Павлодар облысында әлеуметтік саланың проблемалық мәселелері талқыланды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің Павлодар облысына сапары барысында денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, жастар саясаты мәселелері, сондай-ақ Президент бастамашылық еткен мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы талқыланды.

Павлодар облысының тұрғындары үшін медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасы – аса өзекті мәселелердің бірі. Бұл көрсеткіштер кадрлар тапшылығы мен оларды дайындау деңгейіне, медициналық жабдықтардың тозуы және денсаулық сақтау нысандарын салу, жөндеу және қайта жарақтандыру қажеттілігіне тікелей байланысты.

Жалпы Павлодар облысының ауруханаларына барлығы 149 дәрігер қажет. Әсіресе кардиолог, анестезиолог, реаниматолог, жалпы тәжірибелік дәрігер, терапевт, невролог және инфекционист мамандар аса қажет. Кейбір аудандарда бірде-бір хирург жоқ. Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігінің ат салысуы арқасында өңірге 96 жас дәрігер келіп, олардың 17-сі ауылдық жерлерде жұмысқа орналастырылды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 2022 жылы облыста аса қажетті дәрігерлерді даярлауға 71 грант бөлінді, тағы 59 дәрігер жергілікті бюджет есебінен оқуға жіберілді.

Медициналық жабдықтың тозуы (52%), сондай-ақ медициналық техникамен жабдықтау деңгейі (84%) алаңдаушылық туғызады. Мысалы, Екібастұзда бірде-бір ангиограф жоқ. Осы мәселелерді шешу үшін алдағы үш жылға 4,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Павлодар облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2026 жылға дейін ауылдық елді мекендерде 30 медициналық нысан, оның ішінде екі дәрігерлік амбулатория, 23 медициналық және бес фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарлануда. Республикалық бюджет есебінен №1 Павлодар қалалық ауруханасының блоктарын реконструкциялау жүргізіледі.

«Павлодар облысы – еліміздегі алдыңғы қатарлы облыстардың бірі, алайда қазіргі проблемалар туралы ұмытпау керек. Оларды шешу үшін Үкімет өкілдері көмек көрсетуге дайын. Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру және осы саладағы мәселелерді шешу үшін облыстың денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасын әзірлеп, оны іске асыру үшін қаражат бөлу қажет», — деді Алтай Көлгінов.

Білім беру саласында әлі де шешілмеген мәселелер бар. Павлодар облысында үш апатты және үш ауысыммен оқытатын сегіз мектеп бар, оқушы орындарының тапшылығы – шамамен 7 мың. 273 білім беру нысанының 162-сі күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл жағдайдан шығу үшін сегіз мектеп салу жоспарланып отыр. Олардың жетеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша, біреуі Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен салынбақ.

Одан бөлек Павлодар облысының 115 мектебінде интернет жылдамдығы төмен, бұл техникалық мүмкіндіктердің болмауы себебінен болып отыр. Бұл мәселенің шешілуі – Үкіметтің бақылауында.

Өңірде тұрғындар балаларын балабақшаға беру үшін кезек күтеді, қазір 9,4 мыңнан астам бала кезекте тұр. Осыған байланысты 2023 жылы 3,4 мыңнан астам балаға балабақша ашуға қаражат бөлінді. Ауылдағы колледждердің 30%-да жабдықтарды жаңарту мәселесі – өзекті. Өнеркәсіп кәсіпорындары оқу орындарына қамқорлық көрсетуде, олардың тапсырысы бойынша мамандар дайындалып жатыр, сол себепті жұмыс берушілер есебінен арнайы техника паркін жаңарту жоспарланып отыр.

«Еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтін NEET санатындағы жастардың мәселелеріне ерекше назар аудару қажет. Жүргізілген сауалнамалар бойынша жұмыссыз жастардың тек 10%-ы мемлекеттік қолдау шараларынан хабардар болып шықты. Республикада жастарға шағын несие беру бағдарламасы жұмыс істейді, екінші деңгейдегі банктермен бірлестікте іске асырылып жатқан жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы және басқа да қолдау тетіктері бар. Мұның бәрін БАҚ арқылы жастарға жеткізу қажет», — деді вице-премьер.

Павлодар облысына сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Екібастұз қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Қайнар» шығармашылық орталығына барды. Аталған кешенде әртүрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді, олардың ішінде альпинизм, сәулеттік модельдеу үйірмелері, тіпті анимациялық студия да бар. Мұнда балалар мультфильмдер жасап, оларды дыбыстауға үйренеді.

Облыс орталығында вице-премьер кеңейтіліп жатқан Ш. Шөкин атындағы мектепке және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан №1 қалалық ауруханаға барды. Ауруханаға жаңа жабдықтар сатып алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Алтай Көлгінов республикадағы үздік медициналық мекемелердің қатарына кіретін облыстық онкологиялық диспансерге де барды.

#Алтай Көлгінов #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу