Бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасының жобасы бүгін Үкімет отырысында қаралды
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Үкіметтің селекторлық отырысын өткізді, онда Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру барысы қаралды.
Атап айтқанда, Үкімет мүшелері «Бизнестің жол картасы – 2020» Бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасының жобасын талқылады.
Ұлттық экономика министрі Е.Досаев айтып өткендей, «Бірыңғай бағдарлама жобасы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының негізінде әзірленген. Бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасымен жандандырылғаны да маңызды болып табылады.
Бағдарламаны жүзеге асыру 4 бағыт бойынша іске асырылады. Бұл - бизнес бастамаларды қолдау, бизнесті салалық қолдау, валюталық қауіп-қатерлерді төмендету және «бір терезе» қағидасы бойынша қаржылық емес шараларды шоғырландыру.
«Бірыңғай бағдарлама жобасы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және үйлестірілген өсімін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жұмыс орындарына қолдау көрсету және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған. Оны жүзеге асыру өңірлік кәсіпкерліктің құрылымдарын әртараптандыруға жаңа серпін беруге, қаржылай емес қолдау шараларын жетілдіруге мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Е.Досаев.
Сонымен бірге, отырыста АӨК-ді қаржылай сауықтыру, тұрғын үй құырылысы мәселелері қаралып, сондай-ақ Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын ұзақ мерзімді перспективада дамыту бойынша іс-шаралар жоспары талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр сәйкес мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз