2022 жылы төтенше жағдайлар салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 26%-ға азайды – ТЖМ

Астана қаласында Төтенше жағдайлар министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Онда ведомство басшысы Юрий Ильин өткен жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасады.

Төтенше жағдайлар министрлігі күн сайын еліміздің халқы мен аумағын маусымдық табиғи және техногендік төтенше жағдайлардан, сондай-ақ оқыс оқиғалардан қорғайды. Кәсіби қызмет тұрғысынан өткен жыл күрделі және қарқынды болды, бірақ министрлік қойған барлық міндеттерді орындады.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинннің айтуынша, өткен жылы ел бойынша 13 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар тіркелді. Қабылданған шаралардың арқасында ТЖ-да қаза тапқандар саны 26%-ға азайды.

ТЖМ бөлімшелері 80 мыңнан астам шақыртуға барды, 12 мыңнан астам адам құтқарылды, 13 мыңнан астам адам эвакуацияланды, 4,5 мыңға жуық азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Табиғи және техногендік сипаттағы аса ірі төтенше жағдайларды жою көршілес өңірлерден топтарды тартуды талап етті, бұл күрделі жағдайларда залал мен шығынды барынша азайтуға мүмкіндік берді. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру жоспарлы негізде жалғасуда.

«Мемлекет басшысы мен Үкімет қойған тапсырмалар уақтылы орындалады», — деді министр.

«Таза парақтан» жаңа реттеу саясаты аясында бизнеске әкімшілік қысымды төмендету мақсатында өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс саласындағы 36 нормативтік құқықтық актіге талдау жасалды.

Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі реттеуші актілерді қайта қарау бойынша жұмысты аяқтады, есеп қалыптастырылып, «Атамекен» ҰКП-мен тиісті хаттамаға қол қойылды.

Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» жарлығын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын орындау үшін есептер мен көрсеткіштердің барлық түрлері жүйелендірілді. Үлгілік құжаттардың тізбесі оңтайландырылды, олардың саны 616-дан 591-ге дейін қысқарды. Сонымен қатар жалпы құжат айналымы 20,6%-ға қысқарды.

Есептердің барлық түрлері мен көрсеткіштерін жүйелеу мақсатында «Smart Data Ukimet» мемлекеттік ақпараттық-талдау жүйесінің платформасында орталық және жергілікті атқарушы органдарға оларды жұмыста пайдалануға мүмкіндік беретін 18 ТЖМ есебі орналастырылды.

«Құқық қорғау қызметі туралы» заңға бірқатар түзету енгізілді, сол арқылы азаматтық қорғау органдарының қатардағы және кіші басшы құрамы лауазымдарына кандидаттардың жеке қасиеттерін тестілеу және бағалау жойылды.

«Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық бөлімшесінде “E-Otinish” ақпараттық жүйесімен жұмыс Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік желісіне қол жеткізу арқылы қамтамасыз етіледі. Жұмыста іркілістер тіркелмеді. Халықпен жоспарланған барлық есеп беру кездесуі өткізілді», — деді Юрий Ильин. 

Әрі қарай төтенше жағдайлар министрі ведомство қызметінің негізгі бағыттарына қысқаша тоқталды.

Министрдің айтуынша, қыста ведомствоның негізгі міндеттері – күре жолдарда адамдардың қаза болуына жол бермеу және жылыту маусымында қауіп-қатерлерді азайту.

Жедел әрекет ету және ықтимал ТЖ-ны жою мақсатында 37 мың адам және 13 мың техникадан тұратын күштер мен құралдар топтамасы құрылды, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың міндеттері айқындалды.

Ауа райы жағдайларына тұрақты мониторинг жүргізіледі және күре жолдардағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қыстың басынан бастап құтқарушылар қар құрсауынан 2 мыңнан астам адамды, оның ішінде 360 баланы құтқарды. 300-ден астам техника қар құрсауынан шығарылды. 

Бүгінгі таңда көлік кептелісі болатын 3 мыңнан астам күрделі жол учаскесі анықталды. Негізінен қар құрсауы салдарынан Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында көлік кептелісі болып тұрады.

«Ішкі істер және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері ұйымдастырған жедел әрекеттер мен өзара іс-қимылдың арқасында жазатайым оқиғалар мен адамдардың қаза болуына жол берілген жоқ», — деді төтенше жағадйлар министрі Юрий Ильин.

Министрлік көшкін қаупі бар жерлерді бақылауда ұстайды. Өткен жылы 182 қар көшкіні өздігінен түскен. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 215 профилактикалық түсіру жүргізілді, оған бір мыңнан астам адам және шамамен 400 тонна техника жұмылдырылды. Қаза тапқан және зардап шеккендер жоқ.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта қар көшкіні жағдайын бағалау үшін бақылау және ескерту қызметі ұйымдастырылған. Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарына қар ұстайтын қалқандар қойылды, олардың саны – шамамен 2 мыңға жуық. Өткен жылы 116 қар ұстайтын қалқан жөнделді.

Учаскелерде ақпараттық және ескерту қалқандары қойылады, жерүсті тексерулер жүргізіледі. Қар көшкінінің өздігінен түсуіне және профилактикалық түсіруге уақытылы әрекет ету үшін 112 адамнан тұратын 12 құралым және 56 техника дайындалды. Жағдай Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке бақылауында.

Сонымен қатар Юрий Ильиннің айтуынша, ведомство жылыту маусымында тұрғын үйлердегі өрттің алдын алу тәсілдерін қайта қарады. Халықтың әлеуметтік осал топтарының, көп балалы отбасылардың тұрғын үйлерінде атаулы жұмыс жүргізу бойынша мүдделі қызметтер мен үкіметтік емес секторды тарта отырып, жүйелі тәсіл көзделген. Осындай 106 мыңнан астам отбасы есепте тұр.

Әлеуметтік осал санаттағы үйлерде анықталған бұзушылықтар бойынша оларды қолдау жөнінде шешімдер қабылдау үшін әкімдіктер хабардар етіледі.

Автономды жылыту жүйелері бар үйлердің тұрғындарымен профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Жылыту маусымы басталғаннан бері 2 мыңнан астам өрт болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға, адам өлімі 5,3%-ға азайған. Айта кету керек, бұзушылықтардың көбі электр желілерін, электр жабдықтарын және автономды жылыту жүйелерін пайдалануға байланысты.

Тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу бойынша қосымша құрал – датчиктерді орнату. Соңғы үш жылда 170 мыңнан астам датчик орнатылды. Осы кезеңде 43 датчиктің іске қосылуы нәтижесінде 192 азамат аман қалды.

Қазіргі жылыту маусымының басынан бастап үй-жайда улы газдың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асуы себебінен датчиктердің 4 датчик іске қосылған, соның арқасында 23 адам қатты уланудан және өлімнен аман қалды.

Өрт қаупі жоғары кезеңде 100-ден астам табиғи өрт және 3 мыңнан астам дала өрті ауыздықталды, 3 мыңнан астам техника мен 14 мыңнан астам жеке құрам жұмылдырылды. Айта кету керек, ірі, ауқымды өрттерге және жедел жағдайдың күрделенуіне қарамастан, бірқатар өңірде өрт көлемі шамамен 50%-ға азайды.

Табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою бойынша жыл сайын Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндіру бөлімшелері табиғи өрттерді 80%-ға дейін сөндірді, бұл ретте елді мекендер қорғаусыз қалады.

Көбіне жауапты уәкілетті органдардың күштері мен құралдарының жеткіліксіздігі өрттің таралуына және адамдардың өліміне әкеледі. Мысалы, Қостанай облысындағы Аманқарағай және Озерное ауылдарында болған орман өртінің салдарынан бір адам қаза тапты.

«Қостанай облысындағы өртті жою кезінде біз министрліктің күштері мен құралдарын басқа өңірлерден жеткіздік, бұл ретте жоғары температураға байланысты табиғи өрттер бір мезгілде басқа облыстарда да басталды. Оларды жоюға 300-ге жуық техника мен жеке құрамнан 2 мың адам жұмылдырылды», — деді төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Министрдің айтуынша, қабылданған шаралардың, күштер мен құралдарды топтастыруды жедел күшейтудің, оның ішінде авиацияны жаппай қолданудың арқасында өрттің басқа елді мекендерге одан әрі таралуына жол берілмеді.

Қостанай облысындағы өртті жою нәтижелері бойынша Мемлекет басшысы құтқарушылардың жұмысын оң бағалады, оларды әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін шешуге қолдау көрсетті.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекеттік өрт бақылау ерекше рөл атқарады. Өрт бақылау жұмысының тиімділігін бүгінде статистика растайды. Өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстардағы өрттер саны 13%-ға, салынып жатқан объектілердегі өрттер саны 10%-ға, көліктегі өрттер саны 5%-ға қысқарды.

Өңірлерде цифрландыру аясында планшеттер арқылы жергілікті жерде әкімшілік материалдарды қозғауға және қарауға мүмкіндік беретін «ӘҚБТ» әкімшілік өндіріс жүйесі жоспарлы түрде енгізілді. Инспекторлық құрам тексерулердің ашықтығы мен заңдылығы үшін портативті бейнетіркегіштерді кеңінен қолданады.

«Өрт профилактикасының бірыңғай сағаты» жобасы жалғасуда, күн сайын бір сағат ірі ойын-сауық мекемелерінде, кинотеатрларда, сауда орталықтарында LED-экрандарда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша роликтер көрсетіледі.

Жыл сайын көктемде су тасқыны болып тұрады. Өткен жылы елді мекендерді су басуына байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы 9 төтенше жағдай жарияланды. Ең күрделі су тасқыны Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында болды. Су тасқыны кезеңінде зардап шеккен халықты эвакуациялау бойынша іс-шаралар кешені уақытылы орындалды.

Юрий Ильиннің айтуынша, арқасында қабылданған шаралардың арқасында адам өліміне жол берілмеді, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері штаттық режимде жұмыс істеді. Су тасқыны қорытындысы бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізілді, ол Үкімет отырысында қаралды. Әзірленген ұсыныстар су тасқыны қаупін азайту жөнінде шаралар қабылдау үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарға жіберілді.

Су тасқынымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігі халықты селден, сырғымадан және жер сілкінісінен қорғайды. Селмен күресу үшін Қорғас, Ақсай және Аюсай өзендерінде селді ұстайтын бөгеттердің құрылысы жалғасуда. Жыл сайын мұздақ көлдерден суды ағызу бойынша алдын алу іс-шаралары жүзеге асырылады.

Сонымен қатар елде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, сейсмологияның ғылыми және өндірістік бөлігі бір ұйымда шоғырланған. Сейсмология саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді ұйымдастыру бойынша қойылған міндеттерді тиімді іске асыру мақсатында министрлік «Сейсмология институты» ЖШС мен «СТӘЭ» ЖШС-ні «Сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС-не біріктіру бойынша рәсімдерді жүргізіп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, бұл сейсмикалық қауіп пен тәуекелдерді кешенді бағалау мен мониторинг жүргізуге, күшті жер сілкіністерін жедел болжауға қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

«Өткен жазда суға түсу мауысымына қалыптан тыс аптап ыстық әсер етті. Біздің елімізде азаматтар шомылу және демалу үшін пайдаланатын 50 мыңнан астам су қоймасы бар. Жазғы кезеңде құтқару бөлімшелері демалуға неғұрлым белсенді пайдаланылатын 530-дан астам ірі су айдындарының учаскелерін бақылайды», — деді Юрий Ильин.

Азаматтардың судағы қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілерінің жолын кесу бойынша күн сайын рейдтер мен патрульдеу жүргізіледі. Жазғы кезеңде тәулік бойы бір мыңнан астам құтқарушы қызмет атқарады.

Күнделікті рейдтер мен халықты судағы қауіпсіздік ережелері туралы хабардар ету, интелектуалды бейнебақылау камераларын пайдалану арқасында адам өлімі 42%-ға төмендеген.

Балалар жағажайларында, стационарлық және каркастық-модульдік бассейндерде балалар өлімін азайту мақсатында құтқарушылар әкімдіктермен бірлесіп, балаларды жүзу дағдыларына үйретуді жалғастыруда. Бұл балалардың өлімін 31%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

Көп жылдық бақылаулар жабдықталмаған жерлерде шомылу су объектілерінде адам өлімінің негізгі себебі екенін көрсетеді.

Мас күйінде қайтыс болған адамдардың, сондай-ақ балаларын қараусыз қалдыратын ата-аналардың саны әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр.

Су объектілерінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету практикасын талдау бұқаралық ақпарат құралдарындағы профилактика, жалпы білім беру мекемелеріндегі оқу-әдістемелік және тәлімгерлік жұмыстар сияқты шаралар әлі де өзекті екенін көрсетеді. Қоғамдық ұйымдардың, еріктілердің көмегі талап етіледі.

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, азаматтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі міндеттерді іске асыру аясында байланыс және құлақтандыру жүйелері, басқару пункттері тұрақты дайындықта.

Жыл сайын «Азаматтық қорғау саласындағы ұлттық ғылыми зерттеулер, даярлау және оқыту орталығы» АҚ-та орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылық құрамы мен мамандарын төтенше жағдайлар туындаған кезде қорғау тәсілдері мен іс-қимылдарына оқыту және даярлау жүргізіледі.

«Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы халықаралық ынтымақтастық шеңберінде белсенді жұмыс жүргізілуде. Ықтимал төтенше жағдайларды жою кезінде тәжірибе алмасу және бірлескен іс-қимылдарды пысықтау мақсатында ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ және Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымы шеңберінде азаматтық қорғау желісі бойынша халықаралық іс-шараларға қатыстық», — деді Юрий Ильин. 

Өзбекстанмен және Түрікменстанмен Азаматтық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы екі үкіметаралық келісімнің күшіне енуі жөніндегі рәсімдер аяқталды. Қазақстан Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалар қауіп-қатерін азайту орталығы арасында Қазақстан Республикасының аумағында болудың осы халықаралық ұйымының шарттары туралы келісімге қол қойылды.

Одан кейін министр төтенше жағдайларды жою кезіндегі азаматтардың көмегі туралы сөз қозғады. Өткен жылы ведомстволық наградалармен 80 адам марапатталды. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік органдардың 617 өкілі марапатталды.

 

Қорытындылай келе төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жүйенің даму перспективаларына тоқталды.

«Төтенше жағдайлар кезінде уақытылы әрекет ету және оларды жою үшін ТЖМ бөлімшелерін материалдық-техникалық қамтамасыз етудің 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын іске асыру жалғасуда. Үкіметтің қолдауымен 2022 жылы 170 техника және 6 мыңнан астам өрт-техникалық жабдықтар мен жарақтар сатып алынды», — деді Ю. Ильин. 

Оның айтуынша, биыл Астана, Жезқазған, Қосшы, Петропавл, Түркістан, Талдықорған, Сәтбаев қалаларында, Атырау облысының Миялы ауылы мен Жамбыл облысының Қордай ауылында 9 өрт сөндіру депосының және Ақмола облысындағы Бурабай, Үлкен Шабақты және Солтүстік Қазақстан облысындағы Пестрое көлдерінің жағасында 3 суда құтқару станциясының құрылысы аяқталуда. Қолданыстағы әскери бөлімдерді реформалау және еліміздің батыс өңірінде азаматтық қорғаныстың жаңа әскери бөлімін құру мәселесі пысықталды.

Заң жобалау қызметі аясында Ұлттық теңіз авариялық-құтқару қызметін құру мәселесі қаралуда.

Бүгінгі таңда Үкіметтің қолдауының арқасында азаматтық қорғау органдарының штат санының лимитін кезең-кезеңімен ұлғайту, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің жалақысын арттыру жөнінде шаралар қабылданды, олардың әлеуметтік қамсыздандырылуын жақсартуды көздейтін заңнамалық түзетулер енгізу бойынша мәселелер пысықталуда.

Азаматтық қорғау академиясының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесі шешілуде, бұл жатақхана, оқу корпусын салу, қажетті техника мен жабдықтарды сатып алу.

«Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу; өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету; мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту; азаматтық қорғау саласындағы салааралық үйлестіру бойынша жүктелген міндеттерді әрі қарай орындауға дайын», — деді төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу