгерілету, сондай-ақ теңгерімді сауда саясатын жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар одан әрі жалғаспақ.

#Инфляция #Президенттің тапсырмасы #Серік Жұманғарин #Экономика #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу