Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру: ҚР СИМ көлеңкелі сауда үлесін 31%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасы қаралды.

ҚР сауда және интеграция министрі Б. Сұлтановтың мәлімдеуінше, 2019 жылдың қорытындысы бойынша саудадан түсетін экономикалық әсер ЖІӨ құрылымында 17%-дық, ал нақты өсімде 7,6%-дық үлесті құрады. Бұл экономикалық қызметтердің барлық түрлерінің арасында көлемі жағынан екініші көрсеткіш, құрылыс саласымен қатар өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының дамуынан алда. Саланың әлеуметтік әсері орташа жалақысы 187 мың теңгеден асатын 1,5 млн жуық адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуде. 

Б. Сұлтановтың айтуынша, ішкі саудада бүгінгі күні үш түйінді проблема бар. Бұл саланың тиімді дамуына кедергі келтіретін 3 тапшылық: 

  1. заманауи сауда форматтарының аздығы; 
  2. сауда алаңдарының жетіспеушілігі; 
  3. тиімді қойма орындарының шектеулігі.

«Бұл проблемалар делдалдардың ұзын әрі айқын емес желісін қалыптастыруға алып келеді, ол тауарды өндірушіден тұтынушыға дейін оңтайлы тізбек бойынша жеткізуге мүмкіндік бермейді. Соның нәтижесінде, бүгін біз азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуін және халықтың оларды сатып алуға айтарлықтай шығындарын байқаймыз. Сондай-ақ ішкі нарықта шетелдік тауарлардың болуы артты. Бұл негізінен сапасы төмен тауарлар, бұл біздің азаматтарымыздың өмір сүру сапасына әсер етеді», — деді Б. Сұлтанов.

Сонымен қатар, ішкі нарықта шетелдік бөлшек желілердің экспансиясы байқалады. Шетелдік бөлшек сауда желілері сөрелерінде үлкен үлесті оларда шығарылған өнімдер құрайды. Дискаунтерлер форматының болмауы, сондай-ақ өңірлік ритейлдің әлсіз дамуы да бұл бос орындарды шетелдіктердің толтыруына ықпал етеді.

Сонымен қатар, бүгінде әлемдік сауда үшін басты тәуекелдердің бірі — саудалық протекционизмді күшейту, бұл Дүниежүзілік банк сарапшыларының бағалауы бойынша жаһандық тауар айналымының 9%-ға қысқаруына алып келуі мүмкін.

«Жалпы алғанда, біз жүргізген талдау өндіруден өткізуге дейінгі тізбекте туындайтын бірқатар проблемаларды шешу тұтастай сауда жүйесінің қалыптасуына алып келетінін көрсетеді. Қазірдің өзінде индустриялық-инновациялық даму мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламалары, Бизнестің жол картасы 2025, қарапайым заттардың экономикасы жұмыс істейді. Олар өндірістің қарқынды дамуын қамтамасыз етуге бағытталған», — деп түсіндірді сауда министрі.

Министрлік 2025 жылы макроиндикаторларға қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Олардың ең маңыздыларын атап өтсек, саланың жалпы қосылған құндағы көлеңкелі қызметтері үлесінің 31%-ға дейін төмендеуі, ұлттық стандарттарды қолдану деңгейін 75%-ға дейін жеткізу және тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортын $41 млрд дейін ұлғайту.

Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұзақ мерзімді стратегиясын анықтау барысында 7 негізгі міндет белгіленді.

Біріншіден, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру. ISO (стандарттау жөніндегі халықаралық ұйым) халықаралық стандарттарына сәйкестігі үшін өндірістерді сертификаттау үшін отандық тауар өндірушілерді ынталандыру шаралары әзірленетін болады.

Екіншіден, сауда саласында сапалы адами капиталды қалыптастыру. 

Біліктілігі жоғары кәсіпкерлерді даярлау мақсатында сауда саласындағы кәсіптердің беделін арттыруға бағытталған кадрлар даярлау жүйесі қайта қаралатын болады.

Үшінші міндет — жосықсыз кәсіпкерлерді көлеңкеден шығаруға мүмкіндік беретін оңтайландырылған цифрлық сауда процесін қамтамасыз ету. 

Стационарлық сауда және қызмет көрсету объектілерінде бизнесті цифрландыру мәселелері пысықталатын болады.

Төртіншіден, көп форматты сауда-бөлу инфрақұрылымын құру. 

Бұл үшін өндірушілерге өз өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға сақтауды, қаптауды және жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін көтерме-тарату және агро-логистикалық орталықтар желісі құрылатын болады.

Бесінші міндет — қолайлы тұтыну ортасын қалыптастыру. 

Көлеңкелі бизнес деңгейін төмендету және тауарларға бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруді ынталандыру және өткізу жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Алтыншы міндет — шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің импортын және экспортын сапалы диверсификациялау. Ол экспорттың жалпы көлемінде қайта өңделген өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық өнімдерінің үлесін арттыруға, сондай-ақ белсенді экспорттаушылардың санын бір мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жетінші міндет — ішкі және сыртқы нарықтарда отандық тауарлар өндірушілеріне қолайлы жағдай жасау.

Б. Сұлтанов атап өткендей, Ұлттық сыртқы сауда саясаты экономикалық дипломатия құралдарын пайдалану, көпжақты экономикалық интеграциялық бірлестіктердің алаңдарында бизнестің ұлттық мүдделері мен қызығушылықтарын ілгерілету мен қорғау арқылы әлемдік экономикаға интеграциялануға бағдарланатын болады.

Қазіргі уақытта Тұжырымдамада көзделген шараларды қажетті қаржыландыруды бағалау жөніндегі жұмыс жүргізілуде. 

Дүниежүзілік банктің өкілі Ш. Рахарджа ҚР-да сауданы дамыту мәселесінің өзектілігі мен тәсілдері туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, сауда — табысты елдердің дамуының бір бөлігі, әсіресе үлкен аумағы бар, бірақ салыстырмалы түрде шағын ішкі нарығы бар Қазақстан үшін аса маңызды.

«Сауда бизнеске үлкен нарыққа, жоғары сапалы тұтынуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді, бұл табыстың өсуін сақтау үшін қажет», — деді Ш. Рахарджа.

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов аталған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нарықты сапалы өніммен молықтыруды және экспорттық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін заманауи сауда жүйесін құруға және дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бүгінгі таңда бизнес-қауымдастықпен көлемді жұмыс атқарылды. Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу кезінде барлық қажетті мәселелерді ескеріп, басқа мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестендіру керек», — деді Ә. Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу