2019 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 8 мың жұмыс орны құрылды

Қазіргі уақытта қазақстандық экономиканы цифрландырудың артып келе жатқан өзектілігі әлемдік аренада еліміздің одан әрі экономикалық өсуі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы мақсатқа жетудің негізгі құралы — «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы.

Цифрландыру ұлттық экономиканың қозғаушы күші және тұрақты жұмыс орындарын құрушы бола алады. Цифрландыру жұмыс орындарын құрудың жаңа толқынын бастауға мүмкіндік беретін Қазақстан экономикасына жаңа технологиялардың бейімделуі мен оларды әзірлеудің қозғаушы күшіне айналады. 2019 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын жүзеге асыру аясында 8 мың жұмыс орны құрылды.

Бағдарламадан түскен жалпы экономикалық тиімділік 2018 және 2019 жылдары 600 млрд теңгеден асты. Мемлекеттік қызметтерді ұсыну, білім беру, денсаулық сақтау, қаржы, көлік және тау-кен металлургиясы салаларында цифрлық технологияларды енгізуде айтарлықтай елеулі жетістіктерге қол жеткізілді.

Цифрлық технологиялардың одан әрі интеграциялануы Қазақстанның әлемдегі бәсекеге аса қабілетті 30 елдің қатарына енуі үшін және қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту үшін өте маңызды.

 

Электронды еңбек биржасы 

Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру тұрғысынан электронды еңбек биржасы сәтті жұмыс істеп тұр. Соның нәтижесінде жұмысқа орналастыру процесі екі есеге қысқарды, ал жалпы процедураның өзі айқындана түсті.

2019 жылы электрондық еңбек биржасы арқылы 488 мыңнан астам жұмыс іздеуші жұмысқа орналастырылды, олардың ішінде 350 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналасты.

Сондай-ақ, электронды еңбек шарттары іске қосылып, бүгінде 742 мың электрондық келісімшарт жасалды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік еңбек саласында 9,8 млн-нан астам қызмет көрсетілді, ал мемлекеттік қызметтердің 80%-ы электронды форматта ұсынылды.

Цифрлық жобаларды іске асырудың арқасында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер шамамен 862,2 млн теңге үнемдеді. Еңбек шартын есепке алудың бірыңғай жүйесін пайдалану кезіндегі шығындарды үнемдеу 292,4 млн теңгені құрады.

 

Индустрия 4.0.

«Экономика салаларын цифрландыру» бағыты аясында өнеркәсіп салаларының кәсіпорындарын технологиялық қайта жарақтандыру Индустрия 4.0 элементтерін қолданумен жүзеге асырылатын отын-энергетика және тау-кен металлургиясы кешендерінің кәсіпорындарында цифрлық технологиялар енгізілуде.

Мұнай-газ саласында Атырау мен Павлодар мұнай-химия зауыттарында 3 жылдық жөндеу аралық кезеңіне өту жүзеге асырылды, бұл жөндеу шығындарын азайтуға және өңдеу көлемін жылына орташа есеппен 300 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Қаражанбасмұнай»АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ 4 кәсіпорны «Зияткерлік кен орны» ақпараттық жүйесін іске асыруда.

Аталған технологияны енгізу электр энергиясын тұтыну шығындарын 15%-ға дейін оңтайландыруға, өндіру деңгейін 2%-ға дейін тұрақтандыруға мүмкіндік береді, сонымен қатар кен орындарын орталықтандырылған басқаруды және қашықтан бақылауды, ұңғымалар мен кәсіптік жабдықтар жұмысын оңтайландыруды қамтамасыз етеді.

Темір жолдағы ақаулар мен рельстердің кемшіліктерін уақытылы анықтау есебінен пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін арттыру үшін «Магистраль» автоматты басқару жүйесін енгізу» жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта магистральды желілердің инфрақұрылымын диагностикалауды 3 мобильді диагностикалық кешендер (МДК) жүргізеді. Сонымен қатар, қосымша 3 МДК құру жоспарда бар.

Мобильді диагностикалық кешендер жұмысының нәтижелері бойынша 2019 жылдың 4-тоқсанында шамамен 19 000 шақырым жол диагностикаланды. Сонымен қатар, 190 шақырымнан астамы қанағаттанарлықсыз бағамен анықталды. 85-ке жуық өте ақаулы рельстер айқындалды, яғни рельстің 85 омырылу жағдайына жол берілмеді.

 

Зияткерлік көлік жүйесі

Көлік пен логистиканы цифрландыру тұрғысынан «Зияткерлік көлік жүйесі» жобасы іске асырылып жатыр, ол автомобиль жолдары, көлік құралдары, ақылы жолдар арқылы жүру, қалааралық автобустардағы жолаушылар, сондай-ақ рәсімделген билеттер туралы мәліметтерді жинайды және өңдейді.

Зияткерлік көлік жүйесінің құрамдас бөліктерінің бірі — Ақы алу жүйесі, сонымен қатар Жол қозғалысы қатысушыларына жолдағы жағдай туралы ақпаратты жинау және ұсыну жүйесі болып табылады.

Бүгінде 3 учаскеде Ақы алу жүйесі іске қосылды: Алматы – Қапшағай (42 км), Алматы – Қорғас (295 км) және Нұр-Сұлтан – Теміртау (134 км) жалпы ұзындығы 471 шақырым.

Көліктік бақылауды автоматтандыру үшін 24 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы енгізілді.

Олардың көмегімен 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап салмақ параметрлері бойынша 82 бұзушылық анықталды және алымдар мен айыппұлдар түрінде шамамен 8,6 млн теңге өндіріп алынды.

Өнеркәсіпті цифрландыру аясында цифрландырудың тиімділігі мен әсерін көрсетуге, кедергілерді анықтауға және мемлекеттік қолдау құралдарын әзірлеуге мүмкіндік беретін модельді цифрлық фабрикалар құру жобасы жүзеге асырылып жатыр. 51 жобаны іске асыруға бастама білдірілді, оның 16 жобасы аяқталды.

 

Astana Hub

Бүгінгі таңда Astana Hub-та салық, еңбек және визалық жеңілдіктер алуға жағдай жасалған, стартаптарды дамыту бағдарламалары бар.

Жалпы алғанда, бүгінде технопаркке 163 АT-компания, 700-ге жуық стартап, 17 R&D отандық және шетелдік АT-компаниялардың орталықтары (CISCO, NOKIA, IBM, Microsoft және басқалар), заманауи халықаралық оқыту әдістемесі бойынша «alem» бағдарламалау мектебі кіреді. Жергілікті қамту үлесі 57,7%-ды құрады.

Astana Hub алаңында 2019 жылы 530 іс-шара өткізілді, оған 17 мыңға жуық адам қатысты.

2019 жылы 25 халықаралық ұйыммен инновациялық өзара іс-қимылды дамыту шеңберінде ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.

Бұл шаралар стартап мәдениетті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға және 2019 жылы отандық стартап жобаларға 18 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Қазақстанның АТ-нарығына тартылған инвестициялардың жалпы көлемі соңғы 2 жылда шамамен 32,4 млрд теңгені құрады.

«Біздің технопаркіміздің бағдарламалары Қазақстанның стартап-жобаларының қаншалықты жақсы екенін және олар дамыған халықаралық стартап-экожүйенің деңгейіне қаншалықты жылдам ілгерілеп келе жатқанын түсінуге мүмкіндік берді. Жобаларымыздың сапасын зерттей келе, инвестицияларымыздың өтелгенін айтуға болады», — деді Astana Hub АT-стартаптардың халықаралық технопаркінің бас директоры Джозеф Циглер.

Келесі кезеңде Мемлекет басшысының алға қойған міндеттеріне сәйкес Astana Hub экожүйесіне инновациялық инфрақұрылымның өңірлік объектілерін – технопарктерді, инкубаторларды, акселераторларды, инновациялар орталықтарын, АT-хабтарды, академияның стартапын, коммерцияландыру кеңселерін, ЖОО-лар, ҒЗИ және т. б. белсенді тарту жоспарлануда.

Қабылданып жатқан шаралар республикалық деңгейде Astana Hub бағдарламаларына одан әрі қатысу және халықаралық әріптестермен ынтымақтастық орнату үшін өңірлерде pre-seed сатысында инновациялық жобаларды дайындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру

Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жұмыстарын жүргізу аясында Мемлекеттік қызметтер тізіліміне 723 қызмет енгізілген, оның ішінде 580 қызмет немесе 80,2% электронды түрде көрсету көзделген. Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізілді, соның нәтижесінде мемлекеттік қызметтер саны 17-ге (740-тан 723-ке дейін) қысқарды.

Қазіргі таңда өтініш берушілерге 17 проактивті және 21 композитті мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Жүргізілген оңтайландыру жұмыстары құжаттардың орташа пакетін 30%-ға, сондай-ақ мемлекеттік қызметті ұсыну мерзімін орта есеппен 3 есеге қысқартты.

Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру қағаз түріндегі құжат айналымын 70,8 млн құжатқа қысқартуға мүмкіндік беріп, 8,4 млрд теңгеден астам жанама экономикалық нәтиже береді.

Денсаулық сақтауды цифрландыру аясында ұйымдардың 97,5%-ы компьютерлік техникамен жабдықталған және 100%-ы интернет желісіне қосылған. Қазақстан тұрғындарының 17,9 млн-ында (95,7%) өңірлік электрондық денсаулық паспорттары бар.

Қабылданған шаралар халыққа денсаулық сақтау қызметтерін көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ дәрігерлердің еңбегін жеңілдетуге мүмкіндік берді.

Электрондық сервистер арқылы алдын ала жазылу арқылы емханалардағы «жанды» кезектер 30%-ға қысқартылды, бұл пациенттердің емханаларда болу уақытын екі есе қысқартты. Зерттеу нәтижелерін алу уақыты 1,8 есеге (7 сағаттан 4 сағатқа дейін) қысқартылды.

Пациенттерге қызмет көрсетудің орташа уақытын қысқарту есебінен дәрігерлер мен пациенттердің уақыты 45%-ға қысқарды, жедел жәрдем жұмысы оңтайландырылды: диспетчерлік қызметке түсетін шақыруларды өңдеу уақыты 26%-ға қысқартылды, соның нәтижесінде жедел медициналық жәрдемнің келуін күту уақыты 1,3 есе қысқарды.

Сондай-ақ, медициналық ақпараттық жүйелерді ауылдарда енгізу және электрондық денсаулық паспорттарымен қамтамасыз ету деңгейін 100%-ға дейін жеткізу бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады.

Білім беруді цифрландыру аясында мектептер компьютерлік техникамен қамтамасыз етілді. Оқушылар электронды күнделіктер мен журналдарды пайдаланады (7014 мектептен 6703-і). Мектептердің 90%-ы (6336 мектеп) жылдамдығы 4 Мбит/сек және одан жоғары Интернетпен қамтамасыз етілген. 

Мектепке дейінгі балаларға білім беру мекемелерінің 78,5%-ында қабылдауға кезекті электронды қою енгізілген, мектептердің 70,3%-ы оқушыларды онлайн қабылдайды. Мемлекеттік білім беру қызметтерінің 74%-ы автоматтандырылған. 

Жалпы, білім беру жүйесін цифрландыру ауыл мен қала мектептерінің білім беру сапасының арасындағы айырмашылықты 30%-дан астамға қысқартуға мүмкіндік берді. 

Мемлекеттік бағдарлама аясында ШОБ қолдауға және шағын және орта бизнес үшін қолайлы ахуал жасауға көп көңіл бөлінеді.

Мәселен, «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесін іске қосудың арқасында, кедендік декларацияны толтыру мерзімі бірнеше күн мен сағаттан 1 минутқа дейін қысқарды және автоматты режимде 1,3 млн декларация өңделді. Осының арқасында, СЭҚ қатысушылары 56,6 млрд теңге көлемінде қаржы үнемдеді. 

Бизнес үшін сауда жүргізу жағдайларын жақсартуға және «көлеңкелі» экономиканы анықтауға мүмкіндік беретін «Электрондық шот-фактуралар», «Тауарларды таңбалау» жүйелері іске асырылды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық ҚҚС төлеушілер ЭШФ пайдаланады.

Сондай-ақ, бүгінгі күні 540 мың бақылау-кассалық машиналар пайдаланылуда, олардың 95%-ы «онлайн» режимінде қосылған.

Ауылдық елді мекендерді Интернет желісіне кеңжолақты қолжетімділік қызметімен қамтамасыз ету мақсатында, 1250 АЕМ қамтамасыз ету жоспарланған, оның ішінде 2018 жылы – 56 АЕМ, 2019 жылы – 705 АЕМ, 2020 жылы – 489 АЕМ. 

Бұл 3 718 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымға жылдамдығы жоғары интернетке қосылуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, ауылдық елді меендердің тізімін жасау кезінде тізім келісу үшін жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Салынған инфрақұрылым ұялы байланыс операторларының дамуын ынталандырады. ТОБЖ жалпы ұзындығы 20 мың шақырымнан асады. 

Сонымен қатар, 2019 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша 299 ауылда орналасқан 841 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйым қосылған. Кеңжолақты интернетке қолжетімділікті одан әрі қамтамасыз ету МЖӘ келісімшарттарына сәйкес қосу кестесіне орай жүзеге асырылады. 

2018 жылдың нәтижелері бойынша 10 нысаналы индикатор мен 20 көрсеткішті іске асыру қарастырылды, оның ішінде түрлі халықаралық рейтингтердегі еліміздің орны бар. Мәселен, 2018 жылы еліміздің позициясы Халықаралық электр байланысы одағының Киберқауіпсіздік жаһандық индексі деңгейі бойынша жақсарды. Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) есебіне сәйкес, Қазақстан 2018/2019 Киберқауіпсіздік жаһандық индексінде 40 орын алып, өткен жылғы рейтингпен салыстырғанда 42 пунктке көтерілген (82 орын). 

Рейтинг құрғанда барлық бес негізгі критерий назарға алынады: заңнамалық база, техникалық және ұйымдастырушылық іс-шаралар, халықаралық аренадағы қызметі мен саланы дамыту үшін әлеует құруы. 

2018 жылы еліміз «Венчурлық капиталдың қолжетімділігі» индикаторы бойынша ДЭФ БЖИ рейтингінде өзінің позицияларын жақсартты. Қазақстан бұл индекс бойынша 90-ші орын алып, өткен жылғы рейтингпен салыстырғанда 12 пунктке көтерілді (102 орын). 

Биыл цифрлық сауаттылық бойынша оқытылған тұрғындардың жалпы саны 532 мың азаматты құрады (жоспарда 462 846 адам). 

Сонымен қатар, әлеуметтік әлжуаз топтан 78,3 мың азамат цифрлық сауаттылыққа оқытылды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу