Астана қаласында ЖӨӨ өсімі 2015 жылы 5%-ды құрады - Ә.Жақсыбеков

Елорданың жалпы өңірлік өнімі 2015 жылы өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға өсті, оның республикалық көлемдегі үлесі 10% астамды немесе 4,5 трлн теңгені құрайды, деп хабарлады елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков халықпен есептік кездесу барысында.

«Өткен жылдан бері Астана төрт республикалық бюджет донорының біріне айналды. Мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер көлемі 850 млрд. теңгені құрады, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 11% артық. Бүгінде Астананың өзіндік кірістері 200 млрд теңгені құрайды. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ республика бойынша орташа көрсеткіштен 2 есеге артық – 5,2 млн теңге. Бұл ретте республикалық бюджетке келіп түскен жоспардан тыс түсімдердің үштен бір бөлігіне жуығы біздің қаламызға тиесілі», - деді әкім.

Ә.Жақсыбековтың айтуынша, көп жағдайда сәтті индустриалды-инновациялық даму оң көрсеткіштерге септігін тигізді. 

«Өткен жылы инвестициялар көлемі 773 млрд теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткіштеріне қарағанда 15% артық. 2015 жылы Индустриалды паркте 28 жаңа жоғары технологиялық өндіріс іске қосылды, 800 жұмыс орны ашылды», - деп баса айтты өңір басшысы. 

Жалпы, №1 Индустриалды парк аумағында инвестициялар көлемі 187,5 млрд теңгені құрайтын 62 инвестициялық жоба іске асырылуда. Осы кәсіпорындар бюджетке төлеген салықтардың есебінен парк инфрақұрылымының құрылысына жұмсалған қаржы толығымен ақталды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу