2024 жылғы 9 айдың қорытындысы: Түркістан облысы жоғары макроэкономикалық көрсеткіштермен ерекшеленді

Қазақстан экономикасы биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша оң өсім қарқынын көрсетіп келеді. Атап айтсақ, жалпы ішкі өнімнің нақты өсу деңгейі 4%-ды құрады. Бұған негізінен ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және сауда салаларының арқасында қол жеткізілді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында үлкен әлеуетке ие өңірлердің бірі Түркістан облысында да 2024 жылғы үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталып отыр. Өңірдің биылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындыларымен Primeminister.kz шолу материалынан оқыңыздар.

2024 жылғы ІІІ тоқсанның алдын ала есебіне сәйкес, ЖӨӨ көлемі 3 709,7 млрд теңгені, ал қысқа мерзімді экономикалық өсім 110,6%-ды құрады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша республикадағы 20 өңірдің арасында Түркістан облысы жоғары даму дәрежесін көрсеткен болатын. Сонымен қатар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында да оң өсім сақталды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 4 трлн теңгеден асты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың 6% өсімін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

 

Шағын және орта бизнес – экономикалық даму мен жұмыспен қамтуға ықпал ететін негізгі күш

2024 жылғы 1 қазандағы мәліметке сәйкес, Түркістан облысының жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 208,7 мың бірлікті немесе 2023 жылдың тиісті кезеңіндегі көрсеткіштің 97,8%-ын құрады.

Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті жүргізу үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерліктің басым бөлігі Астана (240 212 бірлік) және Алматы (361 148 бірлік) қалаларынан кейін Түркістан өңірінде шоғырланған. Кәсіпкерлердің саны жыл басынан бері 2 мыңға артып, бүгінгі таңда 208,7 мыңды құрап отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік секторында 287 мың адам жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігі сенімді өсім көрсетуде. Шағын және орта бизнеспен өндірілген өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 150,3%-ға артып, 916 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін өнім көлемін 2 трлн теңгеге жеткізу жоспарда бар.

Айта кетерлік жайт, кәсіпорындар табысының артуына мемлекеттік қаржылай қолдау шаралары тиімді ықпалын көрсетуде. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бірыңғай кешенді бағдарлама» арқылы осы жылдың 9 айында бизнес субъектілері 48,8 млрд теңгеге жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз етілді.

 

Инвестиция

Түркістан облысына 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар индикаторы 1 трлн 133,8 млрд теңге көлемінде бекітілген. 9 айдың қорытындысы бойынша өңірге тартылған инвестициялар көлемі 822,3 млрд теңге (9 айға жоспар – 674,4 млрд тг) құрады, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл 123,4%-ға өсті.

Жалпы алғанда жылдық жоспар 1 149,7 млрд теңге көлемінде орындалады деп күтілуде. Сонымен қатар 2024 жылы өңірге тікелей шетелдік инвестициялар көлемі $467 млн көлемінде бекітілген, осы жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестиция көлемі $685,1 млн құрады. 

Өткен жылы облыс экономикасына 972 млрд теңге инвестиция тартылып, көлемі 26%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестиция 1,5 есе артып, 588,4 млрд теңгені құрады. 2024 жылдың 7 айында 499,3 млрд теңге инвестиция тартылып, 128,9% деңгейінде қалыптасты. 2023 жылы жоспарланған 56 инвестициялық жоба толығымен іске қосылды (2 141 жұмыс орны ашылды).

Жалпы 195 пул қалыптасқан. Биыл жалпы құны 142,4 млрд теңгеге 59 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Соның нәтижесінде 2 233 жұмыс орны құрылады. 7 айда 76 млрд теңгеге 25 жоба іске қосылып, 866 жұмыс орны ашылды. 

Ауыл шаруашылығы бойынша:

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 124,5 млрд теңге инвестиция тартылды, тамақ өнімдерінің негізгі капиталына 22,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 2 есе артты.

АӨК-те инвестициялық жобаларды жүзеге асыру. Нарықты отандық өнімдермен толықтыруда ірі инвестициялық жобалардың маңызы жоғары. 2024-2027 жылдары жалпы құны 507,3 млрд теңгені құрайтын 105 жобаны жүзеге асыру жол картасы әзірленді. Нәтижесінде, жаңадан 8 346 жұмыс орны құрылады. 2024 жылғы 9 айда құны 28,1 млрд теңгеге 26 жоба жүзеге асырылып, 194 жаңа жұмыс орны құрылды.

Оның ішіндегі ірі жобалар:

  • Бәйдібек ауданында «Ernur-Корпорация» ЖШС — құны 2 млрд теңгеге «5000 басқа арналған ІҚМ бордақылау кешені» жобасы;
  • Қазығұрт ауданында «Қарқын-2030» ЖШС — құны 1,1 млрд теңгеге «Қуаттылығы жылына 25 мың бас ІҚМ сою бекеті» жобасы;
  • Сайрам ауданында «Nurym Group» ЖШС — құны 2,3 млрд теңгеге «Қуаттылығы жылына 46 мың тонна құрама жем зауыты» жобасы;
  • Сауран ауданында «Жасыл аймақ» АШӨК — құны 3,5 млрд теңгеге «5000 басқа арналған ІҚМ бордақылау кешені» жобасы;
  • Шардара ауданында «VITA» ЖШС — құны 1,5 млрд теңгеге «Қуаттылығы жылына 136 тонна құрама балық өнімін өндіру» жобасы.

Мал шаруашылығын дамытуда инвесторлар қой және ірі қара мал етінің жаһандық топ-өндірушілерінің бестігіне кіретін, әлемнің ең ірі экспорттаушысы Аустралия әдісін пайдалануға ниетті. Аустралия тәжірибесін енгізу мақсатында жалпы құны 55,2 млрд теңгеге 5 ірі инвестицялық жобаны жүзеге асыру көзделген. 600 жаңа жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда: 2025 жылы Арыс қаласында 25 мың ІҚМ басына арналған бордақылау кешені іске қосылады; 2025-2026 жылдары Сайрам ауданында «1500 басқа ірі қара малды сою және өңдеу» және «Мал сату биржасы» жобасы, Ордабасы ауданында «30 мың қой бордақылау және 10 мың ІҚМ бордақылау кешені» және «30 мың басқа қой бордақылау алаңы» жобалары жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде жылына 35,2 мың тонна ет өндіріледі (7,2 мың тонна қой еті, 28 мың тонна ІҚМ еті), ет экспортының көлемі 3 есеге артады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңірлердің өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту туралы тапсырма берген болатын. Осы тұрғыда Түркістан облысында 2024-2027 жылдары жүзеге асырылатын 145 инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Жобалардың жалпы құны 2,5 трлн тг құрайды. Олардың есебінен 20 мыңнан аса жұмыс орны ашылатын болады.

Атап айтсақ:

  • өнеркәсіп саласында – 69 жоба, 1,1 трлн теңге;
  • энергетика саласында – 7 жоба, 1 трлн теңге;
  • агроөнеркәсіп саласында – 28 жоба, 151 млрд теңге;
  • туризм саласында – 16 жоба, 149 млрд теңге;
  • құрылыс саласында – 13 жоба, 72,4 млрд теңге;
  • басқа салаларда – 12 жоба, 31,8 млрд теңге.

Оның ішінде, шетелдік капиталдың қатысуымен – жалпы құны 431 млрд теңгеге 6 878 жұмыс орнын құрумен 13 инвестициялық жоба бар. 

Өңдеу өнеркәсібі саласында 2024 жылы жалпы құны 24,2 млрд теңгеге 528 жұмыс орнын құрумен 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Салалар бөлінісінде: жеңіл өнеркәсіп – 3 жоба, 3,9 млрд тг; құрылыс саласы – 1 жоба, 1,5 млрд тг; азық-түлік өнімдері – 2 жоба, 3,3 млрд тг; жиһаз өнеркәсібі – 4 жоба, 6,9 млрд тг; пластмасса өнімдері – 2 жоба, 6 млрд тг; қағаз өнімдері – 1 жоба, 2,5 млрд тг.

9 айдың қортындысы бойынша жалпы құны 16,9 млрд теңгеге 293 жұмыс орнымен 9 жоба іске қосылды.

 

Құрылыс индустриясы

Облыста құрылыс саласы қарқынды дамуда. Құрылыс жұмыстарының көлемі алдыңғы жылы 407,5 млрд теңгені құрады. 898,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды.

2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 320,2 млрд теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңіне 132,6%-ды құрады. Өңірдегі пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 788,2 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 117,7%-ды құрады. Осы жылдың соңына дейін 500 мыңға жуық шаршы метр 219 көпқабатты үйді тапсыру көзделген. Соның нәтижесінде, кезекте тұрған жалпы 5 мыңға жуық отбасының баспана мәселесі шешілетін болады.

Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі шаһардың дамуына серпін берді. «Жаңа қала» шағын ауданы пайда болып, онда заманауи көпқабатты тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Жаңа тұрғын үй салу кезінде қаланың сәулеттiк келбетін сақтау үшiн құрылысқа қойылатын белгіленген талаптар, яғни, шығыс үлгісінде болуы және биіктігі 7 метрден аспауы қадағаланады. Түркістан қаласында бой көтеретін әрбір құрылыс нысандарының сәулеттік жобасы тұрақты түрде Түркістан қаласының «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінде келісуден өткізіліп, құрылыс нысандарының сәулеті тұрақты бақылауда болады.

 

Индустриялық аймақтар

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жалпы ауданы 540 га құрайтын 4 индустриялық аймақ (Сауран, Келес, Тұрбат, Сарыағаш) құрылды.

Индустриялық аймақтар орналасқан ауданның экономикалық өсімін көтеруге, инвестициялық әлеуетін арттыруға зор септігін тигізетін болады. Индустриялық аймақтар импортты алмастыратын және бәсекеге қабілетті өндірістерді құруды ынталандыру, шетелдік және отандық инвестицияларды тарту үшін жағдайлар мен заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру мақсатында құрылған.

Бүгінгі таңда, облыс аумағында жалпы ауданы 1083,2 га құрайтын 14 индустриялық аймақ (Түркістан, Кентау, Созақ, ҚТИЗ-БАДАМ, Мақтаарал, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек, Мақтаарал (ХӨКО), Сауран, Келес, Тұрбат, Сарыағаш) орналасқан.

Жалпы құны 93,5 млрд тг құрайтын, 4 554 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 76 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, бүгінгі таңда құны 38,6 млрд тг құрайтын, 2 789 жұмыс орнымен 51 жоба іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, машина жасау (4 жоба), тамақ өнеркәсібі (7 жоба), жеңіл өнеркәсіп (5 жоба), құрылыс (33 жоба), экономиканың басқа да салалары (27 жоба). 

 

Өнеркәсіп саласының дамуы

Түркістан облысында осы аралықта 857,1 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді, нақты көлем индексі (НКИ) 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,3%-ды құрады. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде 409,1 млрд теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 112,7% өсті. Жалпы өнеркәсіптегі үлесі 47,1% құрайды.

Салалар бөлінісінде: тамақ өндіру – 3,5%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 14,2%-ға, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру – 32,8%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру – 19,2%-ға, металлургия өндірісі – 26,6%-ға, машина жасау – 5,8%-ға, жиһаз өндіру – 81,7%-ға арты.

Өңдеу өнеркәсібі саласында 706 кәсіпорын жұмыс істейді: оның ішінде 676 – шағын, 22 – орта және 8 – ірі. Салада 18,1 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

2024 жылдың І тоқсанында өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 5 436,3 мың теңгені құрады. Өткен жылғы тиісті кезеңге индексі – 108%. 

Облыстағы өндірілген өнеркәсіп өнімі көлемінің 44,6% үлесін құрайтын тау-кен өндірісі саласында өндірілген өнім көлемі 382 млрд теңгені немесе НКИ 104,5%-ды құрады.

Өндірілген өнеркәсіп өнімі көлемінің 47,7% үлесін құрайтын өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі – 112,7%, өнім көлемі 409,1 млрд теңгені құрады. 

Аталған көрсеткіш электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда 58,4 млрд теңгені немесе нақты көлем индексі 115,1%-ды құрады.

Сондай-ақ облыста қайта өңдеу саласына баса назар аударылып отыр. Мәселен, екі жыл көлемінде өңдеу өнеркәсібінде 24 жоба іске қосылды (43,3 млрд тг, 824 жұмыс орны).

Биыл 13 жоба жоспарланып, бүгінгі таңда 7 жоба жұмысын бастаған (600 адам жұмыспен қамтылды).

 

Ауыл шаруашылығындағы негізгі көрсеткіштер

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 747,3 млрд теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,6%-ды құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 482,9 млрд теңгені (НКИ – 108,6%), мал шаруашылығы 257,2 млрд теңгені құрады (НКИ – 105,9%).

Оған қоса, облыстың барлық шаруашылық санаттарында 153,2 мың тонна – ет (тірідей салмақта), 354,7 мың тонна – сүт, 190,2 млн дана – жұмыртқа өндірілді.

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, Түркістан облысындағы шаруашылықтардың барлық санатындағы ірі қара мал саны – 1 078 мың басты немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – 124,4%, қой саны – 4 708 мың басты немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне – 102,2%, жылқы – 464,9 мың басты немесе 104,8%, түйе – 43,4 мың басты немесе 109,6%-ды құрады.

Сонымен қатар Түркістан облысы – жеміс-жидек, көкөніс өсіруде көш бастап тұрған өңірлердің бірі. 

2024 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 747,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 76,7 млрд теңгеге артты. Өңірлер арасында облыс республика бойынша 1-орынға шықты.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортында да жақсы көрсеткіштер тіркелді. Мәселен, $230,1 млн-ға 680 мың тонна өнім экспортталып, тиісті кезеңнен 103,1%-ға ұлғайды.

Сондай-ақ биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 870 мың гектар жерге орналастырылды. Оның ішінде: жаздық дақылдар – 493 мың га, күздік егіс – 202 мың га, ескі жоңышқа – 175 мың га.

Егіс құрылымын қалыптастыруда рентабельділігі жоғары дақылдарға басымдық берілуде. Атап айтқанда, масақты дақылдар – 9,1 мың гектарға (283 мың га), мал азықтық дақылдар – 6,1 мың гектарға (230 мың га), көкөніс, картоп, бақша дақылдары – 4,4 мың гектарға (131 мың га) артығымен орналастырылды.

Дәнді дақылдар 123 мың т артып, 929 мың т өнім; көкөніс-бақша дақылдары 130 мың т артып, 3,5 млн т өнім; жеміс, жүзім 14,2 мың т артып, 192 мың т өнім жиналды. Мал азығы 100% немесе 5,5 млн тонна дайындалды.

Мақтаны жиын-терім жұмыстары жүргізілуде, 28 центнерден 300 мың тонна өнім алу жоспарда бар. Осы жылы тәжірибе негізінде жаңа әдіспен мақта 1,9 мың гектарға егілді. Технологияның тиімділігі суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарына 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. 2030 жылға қарай мақта дақылы жаңа технологиямен 63 мың гектарға егіліп, облыстың орташа өнімділігі 45 центнерден 765 мың тонна өнім алынатын болады.

Баршаға мәлім, облыстың климаттық ерекшелігі қарқынды бау және жылыжай шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Өңірде қарқынды баудың көлемі 5,7 мың гектарды құрайды. Өнімділік дәстүрлі бауларға қарағанда 5 есеге жоғары немесе 300-350 центнерге дейін өнім жинауға мүмкіндік беріп отыр.

Жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектарды құрайды. Бұл – республикалық көрсеткіштің 71%-ы. 150 мың тонна көкөніс жиналды. Бұл маусымаралық кезеңде жергілікті өніммен республика халқы қажеттілігінің 42%-ын қамтамасыз етеді.

Өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту жұмыстары қолға алынған. Мәселен, 264,8 млрд теңгеге 602 гектар алқапты қамтитын 3 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңадан 6 150 жұмыс орны құрылады. Соның нәтижесінде жылыжайлардан қосымша 180 мың тонна өнім өндіріліп, республика халқы маусымаралық кезеңде жылыжай өнімдерімен 100% қамтамасыз етілетін болады.

Инвесторлар соңғы үш жылда субтропикалық банан, лимонды жылыжайларда өсіру технологиясын үйреніп, кеңінен қолдануға көшті. Биыл жылыжай шаруашылықтарынан 1,3 мың тонна банан, 3,2 мың тонна лимон өндірілді.

Жылыжай шаруашылықтарын қолдау мәселесі Үкіметте қаралып, нәтижесінде жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілді. Осы мақсатқа 2023 жылы 500 млн теңге бөлінді. 

Сондай-ақ жылыжайларды бір орталықтан көмірмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, өндірушілерден тікелей тасымалдау мәселесі келісілді.

Сонымен қатар нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 380 жұмыс орнымен 45 жобаны іске асыру жоспарланған болса, оның 13 жобасы іске қосылып, 136 жұмыс орны құрылды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау қуаттылықтарын арттыру мақсатында Сауран ауданында 1 гектар аумақта көкөніс сақтау қоймасы және 30 га аумақта шағын өнеркәсіптік парк жобасы жүзеге асырылуда.

Өндірістік ғимаратта 97 млрд теңгеге 38 жобаны іске қосу көзделуде. 1 790 жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке жылына 2 млрд теңге салық түседі. Сонымен қатар 21 млрд теңгеге импорттық тауарды алмастыруға мүмкіндік береді.

Агроөнеркәсіп кешені субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары 

Өсімдік шаруашылығын қолдауға облыстық бюджеттен 12,7 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде биылдан бастап «Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» бағдарламасы бойынша аванстық төлем жүйесі енгізіліп, отандық тыңайтқыштар 60% субсидияланды. Соның нәтижесінде егіс алқаптарына 141,4 мың тонна тыңайтқыш салынды.

Сонымен қатар «Тұқым шаруашылығын қолдау» бағдарламасы бойынша субсидиялау нормативтері 1,5-2 есеге дейін ұлғайды. Оған қоса, көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге 63 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. 

АӨК субъектілерін қаржылық ресурстармен қамтамасыз ету тұрақты түрде қолға алынған. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» бағдарламасымен АШТӨ 15,3 млрд теңгеге қаржыландырылды. «Кең дала – 2» бағдарламасымен жиын терім жұмыстарына 3,5 млрд теңгеге жобалар қаржыландырылды.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға басымдық беріліп жатыр. Инвестициялық субсидия және кредит/лизинг сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламалары есебінен техникалар паркін жыл сайын 6-7 пайызға жаңалауға жол ашылды.

Сонымен қатар биыл «ҚазАгроҚаржы» АҚ жылдық 5% мөлшерлемемен қолжетімді лизингтік бағдарламаcын іске қосты. 9 айда жаңадан 1 603 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, жаңалау үлесі 6,3%-ды құрады.

 

Түркістан облысы – жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамыған өңірлердің бірі

2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 20 852,7 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда НКИ – 114,2% құрады. Өнеркәсіптің өндірілген өнімінің жалпы көлеміндегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 2,4% құрады.

Есепті кезеңдегі жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері:

  • тоқыма бұйымдары өндірісінде 19 123,3 млн теңгеге өнім өндірілді, НКИ 114,7% құрады;
  • киім өндірісінде 1 598,8 млн теңгеге өнім өндірілді, НКИ – 109,2%;

Облыс аумағында жеңіл өнеркәсіп саласында 50-ге жуық кәсіпорын бар, оның ішінде:

  • Басым бөлігі мақта өңдейді:

Мақта талшығын өндіретін кәсіпорындар: Мақтаарал ауданыда «Мырзакент» мақта өңдеу зауыты» ЖШС, «ZHANASSYL» мақта өңдеу зауыты» ЖШС, «Багара-мақта» ЖШС, «Мақталы» мақта өңдеу кәсіпорны» ЖШС, «AIIG Kazakhstan» ЖШС, Шардара аудандарында «SHARDARA-MAQTA» ЖШС, «AIIG Kazakhstan» ЖШС, Ордабасы ауданында «Нұр-Агро 73» ЖШС мақта өңдеу зауыты және т. б.

  • 8 тігін кәсіпорны мен 9 тігін цехы:

Ордабасы ауданында «JNRAY Group» ЖШС, Шардара ауданында «Шебер» МҚБ, Сайрам ауданында «Golden Nomad» ЖШС, «АХБК»ЖШС, Қазығұрт ауданында «SERPER invest компаниясы» ЖШС, Түркістан қаласында «Turkistan textile» БК» ЖШС, «Қазақстан 2023 Қытай» ЖШС, «Н. Имажанов» ЖК және т. б.

  • 3 кәсіпорын аяқ киім шығарады:

Түркістан қаласында «Дружба» ЖШС, Жетісай ауданында «Хаят Р.У.Ж.» ЖШС және Арыс қаласында «Арай» ӨК.

  • 1 кәсіпорын медициналық мақта шығарады:

Түркістан қаласында «Комбинат фараб» ЖШС, сондай-ақ Түркістан қаласында «TURAN» АЭА аумағында Қытай Халық Республикасының ірі компанияларының бірі Lihua Group бастамасымен «Алтын Дала Мақта» ЖШС мақта иіру зауыты салынуда.

 

Азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу шаралары тұрақты қолға алынған

Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) баға индексі соңғы аптада 99,9% (республика бойынша – 3 орын), жыл басынан бері 96% (республика бойынша – 2 орын) құрады. 2024 жылғы қыркүйекте инфляция 7,7% құрады (ҚР бойынша – 8,3%). 

Облыс көлемінде бағаны негізсіз өсірмеу, сауда үстемесін асырмау, өндірушіден сауда нүктесіне дейінгі баға тізбегін қарау бойынша Делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия жұмыс істейді.

Жыл басынан бері Комиссияның 81 отырысы өткізілді. ӘМАТ-қа жататын нарықтың 240 субъектісіне қатысты бағаның өсуіне және бәсекелестікке қарсы іс-қимылдарға байланысты шаралар қабылданды, соның нәтижесінде бағалар қалыпқа келтірілді.

Апта сайын арзандатылған бағада жәрмеңкелер өткізіліп жатыр. Сонымен қатар арзандатылған азық-түлік тауарлары қала аумағындағы 50-ден астам супермаркетте және 3 негізгі базарда («Эко базар», «Алтын бұлақ», «Қуаныш») нарықтан 15-20% төмен бағада сатылуда.

Азық-түлік тауарлары бағаларын қолжетімді ету үшін облыста 36 әлеуметтік дүкен қызмет етеді, қосымша 14 дүкен іске қосылуда. Әлеуметтік дүкендерде ӘМАТ тауарлары нарықтан 15-25% төмен сатылады. Облыста тауарлардың бағалары қатаң бақылауға алынған.

 

Су мәселесі

Бүгінгі таңда Түркістан облысында 807 елді мекеннің 737-сі (7 қала, 730 ауылдық елді мекен) немесе 91,3%-ы ауыз сумен қамтылған. Қалған 70-і әлі де толықтай сумен қамтылмаған. Осы елді мекендерді 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді.

Жоспарға сәйкес, 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу, 29 елді мекенге (халық саны 200-ден аз, ҚМЖ жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз, шалғайда орналасқан) кешенді блок-модуль (КБМ) орнату қарастырылған.

Биыл облыс аумағындағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 63 нысанның құрылысына бюджеттен 15,5 млрд теңге бөлінді. Осы жылы 33 нысан жұмысы аяқталады, қалған 30 нысанды 2025 жылы аяқтау көзделген. 

Соның нәтижесінде 12 елді мекен (Сарыағаш – 2, Отырар – 1, Төле би – 1, Келес – 4, Созақ – 4) ауыз сумен қамтылады, 12 елді мекеннің (Бәйдібек – 1, Арыс – 1, Сарыағаш – 1, Төле би – 3, Жетісай – 2, Мақтаарал – 2, Түлкібас – 1, Шардара – 1) тозығы жеткен су құбырлары жаңартылатын болады.

Сонымен қатар 14 елді мекенге (Арыс – 4, Бәйдібек – 4, Келес – 3, Шардара – 2, Сарыағаш – 1) кешенді блок-модуль орнатылса, 3 елді мекенге (Мақтаарал – 1, Сауран – 1, Қазығұрт – 1) ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы 29 елді мекен ауыз сумен қамтылып, нәтижесінде 807 елді мекеннің 766-і (7 қала, 759 ауылдық елді мекен) немесе 94,9% ауыз сумен қамтылады.

Қалған 41 елді мекенді 2025 жылы қамту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

Өгем өзенінен су тартқыш салу жобасы. Түркістан облысының оңтүстік ауданындағы (Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал) 800 мыңға жуық халықты сумен қамту үшін Өгем өзенінен су тартуға стратегиялық маңызды жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Яғни, Өгем өзеніндегі ГЭС каскады бар топтық су құбырының құрылысын (72 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіру және 3,5 м3/сек) инвестицияларды тарту арқылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асыру көзделген. Жобаны іске асыру мерзімі: 2025-2029 жылдар. Бірінші кезекте жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу қажет. Аталған техникалық-экономикалық негіздеме 2-кезеңнен тұрады.

ТЭН (1-кезең) бойынша жалпы ұзындығы 42 шақырым топтық су құбырын (диаметрі – 1400 мм) жүргізу, оның ішінде 12,7 шақырымы туннель арқылы өтеді, №1-5 ГЭС каскадының (№1-2 ГЭС бөгет бойында және №3-5 ГЭС топтық су құбырының бойында орналасады) және Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылында көлемі 2800 м3 резервуар салу қарастырылған. Су беру қызметі Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылының учаскесіне дейін жүзеге асырылады. 

Бүгінгі таңда ТЭН (1-кезең) жобалау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды (03.11.2023 ж. №19-0064/23 ҚБПҮ). Жалпы құны – 191,7 млрд теңге.

ТЭН (2-кезең) бойынша жалпы ұзындығы 240 шақырым топтық су құбырын (диаметрі: 600-1400 мм) жүргізу, су айдау стансасы, көлемі 10-40 мың м3 резервуардың құрылысы, су тазартқыштардағы ауыстырып қосу камералары қарастырылған.

Суды тасымалдау – Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай аудандарының учаскелеріне дейін топтық су құбыры арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда ТЭН (2-кезең) жобалау жұмыстары басталды, ол 2025 жылға өтпелі.

Ауыз сумен өткен жылы қосымша 20 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынды. 10 ауылдың тозығы жеткен су жүйелері жаңартылды. Соның нәтижесінде ауыз сумен қамту деңгейі 88,8%ға жетті (739 елді мекен, 2 065 мың адам немесе 97,3%). Биыл 34 елді мекен қосылып, жоба толығымен іске асырылады. 768 елді мекеннің ішінде 29-ы жаңадан қосылған. 

Түркістан облысында 552 мың гектар суармалы жер бар, бұл республикалық көрсеткіштің төрттен бір бөлігі. Осы тұрғыда өңірде су нысандары инфрақұрылымын дамыту бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып табылады.

Облыста ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4 180 канал, 42 су қоймасы, 1 256 қашыртқы, 1 794 ұңғыма бар. Орташа алғанда су нысандарының тозу деңгейі 80% құраған. Су нысандарын салу, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету үшін облыстық «Тұран су» коммуналдық мекемесінің әлеуеті тиімді пайдаланыла бастады. Мекеме тарапынан облыстық меншіктегі қашыртқыларды механикалық тазалау нәтижесінде тозу көрсеткіші 80%-дан 10%-ға төмендеді.

Су нысандарының құрылыстарын даму банктері қаржылары есебінен жүргізуде кешенді шаралар атқарылып жатыр. «Ислам даму банкімен» жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде «Тұран су» кәсіпорнын қаржыландыру мәселесі келісілді.

Мемлекет басшысының жаңа бөгеттерді салу бойынша Үкімет алдына қойған міндеттері аясында «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймаларын салу жобалары әзірленді. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн м3 ағын су жеткізіліп, Түркістан өңірінде ағын су мәселесі шешімін табатын болады.

Каналдар мен арықтарды тазалау мақсатында құны 756,4 млн теңгеге 14 дана экскаватор кейіннен сатып алу тәртібімен жалға берілді. Соның нәтижесінде 714 шақырым канал, 387 шақырым қашыртқыны тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруда рентабельді дақылдарға өту жұмыстары жүргізілуде. Суды көп тұтынатын дақылдар алқабы 18 мың га қысқарды.

«Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиясын 216,3 мың га енгізу қарастырылған. Оның ішінде, ағымдағы жылға 22 мың га жоспарланса, 7 айда 13,1 мың га су үнемдеу технологиялары енгізілді (8,1 мың га тамшылатып, 5 мың га жаңбырлатып суару).

Су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру бағыттында 2 жергілікті кәсіпорын ашылуда:

  • «BNK Group LTD» құны 4,1 млрд теңгені құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суару машиналарын шығару» зауыты.

Жыл соңына дейін қосымша құны 2 млрд теңге болатын «50 мың га тамшылатып суару өндірісі» қосылады;

  • «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорны құны 600 млн теңгені құрайтын «Жылына 9 мың га тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті» толық іске қосады. Соның нәтижесінде алдағы уақытта осы кәсіпорындар есебінен су үнемдеу технологияларымен облыс және көршілес өңірлер толық қамтамасыз етілетін болады.

 

Көлік-логистика саласы және жолдағы қауіпсіздік шаралары

Мемлекет басшысы өз Жолдауында көліктік-логистиканы дамытуды тапсырған болатын. Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 700 шақырымды құрайды:

  • республикалық маңызы бар жолдар – 724,6 шақырым (нормативтік жағдайы – 95%);
  • облыстық маңызы бар жолдар – 3 991 шақырым (нормативтік жағдайы – 93%);
  • аудандық маңызы бар жолдар – 1 726 шақырым (нормативтік жағдайы – 93%);
  • елді мекендердің көшелері – 11 258 шақырым (нормативтік жағдайы – 70%).

2024 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 40 млрд астам теңге (РБ – 8,2 млрд тг; ОБ – 21,1 млрд тг; «Ауыл – ел бесігі» – 11,5 млрд тг) бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 244 нысан немесе 1100,3 шақырым жол мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысы бойынша 149 нысан немесе 546,6 шақырым пайдалануға беріледі деп көзделген.

Облыстық маңызы бар жолдарға 20,3 млрд теңге (РБ – 7,4 млрд тг, ОБ – 12,9 млрд тг) бөлініп, 34 нысан немесе 368,1 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен (жыл қорытындысы бойынша 19 нысан немесе 163,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр пайдалануға беріледі) қамтылды. Бүгінгі таңда 10 нысан (5 жол, 3 су өткізгіш құбыр, 1 көпір, 1 жарықтандыру нысаны) пайдалануға берілді.

Аудандық маңызы бар жолдарға 2,7 млрд теңге (ОБ – 2,7 млрд тг) бөлініп, 19 нысан немесе 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен (8 нысан немесе 31 шақырым жол және 4 көпір пайдалануға беріледі) қамтылды;

Елді мекен көшелеріне 17,8 млрд тг (РБ – 0,8 млрд тг; ОБ – 5,5 млрд тг; «Ауыл – ел бесігі» – 11,5 млрд тг;) бөлініп, 191 жоба немесе 630,6 шақырым жөндеу жұмыстарымен қамтылды (122 нысан немесе 331,3 шақырым пайдалануға беріледі).

2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы 194,6 шақырым жол (облыстық жол – 163,6 шақырым, аудандық жол – 31,0 шақырым) пайдалануға беріліп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 93,7%-ға жеткізу көзделген. 

Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы тапсырыс беруші, автор, техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТО филиалының тұрақты бақылауына алынған. 2024 жылы басқарма, аудан, қала әкімдіктері мен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТОФ арасында 268,9 млн теңгеге келісімшарт жасалған. 

2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 15 285,7 мың жолаушы тасымалданды, бұл 2023 жылғы қыркүйектегі жағдайға қарағанда 107,7%-ды құрады. Жолаушы айналымы 1008,4 млн жкм және 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 82,6%-ды құрады. Сондай-ақ көлік және қоймалау қызметі 346,5 млрд тг немесе НКИ 103,3% құрады.

Осы аралықта байланыс қызметтерінің көлемі 7,4 млрд теңгені және 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 113,4%-ды құрады.

Жолдағы қауіпсіздік шаралары

Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша облыс аумағында 650 жол-көлік оқиғасы (ЖКО) (2023 жылы – 486) тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 33,7%-ға өскен, салдарынан 803 адам дене жарақатын (2023 жылы – 609) алып, 147 адам қаза тапқан (2023 жылы – 186) тапты.

Жол-көлік оқиғалары көлік жүргізушілерінің жолда жүру мәдениетін (қозғалыс жылдамдығын асыру, қарама-қарсы бетке шығу, жол белгілеріне бағынбау және т.б.) сақтамауы салдарынан орын алуда.

Жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын учаскелер тұрақты зерделеніп, ТО Полиция департаментімен бүгінгі таңда жалпы 3 161 ұйғарым берілген. Олардың 2 869-і орындалып, қалған 294-і орындалып жатыр.

Қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында келесідей жұмыстар атқарылуда:

1. Жолдарды жөндеу. 2024 жылы автомобиль жолдарын жөндеуге 41,4 млрд теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 248 нысан немесе 1061,3 шақырым жол мен көшелер қамтылды. Соның нәтижесінде жалпы пайдаланымдағы жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 93,7%, елді мекен көшелері – 74% жететін болады.

2. Аяқжол салу. Облыстық маңызы бар жолдарда аяқжолдардың жалпы ұзындығы 672 шақырымды құрайды. Биыл 10 шақырымы салынды.

3. Жарықтандыру. Осы жылы 19,6 шақырым жолда жарық шамдары орнатылды.

4. Таңбалау жұмыстары. Облыстық маңызы бар 2 785,6 шақырым жолда жол таңбасы, 650 жерге жаяу жүргіншілер жолағы сызылды.

5. Жол белгілері мен ақпараттық паннолар. Ұйғарымға және жоспарға сәйкес 2042 дана жол белгісі орнатылды (1106 данасы ауыстырылды). Оның ішінде жылдамдықты шектейтін 110 дана жол белгісі орнатылды.

Облыс аумағында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орналасқан ескі бильбордтар «Жай жүріңіз», «Жылдамдықты асырма», «Үйде бала-шағаң күтіп отыр» секілді 17 ескерту бильборды жаңартылды. 

6. Жол катафоттары. Қауіпті жол учаскілеріне 800 метр жарықдиодты катафоттар орнатылды.

7. Камералар. Биыл облыс аумағында автомобиль жолдарының бойында орналасқан әлеуметтік нысандардың маңында және қауіпті учаскілерде көлік қозғалысының жылдамдығын шектеу мақсатында 50 жерге «Сергек» камераларын орнату жұмыстары жоспарлануда. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу сайтында рәсімдеу жұмыстары атқарылуда. 

8. Қоршаулар. 2024 жылы республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 70 жерге үй жануарларының макеттері қойылып, нәтижесінде көлік оқиғалары санының азаюына көмегін тигізуде.

Одан бөлек, биыл республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында үй жануарлары жолға шығып кетпеуі үшін 77,5 шақырым темір қоршаулар орнатылып жатыр.

​Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша төмендегілер ұсынылады:

✓ Жаяу жүргінші жолақтарын жарықтандыру немесе жарықдиодты катафоттармен жабдықтау;

✓ Қауіпті аймақтарға трапеция тәрізді (жол кедергісі, аяқжол, жаяу жүргінші жолағы) өту орындарын ұйымдастыру;

✓ ЖКО орын алу қаупі жоғары вираждардың жол жабындысын кеңейту, көруді қиындататын көтеріңкі және төмен учаскелерді ретке келтіру;

✓ Жалпы пайдаланымдағы республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінде ЖКО орын алған учаскілерді gis.kgp.kz электронды базасында дәл көрсету;

✓ Жалпы пайдаланымдағы республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне «Сергек», «Муляж», бейне бақылау камераларын орнату;

✓ ТО Полиция департаментінің патрулдік батальон қызметкерлерінің облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жүйелі түрде аралауын қамтамасыз ету;

✓ Жолаушыларды заңсыз тасымалдауды және жеке таксилердің (inDrive, Яндекс) жұмыстарын заңмен реттеу қажет.

 

Облыста жұмыссыздықты азайту шаралары

Жұмыспен қамту. Облыстағы жұмыссыздар саны – 40,7 мың адамды, жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,8% құрады. 2024 жылғы ІІ тоқсанда облыс халқының бір айда орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 324 470 теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,5%-ға артып, нақты ақшалай табыс 101,7%-ды құрады.

2024 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша Түркістан облысында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы атқарылған жұмыстар туралы ақпарат:

Жұмыспен қамту мәселелері

2024 жылы облыс әкімімен бекітілген «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 118 889 жұмыс орнын (74 051 тұрақты, 44 838 уақытша жұмыс орындары) ашу жоспарланса, оның ішінде «Еңбек бағыты» бойынша 87 820 жұмыс орнын құрайды (45 664 тұрақты, 42 156 уақтыша жұмыс орын).

2024 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 88 928 жұмыс орны ашылып, 46 218 тұрақты, 42 710 уақытша жұмыс орнын құрады. Оның ішінде бағыттары бойынша:

1. Қазақстан Республикасы Президентімен бекітілген Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар аясында 397 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру аясында 3 661 жұмыс орнын ашу көзделіп, бүгінгі таңға 2 533 адам жұмысқа жолданды.

525 орын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша; 306 орын «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бойынша; 216 орын «ҚР мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде; 865 орын «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бойынша; 248 орын «ҚР агрөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында; 331 орын «ҚР өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бойынша; 42 орын «Облысты дамыту бағдарламасы» аясында қамтылған.

2. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасына сәйкес 16 156 жұмыс орны ашылды (жоспар – 22 295 орын). 

3. «Еңбек» бағыты аясында 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша нақты 70 239 адам жұмыспен қамту шараларына жолданды (80%). Оның ішінде:

  • 27 282 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданып, жылдық жоспардың 63,1%-ы орындалды (жоспар – 43 250 адам);
  • 30 230 адам субсидияланатын жұмыс орындарына қатысып, жоспар 96,9%-ға орындалды (жоспар – 31 208 адам).

4 674 адам әлеуметтік жұмыс орындарына (жоспар – 4 680 адам, 99,9%); 6 053 адам жастар практикасына (жоспар – 8 500 адам, 71,2%); 15 321 адам қоғамдық жұмыс орындарына (жоспар – 13 950 адам, 109,8%); 1 741 жастар «Алғашқы жұмыс орны» жобасына (жоспар – 1802 адам, 96,6%); 2 441 адам зейнеталды жасқа дейінгі «Күміс жас» жобасына (жоспар – 2 208 адам, 110,6%) жолданды.

2023 жылдан өтпелі 10 948 адам субсидияланған жұмыс орындарын жалғастыруда («Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» мен «Күміс жас» жобаларына қатысқандар).

4. Жаңа-бизнес идеяларын дамыту үшін 400 айлық есептік көрсеткіште 1 779 адамға 2,6 млрд теңгеге грант берілді (жоспар – 1 793 адам). 

Сонымен қатар жұмыссыздарға кәсіптік білім беру мақсатында Еnbek.kz платформасында сұранысқа ие дағдыларды қолдану бойынша 3 847 адам онлайн оқытудан өтіп, 3 662-і немесе 95 пайызы сертификат алды.

Өз кәсібін бастау мақсатында жұмыссыздар қатарындағы 6 266 адам «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданды. Жалпы, жұмыспен қамту шараларына бөлінген 37 148,1 млн теңге қаржының 19 552 млн теңгесі (52,6%) игерілді.

Сонымен қатар сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесінде мемлекет тарапынан бөлінген қаржының мақсатты игерілуі мен заң бұзушылықты болдырмау мақсатында Еңбек мобильділігі орталығының тарапынан арнайы жұмысшы тобы құрылып, субсидияланған жұмыс орындарын мониторингілеу жұмыстарының жүргізілуі қатаң бақылауға алынды. Яғни, ай сайын жұмысқа орналасқан азаматтардың жұмыста болуын тексеру және жұмыс орнына қабылданған азаматтарға қоңырау шалу арқылы қатысқанын растау шаралары жүргізілді. Мониторинг жұмыстарының нәтижесінде жұмыс орындарына қабылданғандар ішінде 1 309 адамға (4,3%) еңбек тәртібін сақтамағаны үшін жұмысты тоқтату шешімі қабылданды (оның ішінде 694-і жұмыста болмаған, 615 адам жұмысқа орналасқанынан бейхабар). Тиісінше, аталған жұмыс берушілермен келісімшарт бұзылып, тиісті шаралар қабылданды. 

Мониторингілеу жұмыстарының барлық шараларын қолдану және қатысу мерзімдерін қысқарту (12 айдан 9-6 айға дейін) нәтижесінде жыл соңына дейін субсидияланған жұмыс орындарына бөлінген қаржының 7,3 млрд теңгесі үнемделді. 

Өз кезегінде, 2024 жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8%, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,9%, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5% құрады.

 

Туризм саласының дамуы

Еліміздің туристік картасындағы негізгі орындар Түркістан облысының аумағында орналасқан. Мәселен, қасиетті Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Үкаша ата, Домалақ ана кесенелері, «Ақ мешіт әулие» үңгірі, Кеме қалған, «Жылаған ата» үңгірі т.б. киелі жерлер мен мәдени даму орталығы болған Сауран, Отырар секілді тарихи қалалар орнындағы музейлерді туристер мен инвесторларға тартымды ету үшін көптеген жұмыстар қолға алынған.

Бұл мақсатта инфрақұрылымды жақсарту, жеңіл инфрақұрылымды жетілдіру, маркетингтік ілгерілету жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Өткен жылы инфрақұрылымды жақсарту үшін туристік нысандарға барар жолдарды жөндеу бойынша жалпы сомасы 10,6 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылды. Оның ішінде, «Түркістан – Қарнақ» бағытындағы және «Самара – Шымкент» жолдары жөндеуден өткен. Аталған бағытта биыл жалпы сомасы 17,6 млрд теңгені құрайтын 19 жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде, Түркістан – Арыстанбаб және Сауран қалашығына бұрылыс алаңын орнату секілді жобалар қамтылған. Жобалардың аяқталу мерзімі 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Медиа алаңдар мен әлеуметтік желілерде Түркістан облысының туристік әлеуеті жайлы ақпараттық жұмысты күшейтіп, жан-жақты материалдар таратылуда. Instagram, Facebook, TikTok және Telegram-да түрлі сапалы роликтер, креативті қысқа reels видеолар салынды. Жыл басынан бері жасалған талдауға сәйкес видеолардың жалпы қаралымы 10 млн-ға жуықтады. Күнделікті қызықты ақпараттар, хабарландырулар мен туристік маршруттар жөнінде посттар жарияланып жатыр. Олар пабликтер мен оқырмандардың парақшаларында таралуда. Республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 200-ден астам материал жарық көрді.

Сонымен қатар өңірдің туристік әлеуеті халықаралық туристік көрмелерде таныстырылады. Сондай-ақ облыс аумағында оқиғалық іс-шаралар мен ақпараттық турлар ұйымдастырылып, өткізіледі. Бұдан бөлек, Түркістанға келетін халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру мақсатында Венгрияның «Wizz Air» әуе компаниясымен «Түркістан – Әбу-Даби (БАӘ)» әуе бағыты бойынша рейстерді іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілді. Рейстер аптасына 2 реттік жиілікпен А-321 заманауи ұшақтарымен орындалуда.

Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 47,5 млрд теңгені құрады. Өз кезегінде, 2024 жылы жалпы туризм саласы бойынша облыс аумағында жалпы сомасы 35,6 млрд теңгені құрайтын 37 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, «Lords Heir» қонақ үйі, «Khan Palace 2» қонақ үйі, «Yassy Hall and Apartments» қонақ үйі, «Болашақ құрылыс» ЖШС-нің демалыс аймағы және т.б. нысандарды осы жылдың соңына дейін іске асыру жоспарланған. Айта кету керек, 2023 жылы облыстың туризм саласына 53,5 млрд теңге инвестиция тартылды.

 

Жылумен, электрмен қамту және экологияны жақсартудағы негізгі бағыттар 

Облыс көлемінде жылу беретін кәсіпорындар жылу маусымына дайын. Облыста 1 жылу энергиясы орталығы және 34 орталықтандырылған жылу қазандығы бар (Кентау – 1 ЖЭО, Түркістан – 16, Арыс – 8, Отырар – 2, Төлеби – 2, Сарыағаш – 2, Созақ – 4). Оның ішінде, Кентау қаласы – көмір, Созақ ауданы – мазут, қалған аудан, қалалар табиғи газ отынымен жылытылады.

Сонымен қатар мемлекеттік жекешелік әріптестік тетігі арқылы 2024-2027 жылдары жаңа газотурбиналық орталық құрылысын жүргізу жоспарда бар.

Облыстағы жылу желілеріне (293,1 шақырым) тұтастай техникалық зерттеу жүргізілді. Жылу желілерінің тозуы 143,7 шақырымды (49%) құрап отыр. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен бөлінген 4,6 млрд теңге қаржыға Кентау қаласындағы 6,6 шақырым магистральды жылу желілерінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Кентау қаласындағы №5 жылу орталығы 2012 жылдан бері жөнделмей, 85 пайызға тозған.

6 қазандықты реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 13 млрд теңгені құрайды, оның ішінде Үкіметтік резервтен 9 млрд теңге, облыстық бюджеттен 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Бөлінген қаржының 8,3 млрд теңгесі игерілді (РБ – 5,5 млрд теңге, ОБ – 2,8 млрд теңге).

Сонымен қатар бюджет есебінен 6,6 шақырым магистралды жылу құбыры қайта жаңартылуда (РБ – 4,6 млрд теңге). 2023 жылы 3,8 млрд теңге игеріліп, 4,7 шақырым құбыр ауыстырылды. Биыл 691,8 млн теңге бөлініп, 400 млн теңгесі игерілді (1,9 шақырым құбыр ауыстырылды, 4 сорғы стансасын қайта құру жұмыстары жүргізілді). 

Кентау қаласында №5-ЖЭО №3 турбоагретагы 5,5 МВт электр қуатын өндіреді. Осы жылы №6 турбоагрегатқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша 5 МВт электр қуатын өндіру жоспарлануда. Сонығ нәтижесінде жалпы 10 МВт электр қуаты өндіріледі.

Қазақстан Республикасы Президентінің 13.09.2021 жылғы №659 Жарлығымен Мемлекет басшысының 01.09.2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілген болатын, онда Түркістан облысында қуаты 1000 МВт-қа дейін бу-газ қондырғысын салу көзделген еді. 2022 жылғы 15 шілдеде Электр энергиясы мен қуаты нарығының Қазақстандық операторы алаңында Түркістан облысында маневрлік генерациялау режимімен қуаты 1000 МВт-қа дейін генерациялайтын қондырғылар құрылысына аукциондық сауда-саттық өткізді. Аукциондық сауда-саттықтың жеңімпазы болып - «БГҚ Түркістан» ЖШС анықталған. Аталған жобаны іске асыру шеңберінде Сайрам ауданынан 60 га жер аумағы белгіленді. 2025 жылы бастапқы 185 МВт электр қуаты өндіріледі, 2026 жылдың соңында толық 1000 МВт электр қуаты өндіріледі. Жобаның құрылысы 2024 жылы басталып, 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Облыс аумағында жаңартылатын энергия көздері саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар іске асырылуда. 2023 жылдың қыркүйек айында Отырар ауданы, Шәуілдір елді мекенінде қуаты 50 МВт құрайтын «Шәуілдір» күн электр стансасының құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында жалпы қуаты 278,6 МВт құрайтын 24 жаңартылатын энергия көздері жобалары іске асырылған.

2025-2026 жылдар аралығында «Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы» АҚ тарапынан өткізілген жыл сайынғы аукциондық сауда-саттықтың қорытындысы бойынша облыста жалпы қуаты 6 МВт болатын 3 шағын су электр стансасын (Төле би ауданында «Jasyl qyat» ЖШС қуаты 2 МВт болатын ШСЭС, «ТауЭнерго» ЖШС тарапынан қуаты 4 МВт болатын 2 ШСЭС) салу жоспарлануда.

2023 жылдың қорытындысы бойынша 2028-2029 жылдар аралығында облыста жалпы қуаты 100 МВт болатын 2 ірі жел электр стансасы (Бәйдібек ауданында «New Clean Energy» ЖШС, Созақ ауданында «Uranus Wind» ЖШС) және жалпы қуаты 25,51 МВт болатын 8 су электр стансасын («Hydro Energy&Co» ЖШС, «Ынтымақ-Энерго» ЖШС, «СПК Ынтымақ» ЖШС, «Ажур» ЖШС, «Dala Solar» ЖШС) салу жоспарда бар.

Түркістан облысында 2024 жылы 59 нысанды электрмен қамтамасыз ету құрылысына бюджет есебінен жалпы 5,8 млрд теңге қаралып, (62 елді мекен, 4 қосалқы станса) құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жыл қорытындысы бойынша 34 нысанның (40 елді мекен, 47 мың халық) құрылысын аяқтау жоспарланған. Ал, қалған 25 нысанның (22 елді мекен, 27,7 мың халық) құрылысы 2025 жылға өтпелі.

Осы жылдың қыркүйек айында Түркістан қаласындағы 110 кВ-тық «Солтүстік» қосалқы стансасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Келес ауданындағы 220 кВ-тық «Қызыләскер» екі 110 кВ электр желісін, Төле би ауданында 110 кВ-тық «Алатау» қосалқы стансасының құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарда бар.

Сонымен қатар Түркістан қаласы аумағында 110/10 кВ-тық «Сауран», «Нұртас» қосалқы стансаларының құрылысы нысандарына жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Облыс аумағында электр желілерінің басым көпшілігі аумақтық жүйеаралық компания «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның теңгерімінде: 222 дана – 110-35 кВ-тық қосалқы стансалары, 4 896 дана – 10-6/0,4 кВ-тық трансформатор қондырғылары, 4 279,3 шақырым – 110-35 кВ-тық және 16 426,9 шақырым – 10-0,4 кВ-тық электр желілері бар.

Қазіргі таңда облыстағы қосалқы станса жабдықтары мен әуе желілерінің орташа физикалық тозу деңгейі 57,3 пайызды құрап отыр. Электр желілерінің физикалық тозу деңгейін төмендету мақсатында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасы шеңберінде жыл сайын жаңғырту жұмыстары атқарылуда.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның 2023-2027 жылдар аралығына арналған инвестициялық бағдарламасына сәйкес: 13 дана – 110 кВ-тық қосалқы станса, 16 дана – 35 кВ-тық қосалқы станса, 148,6 шақырым – 110-35 кВ-тық электр желісі, 414 дана – 10/04 кВ-тық трансформатор қондырғысы, 1 207,9 шақырым – 6-10/04 кВ-тық электр желісі (соның ішінде: 6-10 кВ – 420,545 шақырым, 0,4 кВ – 779,618 шақырым) қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

2023 жылы 3 дана – 110 кВ-тық қосалқы станса, 3 дана 35 кВ-тық қосалқы станса, 58,3 шақырым – 110-35 кВ-тық электр желілері, 64 дана – 10/04 кВ-тық трансформатор қондырғылар, 236 шақырым – 6-10/04 кВ-тық электр желілеріне (соның ішінде: 6-10 кВ – 88,3 шқ., 0,4 кВ – 146,1 шқ.) қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

2024 жылы 1 дана – 110 кВ-тық қосалқы станса, 1 дана 35 кВ-тық қосалқы станса, 6,2 шақырым – 110-35 кВ-тық электр желісі, 81 дана – 10/04 кВ-тық трансформатор қондырғысы, 234,6 шақырым – 6-10/04 кВ-тық электр желілері (соның ішінде: 6-10 кВ – 88,152 шқ., 0,4 кВ – 145,303 шқ.) қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы 40 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылды. Биыл қосымша 38 елді мекен қосылады. 

Өңірде ұзақ жылдар бойы өзекті болып келген бірнеше мәселе шешімін тапты. Соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған 46 табиғи газ нысаны болатын (40 елді мекен, 2 көше, 2 автоматты газ тарату стансасы). 2023 жылдың қорытындысы бойынша оның 44-і іске қосылды. 

Тиісті жұмыстарды жүргізу есебінен екі жылда 144 мың халық тұратын 54 елді мекен газға қосылды. Бұдан бөлек, биыл 54 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 47 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады.

Соның нәтижесінде, «көгілдір отынмен» қамтылған елді мекендер саны 557-ге жетіп, қамту деңгейі 67,2 пайызды құрады (1 820 мың адам, 85%).

«Таза Қазақстан» акциясы

Түркістан облысы аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы уақытылы өткізіліп жатыр. Жыл соңына дейін бекітілген сенбіліктер өткізу кестесіне (жыл соңына дейін 807 сенбілік) сәйкес, қазіргі таңда аудан, қалаларда жалпы 543 ауқымды сенбіліктер іс-шарасы өткізілді. Бұл бағытта жұмыстар өз жалғасын табуда. 

Оған қоса, Telegram-ботқа бүгінгі таңда 510 өтінім түскен. Бұл Telegram-бот туралы аудан, қала әкімдіктерімен насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар осы жылы қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 25 237 мыңнан астам хаттама толтырылып, 288,5 млн теңгеге айыппұл салынды.

Сондай-ақ бүгінгі таңда абаттандыру қағидасына сәйкес, іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша 22 845 жеке тұрғын үй мен 14 172 кәсіпкерлік объектісіне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 1 217 ескерту және 625 айыппұл салынды. Қағиданы сапалы орындау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасының өтуі тұрақты қадағалануда.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында алдағы уақытта аудан, қала әкімдіктері табиғат басқармасымен бірлесіп қараша айынан бастап ағаш отырғызу бойынша ауқымды акция өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, облыс аумағында жалпы 500 мыңнан астам ағаш отырғызу көзделген. Бұл акция өңірлерді көгалдандыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бүгінгі таңда бұл бағытта ағаштарды отырғызуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Білім беру және денсаулық сақтау салаларын цифрландыру және инновацияларды енгізу процесі 

Білім беру. Жаңашылдық білім беру саласының алдында тұрған жаңа міндеттерді сәтті орындаудың негізгі шарттарының бірі болып саналады. Оқушылардың озық білім алуы – басты назарда. Осы мақсатта білім сапасын одан әрі арттыруға бағытталған инновациялық жобалар енгізілмек. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Дархан Амангелдіұлының төрағалығымен өткен дәстүрлі «Тамыз кеңесі-2024» педагогтар жиынында мәлімделді. Жиынның алдында «Инновациялық жобалар» көрмесі ұйымдастырылды. Әр ауданның білім бөлімі басшылары жоба жасаушылардың жаңа жұмыстарын қорғады. Балалардың мультимедиялық форматта білімін жетілдіретін заман талабына сай жаңашылдықтар менеджменттік қабілетті арттырып, мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне серпін бермек. Осы арқылы балалардың да сабаққа деген зейіні артады. 17 аудан 17 түрлі инновациялық жобаны таныстырды. Басым бөлігі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысын жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруды көздейді. 

Оқу-әдістемелік үдерісті оңтайландырып, жаңа әдісті интеграциялау арқылы балаларды қауіпсіз, қызықты тәсілдермен білімге құштар ету қажет. Нәтижесінде Түркістан облысының білім сапасы одан әрі артады деген сенім мол. Өңірдегі білім беру ұйымдарында «Е-асхана», «Е-кітапхана», BilimLand, Face ID сынды автоматтандырылған жүйелер пилоттық тұрғыда тексеруден өтіп, оңтайлы нәтижесін берді. Алдағы уақытта білім бөлімдері тарапынан инновциялық жобалардың тиімділігі бойынша ұсыныстар түссе, жәрмеңкеде таныстырылған «Алақан» жобасы, Tolem, MATATALAB роботы, IoT board, Codrone робототехникалық құралдары көрсетіліп, логикалық Intellectum виртуалды ойыны сынды жаңа технологиялар алдымен пилоттық режимде іске қосылады.

Түркістан облысының білім саласын цифрлық жүйелерге көшіру арқылы білім сапасын арттыруды көздейтін жобалар легі көп. Осы мақсатта өңірде бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды. Облыстағы 910 мемлекеттік мектеп 99,9% интернетпен қамтамасыз етілді. Мектептердегі интернет жылдамдығын ретке келтіру мақсатында 2024 жылы білім саласынан үнемделген 630 млн теңге бюджет қаржысына облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы арқылы 330 мектепке Starlink құрылғысы орнатылды.

Үш ауысымды оқыту, апатты жағдайдағы мектептер мәселесі

Облыстағы мемлекеттік 910 мектептің 753-і типтік ғимаратта, 157-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Облыста 4 апатты және 5 үш ауысымды мектеп тіркелген. Бұл білім ордаларындағы мәселелер жыл соңына дейін шешіледі беп күтілуде. Облыстағы 4 апатты мектеп: Қазығұрт ауданы, Тұрбат елді мекеніндегі жобалық қуаттылығы 590 орындық Т. Тула атындағы жалпы орта мектеп (ЖОМ); Жетісай ауданы, Қызылқұм ауылындағы жобалық қуаттылығы 1104 орындық «Сарыарқа» ЖОМ; Сарыағаш қаласындағы жобалық қуаттылығы 650 орындық №2 А. Сүлейменова атындағы ЖОМ; Созақ ауданы, Шолаққорған ауылындағы жобалық қуаттылығы 520 орындық Ы. Алтынсарин атындағы ЖОМ. 4 апатты мектептің құрылысы басталған, жыл соңына дейін 3 мектеп пайдалануға беріледі. Олар:

  • Қазығұрт ауданы, Тұрбат елді мекеніндегі 300 орындық «Т. Тула атындағы ЖОМ құрылысы Мемлекет басшысының 1000 мектеп салу бағдарламасы аясында іске асырылуда;
  • Сарыағаш қаласындағы 300 орындық №2 А. Сүлейменова атындағы ЖОМ құрылысы «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде;
  • Созақ ауданы, Шолаққорған ауылындағы 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы ЖОМ құрылысы «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде шешілуде.

Облыстағы 5 үш ауысымды мектепке қажетті қосымша ғимараттардың құрылысы басталған, жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.

  • «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде Түркістан қаласындағы №2 Хамза атындағы ЖОМ құрылысы;
  • «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде Түркістан қаласындағы №14 Қазыбек би атындағы ЖОМ құрылысы;
  • «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде Түркістан қаласындағы №23 Ж. Тәшенов атындағы IT мектеп-лицейі құрылысы;
  • Мемлекет басшысының 1000 мектеп салу бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданы, Нұрлыжол ауылындағы №50 Б. Омаров атындағы ЖОМ;
  • Созақ ауданы, Шолаққорған ауылындағы 900 орындық №14 Т. Әлімқұлов атындағы мектеп-лицей интернатының құрылысы «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде салынады. 

Денсаулық сақтау. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан облысы бойынша қала мен аудандарда мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдар медициналық ақпараттық жүйеге (әрі қарай – МАЖ) қосылған. Қазіргі таңда медициналық ұйымдар Damumed және облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы «Көмек» МАЖ арқылы жұмыс істеп тұр. Damumed және «Көмек» МАЖ арасында науқастарға сапалы әрі толық медициналық қызмет көрсету мақсатында интеграциялау жұмыстары жүргізілді және Damumed медициналық ақпараттық жүйесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен және e-gov порталымен интеграцияланды.

Дәрігерлер және орта буындағы дәрігерлер медициналық ақпараттық жүйемен жұмыс істеуге толығымен оқытылған және облыс тұрғындары түгелімен электронды паспортпен қамтылды. Дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылу, дәрігерді үйге шақыру және медициналық анықтамаларды алу қызметтері электронды түрде орындалады.

Әр емханада науқастарға цифрлық көмек көрсету посттары және өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары орнатылып, келушілер электронды түрде қызметтер ала алады.

2024 жылы өңірдің медициналық ұйымдары тарапынан республикалық бюджет есебінен Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы «Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» ҚР ДСМ №75 бұйрығына сәйкес 15,9 млрд теңге сомасына дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 549 атауын сатып алуға өтінім беріліп, бүгінгі күнге дейін «Д» есепте тұратын 192 752 науқас жалпы сомасы 11 478 773 мың теңгеге қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етілді. Соның ішінде 18 жасқа дейінгі 48 200 науқас 2 316 558 мың теңге қаражат көлемінде қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар осы жылы жаңадан пайда болған «Д» есепте тұратын науқастар санының артуына байланысты медициналық ұйымдар тарапынан ТМККК шеңберінде 2 355 962 мың теңгеге және МӘМС жүйесі бойынша 488 550 мың теңге көлемінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қосымша өтінімі жолданды. 2024 жылға жылпы өтінім сомасы 18,7 млрд теңгені құрады.

Нақтыланған өтінім бойынша игерілген көлем 72%, жалпы 2024 жылғы өтінім бойынша 61,5% құрайды.

2024 жылы жергілікті бюджет есебінен амбулаториялық деңгейде медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 24 нозология бойынша 261 науқас 2 313 050 мың теңгеге, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 95 науқасқа 1 364 413 мың теңгеге қамтамасыз етілді.

 

Бұқаралық спортты дамыту

Түркістан облысында 100 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемесі мен кәсіпорны тіркелген. Онда 61 (29 олимпиадалық, 32 олимпиадалық емес) спорт түрі дамытылып, 2 426 жаттықтырушы 60 173 баламен жұмыс істеп жатыр.

1 облыстық дәрігерлік дене тәрбиесі диспансері, 25 облыстық спорт мекемесі, 52 аудандық және қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, 22 мемлекеттік-жекешелік әріптестігі мекемелері.

2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша медаль саны – 1292 (485 алтын, 367 күміс, 440 қола). 2023 жылдың 9 аймен салыстырғанда өсім 10,7% құрады.

2024 жылы ұлттық құрамаға жалпы 616 спортшы қосылып, 2023 жылмен салыстырғанда өсім 41%-ды құрады.

2024 жылдың ІІІ тоқсанында дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесі 964 798 адамға жетіп, облыстағы жалпы халықтың 44,8%-ын құрады. Халықтың спортпен жүйелі шұғылдануы және дене шынықтырумен айналысуына жағдай жасау мақсатында 238 спорт әдіскері мен 255 спорт нұсқаушысы штаттық бірліктері енгізілді.

Одан бөлек, бұқаралық спортты дамыту мақсатында:

  • 52 бала мен жасөспірімдер спорт мектептерінде спорттың 38 түрі дамытылып, онда 1 687 жаттықтырушы 40 808 баламен жұмыс істеп жатыр;
  • мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жалпы 27 спорт ұйымы спорттың 25 түрін дамытып, 7600 баламен 369 жаттықтырушы жұмыс істеуде;
  • аудан, қалаларда ашылған 18 спорт клубында 379 жаттықтырушының көмегімен 12 735 бала спортпен тұрақты түрде айналысып жүр.

Жыл басынан бері облыс аумағында 1 647 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, 186 898 адам қатысты. Оның ішінде ауылдық жерде 1 135 іс-шара өткізіліп, 119 345 адам қамтылды.

Мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша:

2024 жылы мемлекеттік спорттық тапсырысты орналастыру үшін 2,083 млрд теңге қаржы бөлінді. 2024 жылғы 22-27 сәуір аралығында мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру мақсатында әлеуетті өнім берушілер үшін жаңа өтінім қабылау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде 269 кәсіпкерден 98 789 балаға 872 өтінім түсті. Бүгінгі таңда 126 кәсіпкермен 321 өтінім бойынша келісімшарт жасалды. Жалпы сұраныс 37 482 баланы құрады. 143 өнім берушінің 61 307 балаға 551 өтінімі қайтарылды (2024 жылғы жаңа өтінімдер көп болып, бұл спорттық өнім берушілер арасында бәсекелестік ортаны күшейтті).

Сонымен қатар осы жылдың 27 қыркүйегінен бастап жаңадан қосылған және тұрақты өнім берушілер үшін «Damubala» ақпараттық жүйесінде ата-аналар үшін балаларды кезекке қою тетігі тұрақты түрде ашылып, нәтижесінде облыс көлемінде 19 спорт түрінен 11 100 бала кезекке тіркелді.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға 174 өнім беруші 19 мың баланы тұрақты спортпен шұғылдандыруда.

Спорт инфрақұрылымы:

Облыста спортпен шұғылдануға жағдай жасау мақсатында 3 814 спорт нысаны тіркелген (2673 нысан білім беру мекемелерінде). Оның ішінде 3 056 нысан ауылдық жерде (80%), 758 нысан қалалы жерде (20%) орналасқан.

21 стадион, 2 спорт сарайы, 2 оқу-жаттығу орталығы, 46 спорттық кешен, 116 спорттық манеж, 1 шаңғы базасы, 25 ату тирі, 21 теннис корты, 20 жүзу бассейні, 1 081 спорт залы (844 білім беру ұйымдарында), 2 478 жазықтық құрылғылар (1 793 білім беру ұйымдарында) бар.

2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 1000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 41,4 пайызға жетіп отыр (жоспар – 40%).

«Ауыл ел бесігі» жобасы аясында 15,2 млрд теңгеге 15 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде (Арыс – 2, Бәйдібек – 1, Келес – 1, Мақтаарал – 1, Ордабасы – 3, Сайрам – 1, Сарыағаш – 2, Сауран – 2, Созақ – 1, Төле би – 1).

Бүгінгі таңда 2 спорт нысанында құрылыс жұмыстары аяқталды. (Арыс қаласы Қожатоғай ауылындағы (жоба құны – 233,1 млн теңге) және Сауран ауданы Бабай Қорған ауылындағы (жоба құны – 183 млн теңге) спорт залдардың құрылысы) 8 спорт нысанын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарда бар. (Мақтаарал – 1, Ордабасы – 3, Сайрам – 1, Сарыағаш – 2, Төле би – 1). Бес спорт нысаны 2025 жылға өтпелі (Арыс – 1, Келес – 1, Бәйдібек – 1, Сауран – 1, Созақ – 1).

Жергілікті бюджет есебінен аудан, қалаларда 5,8 млрд теңгеге 44 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде (Түркістан – 5, Бәйдібек – 1, Жетісай – 5, Мақтаарал – 3, Ордабасы – 5, Отырар – 9, Сарыағаш – 14, Созақ – 1, Шардара – 1).

2024 жылы спорт инфрақұрылымын дамытуға жеке инвесторлар есебінен 7,3 млрд теңгеге 60 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда 22 нысанның құрылысы аяқталып (2,7 млрд теңге), пайдалануға берілді.

 

Көші-қон мәселесі

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облысқа 472 отбасыны құрайтын 875 этникалық қазақ қоныс аударып, оларға «Қандас» мәртебесі берілді (Өзбекстаннан – 853 (97,5%), Тәжікстаннан – 11 (1,25%), басқа мемлекеттерден – 11 адам (1,25%).

Түркістан облысы бойынша 2024 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға бекітілген квота негізінде 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 20 кәсіпорын мен ұйымға 117 шетел азаматына рұқсат берілді (оның ішінде I санат – 2 адам, II санат – 23 адам, III санат – 63 адам, IV санат – 28 адам, маусымдық жұмыскерлер – 0, корпоративішілік ауысу – 1).

Бүгінгі таңда берілген рұқсат мерзімі аяқталмаған 136 шетелдік азамат 23 кәсіпорында жұмыс істейді, қазақстандық азаматтардың үлесі – 96,5% немесе 3 859. Шетелдік жұмыс күшіне рұқсат алғаны және ұзартқаны үшін салық алымы 84 млн теңгені құрады.

Босқын мәртебесін беру туралы:

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Босқын мәртебесiн беру туралы өтiнiшхатты тiркеу мен қарау қағидаларын бекіту туралы» 07.04.2022 жылғы №118 бұйрығына сәйкес облыста 12 шетел азаматына (7 отбасы) пана іздеуші куәлігі және 8 шетел азаматына (3 отбасы) босқын куәлігі берілді (босқындар: 2 адам Украина елінен (25%); 6 адам Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтары (75%); пана іздеушілер – 11 адам Украина елінен (91,6%); 1 адам – Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтары (8,4%)).

Түркістан облысына 2024 жылға бекітілген 30 000 квота аясында 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жыл басынан бері облыс бойынша 30 000 рұқсат берілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылға республика бойынша 7 050 квота бөліп, қандастар мен қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облыс белгіленді (Абай облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ұлытау облысы және Шығыс Қазақстан облысы).

Бөлінген квота негізінде осы жылдың тоғыз айында Түркістан облысынан 288 отбасы немесе 1 116 адам қоныс аударды (жалпы ҚР бойынша 3 494 қоныс аударғандардың 32%-ы Түркістан облысының үлесі).

Қоныс аударғандардың ішінде еңбекке жарамдылар – 538 адам, тұрақты жұмыс орындарына орналасқаны – 304 адам.

Шығыс Қазақстан облысына 18 отбасы, 71 адам; Қостанай облысына 18 отбасы, 71 адам; Павлодар облысына 127 отбасы, 592 адам; Солтүстік Қазақстан облысына 110 отбасы, 318 адам; Қарағанды облысына 2 отбасы, 11 адам; Ұлытау облысына 5 отбасы, 30 адам; Абай облысына 8 отбасы, 23 адам қоныс аударды.

 

Аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік жағынан қолдау көрсету

2024 жылы 216,9 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен 12,2 млрд теңге бөлінді, 46,7 мың баланы қосымша әлеуметтік төлеммен қамтамасыз ету жоспарланды.

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 14,9 мың отбасыға (89,6 мың адам) 5 265,5 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 4,2% құрады.

Аз қамтылған азаматтардың табысын арттыруға бағытталған шаралардың орындалуының арқасында бөлінген қаржының 2,6 млрд теңгесі үнемделіп, бюджетке кері қайтарылды.

Облыстық «Қамқорлық» бағдарламасы одан әрі іске асырылып жатыр, өмірлік қиын жағдайға тап болған 641 отбасына 99,3 млн теңгеге демеушілік қолдау көрсетілді. Тұрғын үй көмегі 686 отбасына 47,9 млн теңге тағайындалды.

Соның нәтижесінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 8,8%, жұмыспен қамту шараларына тартылған атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың үлес салмағы 72,2% құрады.

 

Мүгедектігі бар адамдарды және зейнеткерлерді әлеуметтік қорғау мәселелері

Түркістан облысында 99,2 мыңнан астам мүгедектігі бар адам есепте тұр (облыс халқының 4,6%-ы), бұл республикадағы мүгедектігі бар адамдардың 14% құрайды.

2024 жылы облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 13,8 млрд теңге бөлінген. 01.10.2024 жылғы жағдай бойынша бөлінген қаржы есебінен 48 632 техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылды немесе қажеттіліктің 77,7 пайызы (индикатор – 95%) қамтылды.

Протездік-ортопедиялық құралдар – 6 714, сурдотехникалық құралдар – 930, тифлотехникалық құралдар – 1 715, кресло-арба – 2 069, санаторийлік-курорттық емдеу – 11 913, жеке көмекші қызметі – 1 462, ымдау тілі маманы қызметі – 1 132, міндетті гигиеналық құралдар – 22 697.

Бүгінгі таңда 294 өнім беруші бар, оның ішінде 22 ымдау тілі маманы, 19 жеке көмекшінің қызметін көрсету, 192 оңалту техникалық құралдары және 61 ұйым санаторий-курорттық емдеу қызметін қамтамасыз етуге арналған.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта құру:

2024 жылы «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасының 26 тармағын орындау жөніндегі жол картасына сәйкес ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымның облыс бойынша 667 нысанын бейімдеу жоспарланған. 2024 жылғы қазандағы жағдайға сәйкес 380 нысан бейімделді.

Зейнеткерлерді әлеуметтік қолдау

Түркістан облысында 195 703 зейнеткер тұрады. Оның ішінде:

  • 11 адам – Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
  • 3 172 адам – тыл еңбеккерлері.

Облыста жүйелі түрде ардагерлерді сауықтыру, тегін басылымдарға жаздыру, демеушілер және жергілікті бюджеттер есебінен коммуналдық қызметтерге жеңілдіктер беру мәселелері тиісті деңгейде шешілген. Атап айтқанда 5 060 жекеленген санаттағы азамат «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйінде демалуға мүмкіндік алған, 1 537 ардагер басылымға тегін жазылады.

Түркістан облысында 2024 жылғы 1 қазанындағы жағдай бойынша 7 035 мұқтаж азамат арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды.

Қызметтермен қамтылғандар:

  • Басқармаға қарасты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарда – 1 083. Оның ішінде: 4 стационарлық үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында – 872 адам (психоневрологиялық ауытқулары бар 1, 2 топтағы мүгедектер, жалғызілікті қарттар мен 1, 2 топтағы мүгедектер, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар);
  • 6 жартылай стационарлық үлгідегі оңалту орталықтарында – 211 адам (1, 2 топтағы мүгедектер, 18 жасқа дейінгі тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар);
  • аудандық, қалалардағы үйде әлеуметтік көмек көрсету және күндізгі қатынау бөлімшелерінде – 5 473. Оның ішінде: 2 191 жалғызілікті қарттар мен 1, 2 топтағы мүгедектігі бар азаматтар; 2 274 мүгедектігі бар балалар; жасы 18-ден асқан психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедектігі бар 586 адам; психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар 422 бала (күндізгі қатынау бөлімшелері арқылы) қызметтер алды;
  • Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетін 5 үкіметтік емес ұйымдарда – 479. Оның ішінде: психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл апапараты бұзылған 82 мүгедек бала (жартылай стационарлық жағдайда); психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған 206 мүгедек бала, жасы 18-ден асқан психоневрологиялық аурулары бар І, ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар (үйде күтім көрсету жағдайда); 32 адам саудасының құрбандары; 12 адам саудасының құрбандары деп танылған шет елдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар; 127 тұрмыстық-зомбылық құрбандары; 20 «Сыйымдылығы шағын үй» пилоттық жобасымен психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар.
#Ауыл шаруашылығы #АӨК #Білім беру #Денсаулық сақтау #Жұмысқа орналастыру #Инвестициялар #Көлік #Логистика #Спорт #Туризм #ШОБ #Экология #Экономика #Электр энергетикасы #су ресурстары #Құрылыс #ӘМАТ #Әлеуметтік қорғау #Өнеркәсіп

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу