22 Шілде 2026, 11:30

Қазақстан Республикасының Үкіметі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі (ЖИЦДМ) арқылы елімізді технологиялық тұрғыдан трансформациялауға бағытталған ауқымды жұмысты қолға алды.
2026 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмаларына сәйкес жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы іргелі іс-шаралар кешенін жүзеге асыру кезеңінің бастауына айналды. Биыл 8 стратегиялық бағыт пен 100 бастамадан тұратын іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға басымдық берілді. Бүгінде Үкімет мемлекеттік қызметтерді түпкілікті цифрландыру және GovTech 3.0 моделіне көшумен қатар, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытып, IT саласына жүйелі қолдау көрсетуде, серпінді салалық жобаларды іске қосып келеді.
Аталған жұмыстың негізі – Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы. Құжат озық тәжірибені жүйелеуге және оны экономиканың барлық негізгі саласына кеңінен енгізуге бағытталған. Жасанды интеллектіні толық енгізу, өнеркәсіпті, жер қойнауын пайдалану саласын, логистика мен энергетиканы цифрлық трансформациялау нәтижесінде 2029 жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнімнің жылдық өсіміне қосымша орта есеппен 1,5 пайыздық тармақ деңгейінде үлес қосады деп күтілуде. Сонымен қатар Үкімет бағалауынша, үш жылдық кезеңдегі салыстырмалы нарықтық инвестициялардың болжамды көлемі $10,5 млрд-тан $16,5 млрд-қа дейінгі аралығында болады.
Шымкент қаласында «Индустрия 5.0: Өзара әрекеттесудің күші» тақырыбында өткен Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумы табысты аяқталды. Іс-шара мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың, инвесторлар мен сарапшылардың басын қосып, ел экономикасын технологиялық және жасанды интеллект негізінде дамыту мәселелерін талқылайтын негізгі алаңға айналды.
Цифрландыру, инновациялар және аэроғарыш саласын дамыту бағытындағы негізгі нәтижелер мен алдағы жоспарлар туралы Primeminister.kz редакциясының шолуынан оқи аласыздар.
Институционалдық орта және цифрлық құқықтарды қорғау
Жаңа құқықтық негіз қалыптастырудағы маңызды қадам – аймақтағы алғашқы мамандандырылған акт саналатын Жасанды интеллект туралы заңның қабылдануы. Құжат мемлекеттік басқару, әлеуметтік саясат, білім беру және денсаулық сақтау сияқты салаларда ЖИ пайдалану кезінде алгоритмдердің ашықтығына, тәуекелдерді басқаруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға қойылатын негізгі талаптарды айқындайды.

Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың жалғасы ретінде 2026 жылғы 9 қаңтарда Цифрлық кодекс қабылданды. Кодекстің қабылдануымен ел жекелеген цифрлық шешімдерден жүйелік цифрлық трансформация кезеңіне көшуде. Алғаш рет цифрлық құқықтар кешенді түрде заңнамалық деңгейде бекітілді. Азаматтарға дербес деректерді жою, анонимизациялау және оларды өңдеуді шектеу құқығына заң деңгейінде кепілдік беріледі. Биометриялық сәйкестендіруді қолдануға тек заңнамада қатаң көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.
Жасанды интеллект саласындағы ұзақмерзімді мемлекеттік саясатты үйлестіру мақсатында 2025 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан құрылған Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Оның құрамына ғылым, білім және бизнес салаларындағы әлемге танымал көшбасшылар енген. Олар:
Жасанды интеллект саласының сарапшысы К. Ли:
Тьюринг сыйлығының иегері Дж.Хопкрофт;
Сан-Диегодағы Калифорния университетінің ректоры П.Кхосла;
MIT Media Lab зерттеу тобының директоры С.Бризель;
Машиналық оқыту тәсілдерінің сәулетшісі П.Норвиг;
Халықаралық ұйымдардың өкілі Э.әл-Мазруи;
Халықаралық ұйымдардың өкілі О.әл-Олама.
Кеңестің екінші отырысы Мемлекет басшысының төрағалығымен GITEX AI Kazakhstan 2026 технологиялық форумы аясында өтті.
Жаһандық рейтингтер және есептеу егемендігі
Үкіметтің жүргізіп отырған саясаты халықаралық бағалаулар арқылы өз тиімділігін көрсетуде. OpenAI талдауына сәйкес, Қазақстан Орталық Азия елдерінен көш ілгері озып, жасанды интеллектіні енгізу деңгейі жоғары мемлекеттердің қатарына енді (Қырғызстан 52-ші, Өзбекстан 58-ші орында). Сонымен қатар Dealroom бағалауы бойынша отандық IT-экожүйе Rising Stars санатындағы ең қарқынды дамып келе жатқан он экожүйенің қатарына кірді. Соңғы бес жыл ішінде Astana Hub резиденттерінің жиынтық табысы $4,9 млрд-ты құрады, ал тартылған инвестициялар көлемі $910 млн-нан асты.

2025 жылғы маңызды оқиғалардың бірі Ұлттық есептеу инфрақұрылымын іске қосу болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ базасында құрылған Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютерлік кластері әлемдегі ең қуатты есептеу жүйелерінің халықаралық TOP500 рейтингінде 104-ші орынға тұрақтады. Архитектура ең жаңа NVIDIA H200 үдеткіштері бар 64 HPE Cray серверлеріне негізделген (өнімділігі шамамен 2 экзафлоп). «Қазақтелеком» компаниясының коммерциялық суперкомпьютері жиынтық есептеу әлеуетін күшейте отырып, 122-ші орынға ие болды. Үкімет бұл есептеу ресурстарын барлық мемлекеттік органдардың пайдалануын қамтамасыз етті.
Биыл Үкімет қуаты кемінде 1 ГВт болатын әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект хабы – «Деректер орталықтарының алқабын» салуға кірісті. Жасанды интеллект және цифрлық инфрақұрылым саласында жалпы құны $10 млрд болатын келісімдерге қол қойылды. Келіссөздерге:
NVIDIA басшысы Р.Лебаредян;
Firebird негізін қалаушыларының бірі Р.Овакимян;
Firebird негізін қалаушыларының бірі А.Есаян қатысты.
ЖИЦДМ мен Firebird арасында Alem.ai базасында Firebird Labs Kazakhstan орталығын құру туралы келісімге, сондай-ақ «КТ-ТЕЛЕКОМ» ЖШС мен Firebird арасында «Деректер орталықтарының алқабы» жобасы аясындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Адами капитал және ЖИ экономикасы үшін кадр даярлау
Кадрлық әлеуетті дамыту барлық деңгейже жүзеге асырылуда. Соның ішінде AI-SANA бастамасы аясында 2026 жылдың I тоқсанында әкімдіктер, аудандар және орталық мемлекеттік органдар қызметкерлеріне арналған оқыту бойынша 16 іс-шара өткізілді. Оқыту Astana Hub платформасында ұйымдастырылып, деректерді талдау және тілдік модельдерді қолданудың практикалық модульдерін қамтиды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың 100-ге жуық топ-басшысы AI Governance 500 бағдарламасы бойынша білім алды. Ал AI Leaders бағдарламасы аясында 800-ден астам мемлекеттік қызметші мен кәсіпкер оқытылды. (Stanford University, OpenAI Academy және Silkroad Innovation Hub бірлесе іске асырылуда).
Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары арасында AI Governance Cup ауқымды байқауы ұйымдастырылды (184 жоба ұсынылды). Байқау «AI Азаматтарға қызмет», «AI Экономика», «AI Әлеуметтік саясат», «AI Қауіпсіздік», «AI Өңір» және «AI Квазисектор» сияқты 6 номинация бойынша өткізілді.
Биылғы 24 сәуірде жалпы ауданы 22 мың шаршы метр болатын alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы іске қосылды. 8 қатты орталықта салалық инфрақұрылым шоғырланған.
1 қабатта қоғамдық кеңістік, AI-кинотеатр және Орталық Азиядағы алғашқы интерактивті AI мұражайы орналасқан.
Екінші және үшінші қабаттарда балаларға арналған TUMO Astana креативті технологиялар орталығы жұмыс істейді. Мұнда цифрлық өнімдер портфолиосын әзірлеуге мүмкіндік береді (alem.ai орталығында 1300 бала білім алуды бастады).
Төртінші қабатта бағдарламалау мен жасанды интеллект саласындағы өңірдегі алғашқы peer-to-peer форматына негізделген Tomorrow School жобасы кеңейтілуде (21 мыңнан астам өтінімкеліп түсті).
Бесінші қабатта Apple Training Center, Playrix компаниясымен бірлескен GameDev Center және болашақтағы AI Research University орналасқан
Алтыншы қабатта ai’preneurs стартап-кампусы жұмыс істейді (1 400-ден астам өтінім қабылданды, 35 жаңа стартап іске қосылды).
Жетінші қабатта жетекші халықаралық технологиялық компаниялардың AI-зертханалары орналасқан.
Сегізінші қабатта экономиканың түрлі салаларына енгізілетін шешімдерді іріктейтін AI Governance Office қызмет етеді. Орталыққа жыл сайын шамамен 100 мың келуші келеді деп жоспарлануда.
Қыркүйек айында ЖИ университетін іске қосу жоспарлануда. Қазақстандық жоғары оқу орындары «AI-Enabled University» моделіне көшуде, ал 200 мың мұғалім ChatGPT Edu-ға қол жеткізді. Ал Қазақстанның робототехникадан ұлттық мектеп құрамасы FIRST Global Challenge халықаралық жарысының төрт дүркін әлем чемпионы атанды.
Ұлттық платформа және мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау
Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы – AI экожүйесінің негізгі элементтерінің бірі. Бұл платформа жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуге, сынақтан өткізуге, енгізуге және ауқымын кеңейтуге арналған бірыңғай технологиялық орта ретінде қарастырады.
Платформа сонымен қатар есептеу ресурстарына, тілдік модельдерге және жасанды интеллектіге негізделген қолданбалы шешімдерді әзірлеу құралдарына қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ ағымдағы сәт емес ЖИ агенттері мен цифрлық көмекшілер әртүрлі бағыттарда қолданылады: өтініштерді өңдеу, азаматтарға кеңес беру, құқықтық көмек, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметшілерді қолдау және күнделікті процестерді автоматтандыру.

eGov AI интеллектуалды кеңесшісі 2 млн-нан астам сұранысты өңдеп, байланыс орталықтары мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктемені айтарлықтай азайтты. Алдағы уақытта eGov AI мен AlemGPT платформаларын дамыту азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимылын барынша ыңғайлы етуге бағытталады. Бұл үшін пайдаланушылар қажетті қызметті немесе порталдағы бөлімді өздігінен іздемей-ақ, табиғи диалог арқылы мемлекеттік қызметтерді алып, қажетті ақпаратқа оңай қол жеткізе алады.
Жасанды интеллект агенттерін енгізудің нақты мысалдары ретінде газ есептегіштерінің көрсеткіштерін автоматты түрде тіркеу, терапевт дәрігерлерге көмек көрсету, құқықтық кеңес беру, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға арналған қолданбалы цифрлық құралдар атап өтіледі. Мемлекет басшысының қолдауымен Astana Smart City қалалық басқару жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған AI-Driven Government жобалық кеңсесі іске қосылды.
Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде әлем бойынша 24-ші орында тұр. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90,4%-ы электрондық форматта көрсетіледі, ал 95,9%-ын смартфон арқылы алуға болады. Сондай-ақ қағаз құжаттардың толық баламасы болып саналатын 39 түрлі цифрлық құжат енгізіліп, азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алуын бұрынғыдан да жеңіл әрі қолжетімді етті. 2025 жылдың басынан бері 51,5 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Тамыз айында eGov Mobile мобильді қосымшасы eGov AI интеллектуалды іздеу жүйесімен жаңартылды. Сонымен қатар eGov.kz порталы арқылы 25,7 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, eGov Business сервисі 4,6 млн сұранысты өңдеді.
2025 жылы экономиканың 72 саласын қамтитын 20 цифрлық трансформация картасы бекітілді. Сондай-ақ бірыңғай Smart Region моделіне көшу жүзеге асырылды. Оның аясында өңірлердің цифрлық дамуын бағалайтын ұлттық стандарт енгізілді. Бұл стандарт 16 негізгі бағыт пен тиімділіктің 90 көрсеткішін қамтиды.
IT-секторды, стартаптарды және криптоиндустрияны дамыту
Бүгінде Astana Hub экожүйесінде 2 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Елде 20 өңірлік және 4 халықаралық хаб қызмет көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша IT-қызметтер экспортының көлемі $1,1 млрд-қа жетіп, отандық IT саласының халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің артқанын көрсетті. Сондай-ақ 2025 жылы Қазақстанда алғашқы технологиялық «сыңармүйіз» (unicorn) компания – Higgsfield.ai пайда болды.

Astana Hub Ventures қоры Zypl.ai, Grand Games, Uniblock, Axellero.io және Clarity Flo жобаларына инвестиция салды. Инвестициялық қорлардың алғашқы қаржыландыру кезеңінде (first closing) $115 млн көлеміндегі қаражат тартылды. Бұл бағытта Alem Ventures Fund және Alem Crypto Fund қорлары жұмыс істейді. Іске қосылған Digital Nomad Residency бағдарламасына 30 елден 700-ден астам өтінім түсті. 2030 жылға дейін жасанды интеллект саласында 10 000 маман даярлау, IT-қызметтер экспортын $5 млрд-қа дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Криптоиндустрияда цифрлық майнингке қатысты ережелер жеңілдетілді, Solana Super Team KZ өкілдігі ашылды және лицензиясы жоқ 6 мың сайтқа қолжетімділік шектелді. 2026 жылдың маңызды жетістіктерінің бірі – Binance Kazakhstan блокчейн экожүйесі мен Alatau City Bank интеграциясы арқылы цифрлық активтерді пайдаланып алғашқы тарихи транзакцияның жүзеге асырылуы болды.
Нақты сектордағы инновациялар, аэроғарыш және телекоммуникация
Қазақстан өңірде алғаш болып жасанды жаңбыр технологияларын қолдануға көшті. Сонымен қатар Astana Smart City жобасы аясында жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын автоматты түрде анықтау және тіркеу үшін жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитика енгізілуде.
2026 жылдың екінші жартысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен ұшқышсыз такси бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Жоба Yandex Qazaqstan және inDrive компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылады. Сонымен қатар Alatau City алаңында Alatau Advance Air Group Ltd. компаниясының AutoFlight Prosperity инновациялық электрлі аэротаксиінің демонстрациялық ұшуы өтті.
Соңғы 3 жылда телекоммуникация саласына салынған инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асты. Осы кезеңде тіркелген байланыс абоненттерінің саны 19%-ға өсті, ұялы байланыс абоненттерінің саны 12%-ға артты, мобильді интернет жылдамдығы 75%-ға көбейді. 2027 жылдың соңына дейін 3 мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде талшықты-оптикалық байланыс желісі (ТОБЖ) 5 мыңнан астам елді мекенді қамтиды. Ел бойынша жоғары жылдамдықты интернеттің қолжетімділік деңгейі 99%-ға жетеді. Қазірдің өзінде ауылдық жерлердегі 600-ден астам мемлекеттік нысан интернет желісіне қосылды. Оның ішінде 592 нысан спутниктік байланыс арқылы, ал 23 нысан талшықты-оптикалық байланыс желісі (ТОБЖ) арқылы қосылған.
«Digital Nauryz» тұжырымдамасы аясында пойыздарда интернет енгізу жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы екі Talgo пойызында пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылғаннан кейін, 2026 жылдың тамыз айының соңына дейін «Транстелеком» АҚ-пен 120 жолаушылар пойызын OneWeb спутниктік интернетімен қамтамасыз ету туралы келісім жасалды. Сонымен қатар Direct-to-Cell технологиясын коммерциялық пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл технология ұялы байланыс қызметін спутник арқылы тікелей смартфондарға жеткізуге мүмкіндік береді.
2026 жылғы 30 сәуірде Байқоңыр ғарыш айлағындағы «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінен орта класты «Союз-5/Sunkar» зымыран-тасығышы сәтті ұшырылды, бұл ұлттық ұшыру инфрақұрылымының дайындығын растады.
Жаһандық ықпалдастық: Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлемдік орны
Ел ішіндегі технологиялық серпілістер Қазақстанның халықаралық аренадағы нық ұстанымымен тығыз байланысты. Еліміздің жасанды интеллект саласындағы жаһандық компания ретіндегі мәртебесін айқындаған маңызды оқиғалардың бірі – 2026 жылғы 17 шілдеде Шанхайда өткен Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз сөйлеуі болды.
Мемлекет басшысы конференция мінберінен «Жасанды интеллект – игілік үшін, жасанды интеллект – баршаға» тұжырымдамасын жариялай отырып, жасанды интеллект адамның саналы басқаруымен әділетті дамудың қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Қазақстан ішкі бастамаларды табысты жүзеге асыруға сүйене отырып – салалық заңнаманы қабылдаудан бастап, Орталық Азиядағы ерекше конституциялық-құқықтық режимі бар толық интеграцияланған алғашқы цифрлық қала – Алатауды құруға дейінгі жетістіктерін негізге ала отырып, әлемдік қауымдастыққа бірқатар өршіл жобаны ұсынды.
Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Дүниежүзілік ұйымның тең құрылтайшысы ретінде осы институттың инаугурациялық отырысын Астанада өткізуді және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілдігін Қазақстан астанасында орналастыруды ұсынды. Бұған қоса, Алматыда БҰҰ ЭСКАТО жанындағы Тұрақты даму үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы ашылады.
Ерекше назар цифрлық экономикаларды жаһандық серіктестермен ықпалдастыруға аударылды. Мемлекет басшысы «Қазақстан — Қытай цифрлық көпірін» құру бастамасын көтеріп, келесі жылды екі ел арасындағы жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынды. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық барлық құрлықтарда кеңейіп келеді. C5+1 форматы аясында Вашингтонда әлемдік технологиялық алпауыттармен, оның ішінде OpenAI, Microsoft, NVIDIA және Cisco компанияларымен 14 стратегиялық келісімге қол қойылды.
Технологиялық егемендікті нығайту
Бүгінде жасанды интеллект мүмкіндіктері әлемдік экономиканың құрылымын түбегейлі өзгерте алатыны айқын. Мемлекет басшысы айқындаған және Үкімет жүйелі түрде жүзеге асырып отырған цифрландыру бағыты Қазақстанда бірегей инновациялық экожүйенің қалыптасуына негіз болып, елдің технологиялық егемендігін нығайтуға және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашуда.
Орасан зор энергетикалық әлеуетке, заманауи көлік желісіне және озық телекоммуникациялық инфрақұрылымға ие Қазақстан қазіргі заманның технологиялық сын-қатерлеріне бейімделіп қана қоймай, цифрлық даму мен инновацияның жаңа үлгісін қалыптастырып келеді.
Қазақстан нақты инфрақұрылымдық шешімдермен нығайтылған жұмыс істеп тұрған цифрлық экономиканы құруда. Қабылданған заңдар, суперкомпьютерлерге инвестициялар және жаһандық техноалпауыттармен интеграция елге аймақтағы тәуелсіз технологиялық мәртебені қамтамасыз етеді. Жасанды интеллект Үкімет нақты міндеттерді шешуге бағыттайтын негізгі құралға айналады: ұлттық индустрияны дамыту, деректерді қорғау және азаматтардың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу