2020 жылдың қорытындысы бойынша 2,6 мың шақырым автожолда қозғалыс ашылды — ҚР ИИДМ

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы — ұлттық экономиканың негізгі драйверлерінің бірі. Бұл қазіргі заманғы магистралдардың пайда болуы ғана емес, елдің ЖІӨ өсуі, жаңа жұмыс орындары, транзиттік жүк ағындарының ұлғаюы. Бұл ретте қазіргі заманғы және сапалы автомагистралдардың құрылысына басты назар аударылды. Мемлекеттік бағдарламаның 2020 жылғы іске асырылу қорытындылары туралы шолу материалында.

2020 жылы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде республикалық және жергілікті маңызы бар 9,8 мың км автожол салынып, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстарымен қамтылды, оның ішінде: республикалық желінің 4 мың шақырымы құрылысымен және қайта жаңартумен, республикалық желінің 1,8 мың шақырым жөндеумен, сондай-ақ жергілікті желінің 4 мың шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылды.

Жыл қорытындысы бойынша 2,6 мың шақырым жолда қозғалыс ашылды, сондай-ақ республикалық маңызы бар 1,1 мың шақырым автожолда жөндеу аяқталды.

Автомобиль жолдарын өзін-өзі қамтуға ауыстыру мақсатында 5,8 мың шақырымға ақы алу жүйесін монтаждау аяқталды.

Ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол бойындағы сервис объектілерінің үлесі 58%-ға дейін ұлғайтылды. Жергілікті желі жолдарында жол-құрылыс жұмыстарымен қамту 4 мың шақырымды құрады, оның 2,7 мың шақырымы аяқталды. Жалпы жыл қорытындысы бойынша республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі тиісінше 89%-ға және 75%-ға жеткізілді.

Автожол жобаларын уақтылы іске асыру мақсатында, пандемия кезеңінде өңіраралық қозғалысқа шектеулердің енгізілуіне байланысты құрылыс объектілеріне, сондай-ақ карантиндегі қалалар мен өзге де елді мекендерде орналасқан құрылыс объектілеріне құрылыс материалдарының, 1 325 бірлік арнайы техника мен 2 577 адам персоналының кедергісіз қолжетімділігі үшін «жасыл дәліз» қамтамасыз етілді.

Жалпы, 2020 жылы жол-құрылыс жұмыстары жұмыс өндірісінің кестесіне сәйкес жүргізілді.

 

Теміржол жобаларын іске асыру

Негізгі транзиттік дәліздердегі тар жерлерді жою мақсатында «Достық-Мойынты» темір жол учаскелерін жаңғырту жөніндегі жұмыстарды 2023 жылдан 2021 жылға дейін бастау мерзімдері қайта қаралды.

«Арыс-Қазалы» учаскесінде екінші темір жол құрылысын салу, сондай-ақ артық жүктелген Ташкент торабы мен «Сарыағаш» станциясын айналып өту үшін «Дарбаза-Мақтаарал» жаңа темір жол желісін салу мәселелері пысықталуда.

Ауыстырып тиеу қуаттарын дамыту шеңберінде «Достық» станциясында көпфункционалды терминалдың құрылысы басталды (жүк ағынының ұлғаюына қарай 450 мың контейнерге дейін кеңейту мүмкіндігімен жылына 100 мың контейнерге дейін ауыстырып тиеу қуатымен). Терминал контейнерлік пойыздарды 2021 жылдың сәуір айында өңдеуді бастайды.

Осы жобалар мен бастамаларды іске асыру теміржол транзиттік дәліздерінің өткізу қабілетін 2 есе арттыруға, жүктерді тасымалдау мерзімдерін 1,5 есе қысқартуға, транзиттік контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығын тәулігіне қазіргі 1050 шақырымнан тәулігіне 1300-1400 шақырымға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

 

Автомобиль дәліздерін жаңғырту

2020 жылы 2,6 мың км автомобиль жолында қозғалыс ашылды. 2025 жылға дейін барлығы 10 мың шақырымнан астам автомобиль жолы салынып, реконструкцияланады және 11 мың км автомобиль жолы күрделі жөндеумен қамтамасыз етіледі.

Жүк ағындарын өңдеу жылдамдығын жақсарту мақсатында мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту, физикалық және физикалық емес кедергілерді жою мақсатында процестерді цифрландыру, сондай-ақ жол сервисі объектілерін ұлттық стандартқа сәйкес келтіру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Өткізу пункттерін жаңғырту бойынша Ресей және Қырғыз шекарасындағы өткізу пункттерін кезең-кезеңімен жаңғыртуды көздейтін егжей-тегжейлі жоспар әзірленді – бұл ИИДМ жауапкершілігінде. Бүгінде бұл нысандарды ҰҚК Шекара қызметінен өз балансына қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта қазақстандық транзиттік дәліздердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында «тар» жерлерді жоя отырып, көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету, жүктер мен транзиттік сервистің өту жылдамдығын арттыру арқылы негізгі инфрақұрылымдық жобаларды айқындау бойынша талдау жүргізілуде.


Ақылы жолдарды күтіп ұстау

Президент Қ. Тоқаев 2025 жылға дейін барлық республикалық жолдарды қайта жаңартуды және сервиспен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұған дейін «Нұрлы жол» үшін шамамен 5,5 трлн теңге бағытталатыны айтылған болатын.

2025 жылға дейін ұзақтығы 24 мың км республикалық маңызы бар автожолдардың бойында орналасқан жол бойындағы сервистің барлық объектілері халықаралық стандарт талаптарына сәйкес келетін болады.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген қаражат автожолдарды салуға және қайта жаңартуға бағытталатын болады, олар сервис нысандары үшін қарастырылмаған. Сондай-ақ, жол пайдаланушыларды сапалы сервиспен қамтамасыз ету мақсатында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тартқан жеке инвесторлардың қаражаты есебінен автожол учаскелерінде жол бойындағы сервистің жаңа объектілері орнатылуда.

Қазіргі таңда республика бойынша 4 ақылы учаске жұмыс істейді: «Нұр-Сұлтан – Щучинск», «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қапшағай» және «Алматы – Қорғас».

Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2025 жылға дейін ұзындығы 11 мың км республикалық маңызы бар автожолдарда ақылы жүйені енгізу жоспарлануда.

2020 жылы ұзындығы 5,8 мың км реконструкцияланған учаскелерде ақы алу жүйесін орнату үшін бақылау аркаларын (99 бірлік) монтаждау жұмыстары аяқталды (5 учаске тестілік режимде енгізілді, қалған 13 учаске 2021 жылдың екінші тоқсанында өнеркәсіптік пайдалануға одан әрі жібере отырып, тестілік режимде енгізіледі).

Жол жүру ақысының мөлшерлемесін (тариф) белгілеу мақсатында Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында қоғамдық тыңдаулар өткізілді.

Сондай-ақ Мониторинг орталығын, Клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі негізгі орталықты және Байланыс орталығын ұйымдастыру жұмыстары аяқталды.

Бюджет заңнамасына сәйкес РБ-дан ақылы учаскелерді ұстауға қаражат бөлінбейді. Ақылы учаскелерді күтіп-ұстау тек жол жүру ақысының алымдары есебінен жүзеге асырылады. Бұл ретте ақылы учаскелерді күрделі және орташа жөндеуге арналған шығындар тиісті бюджеттік бағдарлама шеңберінде РБ-дан бөлінетін болады.

10 жыл ішінде жоспарланған алымдар — 532 млрд тг, оның ішінде:

- күтіп ұстауға — 336 млрд теңге; 

- инвесторға төлемдер — 138,8 млрд тг (оның ішінде 25,7 млрд тг – инвестициялар, 113,1 млрд тг – ЖСК қызмет көрсету);

57,2 млрд теңге көлеміндегі қалған қаражат басқа жұмыс түрлеріне (күрделі және орташа жөндеу) бағытталатын болады.

Басқаша айтқанда, автожол учаскелерін тек алымдар есебінен күтіп ұстау жолымен бюджетке түсетін жүктемені азайтудан басқа, республикалық бюджетке қосымша түсімдер түрінде экономикалық пайда алу жоспарлануда.


Жол құрылысына қанша инвестиция тартылды? 

Ұзындығы 66 км «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Ташкент – Шымкент – Тараз – Бішкек – Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қарағанды – Астана – Петропавл» халықаралық дәліздерінің қиылысында Алматы қаласының айналасында қазіргі заманғы жоғары технологиялық «ҮАААЖ» айналма жолын құру жүзеге асырылуда.

Жобаның негізгі мақсаты — жол жүру уақытын қысқарту және Алматы қаласы ауасының ластануын азайту. 

ҮАААЖ — концессиялық жоба, оны іске асыруға түрік-корей консорциумы ЕҚДБ, ИДБ және ЕАДБ сияқты халықаралық қаржы институттарының қаражатын тарта отырып, $743 млн көлемінде инвестиция салған.

Концессия мерзімі — 20 жыл: 

  • құрылыс – 2020-2024 жылдар, 
  • пайдалануға беру – 2025-2040 жылдар.

Сонымен қатар ұзындығы 102 км, 4 жолақты І техникалық санаттағы автомобиль жолын салуды көздейтін «Сарыағаш қаласын айналып өту» жобасын іске асыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Автожол саласын дамыту аясында биыл республикалық маңызы бар 3,6 мың шақырым автожол құрылыспен және қайта жаңғыртумен қамтылады. Бұл жобалар:

Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Күрті, 

Ақтөбе – Атырау – Астрахань, 

Талдықорған – Өскемен, 

Қалбатау – Майқапшағай, 

Көкшетау – Петропавл – Қорған, 

Ұзынағаш – Отар, Мерке – Бурылбайтал, 

Қостанай – Денисовка, Үшарал – Достық.

Биыл халықаралық және республикалық маңызы бар 20,4 мың км автомобиль жолы қамтылады.

Күтіп ұстау аясында автомобиль жолдарын жыл бойы, оның ішінде қысқы кезеңде күтіп ұстау бойынша жұмыстар жүргізіледі, сондай-ақ көктемгі кезеңде су тасқыны қаупінің алдын алу және жою бойынша қажетті шаралар қабылданатын болады.

Бұдан өзге, автокөлік құралдарының қауіпсіз жүріп өтуін қамтамасыз ету мақсатында шұңқырды бітеу жұмыстарын, жүру бөлігін белгілеу және жол белгілерін орнату және ауыстыру және т. б. жұмыстарын орындау көзделген.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу