Президент тапсырмаларының орындалуы: ТЖ кезінде мемматрезервтің материалдық құндылықтарының тізбесін қайта қарау қажет

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысы барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар туралы ҚР төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтып берді.

Министрдің айтуынша, осы жылдың 28 қарашасынан 11 желтоқсанына дейінгі аралықта Екібастұз қаласындағы жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жоюға құрамында 150 адам және 50 техника бар ТЖМ топтамасы жұмылдырылды.

Апат салдарын жою үшін жұмылдырылған күштер мен құралдарды жедел үйлестіру мақсатында төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарына және кезекші-диспетчерлік қызметтер мен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның іс-қимыл алгоритміне сәйкес іс-шаралар кешені жүргізілді.

Пилотсыз ұшу аппараттарының көмегімен жағдайды бағалау жүргізілді, авариялық-қалпына келтіру командаларының аға ауысымдарымен өзара іс-қимыл ұйымдастырылды және бірыңғай байланыс арнасы жолға қойылды.

Барлық үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілердің жұмысы жүйелендірілді, халық үшін көмектің негізгі түрлері айқындалды.

Мемматрезерв қоймаларынан мүлік броньнан шығарылды және жеткізілді, 15 стационарлық жылыту пункті орнатылды, 600-ден астам адамды барынша орналастыра отырып, халық пен тартылған күштер үшін 3 бір реттік ыстық тамақ қамтамасыз етілді.

Юрий Ильиннің айтуынша, барлығы 349 адам эвакуацияланды.

Төтенше жағдайды жою барысында негізгі күш 85 учаскеге бағытталды, онда жылу зеңбіректерімен жылу және сумен жабдықтау жүйелері 200-ден астам рет қыздырылды, қараңғы уақытта жұмыс учаскелеріне тәулік бойы жарық берілді, тұрғын үй, жертөле және техникалық үй-жайлар жылытылды, желілік су сорылды. 

«Келтірілген залалды өтеу тәртібі бойынша әзірленген іс-қимыл алгоритмі халықтың назарына жеткізілді», — деді төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Оның айтуынша, жылыту пункттерінің базасында зардап шеккен заңды және жеке тұлғалардан өтініштерді қабылдаудың 7 учаскесі ұйымдаастырылды. Аралау кезінде психологиялық көмек көрсетілді, гуманитарлық көмекті жеткізу және беру ұйымдастырылды.

«Барлығы 860 адам және 100 шұғыл қызмет техникасы жұмылдырылды. ТЖ қызметтерінің күштері мен құралдары төтенше жағдайды жою үшін жеткілікті болды. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ», — деді ведомство басшысы.

Қорытындылай келе, жүргізілген жұмыстардың нәтижелерін бағалау мемматрезервтің материалдық құндылықтарының тізбесіне, орталық және жергілікті атқарушы органдардың табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ-ны жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларына өзгерістер енгізу қажеттігін көрсетеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу