11 Шілде 2017, 06:15
IBM компаниясының жасанды зерде бойынша технологиялары қазақстандық дәрігер-онкологтарға диагнозды уақытылы әрі сапалы қоюға және емді дәлдеуге көмек береді. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлады.
ҚР денсаулық сақтау министрі биыл көктемде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев АҚШ-қа жұмыс сапары кезінде IBM басшылығымен кездесіп, ынтымақтастық келешегін талқылағанын еске салды. Кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі компаниямен онкологияда жасанды зерде технологияларын пайдалану туралы келісімге келді.
Министрдің айтуынша, технологиялар дәрігерлерге диагнозды уақытылы әрі сапалы қойып, емді дұрыс белгілеуге көмек береді. Бағдарлама арнайы әдебиетте жазылған мәліметтер бойынша барлық деректерді зерттеп, талдауға икемді. Бұдан өзге, IBM әзірлемесі журналдарда жарияланған ғылыми мақалалардың талдауы негізінде анықтамалық ақпарат бере алады.
«Біз бірінші кезеңде онкологиялық науқастардың тізімінен иесізденген деректерді жүктеуді жоспарлаймыз. Пилоттық режимде бағдарламаның біздің дәрігерлердің әрекеттерін, олардың диагностикалау және емдеу тәсілдерінің халықаралық хаттамаларға сәйкестігін қалай бағалайтынын тексереміз. Ақпараттық технологиялардың арқасында дәрігерлер үйренуге, емді дәлдеуге мүмкіндік алады», - деді Е. Біртанов.
Сондай-ақ, министр биылғы жылдың соңына қарай жаңа туған сәбилерді бақылау, жүкті әйелдерді, қант диабетімен ауыратын адамдарды қадағалау бойынша мобильдік қосымшаның іске қосылатынын хабарлады.
«Кез-келген адам өз телефонына аталған қосымшаны жүктеп алып, қажетті дәрігерлерге хабарлама жібере алады, олармен бейне байланыс орнатып, кеңестерін алатын болады. Біздің міндетіміз – медициналық көмектің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету. Барлық консультация жұмыстары тіркеліп, белгіленуі керек. Қазіргі таңда сол ерекшеліктер пысықталып жатыр», - деді министр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу