2025 жылы Ақтөбе облысында халықты сапалы ауыз сумен қамту мәселесі толығымен шешіледі 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысы және атқарылып жатқан бірқатар жұмыстар туралы баяндама жасады. 

 

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы

2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өңірдің экономикалық өсімі 106% деңгейінде қалыптасты.

Жалпы салалар бойынша өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі – 104%, ауыл шаруашылығы – 100,2% инвестициялар – 86,1%, құрылыс жұмыстары – 117,2%, тұрғын үйді іске қосу – 89,5%, көлік және қоймалау – 105,6%, көтерме және бөлшек сауда айналымы көрсеткіші – 111,9%-ды құрады.

Сондай-ақ орташа жалақы 364 мың теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 16%-ға өсті.

 

Инвестиция

Экономиканы дамытудың бірден-бір бағыты – инвестиция саласы. Осы орайда, жыл басынан бері өңір экономикасына 764 млрд теңге инвестиция тартылды. 

Биыл 1 мыңнан астам жұмыс орын құра отырып, 3 жоба іске қосылды, жыл соңына дейін тағы 3 жоба өз жұмысын бастайды. 

«Атап айтсам, биыл ERG компаниясының “Болашақ” шахта құрылысы (1 кезең), Ақтөбе мыс компаниясының “Авангард” кен орнын ашу, игеру және “АҚМЭЗ” майлы дақылдарды өңдеуге арналған астық қоймасын салу жобалары жүзеге асырылды», — деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

  1. Темір кендерін құрғақ магнитті сепарациялау фабрикасын салу, «Беңқала» ТКК» ЖШС (отандық инвестор, құны – 8,5 млрд теңге, 35 жұмыс орны, жылына 2 млн тонна руда);
  2. Жүк автомобильдеріне арналған қондырмалар өндірісі, «Truck Center» ЖШС (800 млн теңге, 40 жұмыс орны, жылына 50 дана);
  3. Қоңыр көмірден органикалық гуминді топырақ жақсартқыш өндіру цехын салу, «Ақтөбе Хюмик» ЖШС (инвестор – АҚШ, құны – 850 млн теңге, 103 жұмыс орны, жылына 4 мың тонна).

Әкімнің айтуынша, алдағы жылдары бірқатар маңызды жобалар іске асырылмақ. Оның ішінде рельсті дәнекерлеу, битум, цемент өндіру зауыттары және тағы да басқа ірі жобалар бар.

Мәселен:

  • Рельсті дәнекерлеу зауыты, «ПЗТМ ЛТД» ЖШС – 21,4 млрд теңге, 297 жұмыс орны (2025 жыл, Ақтөбе қаласы); ағымдағы жағдайы: жер телімі алынды, қазіргі таңда іргетасын құю бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр;
  • Битум зауытының құрылысы, «Батыс битум» ЖШС – 99,6 млрд теңге, 143 жұмыс орны (2025 жыл, Ақтөбе қаласы); ағымдағы жағдайы: қазіргі таңда қаржыландыру көзі қарастырылуда (Қазақстанның даму банкі (БРК) немесе Өнеркәсіпті дамыту қоры (ФРП) арқылы). Осыдан кейін инвестициялық келісімшарт жасасу үшін Инвестициялар комитетіне өтінім беріледі; 
  • Құрамында алтын бар кендерді өңдеу жөніндегі байыту фабрикасы, «AltynEx Company» ЖШС – 207 млрд теңге (2026 жыл, Мұғалжар ауданы); ағымдағы жағдайы: жобалық-сметалық құжаттама уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу сатысында;
  • Цемент өндіру зауыты, «Aqtobe Cem» ЖШС – 70 млрд теңге (2026 жыл, Алға ауданы). ағымдағы жағдайы: бор өндіруге лицензия берілді, Алға қаласында зауыт салу үшін жер учаскесі рәсімделді. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстарына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, диатомды шикізатты өндіру, алкогольсіз сусындар шығару, шыны өндіру сияқты жобалар пысықталу сатысында, мәселен:

  1. Диатомды шикізатты өндіру және терең өңдеу, «Ақ Қарал диатомит өндірісі» – 4,8 млрд теңге (2027 жыл);
  2. Шыны өндіру зауыты, «Aktobe Steklo» ЖШС – 35 млрд теңге (2027 жыл);
  3. Этиленамин шығару, «Chemical Synergy Qazaqstan» ЖШС – 61,5 млрд теңге, жылына 15 мың тонна (2028 жыл);
  4. Алкогольсіз сусындар шығару зауыты, «Кока Кола Алматы Боттлерс» – 35 млрд теңге, жылына 283 млн литр (2026 жыл).

Сонымен қатар инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында Әлия Молдағұлова атындағы Халықаралық әуежай базасында жалпы ауданы 858 гектарды құрайтын Арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құру жұмыстары атқарылып жатыр. Аталған аймақта кемінде 1,2 трлн теңгеге 40-там астам жобаны жүзеге асыру жоспарда бар.

Сондай-ақ Асхат Шахаровтың айтуынша, Хромтау моноқаласында 400 млрд теңгеге 20 жобаны жүзеге асыруға арналған Индустриялық аймақ құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Аталған әр инвестициялық жобаның іске асырылуы жеке бақылауымда және өңірдің инвестициялық әлеуетін дамытуға барлық қажетті шаралар қабылданады», — деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

 

Ауыл шаруашылығы саласы

Маңызды саланың бірі – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Бүгінгі күні облыста ауыл шаруашылығын дамыту бағытында көптеген жұмыс жүргізіліп жатыр.

Биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 15,5 млрд теңге қаражат қарастырылды: мал шаруашылығы – 5,9 млрд теңге, өсімдік шаруашылығы – 1,3 млрд теңге, инвестициялық салымдар – 2,7 млрд теңге, басқа бағыттар – 5,6 млрд теңге.

Көрсетілген мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде осы жылдың 11 айында 333 млрд теңгеге өнім өндірілді (оның ішінде мал шаруашылығы – 174,8 млрд теңге, өсімдік шаруашылығы – 155,2 млрд теңге, орман және балық шаруашылығы – 3 млрд теңге).

Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2 900-ден астам жоба мақұлданып, 15 млрд теңгеге 2 706 жоба бойынша несие берілді. Қалған өтінімдерге қатысты тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Мал шаруашылығы саласында төрт түліктің өсімі орташа есеппен 110%-ды құрады: ірі қара – 119,6%, қой – 100%, жылқы – 118,6%, түйе – 108,3%.

Өсімдік шаруашылығына қатысты айтар болсақ, биыл 403 мың гектар дәнді дақылды алқаптан 559 мың тонна өнім алынды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 130 мың тоннаға артты немесе 30%-ға өсті (2023 жылдың қорытындысы бойынша өнімділік – 429 мың тонна).

Ауыл шаруашылығы саласын бұдан әрі дамыту мақсатында алдағы жылдарда инвестиция көлемі 51 млрд теңгені құрайтын 95 жобаны іске асыру жоспарда бар. Оның ішінде 2024 жылы инвестиция көлемі 1,1 млрд теңгені қамтитын 16 жоба жүзеге асырылды: 9 жоба – мал шаруашылығында (репродуктор), 2 жоба – жылыжай суармалы жерлерін игеру, 2 – қайта өңдеу саласы бойынша, 2 – астық қоймаларын салу және балық шаруашылығын дамыту бойынша – 1 жоба.

Сонымен бірге, агроөнеркәсіп кешені субъектілерін несиелендіру бағдарламасы бойынша шамамен 32 млрд теңгеге 10 жобаны жүзеге асыру көзделген.

«Айс» ЖШС сүт-тауарлы фермасы жобасы бойынша 3,2 млрд теңгеге несие қаржыландырды, 4 жоба бойынша несиелендіру мәселесі қарастырылуда. 

 

Инфрақұрылым

Бұдан әрі Асхат Шахаров Ақтөбе өңірінің инфрақұрылымын дамыту мәселесіне тоқталып өтті.

«Біздің аймақ өзінің географиялық орналасуына байланысты транзиттік әлеуетке ие. Алайда, тұрғындар тарапынан шағымдардың басым бөлігі автожолдардың сапасына байланысты екенін былтыр да баяндаған едім. Осы жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 78%-ға жетті», — деді Асхат Шахаров.

Жергілікті маңызы бар жолдардың сапасын арттыруға биыл 64,5 млрд теңгеге (РБ – 11 млрд теңге, ОБ – 46,6 млрд теңге, ЖБ – 6,8 млрд теңге) 193 жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде 68 жергілікті маңызы бар жол жобасы немесе 125 қалалық және ауылішілік жол жобалары (303 көше) бар.

Жалпы, бүгінде өңірде 500 шақырымнан астам жол жабындысы (асфальт және негіз) төселді.

Әкімнің айтуынша, облыс орталығы Ақтөбе қаласы назардан тыс қалмады. 200-ден астам немесе 47 шақырым көше нормативтік жағдайға келтіріліп жатыр.

«Облыс тұрғындары мен қонақтарының көкейінде тұрған мәселе халықаралық “Самара – Шымкент” автожолының “Ақтөбе – Хромтау” бағытына тоқталғым келеді. Осыдан 1 жыл бұрын өздеріңіздің алдарыңызда осы жобаны бастауға уәде берілді. Бүгінде 2 учаске бойынша барлық қажетті құжаттама әзірленді. Ақтөбе қаласының Өлке тұрғын алабынан Хромтау ауданы, Ақжар ауылына дейін учаскеде 4 жолақты тас жолдың негізін салу және коммуникацияларды қайта құру жұмыстары басталды», — деді Ақтөбе облысының әкімі.

Екінші учаскенің мердігерін анықтау бойынша конкурстық рәсімдер өткізілуде. Ал Хромтау ауданы, Ақжар ауылынан Әйтеке би ауданы, Ұлғайсын ауылына дейінгі учаскелерге қажетті құжаттама әзірленіп жатыр. Ал қаражат бөлінбеген учаскелерге ҚР Көлік министрлігі мен халықаралық қаржы ұйымдары қаражаты есебінен іске асыру жоспарлануда.

Сонымен қатар республикалық «Орталық – Батыс» көлік дәлізінде орналасқан «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» республикалық автожолын орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта жолдың 25 шақырымы пайдалануға беріліп, ҚазАвтоЖолмен бірлесе жұмыс жүргізілуде.

Бұған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Атырау облысымен байланысатын 90 шақырымдық республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қандыағаш» автожолының құрылысы аяқталды.

 

Облысты сумен және газбен жабдықтау

Өңірдің орнықты дамуының негізгі факторларының бірі – сумен жабдықтау. Биыл 2 мыңнан астам тұрғыны бар 7 ауыл сумен қамтамасыз етілді. Бұдан өзге, ауылдарды одан әрі газбен қамтамасыз ету міндеті өзекті болып қала бермек.

Биыл 2 мыңға жуық халқы бар 5 ауылды газдандыру жұмыстары аяқталып, қамтамасыз ету үлесі 95,7%-ға дейін жеткізілді. 

Сонымен қатар 2023 жылы айтылғандай өңірдегі магистральдық газ құбырларының жүктеме мәселесі шешілді.

«Атап айтсам, биыл “Бұхара – Орал” газ құбырының үшінші желісін салу жобасы аяқталу сатысында. Бұл алдағы 50 жылда облыс орталығындағы газ тапшылығын шешуге толық мүмкіндік береді», — деді облыс әкімі.

Жобаны іске асыру нәтижесінде өткізу қабілеті – 526,5 мың м3/сағ құрайды. Бұл өз кезегінде газ тапшылығын жабады, ал қалған газ көлемі 428,5 мың м3/сағ аймақты одан әрі дамыту үшін пайдаланылатын болады.

 

Тұрғын үй салу және іске қосу

«Біздің тағы бір маңызды міндетіміз – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес осы бағытта Үкімет қолдауымен бюджеттен 12,3 млрд теңгеге облыста 827 отбасы пәтермен қамтамасыз етілді», — деді Асхат Шахаров.

Бұл ретте, «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 225 отбасы баспана алды. Оның ішінде, 118 отбасы әлеуметтік осал топтарға жатады.

 

Интернетпен қамтамасыз ету

Сонымен қатар ауыл тұрғындары және жастар үшін өте маңызды мәселе – интернеттің қолжетімді болуы. Жыл аяғына дейін 20 ауылды мобильді интернетке қосу жоспарда бар. Соның нәтижесінде, халықты мобильді интернетпен қамту деңгейі 96,3% құрайды.

Айта кету керек, биыл облыстың барлық мектептері 100% сапалы интернетке қосылған. Оның ішінде 46 ауылдық мектеп Starlink спутниктік технологиялары арқылы интернетке қосылды.

 

Су тасқыны мәселесі

«Баршаңызға белгілі, көктем басталғалы қардың күрт еруіне байланысты облысымызда су тасқыны орын алды. Әрине, бұл қиын кезеңді өткеру Үкімет пен халықтың бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана мүмкін болды», — деді облыс әкімі.

Бұл ретте, Ақтөбе облысы бойынша су тасқыны салдарынан 4 мыңға жуық үй зардап шекті: 4 087 үй, ЖТҚ – 1 468, жалғыз тұрғын үй болып табылатын саяжай құрылыстары – 2 619.

Техникалық тексеру қорытындылары бойынша 1 013 үй апатты деп танылды. Аталған мәселені шешу мақсатында ERG, «Болат Өтемұратов» қоры және BI Group сияқты ірі бизнес өкілдерінің қаражаты есебінен жалпы сомасы 25 млрд теңгеге 500 үй салынып, 513 дайын үй сатып алынды. Сондай-ақ 3 мың тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 9,8 млрд теңгеге өтемақы берілді.

Бұдан бөлек, мемлекет қолдауының арқасында бүгінгі күні 13 білім беру, 2 спорт және 1 денсаулық сақтау нысанын жөндеуге және олардың құрылысына, сондай-ақ 47 шақырым автожолды, 23 көпірді және 22 гидротехникалық құрылысты қалпына келтіруге толық қаржы бөлінді.

Сонымен бірге, су тасқыны салдарынан зардап шеккен 63 шағын орта бизнес өкіліне, қираған 80 мал кешені мен малшы үйлеріне және 493 шаруашылыққа қарасты 11 мыңнан астам мал басына өтемақы төлеуге толық көмек көрсетілді. 

Бюджет қаражаты есебінен – 1,1 млрд теңге, қор есебінен – 561,8 млн теңге, қоғамдық қордан – 0,3 млрд теңге. МІҚ – 2 180 бас, 620,4 млн теңге; ҰМҚ – 8 093 бас, 387,2 млн теңге; жылқы – 1 342 бас, 648,5 млн теңге.

«Жалпы, алдағы уақытта облыс бойынша осындай жағдайларға жол бермеу мақсатында арнайы шаралар қабылданып жатыр», — деді әкім.

 

Білім беру саласы

Әлеуметтік салаға келер болсақ, Ақтөбе өңірінің дамуындағы дәстүрлі маңызды бағыттар – білім беру және денсаулық сақтау салалары.

Қазіргі уақытта өңірде оқушыларға сапалы білім беруді ұйымдастыру басты басымдықтардың бірі, дейді облыс әкімі.

Осыған орай, биыл 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін тағы 2 мектеп құрылысын аяқтау жоспарда бар.

Сондай-ақ алдағы жылдары 11,4 мың оқушыға арналған 14 жайлы мектеп құрылысын аяқтап, іске қосу көзделген. 

Бұған қоса, шалғай ауылдарда жергілікті бюджет және басқа қаржы көздерінен 4,6 мың орындық 15 мектеп салынады.

ЖБ – 3,2 мың орынға 12 мектеп, арнайы резерв – 380 орынға 2 мектеп, жеке инвестициялар – 1 000 орынға 1 мектеп.

 

Денсаулық сақтау саласы

Денсаулық сақтау саласында медициналық қызметтердің сапасын арттыру үшін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 29 жоба іске асырылып жатыр. Соның ішінде қазірдің өзінде 12 нысан пайдалануға берілген. Сондай-ақ жыл соңына дейін тағы 6 нысан іске қосылады.

Бұдан басқа, жеке инвестициялар есебінен Батыс Қазақстан өңірлерін толығымен қамтитын ірі жоба – ядролық медицина орталығымен Orhun Med Limited клиникасының құрылысы жүзеге асырылуда. Нысанды 2026 жылы пайдалануға беру көзделген. 

Қазіргі уақытта денсаулық сақтау министрі мен Orhun Med Limited жеке компаниясы арасында «Қазақстан Республикасының медициналық қызметтері мен денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту» жобасы бойынша инвестициялар туралы келісім жасалды.

Сондай-ақ баспасөз конференциясы барысында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров 2025 жылдағы өңір алдындағы негізгі жоспарларға қысқаша тоқталып өтті.

«Келер жылы өңірдің экономикалық өсімін кемінде 103% деңгейінде қалыптастыру күтілуде. Бұл ретте, өнеркәсіп бойынша 2 трлн теңге өнім өндіретін боламыз. Сондай-ақ облысқа 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартып, 1 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен, 10 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарымызда бар», — деді облыс әкімі.

Өңірдің транзиттік әуелетін бұдан әрі дамыту мақсатында «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» республикалық автожолының 110 шақырымы аяқталады.

Нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесі 80%-ға жеткізіледі. Аталған көрсеткішке жету мақсатында алдағы жылы 46 жобаны іске асыру көзделген.

Сонымен қатар өңір үшін маңызды республикалық «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолының 6 учаскесін қайта жаңарту көзделген.

Бұған қоса, әкімнің айтуынша, инженерлік инфрақұрылым бойынша келесі жылы 5,5 мыңнан астам халқы бар 11 ауылға ауыз су жүргізіліп, таза ауыз сумен жабдықтау мәселесі толықтай шешілетін болады.

Сондай-ақ 9,8 мың халқы бар 24 ауылды газдандыру арқылы газбен қамту деңгейі 96,8%-ға дейін жеткізіледі.

Бұдан басқа, 2025 жылы барлық қаржыландыру көздерінен 975 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда бар. Сондай-ақ «Ақтөбе жастары» бағдарламасы аясында 70 жас отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.

Әлеуметтік сала бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына сәйкес 11 нысан жүзеге асырылады. Сондай-ақ 7 денсаулық сақтау нысанның құрылысы жүргізіледі.

Білім нысандары бойынша 3 үш ауысымды, 2 апатты мектеп мәселесін шешу мақсатында алдағы жылда 16,4 мың оқушыға арналған 27 жаңа мектеп салынады. Бұдан бөлек, балаларға арналған 300 орындық балабақшаның құрылысы басталады.

«Алдағы жылы 27 ауылды интернетпен қамтамасыз етіп, қамту деңгейін 98,8%-ға дейін жеткізіміз. Сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдардың 340 шақырымында мобильді байланыспен қамтитын 17 мұнара орнату жоспарымызда бар. Қорытындылай келе, қазіргі уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты. Барлық өзекті сұрақтар – өзімнің жеке бақылауымда», — деп Асхат Шахаров баяндамасын тәмамдады. 

#Ауыл шаруашылығы #АӨК #Баспасөз конференциясы #Білім беру #Денсаулық сақтау #Инвестициялар #Инфрақұрылымдық даму #Экономика

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу