Президенттің тапсырмаларын орындау: Қазақстанда балабақшаларды кезең-кезеңмен лицензиялау енгізіліп жатыр

Үкімет үйінде Үкімет отырысы өтті, онда Мемлекет басшысының 2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Білім беру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі жүйелі жұмыс туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов баяндады.

Мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялауға қатысты

Министр А. Аймағамбетовтың айтуынша, 2011 жылдан бері балабақшалар жұмысын бастау үшін лицензия алмайды, тек қана жұмысын бастағаны туралы хабарлама береді. 2021 жылға дейін олар мемлекеттік бақылаудан және аттестаттаудан толығымен босатылған болатын.

«Лицензиядан босату туралы шешім жеке меншік сектордың жылдам дамуына, балабақшамен қамтуды 99 пайызға жеткізуге әсер етті. Бірақ ол сапаны қамтамасыз етуге теріс әсерін тигізді. Соңғы кезде кейбір балабақшалардың жұмысы бойынша ата-аналардың арыздары жиілеп кеткені ешкімге құпия емес. Осыған орай, 2021 жылы мемлекеттік бақылауды қайта енгіздік. Оның нәтижелері де проблемаларды көрсетіп отыр, балабақшалардың 80%-ы бақылаудан өте алмады», — деді А. Аймағамбетов. 

Олар аттестациядан өтпеуіне байланысты формалды түрде жабылады, бірақ лицензия бойынша талап болмағаннан кейін сол ғимаратта, сол проблемалармен қайта ашылып жұмысын жалғастыра береді. Осыған орай, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәрбие сапасын арттыру, мақсатында балабақшаларды кезең-кезеңмен лицензиялау енгізіледі. 

Балалардың құқығын қамтамасыз ету бойынша

Жалпы 2015-2021 жылдары балалар суицидінің деңгейі 13%-ға төмендеді. Осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша балалар мен жасөспірімдер арасында суицид көрсеткіші былтырмен салыстырғанда 38%-ға азайды. Оқу-ағарту министрінің айтуныша, бұл әлі де өте үлкен проблема. 

Тәрбие жұмыстарының, оқушыларды қосымша біліммен қамтудың нәтижесінде балалар арасындағы қылмыс та 18%-ға төмендеді. Бірақ балалардың арасындағы құқықбұзышылық айтарлықтай төмендесе де, ересектердің балаларға қатысты құқық бұзушылық деңгейінің өскенін айтуымыз керек. 

«Балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық 15%-ға, жыныстық тиіспеушілікке қатысты 9%-ға өсіп отыр. Аталған мәселелерді шешу үшін Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кешенді жоспары әзірленеді», — деді А. Аймағамбетов.   

«Қолайлы мектеп» ұлттық жобасын әзірлеуге қатысты

Қазіргі уақытта 259 мың оқушы орнына тапшылық бар. Болжам бойынша 2026 жылға қарай оқушы орнына сұраныс шамамен 1 млн 200 мыңға дейін өседі. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде былтыр 277 мектеп ашылды. Биыл тағы 225 мектеп салу жоспарланды. Сонда осы екі жылда кем дегенде 326 мыңнан аса жаңа орын ашылады. 

А. Аймағамбетов әлі де мектептерді салу бойынша проблемалық мәселелер барын айтты. Осы мәселелер Президенттің тапсырмасымен іске асырылатын жаңа «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында шешілетін болады.

Біріншіден, жоба аясында қосымша 841 мың орынға 582 жаңа мектеп салынады.

Екіншіден, осы мектептер сапасы жоғары бірыңғай құрылыс және жабдықтау стандарты қолданылады.

Үшіншіден, сметада лабораторияларға, заманауи техника мен оқу жабдықтарына 16%-дан кем жұмсалмауы қажет. 

«Жаңа мектептерде пайдалы оқу алаңдары да ұлғаяды. Бастауыш сыныптарға жеке блок қарастырылады. Жаңа мектептерді педагогтермен қамтамасыз ету үшін 100 мың білікті кадр даярланады. Қазіргі уақытта 433 мектепті салатын жер телімдері анықталды, әкімдіктер тағы 155 жер учаскесін жылдың соңына дейін бөлуі қажет», — деді А. Аймағамбетов. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу