2025 жылға дейін қазақстандық ЖОО студенттерінің шәкіртақысы 2 есе көбеймек

Астанада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Оған ҚР Президенті Әкімшілігі, ҚР Парламенті, ҚР Үкімет Аппаратының өкілдері, ЖОО ректорлары, ҒЗИ және ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары, сондай-ақ еліміздің қоғам қайраткерлері қатысты. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Cайлауалды бағдарламасы аясында 2022 жылдың қорытындысы және 2023 жылға арналған міндеттер бойынша ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки, «Атамекен» ҰКП атқарушы хатшысы – басқарма мүшесі Нұрлан Сақуов және PhD докторы, профессор, министрліктің штаттан тыс кеңесші Таңсәуле Серіков баяндама жасады.

Саясат Нұрбек өз сөзінде министрлікті құрудың негізгі мақсаты елдегі ғылыми қызметтерді үйлестіруді күшейту, ғылыми-зерттеу ұйымдарын жаңғырту, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономика үшін қажетті кадрларды сапалы даярлау үшін жағдай жасау, жалпы үйлестіру жұмысын күшейту екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасында министрліктің міндеттері 3 негізгі бағыт бойынша жоспарланған. Бұл қолжетімді әрі сапалы білім, озық қолданбалы ғылым, ортақ құндылықтар мен мәдениет», — деді С. Нұрбек.

Осы бағыттарға толығырақ тоқтала отырып, министр жалпы Ғылым және жоғары білім министрлігінің негізгі стратегиялық бағыттары мен міндеттері 6 ұлттық іс-қимыл жоспарында, 3 тұжырымдамада, 3 ұлттық жобада және Президенттің 19 тапсырмасында белгіленгенін атап өтті.

Елімізде жоғары оқу орындарының 35%-ы халықаралық білім беру және академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске асырады. Шетелдік жоғары оқу орындарының 3 филиалы бар. Ғылыми жаңалықтардың 27%-ы коммерцияланған.

119 жоғары оқу орнында 626,2 мың студент білім алып жатыр. Түлектер саны 188,3 мың адамды құрайды. 7 099 студент биылғы оқу жылында жатақханаларға орналастырылды.

«Еліміздегі демографиялық өзгерістер жоғары білімнің дамуына әсер етеді. Студенттер саны тұрақты өсуде. Егер 1991 жылы 61 жоғары оқу орнында 288 мың студент оқыған болса, 2025 жылға қарай 800 мың студент білім алатын болады деп болжанып отыр», — деді С. Нұрбек. 

Министрдің айтуынша, өткен жылы мемлекеттік тапсырыс көлемі 10%-ға ұлғайды, оның 60%-ы техникалық бағыттар бойынша орналастырылған. Студенттер үшін оқу ақысы 20%-ға төмендеді.

Сонымен қатар министр жоғары білім берудің мазмұны жаңартылғанын атап өтті. 8 ЖОО бакалавриатты практикалық тұрғыдан оқытуға кірісті, ал 4 ЖОО интеграцияланған GPА енгізді. 3 оқу орны TimesHigherEducation рейтингіне енді. Шетелде қазақстандық жоғары оқу орындарының 3 филиалы ашылды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасы аясында берген тапсырмалары туралы айта келе, жоғары оқу орындарының басшыларына қойылған міндеттерді сапалы іске асыру үшін барлық күш-жігерді жұмсауға шақырды.

Біріншіден, студенттердің шәкіртақысын 2025 жылға дейін 2 есе арттыру керек. Бұл үшін бюджетте қажетті қаржыландыру көлемін қарастыру маңызды.

Екіншіден, студенттерге әлемдік цифрлық кітапханаларды тегін қолжетімді ету. Осы міндетті іске асыру үшін жоғары оқу орындарының цифрлық кітапханалары мен шетелдік ресурстарына талдау жүргізу; «Әлемдік цифрлық кітапханаларға» ұлттық жазылым жасау және «Coursera» курстарын қазақ тіліне аудару бойынша жұмысты ұйымдастыру қажет.

Үшіншіден, жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу қажет. Осы тапсырманы іске асыру үшін МЖӘ тетігін жетілдіру, жеке меншік құрылыс компанияларын, оның ішінде МЖӘ аясында тарту жөніндегі шараларды пысықтау, сондай-ақ жатақханалар салу үшін мемлекеттік жоғары оқу орындарының жарғылық капиталдарын ұлғайту тетігін пысықтау қажет.

Министрдің айтуынша, жұмыс басталып кеткен. Жоғары оқу орындарының басшылары әкімдіктермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп жатақханалар салу үшін инвесторларды тартуы керек.

Президенттің хаттамалық тапсырмаларын іске асыру аясында 2025 жылға дейін беделді шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын, оның ішінде батыста техникалық мамандықтарға бейімделген ЖОО-ның екі филиалын ашу мәселелері пысықталып жатыр.

Сонымен қатар 20 ЖОО-ның базасында академиялық артықшылық орталықтарын іске қосу, олардың қызметін өңірлерді қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ заманауи оқу және ғылыми зертханаларды құруға бағыттай отырып, жұмысты жалғастыру тапсырылды.

Биыл 3 академиялық артықшылық орталығын пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр, ал қалғандары 2024 жылдан бастап іске қосылмақ. Жоғары оқу орындары қысқа мерзімде тиісті құжаттарды дайындап, мүдделі мемлекеттік органдармен жұмыс істеуі керек. Жоғары оқу орындарымен жұмысты жандандырып, үйлестірілген жұмыс жүргізу керек.

Сонымен қатар министрлік ҰБТ нәтижелеріне және өзге де көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттары жүйесіне саралауды (30-дан 100%-ға дейін) енгізе отырып, гранттардың құнын қайта қарау және жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлеуге жылдық 2-3%-бен ұзақ мерзімге жеңілдікпен несие алу мүмкіндігін беру бойынша жұмысты бастады.

Жоғары оқу орындары болашақ талапкерлер арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек.

«Жоғары білім берудің негізгі басым міндеттері 7 бағыт бойынша жіктелген, олар министрліктің даму стратегиясына негіз болып отыр», — деді С. Нұрбек. 

Оның айтуынша, соңғы жылдары грант саны артып келеді. Егер 2000 жылы мемлекеттік тапсырыс көлемі 12 860 орын болса, 2022 жылы грант саны 7 есе артып, 88 204 орынды құрады (бакалавриат – 75 761, магистратура – 13 253, докторантура – 1 890). 2025 жылға қарай гранттарды 90 мыңға дейін көбейту көзделген.

ҰБТ-ға байланысты гранттарды 30%-дан 100%-ға дейін саралауды және жылдық 2-3%-бен жеңілдікпен несие беруді енгізу жоспарланып отыр.

Гранттарды саралауды іске асыру үшін мынадай тетік (грант түрлері) ұсынылады:

- «Дарын» – талапкерлердің 2,1 %-ы гранттың орташа мөлшерінен 120% мөлшерінде грант алады;

- «Базалық» – талапкерлердің 65,3 %-ы гранттың орташа мөлшерінен 100% мөлшерінде грант алады;

- «Қамқор» – талапкерлердің 32,6%-ы гранттың орташа мөлшерінен 30-50% мөлшерінде грант алады.

Сонымен қатар сараланған гранттар, грант калькуляторы ұғымдарын қосу бойынша ҚР «Білім туралы» заңына (1 және 63-бапқа) өзгерістер енгізу қажет.

«Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін “Келешек” бірыңғай ортақ білім беру жинақтау жүйесін енгізуді пысықтап жатыр. Мұнда сараланған гранттар мен жеңілдетілген білім беру несиелері біріктіріледі», — деді С. Нұрбек.

Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, бұл тәсілді қолдану білім берумен 100% қамтуға, ата-ана/студенттің қаражатты тиімді жоспарлауы мен жұмсауын қамтамасыз етуге, алдағы 18 жылда мемлекеттік бюджеттен шығыстарды кемінде 15 трлн теңге көлемінде оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Заманауи еңбек нарығы маманнан ойлау икемділігін, жылдам және тұрақты оқыту дағдыларын және ұтқырлыққа дайындықты талап етеді.

«Дүниежүзілік экономикалық форумның зерттеулеріне сәйкес, алдағы 5 жылда еңбек нарығындағы мамандардың негізгі дағдыларының 40%-ы өзгеруі мүмкін және әрбір екінші қызметкер қайта біліктіліктен өтуі керек болады. 2025 жылға қарай цифрлық заманда туылған жұмыскерлердің үлесі 26%-ды құрамақ. Олар үшін өзін-өзі дамыту және жұмыс пен жеке өмірдің тепе-тең жүруі маңызды. Олар саласын жиі өзгертіп, қайта білім алуға бейім», — деді С. Нұрбек.

Қазақстанда озық кадрлық қамтамасыз ету жүйесі құрылды

2019 жылдан бастап елде білім беру бағдарламаларының тізілімі жүргізіліп келеді, оны қалыптастырудың мақсаты іс жүзінде аналитикалық құрал болып табылатын бірыңғай ақпараттық базаны құру болды.

Жалпы бүгінде тізілімге 8 512 бағдарлама енгізілген. Олардың ішінде 2 695 жаңа, сондай-ақ 266 инновациялық бағдарлама бар. Бүгінгі таңда бағдарламалардың шамамен 66%-ы жаңартылды. Министрдің айтуынша, экономикалық факторлар да жоғары білім беруді дамыту үшін сын-тегеурін болып отыр. Мысалы, цифрландыруды, жасанды интеллектті, бұлтты технологияларды дамыту контекстінде студенттерде когнитивті дағдылар, физикалық ғана емес, сонымен қатар виртуалды кеңістікті басқару қабілеттері, әлеуметтік дағдылар мен эмоционалды интеллект, «жұмсақ» құзыреттіліктер, оның ішінде сыни тұрғыдан ойлау және проблемаларды жүйелі түрде шешу, өзара әрекеттесу, тілдік дағдылар және т. б. сияқты құзыреттерді қалыптастыру өзекті болып отыр.

Қазірдің өзінде еңбек нарығы тек бір саладағы білім сұранысқа ие болу үшін жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр. Ол үшін кадрларды даярлауда пәнаралық тәсіл принципі көбірек қолданылады. Мысалы, цифрландыруға байланысты көптеген жоғары оқу орны IT-мен пәнаралық бағдарламаларды жүзеге асыра бастады.

Сонымен қатар өзектілігін жоғалтуға байланысты бағдарламаларды тізілімнен шығару критерийлері қарастырылған. Жоғары оқу орындарының, әкімдіктер мен бизнес-құрылымдардың күш-жігерін стратегиялық шоғырландыру мақсатында «Мамандығым-болашағым» жобасын әзірлеу және іске қосу жоспарланып отыр. Оған Атласты зерттеу нәтижелері негіз болмақ.

Жұмысты ұйымдастыру және қажетті қаржыландыру 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасында қарастырылған. Жобаға қатысушы 20 ЖОО-ның тізімі жасалды.

Бүгінгі таңда «Мамандығым-болашағым» жобасы 5 өңірде – Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Павлодар облыстарында және Астана қаласында жүзеге асырылуда. Осы бастамалардың барлығын «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасы аясында заңнамалық тұрғыда бекіту жоспарланып отыр.

Нәтижесінде 20 өңірлік қажеттілік картасы әзірленеді, 1 млн оқушы кәсіби диагностикамен қамтылады, сондай-ақ әр өңірде сұранысқа ие кәсіптер мен дағдыларды анықтау бойынша ЖОО оқытушылары үшін форсайт сессиясы ұйымдастырылады. Студенттер контингентінің ұлғаюы жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікті ынталандырады және олардың білім беру бағдарламаларын түрлендіруге септігін тигізеді.

«Еңбек және білім нарығын үндестіру үшін министрлік жоғары оқу орындарының ПОҚ арасында форсайт-сессия және өңірлік нарықты талдау негізінде кәсіптердің өңірлік карталарын әзірлеу бойынша жұмысты бастады. Ол үшін кәсіби біліктілік бойынша өңірлік кеңестер құрылады», — деді С. Нұрбек. 

Оның айтуынша, өңірлік карта, сондай-ақ кәсіби стандарттар негізінде жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары әзірленіп, өзектендірілуде.

Бағдарламалардың негізгі қосалқы жобалаушылары – серіктес кәсіпорындар. Мысалы, жекелеген білім беру бағдарламаларында тартылған практик-мамандардың үлесі 75%-ға жетті. Бағдарламалардың мазмұнының сапасын қамтамасыз ету үшін олар тәуелсіз сарапшыларды (2 немесе 3 сарапшы) тарта отырып, ауқымды сараптамадан өтеді, содан кейін барып тізілімге енгізіледі.

Министрлік жұмысының тағы бір маңызды бағыты – Өмір бойы оқыту тұжырымдамасын іске асыру. Қазіргі уақытта оның негізгі ережелерін практикалық тұрғыдан іске асыру мәселесі тұр.

«Жаһандық масштабта бұл тұжырымдама нормаға айналып келеді және Қазақстан бұл процестен қалыс қалмауы тиіс. Ол үшін біз бейресми білім беруді сертификаттаудың толыққанды жүйесін қалыптастырамыз, сондай-ақ микрокалификация практикасын белсенді түрде енгіземіз», — деді С. Нұрбек. 

Мысалы, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жаңартылған мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарында микроквалификацияларды оқыту нәтижелерін мойындау көзделген, «нано-дәрежелер», «кеңейтілген дәрежелер (Stackabledegree)» ұғымдары енгізілген.

Маңызды бағыт – жоғары оқу орындарының цифрлық архитектурасын дамыту

Бүгінде жоғары оқу орындары цифрлық университеттерге айналуда. Индустриялды кезеңде құрылған университеттердің уақыты кетіп жатқанын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Олардың орнына заманауи, икемді және бейімделгіш білім беру платформалары келуде.

«Біздің барлық жоғары оқу орнымызда LMS-жүйелері бар. Виртуалды зертханалар құрылды. Жаппай ашық онлайн курстар кеңінен өткізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша студенттердің әлемдік цифрлық кітапханаларға қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары басталды», — деді С. Нұрбек. 

Оның айтуынша, қыркүйек айының ортасында Coursera онлайн жетекші білім беру платформасымен меморандумға қол қойылды. Уағдаластықтар шеңберінде Қазақстанға Courseraforcampus тарту, студенттерімізге әлемнің жетекші университеттерінің онлайн курстарын қолжетімді ету, сондай-ақ отандық жоғары оқу орындарын осы платформада өз курстарын орналастыруға ынталандыру сияқты іс-шаралар пысықталып жатыр.

Жоғары оқу орындарынан нақты тетікті енгізу және мүмкіндігінше студенттерге игерілген онлайн курстар мен пәндердің кредиттерін есептеу талап етіледі. Яғни, студент белгілі шетелдік профессордың онлайн курсын өз бетінше аяқтай алады және курстан алынған кредиттер диплом алу кезінде міндетті түрде ескерілетін болады.

ШЫҰ және ТМД Желілік университеттерінің мысалында Түркі мемлекеттері ұйымының желілік университеті құрылады, бұл түркі елдерінің азаматтарына түркі мемлекеттерінде білім алуға мүмкіндік береді. Жоғары оқу орындары осы жобаға толығымен қатысуы керек.

«Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің мақсаты – жаһандық еңбек нарығы жағдайында тиімді жұмыс істей алатын жаңа формациядағы кадрларды даярлау. Қазақстан елді халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграциялау бойынша мақсатты түрде жұмыс жүргізуде», — деді С. Нұрбек. 

Оның айтуынша, Интернационалдандыру стратегиясын іске асыру жалғасады. Стратегиялық құжаттар шеңберінде 2025 жылға қарай 10%-ға дейін талантты шетелдік жастарды тарту бойынша жұмыс істеу жоспарлануда.

Жоғары оқу орындары бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін үздік 500 халықаралық рейтингінен серіктес жоғары оқу орындарын тарту бойынша жұмыс істеуі қажет.

Министрдің айтуынша, биылдан бастап Қазақстан платформасында Жоғары білім берудің Орталық Азия кеңістігінің тұрақты бюросы жұмыс істейтін болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында «МИФИ» ұлттық ядролық зерттеу университетінің, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында И.М. Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің филиалы құрылған.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру үшін 2025 жылға қарай біз жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында «МИФИ» ұлттық ядролық зерттеу университетінің, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында И.М. Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің филиалы құрылған», — деді С. Нұрбек.

Оның айтуынша, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеті арасында стратегиялық әріптестік моделі жүзеге асырылуда. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Хериот Ватт университетімен (Ұлыбритания) ынтымақтастығы басталды. Сондай-ақ бірқатар отандық жоғары оқу орындарының базасында университеттер филиалдарын құру пысықталуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары шеңберінде 2022 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Осы Келісім бойынша тараптар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, ғылыми саладағы өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпалдасатын болады. Құжат студенттермен, профессорлық-оқытушылық құраммен және ғылыми қызметкерлермен алмасуды, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді көздейді. Атап айтқанда, 20 адамға дейін білім алушылармен алмасу қарастырылуда, оның ішінде бакалавриатта оқитын 14, магистратурада оқитын 6 білім алушымен алмасу көзделіп отыр.

Сонымен қатар екі ел жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр, оның ішінде кадрлар даярлау, профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қарастырылуда.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, корпоративтік басқару жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Директорлар кеңесінің құрамы олардың қызметінің тиімділігін ескере отырып қайта қаралады. Тәуелсіз директорлар институтын дамыту, қауымдастық сарапшыларын жекелеген корпоративтік мәселелерді шешуге тарту үшін корпоративтік басқару саласында зерттеулер жүргізу мақсатында «QazaqstanIndependentDirectors» қауымдастығы» ҚБ-мен бірлесіп меморандумға қол қойылды.

Жоғары оқу орындарының директорлар кеңесі мүшелерінің және корпоративтік хатшыларының біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар жоспарланған. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігінің Корпоративтік басқару кодексіне өзгерістер енгізілетін болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ЖОО ғылымы мен инновациялардың тұрақты дамуының негізі ретінде эндаумент-қорлардың қызметін жетілдіру пысықталуда. Жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамыту – маңызды мәселе.

«Университет ғылымын дамыту үшін өңірлік хабтар құру пысықталуда, олардың шеңберінде инновациялық стартаптар құрылатын болады. Өңірлерде мамандар тапшылығын ескеретін, оқу және ғылыми зертханалар мен орталықтарды жаңғырту, шетелдік жоғары оқу орындарымен стратегиялық әріптестік құруға бағдарланған академиялық артықшылық орталықтары іске қосылатын болады», — деді С. Нұрбек. 

Сонымен қатар жаңа университеттер ашу жоспарланып отыр.

Өзекті мәселе – Ұлттық білім беру сапасын қамтамасыз етудің моделін дамыту

Білім беру сапасын қамтамасыз ету әрқашан өзекті болып қала бермек. Білім беру сапасын қамтамасыз ету құралдары санға ғана емес, сапаға да жұмыс істеуі керек. Ұлттық сапаны қамтамасыз ету моделі қалыптастырылды, оған мемлекеттің жауапкершілігі, сапаны ішкі және сыртқы қамтамасыз ету жүйелері кіреді.

«Өздеріңіз білетіндей, біз Болон процесінің принциптерін енгіздік. Сондықтан отандық жоғары білімнің сапасы қазір еуропалық стандарттар бойынша анықталады. ESG-те сапаны қамтамасыз етуге жауапты негізгі орган ESG принциптерін ұстанатын университеттің өзі екенін көрсетеді», — деді С. Нұрбек. 

Оның айтуынша, министрлік сапаны қамтамасыз ету бойынша нұсқаулық әзірледі. Оны білім беру ұйымдары, аккредиттеу органдары, мемлекеттік органдар білім беру сапасын сыртқы және ішкі қамтамасыз ету жүйелерін реттейтін құжат ретінде пайдаланатын болады.

Сыртқы сапаны қамтамасыз етудің негізгі құралы – аккредиттеу. Қабылданған шешімдер үшін аккредиттеу органдарының жауапкершілігі күшейтілді. Бұдан былай сапасыз ЖОО-ларды аккредиттеген аккредиттеу органдары тізілімнен шығарылатын болады. Аккредиттеу рәсімдерін бейіндеу бойынша жұмыс жалғасуда. Аккредиттеу органдары агенттіктердің стандарттарын, стратегияларын қайта қарады.

Бұдан басқа, министрлік педагогикалық білім беруді аккредиттеудің мамандандырылған стандартын бекітуге бастамашылық жасады. Бұл стандарт жоғары оқу орындарында мұғалімдерді даярлау сапасын қамтамасыз ету бойынша басшылық болады. Соңғы жылдары сапалы білім бермеген 16 ЖОО жабылды. Студенттер контингентінің 2025 жылға қарай 800 мың адамға дейін ұлғаюын және «таза парақтан бастап» жаңа реттеу саясатын енгізуді ескере отырып, профилактикалық іс-шараларға күш-жігерді жұмылдыру керек.

Бүгінгі алқа аясында «таза парақтан бастап» реттеу саясатының жаңалықтарын түсіндіру бойынша жеке секция жоспарланған.

Біліктілікті сертификаттау жүйесінде жоғары оқу орындарының миссиясы бейресми және ақпараттық білім беруді тану, салалық біліктілік шеңберлері мен кәсіптік стандарттарды әзірлеуге қатысу, кәсіптердің өңірлік картасын ескере отырып, білім беру бағдарламаларын әзірлеу және өзектендіру болып табылады.

«2020 жылғы мамырда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы барысында Мемлекет басшысы бірқатар жоғары оқу орнын өңірлердегі өсу нүктелеріне айналдыруды, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлық бағдарламаларын пайдалануын дамытуды тапсырды. Айта кету керек, 2022 жылдан бастап Қазақстан бүгінде ғылым саласы жақсы дамыған елдерде қабылданған ғылымның жаңа, яғни ашық моделіне көше бастады», — деді С. Нұрбек. 

Оның айтуынша, 1945 жылы АҚШ Президенті Ф.Д. Рузвельттің кеңесшісі В. Буш ұсынған ғылымның ашық нарықтық моделі 3 негізгі элементті қамтиды – ҒЗТКЖ-ға инвестиция салу үшін бизнесті экономикалық, ең алдымен салықтық, ынталандыру, эндаумент-қорлар арқылы университет ғылымының тұрақты дамуы және ғылым академиясының орнына ауыспалы негізде ғылыми-техникалық саясатты анықтау үшін Ұлттық ғылыми кеңес құру.

Жалпы 2000 жылдан бастап әлемнің 30-дан астам елінде 40-қа жуық академиялық артықшылық бастамалары жүзеге асырылып жатыр. Оларға жылына шамамен $60 млрд ақша салынады.

«Соңғы жылдардағы академиялық орта көздейтін негізгі мақсаттар – университеттердің жетекші рейтингтеріне ену. Сонымен қатар рейтинг жарысына негізделген артықшылық стратегияларының да елеулі кемшіліктері бар», — деді С. Нұрбек. 

Оның айтуынша, Қытайдың тәжірибесінің бірқатар жағымсыз салдарды болды:

• жақсы қаржыландырылатын және аз қамтылған жоғары оқу орындары арасындағы теңсіздікті күшейді;

• «ақылдылардың елден кетуі», яғни талантты ғалымдарды элиталық университеттерге тарту;

• мемлекеттік қаржыландыруды көбірек тарту үшін курстардың алуандығын төмендету, дәйексөздердің көрсеткіштері төмен «әлсіз» бағдарламаларды және факультеттерді жабу. Қазірдің өзінде қатысушы жоғары оқу орындарында ұсынылатын бағдарламалардың 77%-ы STEM-ге жатады

• ағылшын тілді журналдарда сәтті жарияланымдары бар «көлеңкелі ғалымдар» есебінен дәйексөз көрсеткіштерін жасанды түрде қалыптастыру. Көлеңкелі қызметкерлер, әдетте жас ғалымдар мен аспиранттар көбінесе кампуста көрінбейді және олардың жұмыс келісімшарттары «номиналды» болып табылады.

Осындай жағдайларға бұрмаланулар мен кемшіліктер тән. Сондықтан рейтингтерге әуестену тәжірибесі біртіндеп жойылып, ойластырылған стратегияларға жол береді.

Осыған байланысты министр мүлде басқа тәсілдерді қолданатын елдер туралы айтып өтті. «Сәйкесінше 1999 және 2002 жылдары іске қосылған Оңтүстік Корея мен Жапония бағдарламалары күшті америкалық және британдық университеттермен және ғылыми ұйымдармен ынтымақтастыққа, академиялық еркіндікті қамтамасыз етуге және интернационалдандыруды күшейтуге шешмі қабылдады». Тек бұл ғана емес.

«Академиялық артықшылық стратегиялары заманауи университеттің білім, ғылым және қоғамға қызмет ету деген үш миссиясын көрсетеді. Осы стратегиялардың әрқайсысы Қазақстан үшін өзекті, әрқайсысының өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Ресурстардың шектеулілігі мен жоғары оқу орындарының әр түрлі дайындық деңгейіне сүйене отырып, жоғары оқу орындарының академиялық артықшылығын арттыру тәсілдері сараланған және кезең-кезеңмен жүргізілуі керек екені анық», — деді С. Нұрбек. 

Оның айтуынша, аталған академиялық артықшылық стратегиялары әртүрлі комбинациялардағы келесі негізгі бағыттарды және басымдықтарды қамтиды:

1) ҒЗТКЖ және инновациялар жобаларын іске асыру, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын, зертханаларды, ірі өндірістердің міндеттері үшін бірінші дәрежелі ғылым орталықтарын дамыту арқылы зерттеулердегі артықшылық.

2) Жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық, оның ішінде халықаралық – ресурстармен алмасу (бағдарламалар, ПОҚ және т.б.), бірлескен оқу бағдарламалары, альянстар мен консорциумдар, білімге сұранысты арттыру үшін жоғары оқу орындарының филиалдары арқылы білім беру сапасындағы артықшылық.

3) ЖОО дербестігі арқылы әкімшілендірудегі артықшылық – қамқоршылық кеңестердің қызметін құру және жетілдіру, ЖОО активтерін сенімгерлік басқаруға беру, әлемнің жетекші аккредиттеу агенттіктерінің талаптарына сәйкес эндаумент-қорлар құру.

4) Озық инновациялар мен кадрларды даярлау үшін аймақтық деңгейде жұмыс берушілермен және бизнеспен ынтымақтастықтың артықшылығы (кореялық тәсіл).

«Бүгінгі таңда университеттердің басты сапасы – жаңа білімді сіңіру, яғни трансферт, жаңа идеялар мен технологияларды бейімдеу және генерациялау, ЖОО түлектері мен қызметкерлерінің санасы мен құзыретіне енгізу. Жаңа типтегі университеттің классикалық мысалы – KAIST (Korea Advanced Institute of Science&Technology), ол форсайттық талдау, жетілдірілген зерттеулер және маркетингтік саясат бөлігінде жеке капиталмен ауқымды және жүйелі жұмысты енгізді», — С. Нұрбек.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда артықшылық бастамалары – бұл университет ұйымындағы негізгі элементтердің жиынтығы, бір немесе бірнеше болуы белгілі бір бағытта кемелдік туралы айтуға мүмкіндік береді.

Министрдің пікірінше, қазақстандық жоғары оқу орындарында академиялық артықшылыққа қол жеткізу, әлемдік озық тәжірибеге сәйкес жоғары оқу орындарының қызметін жаңғырту үшін мемлекеттік қолдау, академиялық артықшылықты дамытудың кешенді мемлекеттік бағдарламасы қажет. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Тәжірибе көрсеткендей, жоғары оқу орындарында да кедергілер бар. Бұл ресурстардағы шектеулер ғана емес.

Жоғары оқу орындары академиялық артықшылықты түрліше түсінеді – әр түрлі дайындық, даму, жоғары оқу орындарының мамандануы. Сондықтан ең оңтайлысы өнім тәсілі болып табылады, яғни академиялық артықшылық орталығы жобаларының негізгі міндеті ретінде артықшылықтың негізгі элементтерін енгізуге немесе белгілі бір трансформация өнімін алуға бағытталған:

1) Жоғары білім беру сапасын және жоғары оқу орындарының студенттер үшін тартымдылығын арттыру үшін (А Жоспары):

- жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу (МИТИ, М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті, deMontfortUniversity, Новосібір мемлекеттік университеті),

- ЖОО консорциумдарын құру,

- халықаралық деңгейдегі салалық мектептерді (IT, аграрлық және т. б.) бірлесіп немесе жетекші серіктес ЖОО-ның (Петропавл және т. б.) басқаруымен құру,

- бірлескен бағдарламалар – білім беру, студенттермен алмасу/ПОҚ, әкімшілік трансформация.

Түпкі мақсат (KPI) – жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтеріндегі позицияларды және студенттер санын, оның ішінде шетелдік рейтингтерді арттыру.

2) Жоғары оқу орындарының ғылыми зерттеулердегі артықшылығы үшін (В Жоспары)

  • жалпыға ортақ пайдаланылатын зерттеу зертханасын және ұлттық деңгейдегі мамандандырылған зертханаларды, оның ішінде сутегі энергетикасы үшін, STEAM-зертхананы және т. б. құру.

  • жоғары оқу орындары мен индустриялық-инновациялық аймақтар жанынан технопарктер, академиялық қалашықтар құру.

Түпкі мақсат (KPI) – ғылыми-инновациялық белсенділіктің өсуі (жарияланымдар саны, дәйексөзділік, ҒЗТКЖ шығындарының үлесі).

3) Басқару мен тұрақты қаржыландыруды жетілдіру үшін (С жоспары)

  • әлемнің жетекші университеттерінің үлгісі бойынша тәуелсіз Қамқоршылық кеңестер құру,

эндаумент қорларын құру – ресурстарды тартудағы артықшылық,

  • ЖОО активтерін сенімгерлік басқаруға беру – ұзақ мерзімді негізде басқарудағы тұрақтылық пен сабақтастық кепілдіктерін қамтамасыз ету.

Түпкі мақсат (KPI) – әлемнің жетекші аккредиттеу агенттіктерінде аккредиттеу (NECHE және т. б.)

4) «Университет – қоғам үшін» үшінші миссиясының артықшылығы (D жоспары)

  • өңірлік жоғары оқу орындарының базасында құзыреттілік орталықтары мен форсайт-мектептер құру – өңір экономикасының кадрлар мен инновацияларға қажеттіліктерін түсінудегі артықшылық,

  • өңірлік стандарт пен кәсіптерге қажеттілік карталарын (Кәсіптер атласы) әзірлеу – өңірлік деңгейде қажетті біліктіліктерді түсінуде және білім беру бағдарламаларын баптауда артықшылық.

Артықшылық бастамаларына және мемлекеттік қолдауға үміткер әрбір ЖОО өзінің қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне қарай 2-3 өнімді таңдай алады.

Айта кету керек, бүгінде А жоспарын (білім беруді интернационалдандыру және массификациялау) жоғары оқу орындары өз бетінше сәтті жүзеге асыруда.

В жоспары (Ғылым) айтарлықтай қаржыландыруды қажет етеді, мұнда мемлекеттік қолдауға жүргіну керек болады. Бюджетте осы мақсаттарға академиялық артықшылық орталықтарының жобаларына арналған қаражаттан басқа 4 млрд теңгеге дейін мегагранттар қарастырылған. Сондай-ақ университет ғылымына жеке инвестициялар үшін салық және инвестициялық преференциялар бойынша заңнамаға түзетулер енгізу жоспарлануда.

Cонымен қатар С жоспары (тұрақты басқару) мемлекетті қолдауды, негізінен институционалдық сипатта – нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар), ЖОО активтерін трасттық басқару бойынша жекелеген заңнамалық нормаларды қабылдауды, сондай-ақ ынталандыру шараларын, оның ішінде салықтық жеңілдіктерді және т. б. талап етеді.

D жоспары (үшінші миссия) болашақ мамандықтардың өңірлік атластарын әзірлеу және кадрларды озық даярлау жөніндегі «Мамандығым – болашағым» жобасы шеңберінде ішінара іске асырылуда. Ол сондай-ақ институционалдық өзгерістерді, соның ішінде жеке кәсіптік біліктілік туралы заң мен қаржылық қолдау нормаларын қабылдауды талап етеді. Инновациялар мен бизнеспен өзара әрекеттесуге қатысты университеттердің үшінші миссиясын жүзеге асыру үшін уақыт қажет болуы мүмкін.

Президент Қ. Тоқаев отандық ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөледі

2022 жылдың қорытындысы бойынша көп нәрсе жасалды. Алайда нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін одан да көп нәрсе істеу керек.

Мемлекет басшысының ғалымдардың мәртебесін көтеру жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін олардың жалақысы көбейтілді, ғалымдар мен зерттеушілер саны бүгінде 1,5 есе өсті. Ғылымды қаржыландыру 70%-ға ұлғайды.

Ғылыми институттардың сапасын арттыру үшін заманауи ғылыми жабдықтардың 800 түрі сатып алынды.

Жобалардың 27%-ы коммерцияланған. Жас ғалымдар мен постдокторанттарға 1 014 грант бөлінді.

Ғылымды жетілдіру және әкімшілендіру бойынша 12 НҚА қабылданды. ҚР ғылымын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Ұлттық жоба аясында 27 іс-шара жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар кадрлық әлеуетті нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді. ақ баршаға белгілі, бұрын ғалымдар тұрақты жалақы алмаған. Ғалымдар бұрын тұрақты жалақы алмағаны бәріне белгілі. Жалақының болуы конкурстардың нәтижелеріне байланысты болды. Ғалымдардың орташа жалақысы 152 мың теңгені құрады. Бұл экономикадағы орташа көрсеткіштің 72%-ын құрайды..

Бүгінгі таңда жетекші ғалымдардың жалақысы (1 200 адам) базалық қаржыландыруға енгізілген. 11 ҒЗИ тікелей қаржыландырылатын болды. Ғалымдардың жалақысы артты. Орташа жалақы – 257 мың теңге, ең жоғарысы – 1,5 млн теңге. Қаржыландыру 3,5 есе өсті. Конкурстар жыл сайын өткізілетін болады.

«Ұлттық ғылым академиясының рөлін нығайту және оған мемлекеттік мәртебе беру бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. “Ғылым туралы” заңға өзгерістер енгізілді, ҚР ҰҒА-ны бюджеттен қаржыландыру мәселелері шешілді, Үкімет зейнет жасындағы академиктерге 60 АЕК мөлшерінде өмір бойы алатын стипендия тағайындады, “ҒылымОрдасы” ғимаратын жөндеу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілді», — деді С. Нұрбек. 

Оның айтуынша, 2016 жылдан бастап Ғылым қоры ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыруға 3 конкурс өткізді (2016, 2017, 2018 жж.), оның қорытындысы бойынша 151 жоба қолдау тапты. 6,7 млрд теңге жеке қаржыландыру тартылды. 2022 жылдың соңында инновациялық өнімді сатудан және қызмет көрсетуден түскен табыс сомасы 24,9 млрд теңгені құрады, 15 жоба бойынша өнім экспортының көлемі 402,2 млн теңгені құрады.

Айта кету керек, 2022 жылы сату көрсеткіштерінің өсімі 8,5 млрд теңгені құрайды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда оң динамиканы көрсетеді, онда өсім 8,3 мдрд теңге болған.

«Жалпы ғылымды қажетсінетін өнімді сатудан бюджетке салық төлемдері түрінде 5,7 млрд теңгеден астам қаражат төленді. 1 419 жұмыс орны құрылды. Биылдан бастап біз ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыруды бастаймыз. Акселерация бағдарламасы арқылы салалар мен өңірлер деңгейінде технологияларды коммерцияландыру кеңселері құрылады», — деді С. Нұрбек. 

Оның айтуынша, ғылымның ел экономикасына үлес қосуын қамтамасыз ету үшін министрлік ҒЗИ мен университеттер үшін коммерцияландыру бойынша KPI енгізу мәселелерін пысықтап жатыр.

Сонымен қатар ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруда өңірлердің белсенділігін арттыру қажет.

Мемлекет басшысы өзінің Сайлауалды бағдарламасы аясында министрліктің алдына ғылым бойынша бірқатар міндет қойды.

Бірінші. Қолданбалы ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңмен ұлғайту, оның ішінде бизнестің ғылыми зерттеулерді бірлесіп қаржыландыруы есебінен, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін, атап айтқанда, жыл сайынғы гранттар бөлу арқылы жағдайлар жасау.

Ол үшін, министрдің айтуынша, жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ қаржыландыруға аударымдарының ашықтығын қамтамасыз ету және ҒЗТКЖ-ға жеке инвестициялар үшін қосымша салық және инвестициялық преференцияларды қамтамасыз ету жөніндегі тетіктер іске асырылатын болады.

Екінші. Жетекші жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанынан мамандандырылған инжинирингтік орталықтарды, ғылыми-технологиялық парктерді қалыптастыру және дамыту.

Осы міндетті іске асыру үшін ЖОО-лармен бірлесіп ЖОО жанындағы эндаумент-қорлардың қызметін жетілдіру, мамандандырылған инжинирингтік орталықтарды, ғылыми-технологиялық парктерді дамыту, нысаналы қаржыландыру бағдарламасы бойынша жаңартылған тетік шеңберінде ғылыми жабдықтар сатып алу бойынша жұмыс жүргізу қажет.

Үшінші. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңды әзірлеу. Осы міндет шеңберінде ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес, салалар бойынша ғылыми-техникалық кеңестер құрылатын болады. ҚР «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңының тұжырымдамасын дайындау бойынша жұмыс тобы құрылды.

Егер 2026 жылға дейін ғылымды дамытудың басым міндеттері туралы айтатын болсақ, Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде ҚР «Ғылым және технологиялық саясат туралы» мүлдем жаңа заңы әзірленетін болады, ол ғылым саласындағы жаңа бағытқа көшу үшін негіз болмақ және сол арқылы ғылым мен технологияның жаңа моделін енгізуді қамтамасыз етеді.

Бірінші міндет. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру.

«Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында «Ғылым» блогының 4 негізгі бағыты бойынша 4 міндет, 7 көрсеткіш және 27 нақты іс-шара көзделген.

Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту шеңберінде ғылыми қызметкерлер санының 2025 жылға дейін 1,5 есе, ал жас ғалымдар санының 50%-ға өсуі жоспарлануда.

Ғалымдардың жалақысы 2 есе артты (252 мың теңгеге дейін). Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іргелі зерттеулермен айналысатын ҒЗИ тікелей қаржыландырылатын болды..

Ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағыты бойынша материалдық-техникалық жарақтандыруды жаңғырту үшін 1,7 млрд теңге бөлінді. Жабдықты жаңарту үлесі 13,7%-ды құрады.

Үшінші бағыт бойынша кәсіпкерлік сектор шығыстарының ҒЗТКЖ-ға жалпы шығындар көлемінің 50%-на дейін өсуі, коммерцияландыру жобаларының үлесі 30%-ға дейін, патенттік белсенділіктің 30%-ға өсуі жоспарланған.

«Ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру» бағыты бойынша ҚР даму басымдықтарына сәйкес салалардың басым ғылыми-техникалық міндеттерін қалыптастыру тетіктері енгізілді.

ҚР ғылымын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында баяндалған міндеттерді кезең-кезеңмен іске асыру көзделген.

Министрдің айтуынша, ғылымды одан әрі дамыту мақсатында қолданыстағы «Ғылым туралы» заңға бірқатар өзгеріс енгізіліп жатыр. Атап айтқанда:

  • ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар үшін негізгі жұмыс орны бойынша мемлекеттік бюджеттен қосымша ақыны ұлғайту (25/50 АЕК);

  • жер қойнауын пайдаланушылардың қаражаты есебінен ақша түсіру жөніндегі нормаларды нақтылау және оларды ҒЗЖ, ҒЗТКЖ қаржыландыруға бөлу (шығындардың 1% мөлшерінде);

  • ғылыми дәрежесі үшін зейнеткерлік жасқа жеткен ғалымдарға (17/34 АЕК) мемлекеттік бюджеттен тұрақты қосымша түсім бойынша нормалар қосылады;

  • зерттеу университеттеріне (АҚ, КЕАҚ) еншілес ғылыми орталықтар, зертханалар мен институттар құруға құқық беру;

  • ғылыми орталықтар құру жөніндегі жобаларға бизнес үшін инвестициялық преференциялар беру;

  • ғалымдарға – ҰҒА, ұлттық академиялардың мүшелері мен олардың жұбайларына қосымша медициналық көмек көрсету;

  • ғылыми инфрақұрылымды дамыту үшін гранттық қаржыландырудың жаңа түрін ұсыну;

  • ЖАО-ға ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру және жобаларды қаржыландыру жөніндегі функцияларды беру бойынша.

ҒЗТКЖ-ға жеке инвестицияларды тарту үшін ақпараттық жүйені (Бірыңғай терезе) іске қосу, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың табысының 1%-ы (жылына 100 млрд-тан астам) шеңберінде, ғылымды коммерцияландыруға арналған гранттарды 2023 жылы үш есе ұлғайту (6 млрд-тан 19 млрд теңгеге дейін) жоспарланып отыр.

Сондай-ақ ЖОО-лар базасында (Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, М. Әуезов атындағы ОҚУ, Е. Букетов атындағы ҚарУ, Қ. Жұбанов атындағы АМУ, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ) 5 технопарк ашу бойынша жұмыс жүргізілетін болады. 

«Жаңа заманда экономиканы технологиялық тұрғыдан жаңғырту үшін ғылым моделін қайта жаңғырту қажет, “мұнда да жаңа тәсілдер, халықаралық тәжірибеге сүйену қажет”. Халықаралық тәжірибеге сай ғылымның екі негізгі моделі – жұмылдыру пен ашық», — деді С. Нұрбек.

Оның айтуынша, бірінші – кеңестік кезеңге және посткеңестік елдердің көпшілігіне тән ғылымның жұмылдыру моделі, жеке меншігі басым нарықтық экономика жағдайында шешілмейтін кемшіліктерге – орталықтандырылған жоспарлауға және мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділікке, ұлттық ғылымды дамытуға бизнес тарапынан төмен сұранысқа байланысты өте тиімсіз болып шықты. Осы жүйенің нәтижесі ғылым саласындағы кадрлардың қартаюы және әлемдік ғылымдағы рейтингтің тым төмендігі болып отыр.

Соңғы 70 жылда ғылым саласына жақсы көңіл бөлген барлық ел зерттелді. Ғылымда басымдыққа АҚШ, Қытай және шағын ашық экономикалар – Сингапур, Тайвань, О. Корея, Жапония және т. б. ие.

Олардың басты ерекшелігі – ғылымның ашық моделіне көшкеннен кейін болған әсерлі технологиялық серпіліс.

Екінші модель – ғылымның ашық моделі, 1945 жылы АҚШ Президенті Ф.Д. Рузвельттің кеңесшісі Ванневар Буш ұсынған және Екінші дүниежүзілік соғыс пен Ұлы депрессиядан кейін экономиканы қалпына келтіру бойынша Президенттің Жаңа курсының (NewDeal) жалғасы болды. В. Буш өзінің «Science – TheEndlessFrontier» (Ғылым. Шексіз шекаралар) баяндамасында бұрынғы жұмылдыру моделінің шешілмейтін кемшіліктерін атап өтті және ғылымның жаңа моделінің негізгі элементтерін ұсынды. Олар: ғылымға жеке инвестицияларды экономикалық ынталандыру, ең алдымен салықтық жеңілдіктер арқылы; жаңа идеялар мен жас ғалымдардың қайнар көзіне айнала алатын университет ғылымын қолдау; ғылым мен технологиялардың басымдықтарын анықтау үшін құрылған Мемлекет басшысының жанындағы Ұлттық ғылыми кеңес.

Ғылым мен инновациядағы көшбасшы елдердің әрқайсысы – АҚШ, Сингапур, Израиль, Тайвань, Финляндия, О. Корея, Жапония әртүрлі жағдайларда және әртүрлі уақытта ғылымды ұйымдастырудың өте ұқсас жүйелерін құрған. Тіпті Қытайдың өзі дәстүрлі жүйені сақтай отырып, ғылымның ашық моделінің барлық элементін енгізді.

«Бизнеске экономикалық ынталандыру арқылы ғылымға деген сұранысты арттыру, бір жағынан, университет ғылымы арқылы ҒЗТКЖ ұсынысын итермелейді, екінші жағынан, ғылым мен өндірістің тығыз байланысын, инновацияның төмен құнын, идеялар мен кадрларды жылдам жаңартуды, технологиялық жаңалықтарды енгізуді көздейді. Сондықтан бизнес ғылымға жұмсалатын қарадат саласында шешуші рөл атқарады», — деді С. Нұрбек. 

Оның айтуынша, мысалы, зерттеу шығындарының құрылымындағы бизнестің үлесі Израильде 85,6%, Жапонияда 78,8%, Кореяда 77,7%, АҚШ-та 71,2% болып отыр.

Қазақстанда бірнеше рет жүргізілген реформаларға қарамастан, соңғы 30 жылда ғылым экономикалық дамудың драйверіне айнала алмады және «жұмылдыру моделі» парадигмасында қалды. Посткеңестік басқа елдердегідей, ғылымның барлық кемшілігімен бетпе-бет келіп отырмыз – мемлекеттік қаржыландырудың төмен деңгейі және оған тәуелділік, ҒЗТКЖ-ға бизнес тарапынан төмен сұраныс, кадрлардың кетуі және қартаюы.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, барлық көздерді қоса алғанда, ғылымға жұмсалған шығыстар 2021 жылы 109 млрд теңгені құрады, 5 жыл ішінде өсім 40,5 млрд теңгені немесе 60%-ды құрады. Дегенмен ЖІӨ-дегі ғылымның үлесі 0,13%-ға төмендейді. Бюджет қаражаты 70%-ды құрап отыр.

Шығындардың өсуіне қарамастан, іргелі және қолданбалы зерттеулерге 82%, ал тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға 18% бөлініп отыр.

«Қазақстандық ғылымды түбегейлі қайта жаңғыртпасақ, 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 1%-на дейін қаржыландыруды, жеке инвестицияларды 75%-ға дейін арттыру, ғылым саласындағы кадрлар мен жабдықтарды жаңарту, интернационалдандыру бойынша қойылған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылымның ашық моделін қалыптастыру жөніндегі міндеттерді іске асыруда», — деді С. Нұрбек. 

Ғылымды одан әрі дамытудағы маңызды қадам – салықтық ынталандыру шаралары. Бүгінгі таңда ҒЗТКЖ-ға жеке инвестицияларды салықтық ынталандыру мақсатында ҒЗТКЖ-ны қаржыландыратын кәсіпкерлік субъектілері үшін супер шегерімдер беру және Сингапур, О. Корея, Қытай тәжірибесі бойынша (300% дейін) ғылыми орталықтарды дамыту жөніндегі нормалар әзірленді. Салықтық жеңілдіктер ставкалары мен салықтық әкімшілендіру тетіктері бойынша нақты нормалар Үкіметте талқыланып, осы жылы Салық және Кәсіпкерлік кодексіне енгізу үшін ұсынылады.

«Бизнес үшін салық жеңілдіктерінің әлеуеті жеке сектордың ғылымдағы үлесін жыл сайын 2 есе, алдағы 3-5 жылда 60-70%-ға, ал ҒЗТКЖ-ны жалпы қаржыландыруды ЖІӨ-нің 1%-на дейін жеткізуге мүмкіндік береді деп санаймыз», — деді С. Нұрбек.

Оның айтуынша, университет ғылымының алдында үш міндет тұр – бірінші дәрежелі ғылым және академиялық шеберлік орталықтарының желісін дамыту, ғылыми кадрларды тұрақты қаржыландыру және көбейту.

Зерттеу университеттерінің желісі 2023 жылы 10-ға дейін өседі (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚазҰАЗУ, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ және Қарағанды медицина университеті, Әуезов атындағы ОҚУ). Жетекші шетелдік зерттеу жоғары оқу орындарының 5 филиалы ашылды, олардың санын 2024 жылға қарай 10-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл жоғары білім беруді интернационалдандыруға ықпал етеді.

Университеттерді тұрақты қаржыландыру үшін 2023 жылы 5 пилоттық ЖОО-да нысаналы капитал қорлары туралы заң тұжырымдамасы және эндаумент-қорларды ашу жөніндегі жол картасы әзірленді.

Өкінішке орай, ғылымға кадрлар даярлау жеткіліксіз. Жоғары оқу орындары барлық студенттің 90%-ынан бакалаврларды, 7-8%-ынан магистрларды, 1%-ынан ғана PhD докторанттарды (әлемде – 3%) дайындайды. Соңғылары – университеттердегі ғылымды дамытатын негізгі күш. Олардың тек 30%-ы жұмыстарын қорғап шығады. Докторантураға қабылдауды жыл сайын 5 мың адамға жеткізу керек.

Ғылымды басқару құрылымын жетілдіру аясында жоғарыда айтылғандай, Ұлттық ғылым академиясының рөлін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Функциялар мен өкілеттіктерді беру ҰҒА жарғысында бекітілетін болады. Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңесті құру бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Кеңестің функцияларына Мемлекет басшысына ғылым мен технологиялар бойынша ұсыныстар әзірлеу, елдегі ғылымның дамуын бағалау, сондай-ақ ғылымды дамытудың стратегиялық басым бағыттарын айқындау кірмек.

Кеңес құрамына академиктер, жетекші шетелдік ғалымдар, отандық сарапшылар кіреді. Ұлттық кеңестің Мемлекет басшысына тікелей бағынуы, тапсырманы іске асырудың жеделдігі және ҚРЗ-ға өзгерістер енгізу қажеттілігінің болмауы артықшылықтар болып табылады.

Егер жер қойнауын пайдаланушылардың күрделі салымдарының 1%-ын ғылым мен технологияларды дамытуға аудару жөніндегі мәселелер туралы айтатын болсақ, мұнда орталықтандыру жөніндегі шаралар қазақстандық ғылымның басымдықтарын негізге ала отырып, ҒЗТКЖ шығындарын пайдалануды ретке келтіруге тиіс.

Сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың көпшілігінің ҒЗТКЖ-ға көзделген қаражатты алып қою және іс жүзінде ғылымға тағы бір салыққа айналдыру жөніндегі алаңдаушылығын атап өткен жөн.

«Осыған байланысты “Самұрық-Қазына” қорын қоса алғанда, жер қойнауын пайдаланушылар жүргізетін ғылыми-технологиялық саясаттың ұлттық басымдықтарымен үндестіру шараларын орынды деп санаймыз. Олардың ҒЗТКЖ жүргізу тәртібіне мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізе отырып, жоғары оқу орындары мен ҒЗИ үшін бәсекелестік негізде ашық, қолжетімді ету ұсынылады», — деді С. Нұрбек. 

Оның айтуынша, қолда бар деректер жер қойнауын пайдаланушылар есебінен ҒЗТКЖ-ға қосымша ~100 млрд теңге тарту, жалпы келісімшарттар шеңберінде ҒЗТКЖ тиімділігін арттыру мүмкін екенін көрсетеді.

Министрліктің маңызды бағыттарының бірі – тіл саясаты

Өткен жылы мемлекеттік тілді дамыту саласында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік оқу орындары үшін қазақ тілінде 20 оқулық (3 000 дана) шығарылды. Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған 63 іс-шара өткізілді.

Сонымен қатар тұрақты және негізгі ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізілді. 2022 жылы Қазтесттің 10 мың тапсырмасы қайта қаралды. Үкімет қаулысымен «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісі және «Ахмет Байтұрсынұлы» белгісі бекітілді. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі комиссия құрды. Тілді оқыту курстары және басқалары тұрақты негізде өткізіледі.

Сайлауалды бағдарламасы аясында Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді одан әрі дамыту және практикалық қолдануды ынталандыру жөніндегі жұмысты жүргізуді тапсырды, сонымен бірге тіл бойынша кемсітушіліктің кез келген түрімен күресуді тапсырды.

Осы міндетті іске асыру шеңберінде министрлік бірқатар шара қабылдауды жоспарлап отыр.

«2023-2028 жылдарға арналған тіл саясатын іске асыру тұжырымдамасының жобасы әзірленеді, тілдік кемсітушіліктің алдын алу мәселесі бойынша нормативтік құқықтық актілерге толықтырулар енгізіледі, өңірлік семинарлар өткізіледі, азаматтардың тілдік белгілері бойынша, сондай-ақ мемлекеттік тілді еркін меңгергені үшін құқықтарына қысым жасамау бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында этнос өкілдері туралы жарияланымдар ұйымдастырылуда», — деді С. Нұрбек. 

Оның айтуынша, 2023 жылы тіл саясатының бірқатар міндеттері іске асырылатын болады. Оларға ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссияның отырыстары, мемлекеттік органдардың профилактикалық бақылауы, мемлекеттік тіл саласын кеңейтуге бағытталған республикалық конкурстар мен іс-шаралар, сондай-ақ мемлекеттік тілдегі құжат айналымы және ресурстардың ресми сайттарының интернет-мониторингі жатады.

Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасы шеңберінде көзделген барлық міндеттер Білім мен ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында, сондай-ақ министрліктің келесі кезеңге арналған даму жоспарында жинақталған.

«Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды, сондай-ақ министрлік бағыттары шеңберінде басым міндеттерді іске асыру үшін айтарлықтай жұмыс күтіп тұр. Біз кейбір мәселелер бойынша жұмыс тиісті деңгейде жүргізілмейтінін және жұмысты күшейту қажет екенін білеміз. Сондықтан барлық әріптестерімді осы мәселелер бойынша жұмысты үйлестіруге және жандандыруға шақырамын», — деді С. Нұрбек сөз соңында. 

Алқа отырысында сөз сөйлеген Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки ғылым мен инновацияны дамыту дамудың жаңа экономикалық бағытының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Қазақстанда жүргізілген бірқатар реформаларға қарамастан, соңғы 30 жылда ғылым экономикалық даму мен азаматтардың әл-ауқатының өсуінің негізгі драйверіне айнала алған жоқ.

«Экономиканы жаңа жағдайда технологиялық жаңғырту үшін ғылыми модельді жаңарту қажет. Мұнда да жаңа тәсілдер мен халықаралық тәжірибеге сүйену қажет», — деді Д. Ахмед-Заки. 

Оның пікірінше, отандық ғылым жүйесі «жұмылдыру моделі» парадигмасында дамып келеді және толығымен дерлік мемлекеттік қаржыландыруға тәуелді.

Нәтижесінде, ғылым шығындарының тұрақты өсуіне қарамастан, ғылымды жұмылдыру моделінің басты кемшілігі – шығындардың 82%-ы іргелі және қолданбалы зерттеулерге, ал 18%-ы ғана тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалады.

Комитет басшысының пікірінше, отандық ғылымда әлі шешілмеген проблемалар көп. Оларды кезең-кезеңмен шешу үшін келесі басымдықтарға назар аудару қажет:

Бірінші: Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін көтеру.

Екінші: Университет ғылымындағы білім.

Үшіншісі: Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру жүйесін жетілдіру.

Сонымен қатар ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық дамуды оңтайлы жоспарлау қажет.

«Алдағы кезеңде басым ғылыми бағыттар халықаралық үрдістер мен ұлттық міндеттерге негізделетін болады. Басым бағыттар: медициналық-биологиялық зерттеулер, “жасыл” технологиялар және энергия тиімділігі, ТМК және шикізатты өңдеуге арналған технологиялар, жаңа материалдар, акт, өндірістерді автоматтандыру, агроөнеркәсіптік ғылым, әлеуметтік-гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары. Даму үшін ғылыми әлеует бар», — деді Д. Ахмед-Заки.

Оның пікірінше, ғылыми экожүйе желілік принцип бойынша жұмыс істейді және трендтер ойыншылардың максималды санының қатысуымен «жоғарыдан» емес, «төменнен» белгіленеді. Ғылымға деген сұранысты бизнес пен ҒЗТКЖ ұсынысы арқылы, екінші жағынан, университет ғылымы арқылы массификациялау ғылым мен өндірістің байланысын, инновацияның төмен құнын және идеялар мен кадрлардың жылдам жаңаруын, технологиялық әзірлемелерді коммерцияландыруды қамтамасыз етеді.

Проблемаларды шешу үшін Үкімет отандық ғылым мен кадрлық әлеуетті дамыту үшін белгілі бір іс-шаралары бар қажетті стратегиялық құжаттарды қабылдады.

Сонымен қатар комитет басшысы «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының іске асырылуы туралы қысқаша баяндады.

Оның айтуынша, «Ғылым» блогының 4 негізгі бағыты бойынша 4 міндет, 7 көрсеткіш және 27 нақты іс-шара қарастырылған.

Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту шеңберінде ғылыми сала қызметкерлерінің санын 2025 жылға дейін 1,5 есе арттыру міндеті қойылды. Сондай-ақ ғалымдар мен жас ғалымдар санының 50%-ға өсуі жоспарланған. Ғалымдардың жалақысы 2 есе артты, іргелі зерттеулермен айналысатын ҒЗИ-ны тікелей қаржыландыру енгізілді.

Министрлік 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруға үш конкурс жариялады: бюджеті 3 млрд теңгені құрайтын «Жас ғалым» жобасы бойынша; бюджеті 9 млрд теңгені құрайтын 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдар конкурсы; сондай-ақ бюджеті 74 млрд теңгені құрайтын 2023-2025 жылдарға арналған жалпы конкурс.

Жалпы үш жылда ғылымды қаржыландыру 70%-ға өсті.

Екінші бағыт – ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Осы мақсатта ведомстволық бағынысты ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруды жаңғырту үшін 1,7 млрд теңге бөлінді. 2021 жылы жабдықты жаңарту үлесі 13,7%-ды құрады.

Үшінші бағыт бойынша кәсіпкерлік сектор шығыстарының ҒЗТКЖ-ға жалпы шығындар көлемінің 50%-на дейін және коммерцияландырылған жобалардың үлесі 30%-ға дейін өсуі жоспарланған. Сондай-ақ ҒЗЖ шеңберінде патенттік белсенділіктің 30%-ға өсуі жоспарланған.

«Ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру» бағыты бойынша ҚР даму басымдықтарына сәйкес салалардың басым ғылыми-техникалық міндеттерін қалыптастыру тетіктері енгізілді.

ҚР ғылымын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді және қабылданды, оның шеңберінде Ұлттық жобаның шаралары мен міндеттерін кезең-кезеңімен іске асыру көзделген. 2022 жылдан бастап «Ғылым туралы» заңға енгізілген өзгерістерді іс жүзінде іске асыру басталды.

Іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми институттарға қаржыландыру бөлінді, бұл тіл білімі, философия, тарих, археология, ядролық физика, биоқауіпсіздік, генетика институттары сияқты ұйымдардың үздіксіз жұмысын және тұрақты қаржыландырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұрын бұл институттар тұрақты қаржыландыруды ала алмады және тек конкурстардың нәтижелеріне тәуелді болды..

Базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың еңбегіне ақы төлеу енгізілді; ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды мемлекеттік қаржыландырудың ұзақтығы 5 жылға дейін ұлғайтылды; ҰҒМ шешімдерін апелляциялау институты енгізілді; ғылыми тағылымдамадан өтудің нормативтік базасы бекітілді. Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру нормалары бекітілді. Апелляциялық комиссия құрылды, ол жұмысты Апелляциялық комиссия туралы ережеге сәйкес жүзеге асырады.

2022 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі барлығы гранттық қаржыландырудың 7 конкурсын және бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың 1 конкурсын өткізді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі конкурстарының нәтижесінде гранттық қаржыландыру бойынша 2003 жоба, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 66 ғылыми-техникалық бағдарлама іске асырылуда.

2018-2022 жылдар кезеңінде іске асырылған және іске асырылып жатқан ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар бойынша барлық ақпарат ҰҒТСО сайтында жарияланды.

«Ғылым қоры» АҚ желісі бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға бағытталған 150-ден астам жоба табысты іске асырылды.

«Ғылымның экономикаға қосқан үлесі 4 негізгі фактор бойынша бағаланады. Коммерцияландыру жобалары нәтижесінде инновациялық өнімді сатудан түскен табыс 22,6 млрд теңгені құрады. Төленген салық көлемі 5,7 млрд теңгені құрады. 1 400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Экспорт көлемі 402,2 млн теңгені құрады», – деді Д. Ахмед-Заки.

2022 жылы ҒҒТҚН коммерцияландыруға арналған жаңа конкурс өткізілді. ҒҒТҚН коммерцияландыру жөніндегі мамандандырылған Ұлттық ғылыми кеңес құрылды, оның шешімдері бойынша 2022-2024 жылдарға арналған қаржыландыруға 72 жоба мақұлданды.

ҒЗТКЖ-ға жеке инвестицияларды салықтық ынталандыру шаралары бойынша ҒЗТКЖ және Сингапур, О. Корея, Қытай тәжірибесі бойынша ғылыми орталықтарды дамытуды қаржыландыратын кәсіпкерлік субъектілері үшін 150%-ға дейін супер шегерімдерді ұсыну бойынша ұсыныстар дайындалды. Салықтық жеңілдіктер ставкалары мен салықтық әкімшілендіру тетіктері бойынша нақты нормалар Үкіметте талқыланды және осы жылы Салық және Кәсіпкерлік кодекстеріне енгізу үшін ұсынылады.

«Бизнес үшін салықтық жеңілдіктерді енгізу алдағы 3-5 жылда ғылымға жеке сектордың үлесін 60-70%-ға дейін, ал ҒЗТКЖ-ны жалпы қаржыландыру мөлшері ЖІӨ-нің 1%-на дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп санаймыз», — деді Д. Ахмед-Заки.

Оның айтуынша, жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 қазақстандық ғалым тағылымдамадан өтеді. 2021 жылы 416 ғалымға әлемнің 24 елінің 109 жетекші орталықтары мен жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өтуге гранттар берілді, олардан 2022 жылы 337 ғалым кетті.

2022 жылғы 5 қазанда ҚР Үкіметінің «Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидаларын бекіту туралы» № 791 қаулысы қабылданды. Қаулы шетелдік жетекші жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми орталықтарда және өзге де ұйымдарда ғылыми тағылымдамадан өту үшін үміткерлерді іріктеуді ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін көздейді.

Сонымен қатар ҚР ҰҚМ 2022 жылғы 14 желтоқсандағы №188 «Құжаттарды қабылдау және ғылыми тағылымдамадан өту конкурсына қатысу үшін конкурс өткізу мерзімдерін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес құжаттарды қабылдау мерзімі бекітілді:

  1. құжаттарды қабылдау – 2022 жылғы 19 желтоқсаннан 2023 жылғы 15 наурызға дейін; 2023 жылғы 28 тамыздан 2023 жылғы 13 қазанға дейін;

  2. байқауды өткізу – 2022 жылғы 23 желтоқсаннан 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін.

Бүгінгі жағдай бойынша тіркелгендердің жалпы саны және үміткерлерді тіркеу процесінде 67 адамды құрайды.

Сондай-ақ Комитет басшысының пікірінше, ЖОО-лар оқуды ерте курстардағы зерттеулермен интеграциялау бөлігінде білім беру бағдарламаларын қайта қарауы қажет. Ғылыми жетістіктерді өлшеу интегралды GPA негізінде жүзеге асырылады.

«Университеттердегі технологиялық парктердің өзін-өзі қамтамасыз етуіне қол жеткізу басты мәселе болып табылады. Технологиялық бастамаларды ілгерілету. Ғылым комитетінің мақсаты технологияны және ұйымдардың өзін технологиялық дайындықтың барлық деңгейлерінде қолдау және оны зерттеулерден өндіріске дейінгі деңгейге көтеру», — деді Д. Ахмед-Заки.

Оның айтуынша, 2023 жылға ғылым саласында келесі міндеттер тұр:

1. Ғылым саласын басқару, ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, технологияларды дамыту және инновациялық қызметті қолдау мәселелерін үндестіру мақсатында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңды әзірлеу басты міндет болып табылады.

2. Ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жүйесін жетілдіру мақсатында үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құрылатын болады, оның негізгі міндеті ұлттық ғылыми-технологиялық саясаттың басымдықтарын, даму тетіктерін айқындау, ағымдағы жай-күйді сараптамалық бағалау болып табылады.

3. Алдағы 3-5 жылда ҒЗТКЖ-ны қаржыландыруды ЖІӨ-нің 1%-на дейін ұлғайту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

4. Ғылыми-техникалық ақпаратты талдау жөніндегі функциялары берілген ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының қызметі қайта жаңғыртылатын болады.

5. Мүмкіндігінше көп ғалымдарға ғылыми идеяларды іске асыруға мүмкіндік беру үшін ғылым саласын тұрақты қаржыландыру және конкурстарды каскадты өткізу жалғасады.

7. Ғалымдарды ынталандыру үшін ғылымға қосқан үлесі үшін жыл сайын 2 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы беріледі. Ғылым саласындағы мемлекеттік ғылыми стипендиялар мен сыйлықтар беру арқылы ғылым мен техниканың дамуына үлес қосқан ғалымдарды көтермелеу жалғасады.

8. Жас кадрлардың ғылымға келуін ынталандыру үшін академиялық жазуды, ағылшын тілін, цифрлық дағдыларды, ғылыми өтінімдерді әзірлеуді және басқа да қажетті құзыреттер мен дағдыларды оқыту үшін әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамадан өтуге 500 қазақстандық ғалым жіберілетін болады.

«Бұл міндеттердің барлығы қабылданған шешімдердің толық ашықтығын, процестерге емес, нәтижеге бағытталу жағдайында бүкіл кәсіби қоғамдастықпен тұрақты өзара іс-қимылда ғана жүзеге асырылатыны анық. Жауапкершілік. Бюрократиядан арылту. Адамға бағытталған жүйе. Біз осы қағидаларды ұстанатын боламыз», — деп сендірді Д. Ахмед-Заки.

«Атамекен» ҰКП атқарушы хатшысы – басқарма мүшесі Нұрлан Сақуов өз кезегінде мамандарды даярлау білім беру жүйесінің де, жалпы бизнестің де міндеті екенін, өйткені түпкі тұтынушы жұмыс беруші болып табылатынын атап өтті.

«Жаңа формациядағы, оқытылған және практикалық қызметке бейімделген, сондай-ақ заманауи шындықты ескере отырып бәсекеге қабілетті және құзыретті қызметкерлерді қалыптастыру үрдісін атап өту маңызды. Қазіргі жағдай кадрларға жаңа дағдылар мен құзыреттіліктерді игеруге нұсқау береді», — деді Н. Сақуов.

Ол ҚР-дағы кәсіпкерлік қызмет саласында «таза парақтан бастап» жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелеріне толығырақ тоқталды.

Оның айтуынша, заң бизнеске қойылатын кез келген талаптар мемлекеттік реттеудің түсінікті мотивтерімен, іс жүзінде орындалатын, екі жақты түсіндірусіз қолжетімді нысанда баяндалған, ыңғайлы және ауыртпалықсыз болуға тиіс екендігіне бағытталған.

Осы реформаны іске асыру бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттыруға және кәсіпкерлікті жандандыру үшін қолайлы және ынталандырушы жағдайлар қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты заңда реттеуші талаптарды қалыптастыруға 7 базалық шарт нақты айқындалған:

1) негізділік;

2) кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі;

3) ашықтық;

4) орындалуы;

5) сенімділік;

6) пропорционалдылық және ұтымдылық;

7) реттілік.

ҰКП Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп реттеуші актілерді қайта қарау және білім беру саласындағы міндетті талаптар тізілімін қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобын құрды.

Жұмыс тобы 67 нормативтік-құқықтық актіге талдау жасады, 1 794 талап анықталды, оның ішінде 165 талап қалыптастыру шарттарына сәйкес келмейді, оның 137-сі өзгертуді немесе толықтыруды талап етеді, 28 талап жойылуға тиіс.

«Таза парақтан бастап” кәсіпкерлік қызметті реттеудің негізгі жаңалығы міндетті талаптар тізілімін енгізу болып табылады. Бұл бизнеске қойылатын барлық талаптардың толық тізімін қамтитын бірыңғай база. Бұл кәсіпкерге бизнесті жүргізудің барлық құқықтық базасымен танысуға мүмкіндік береді», — деді Н. Сақуов.

Оның айтуынша, тізілімде жаңа реттеуші саясатқа сәйкес келетін талаптар ғана болады. 2024 жылдан бастап егер талап тізілімге енгізілмесе, онда ол бойынша мемлекеттік орган тексере және жазалай алмайды. Тізілімді қалыптастыру мен жүргізуді ҰЭМ «Әділет» жүйесі негізінде жүзеге асыратын болады.

Сондай-ақ ҰКП Ұлттық біліктілік жүйесін дамытуға, атап айтқанда ұлттық біліктілік шеңберін, салалық шеңберлер мен кәсіби стандарттарды қалыптастыруға белсенді қатысады. Белгілі бір кәсіптер бойынша қызметкерлердің біліктілігіне, дағдылары мен құзыреттеріне қойылатын талаптар жұмыс берушілердің өздері немесе олардың қауымдастықтары әзірлейтін кәсіби стандарттар түрінде бекітілетін болады.

Мәселен, қазіргі уақытта ҰКП-да 593 кәсіби стандарт бекітілді, оның 172-сі 2022 жылы өзектендірілді.

«Атамекен» ҰКП атқарушы хатшысының айтуынша, кәсіптік стандарттарда бизнестің талаптары көрсетіледі, олардың негізінде білім беру бағдарламалары әзірленуге тиіс.

Кәсіби стандарттар мен салалық біліктілік шеңбері студенттерге мансаптық даму траекториясын жоспарлау кезінде пайдалы.

«Серіктестіктің екінші жағы – кәсіптік білім беру секторы. ЖОО жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, алдымен мамандықтар мен сабақтардың жіктеуішін қалыптастырады, бұдан әрі жұмыс берушілердің кәсіби стандарттары негізінде білім беру бағдарламасын әзірлейді», — деді Н. Сақуов.

Оның айтуынша, жұмыс берушілер серіктестігі мен кәсіптік білім беру жүйесінің нәтижелері тәуелсіз бағалау немесе сертификаттау жүйесін енгізу арқылы анықталатын болады.

Заң жобасына сәйкес бұл жұмысты арнайы сертификаттау орталықтары (тәуелсіз, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және басқа да уәкілетті институттар аккредиттеген заңды тұлғалар) жүзеге асыратын болады.

ҰКП бұл жұмысты 2017 жылдан бастап жүргізіп келеді, 28 сертификаттау орталығы құрылды, олар 32 мың адамға біліктілік берді.

Тәуелсіз бағалаудан өткен ЖОО түлектерінің қолында нақты мамандану бойынша кәсіптік даярлықтан өткенін растайтын диплом және алған білімдерін практикада қолдану дағдыларын растайтын сертификат болады.

Осылайша, жұмыс берушілерге жұмыс өтіліне талап қоймай, сертификаты бар түлектерді жұмысқа қабылдау мүмкіндігі беріледі.

Бесінші жыл қатарынан Ұлттық палата Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының рейтингтерін қалыптастырады.

2022 жылғы рейтинг шеңберінде 2 040 білім беру бағдарламасы бағаланды, 81 393 түлек талданды, Қазақстанның барлық өңірлерінен 200-ден астам салалық сарапшы тартылды, нәтижесінде 97 ЖОО бойынша 2 мыңнан астам сараптамалық қорытынды жасалды.

Рейтинг 19 критерий бойынша жүргізілді, оның ішінде түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі мен орташа жалақысы, жұмыс іздеу ұзақтығы және бағдарламалардың өзектілігі бағаланды.

«Өткен жылдармен салыстырғанда жұмыспен қамтудың орташа пайызы 1,8%-ға артық және 79,5%-ды құрайды. Бағыттар бойынша жұмыспен қамтудың ең жоғары деңгейін “6B09 Ветеринария” бағыты (88%), ал жұмысқа орналастырудың ең төмен деңгейін “6B02 Өнер және гуманитарлық ғылымдар” бағыты (71%) көрсеткенін атап өту маңызды», — деді Н. Сақуов.

Оның айтуынша, ең үлкен қызығушылық көрсеткен критерий бірінші жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі түлектердің алғашқы жалақысы болды. 2021 жылғы түлектердің орташа жалақысы 155 621 теңгені құрады және өткен жылғы рейтингтегі түлектердің орташа жалақысынан 41 554 теңгеге немесе 26,7%-ға артық.

Түлектердің ең жоғары орташа жалақысы келесі бағыттар бойынша:

1) Жалпы медицина – 336 222 теңге;

2) Математика (білім) – 283 823 теңге;

3) Орыс тілі мен әдебиеті – 274 098 теңге;

«Жұмыс берушілердің білім беру бағдарламаларына қанағаттануының оң динамикасы бар екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар 3-4 жыл қатарынан білім бағдарламаларын бағалайтын сарапшылар сапаның жақсарғанын атап өтті. Бұл министрлік пен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына өзгерістер енгізу және білім беру процесіне практик-мамандарды тарту жөніндегі қажырлы жұмысының нәтижесі», — деді Н. Сақуов.

ҚР Президенті Қ. Тоқаев: «Білім беру жүйесі қолжетімді және инклюзивті болуы тиіс»

Саладағы өзекті тақырыптардың бірі – инклюзивті білім беру туралы PhD докторы, профессор, ғылым және жоғары білім министрінің штаттан тыс кеңесшісі Таңсауле Серіков сөз қозғады.

«Әрине, “инклюзивті білім беру” термині адамдардың кең санатын қамтиды, бірақ бүгін мен сіздердің назарларыңызды еліміздің жоғары оқу орындарында мүгедектігі бар адамдардың сапалы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуына аударғым келеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, “білім беру жүйесі қолжетімді және инклюзивті болуы тиіс”. Барлық ЖОО-лар мүгедектігі бар адамдарды студенттер қатарына қабылдауға дайын емес екенін мойындау керек. Бұған себеп көп», — деді Т. Серіков. 

Оның айтуынша, бұл бағытта көптеген сұрақтар туындайды. Ғылым және жоғары білім министрлігі мүгедектігі бар адамдарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жол картасын қабылдады. Жол картасын әзірлеуге ЖОО өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, сенат депутаты, ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері қатысты.

Жол картасы бағдарламасының негізгі міндеттері анықталды. Түсіндіру және танысу үшін профессор еліміздің бірнеше отандық жоғары оқу орнына ресми сапармен барды.

Сапар қорытындысы бойынша профессор бірқатар ұсыныс енгізді, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды қолдау және сүйемелдеу орталықтарын ашу немесе Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінде және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде психологиялық қызметтер қатарына инклюзивті білім беру үйлестірушісінің штатын енгізу бар. 

Бұл жоғары оқу орындары өңірлік басымдықтар, жарақтандыру, инфрақұрылымның бейімделуі және білім беру бағдарламасы бойынша таңдалды. Профессор бұл тізімді өңірлік отандық жоғары оқу орындары толықтыратынына сенім білдірді.

«Сонымен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы “ҚР жоғары оқу орындарына арналған инклюзивті білім беру жөніндегі ресурстық консультативтік орталық” ҰО жұмысын жандандыруы қажет», — деді Т. Серіков.

Оның айтуынша, жоғары оқу орындарының қабырғасында мүгедектігі бар адамдарды қолдау орталығын ұйымдастыру немесе инклюзивті білім беру үйлестірушісінің штатын енгізу:

  1. ЖОО-да мүгедектігі бар адамдарға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуді ұйымдастырудың нормативтік-құқықтық базасын құруға;

  2. Мүгедектігі бар адамдардың дамуындағы бұзушылықтардың ерекшелігін ескеретін әдістемелік материалдар, аудио- және бейне кітапханалар банкін қалыптастыру үшін білім беру ресурстарын (баспа және электрондық) құру бойынша бақылау жүргізу;

  3. Мүгедектігі бар адамдарға кез келген оқу орнында өзін жайлы сезінуге мүмкіндік беретін психологиялық ортаны қалыптастыру үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық сүйемелдеу көрсету;

  4. Әлеуметтік әріптестік қағидаттары негізінде жоғары білім беру мекемелерінде мүгедектігі бар адамдарға бірлесіп білім беру мәселелеріне бастамашы болған қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастықты жүзеге асыру;

  5. ЖОО қабырғаларында инфрақұрылымның қолжетімділігін бақылауды жүзеге асыру;

  6. Мүгедектігі бар адамдарға білім беру процесіне қатысты мәселелер бойынша консультациялар беру;

  7. Қажет болған жағдайда сурдоаударма қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар профессор өңірлік жоғары оқу орындарымен жұмыс барысында мүгедектігі бар адамдарды оқыту мен ұйымдастыруға қатысты түрлі проблемалық мәселелер келіп түсетініне назар аударды:

1. Зағип жандар үшін ҰБТ тапсыруды ұйымдастыру;

2. Мүгедектігі бар студенттердің шәкіртақысын көбейту, қазіргі уақытта тек көру және есту қабілеті нашар адамдардың шәкіртақысын ұлғайту ғана қарастырылған;

3. Мүгедектігі бар адамдар үшін грант сомасын ұлғайту мәселесін қарау. Жоғары оқу орындарының жауаптарына сәйкес оларға инфрақұрылым мен білім беру бағдарламаларының қолжетімділігін ұйымдастыру үшін қосымша қаражат қажет;

4. Зағиптарға арналған кітапхана ұйымдастыру;

5. «Қолжетімді Қазақстан» бағдарламасына сәйкес инфрақұрылымның қолжетімділігі жөніндегі сараптамалық комиссияның қорытындысын енгізу және алу қажеттілігі;

6. Мүгедектігі бар адамдарға бейімделген білім беру бағдарламаларының шаблонын әзірлеу;

7. Мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеу үшін ЖОО оқытушыларын даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастыру;

8. Шетелде магистратура мен докторантурада оқу кезінде мүгедектігі бар адамдарды тағылымдамадан өткізу үшін қосымша қаражат бөлуді қарау;

9. Орындаушы немесе басшы мүгедектігі бар адамдарды гранттық жобаларға енгізген кезде инклюзивті оқыту санаттары үшін гранттық жобаларды немесе жеңілдіктерді бөлуді қарау;

10. Жоғары оқу орындарына түсу және оқу кезінде мүгедектігі бар адамдар санатындағы ауыл мектептерінің түлектерін сүйемелдеу және олардың статистикасын жүргізу;

11. Мүгедектігі бар адамдар санатындағы ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру.

«Осы мәселелерді шешуге тек Ғылым және жоғары білім министрлігі ғана емес, жоғары оқу орындарының өзі де қатысуы керек деп санаймын. Мен ректорлар мен министрлікті мүгедектігі бар адамдардың сапалы жоғары білім алуы үшін қолайлы орта құруға қатысуға шақырамын. Мүгедектігі бар адамдар Жаңа Қазақстанның толыққанды азаматы болуға құқылы», — деді Т. Серіков. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу