Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері және ана өлімі. Әлихан Смайылов Павлодар облысында қандай проблемаларға назар аударды 

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Павлодар облысына жұмыс сапары аясында өңірдің әлеуметтік саласының дамуымен және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты.  

Үкімет басшысы «Достық» шағын ауданының құрылысы барысын тексерді. Оның бірінші кезегін 2023 жылы аяқтау жоспарланған. Қазіргі кезде мұнда 6 жаңа көппәтерлі тұрғын үй салынды, тағы 11 үйдің құрылысы мен инженерлік коммуникациялар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шағын ауданда 2000 оқушыға арналған екі мектеп, 600 балаға арналған екі балабақша, дене шынықтыру-сауықтыру кешені және жедел жәрдем станциясы салынады. 

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа тұрғын үй саясатының негізгі қағидаты, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру болуы тиіс екенін еске салды.

«Павлодар облысының әкімдігі тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ жылу желілерін жаңғырту және реконструкциялау бойынша барлық шараларды қабылдауы қажет. Павлодарлықтарды жылумен және ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз етуге ерекше назар аударған жөн», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Үкімет басшысы қазіргі уақытта Ресей тарапымен елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов «Заманауи мектеп» өңірлік бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізілген 880 оқушыға арналған №7 жалпы білім беретін мектепке барды. 

Премьер-Министр елімізде білім беру саласын дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатқанын атап өтті: жаңа мектептер салынып, мемлекеттік тапсырыс пен гранттар саны артып келеді. Атап айтқанда, Павлодар облысында жыл соңына дейін 6700 оқушыға арналған 5 мектеп ашу жоспарлануда.  

«Балаларға оқу үшін жақсы жағдай жасауымыз керек. Үкімет бұл жұмысты кеңейтетін болады. Сонымен қатар өңірде балабақшаға кезек және оқушы орындарының жетіспеушілігі проблемалары әлі де бар. Әкімдік бұл мәселелерді шұғыл түрде шешуі керек», — деді Үкімет басшысы.  

Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр 2015 жылы іске қосылған 160 төсек-орынға шақталған облыстық перинаталдық орталыққа барды. 

Әлихан Смайылов Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайын артып келе жатқанын, сондай-ақ облыста нәрестелер мен аналар өлімі көрсеткіштері жоғары екенін атап өтті.

«Уақытылы диагностика жүргізу және медициналық мекемелерді жаңа жабдықтармен жарақтандыру жұмыстарын күшейтіңіздер, бұл мұндай жағдайлардың санын азайтуға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ Премьер–Министр түрлі ауруы бар балаларды оңалту үшін жағдай жасау – әкімдіктің осы саладағы негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов жеңіл балқитын автомобиль дискілерін шығаратын «Вектор Павлодар» ЖШС кәсіпорнында да болды. Бұл өндіріс 2017 жылы жеке инвестициялар есебінен іске қосылған. Қазіргі уақытта шығарылған өнім экспортқа және отандық автозауыттарға жеткізіліп жатыр.

«Мемлекет осындай компанияларға қажетті қолдау көрсетуге дайын. Павлодар облысының әкімдігі импортты алмастыратын жобаларды іске асыруды кеңейтуі қажет», — деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу