Фермерлерді несиелендіру бағдарламаларын іске асыру ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 3,7%-ға ұлғайтуға жол ашты — ҚР АШМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылғы қаңтар–мамыр айларындағы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады.

ҚР АШМ мәліметтері бойынша, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2019 жылдың қаңтар–мамыр айларында 3,7%-ға ұлғайды. Бұл өсім мал шаруашылығы өнімінің жалпы өндірісін 3,6%-ға арттыру есебінен қамтамасыз етілді, ол өз кезегінде жанды салмағында мал мен құс сою көлемінің 4,8%-ға, шикі сиыр сүтін сауудың 3,1%-ға, алынған тауық жұмыртқасы көлемінің 2,1%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді.

С. Омаров атап өткендей, мал шаруашылығы өндірісінің өсімі несиелендіру бағдарламаларының сәтті іске асырылуымен байланысты.

«Биылғы 5 айдың ішінде 41,8 мың бас ірі қара малды сатып алуға 254 шаруашылық несиелендірілді, бұл жылдық жоспардың 43% құрайды, 132,1 мың бас көлемінде ұсақ қара малдың аналық басын сатып алуға 340 шаруашылық немесе жылдық жоспардың 36% несиелендірілді, “Ырыс” бағдарламасы бойынша жыл басынан бері жалпы мал басы 2000 бас болатын 3 сүт-тауарлық кешен енгізілді», — деді С. Омаров.

Ал бұл кезеңде өсімдік шаруашылығы өнімінің өндірісі 108,1%-ға ұлғайды. Бұл Түркістан облысында қырыққабат өндірісінің артуымен байланысты.

Тамақ өнімдерінің өндірісі 1,2%-ға артты, сусындар өндірісі 18,9%-ға ұлғайды.

Министр, сонымен қатар, барлық өңірлердің егіс науқанын аяқтағанын хабарлады. Жалпы көктемгі егіс аумағы 19 млн га құрады, оның ішінде астық дақылдары – 14,5 млн га, майлы дақылдар – 2,7 млн га, көкөніс бақша өнімдері мен картоп – 458,3 мың га, жем-шөп дақылдары – 1,2 млн га, техникалық дақылдар  – 144 мың га.

Несие беру бағдарламасының операторы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жұмысының қорытындысы бойынша жалпы 60 млрд теңге сомасына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 2012 өтінім қабылданған, оның ішінде 55,9 млрд теңге сомасына 1912 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қаржыландырылды.

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу