«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының негізіне айналады

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарының жүргізілуі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова баяндама жасады.

Жиын барысында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан соңғы жылдары Министрлік білім беру ұйымдарындағы тәрбие ісіне ерекше назар аударып, педагогтер мен ата-аналарды өскелең ұрпақты еліміздің адал азаматы ретінде қалыптастыруға жұмылдыру ісіне баса мән беріп отырғанын жеткізді.

«Бұл мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмыстары жүйеленіп, балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған нақты бетбұрыс жасалды. Тапсырманы орындау аясында Оқу-ағарту министрлігі қоғам өкілдері мен сала мамандарының, білікті педагогтер мен тәрбие саласында еңбек етіп жүрген білім қызметкерлерінің қатысуымен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын әзірледі», — деп мәлімдеді ҚР оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

Оның айтуына қарағанда, жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыруға тікелей жауапты министрліктің Тәрбие ісі жөніндегі департаменті құрылған. 

Бағдарлама 2023 жылы пилоттық режимде енгізіліп, 2024 жылы мазмұны толықтай жаңартылып барлық білім беру ұйымдарында іске асырыла бастады. 

«Аталған жұмыстарға еліміздегі бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, жүйеленген тәрбие жұмыстарында өзіндік тәжірибесі бар «Білім инновация лицейі» мектептерінің желісі белсенді қатысқанын атап өткім келеді. Қазіргі уақытта еліміздегі 20 мыңға жуық балабақша, 7 мыңнан аса мектеп және 700-ден аса колледж осы Тәрбие бағдарламасын іске асыруда. Бағдарламаның өзегі «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» идеологиялық үштағанымен астасып жатыр. Оның мазмұны ел Президенті атап көрсеткен, ұлттың жаңа келбетін қалыптастыратын алты құндылыққа сәйкес жүйеленген», — деді вице-министр.

Бурабайда 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында Мемлекет басшысы «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды екенін атап өтіп, құрылтай мүшелері алдағы уақытта бұл бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынғанын және бұл ұсыныспен толық келісетінін баса айтқан болатын.

«Адал азамат» тәрбие бағдарламасы еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошақтарында, оның ішінде жекеменшік барлық білім беру ұйымына енгізіліп, іске асырылады.

«Адал азамат» бағдарламасының түпкі мақсаты – қоғамның мызғымас тірегі, отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу, әділеттіліктің, адамгершіліктің, жауапкершілік пен еңбексүйгіштіктің айқын бейнесі болатын адал азамат қалыптастыру.

« “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы тек қана білім беру ұйымдарындағы ғана емес, барлық мемлекеттік ұйымдардағы тәрбие жұмысына қатысты іс-қимылдың негізіне айналады. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі осы жұмыстарды бағдарлама аясында біріздендіруді жүргізуде. Бағдарлама мазмұнына сәйкес білім ұйымдарындағы тәрбие процесі құндылыққа және құзіреттілікке бағдарланған тәсілдер арқылы іске асырылады. Құндылықтарды бала бойына сіңіру олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес, танымдық, практикалық және эмоционалды компоненттерді қамту арқылы жүргізіледі. Танымдық компонент – әрбір құндылықтардың мәні мен мазмұнын ұғынуды қамтамасыз етеді. Практикалық компонент – балалардың осы құндылықтарды іс жүзінде нақты әрекеттер арқылы іске асыруына мүмкіндік береді. Ал эмоционалды компонент – бұл құндылықтардың өмірлік әдетке, күнделікті дағдыға айналдырады», — деп түсіндірді Еділ Оспан.

Осыған орай мақсатта құндылықтар пән мазмұнына, сынып сағаттары мен сыныптан тыс тәрбие шараларына жүйелі түрде интеграцияланған. Жаңадан бекітілген Жалпыға міндетті білім беру стандартында бағдарлама құндылықтары базалық құндылықтар ретінде айқындалған.

Тәрбие жұмысы аталған тұжырымдамаға негізделген 6 жоба аясында жүргізілуде. Сонымен қатар Министрлік мемлекеттік органдардың тәрбие жұмысына қатысты іс-қимылын Бағдарлама аясында біріздендіруді жүргізеді. Бүгінде, мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Денсаулық сақтау, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктері және басқа да мемлекеттік органдар тарапынан ұсынылатын шаралардың барлығы тәрбие бағдарламасына сәйкестендіріліп, жүйеленуде.

Сынып жетекшілерінің біліктілігін арттыра отырып, оқушылар және ата-аналармен жұмысты одан әрі нығайту қолға алынады. Бұл ретте ата-аналармен жұмыс маңызды рөл атқаратынын атап өту қажет. Бүгінде 6,8 мың мектепте Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылған. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – барлық баланы қамтитын және жалпыұлттық сипаттағы, стратегиялық мәні бар ұзақмерзімді құжат. Бағдарламаны дамыту бірнеше кезеңді қамтиды. Биыл Бағдарлама аясында барлық қатысушыны тартып, жекеменшік мектептермен жұмыс күшейеді.

«2026 жылы Бағдарламаны қоғамға кеңінен тарату үшін пәрменді шаралар қабылданады. Бұл Бағдарламаның тиімділігін арттырып, қазіргі сын-қатерлердің алдын алуға және оның кері ықпалдарын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, “Адал азамат” тұжырымдамасының құндылықтарын ескере отырып, мектептердің бірыңғай дизайн-коды әзірленеді», — деді спикер.

Оның айтуынша, отандық және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, мектептің ішкі экожүйесі тәрбиемен ұштастырылып, қолайлы кеңістік қалыптастырылады. Тәрбие көру арқылы жүзеге асады. Мұны халықаралық зерттеулер де нақты дәлелдеп отыр. «Білім ордасы – үшінші ұстаз» деген тезис ғалымдар арқылы мойындалған. 

«Осы ұғымды негізге ала отырып, мектептің ішкі кеңістігі құндылықтарды айшықтайтын бейнелермен, пайдалы мәліметтермен, нақыл сөздермен безендіріледі. Бағдарлама бала тәрбиесіне жаңа серпін беріп, қоғамдағы тәрбиенің темірқазығы болуға бағытталған идеологиялық құжат ретінде қалыптасып келеді. Оның идеологиялық қуаты тек білім алушылармен ғана шектелмей, тұтас қоғамды қамтиды деп сенеміз», — деді оқу-ағарту вице-министрі.

Өз кезегінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жұмыстың бағыт-бағдары туралы баяндады.

Бағдарламаның негізгі тетігі – күнделікті, апта және ай сайын жүйелі іске асырылатын қадамдар. Мысалы, білім алушылардың үзіліс кезіндегі бос уақытын асық, тоғызқұмалақ, бес тас ойнату арқылы ұйымдастыру, ал қоңырау орнына күй ойнату – мәдени мұраны сезінуге жол ашады. «Үнемді тұтыну» жөніндегі күнделікті жаднамалар білім алушылардың экологиялық мәдениетін дамытады.

«Әр оқу аптасын Әнұранмен бастау – тәуелсіздік пен отаншылдық рухын бекемдей түседі. Апта дәйексөздері білім алушыларды нақты құндылықтарға үндеп, сабақтан тыс уақыттағы әрекетін соған бағдарлайды. Сондай-ақ әр сынып сағатының 10 минуты білім алушылардың жеке қауіпсіздігіне арналып, “Қауіпсіздік сабақтары” аясында техногендік және табиғи апаттардан, интернет пен басқа да денсаулыққа төнетін қатерлерден қорғану дағдыларын дамытады. Ай сайын зиянды әдеттердің алдын алу шаралары жүйелі ұйымдастырылады. Сабақтан тыс тәрбие жұмыстары жүйеленіп, 6 жобаны іске асыруға бағытталды», — деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов.

Білім алушыларды жауапкершілік пен мейірімділікке баулитын «Қамқор» жобасы аясында еліміздің 3 млн-нан астам білім алушы «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, сенбіліктер ұйымдастырды; 2,1 млн-ға жуық көшет отырғызды. 

Шығармашылық пен өнердің әлеуеті арқылы тәрбиелеуді көздейтін «Шабыт» жобасы аясында 1 млн білім алушы домбырада күй күмбірлетсе, 6-18 жас аралығындағы 13 мыңнан астам бала «Әншуақ» фестиваліне қатысты. Одан бөлек, «Даналық ұстаздан», «Республикам – мақтанышым!», «Жетістігім – еліме!», «Алғыс айту күні», «Ананың аялы алақаны» челлендждері өткізілді.

Жеткіншектерді түрлі мамандықтарға баулып, еңбексүйгіштік дағды қалыптастыратын «Еңбегі адал – жас өрен» жобасы аясында 1,3 млн білім алушы қатысқан «Мамандықтар әлемі», «Мамандықтар марафоны» байқаулары ұйымдастырылды. Сондай-ақ 719 мың білім алушыны қамтыған «Күзгі асар» жәрмеңкесі өткізілді.

«Жаңашылдыққа жетелеп, инновацияға ынталандыратын «Smart bala» жобасы аясында білім алушылар инновациялық өнімдер әзірлеп ұсынуда. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының №1 мектеп-лицейінің білім алушылары Иван Грибенщиков, Артемий Нечаев “Ақылды смарт сөмке”, Павлодар облысының 6 сынып оқушысы Сыздық Ернұр зағип балаларға арналған Smart бойтұмар жасаған. Ақтөбе облысында 10 сынып оқушысы Нағашыбаева Жансая қоршаған ортаны зиянды қоспадан қорғауға арналған құрылғы моделін жасап шығарды. Бұл біздің креативті балаларымыздың жекелеген мысалдары ғана, осындай бастамаларды қолдау жүйесін құру барлық жеткіншектерді жаңашылдыққа ынталандырады», — деді білім беру департаментінің директоры.

Сонымен қатар «Балалар кітапханасы» білім алушылардың оқу сауаттылығы мен оқырмандық мәдениетін өркендетіп, рухани кемелдікке бастайтыны айтылды. Оның аясында жас оқырмандарға ұсынылатын 2,6 мыңға жуық кітап іріктеліп, тізімі бекітілді. Бүгінде бұл тізімге сай кітапхана қоры толықтырылуда. Бағдарлама шеңберінде мектеп кітапханасының қорын жыл сайын 2 млн данаға көбейту көзделіп отыр (2023 жылы -131 млн болса, 2024 жылы – 139 млн, 2025 жылы – 141 млн арттыру жоспарланды). 

Былтырдан бастап балалар кітапханасы порталы іске қосылды. 2025 жылы ақпан айында аталған жоба аясында «Шын жүректен кітап сыйла» челленджіне 700 мыңнан аса білім алушы қатысып, бір-біріне кітап сыйлады. Бұл бастама оқырмандық мәдениетті дамытуға, білім алушылар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға оң ықпал етеді. 

Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі – бүгінде дәстүрге айналып үлгерген «Күй күмбірі» акциясы. 20 наурыз күні сағат 11-де барлық мектепте бір уақытта күй ойналады. Оған 1 млн-ға жуық оқушы мен педагог қатысады деп күтілуде.

Соған қоса, балалардың көктемгі демалыс уақытын мазмұнды ұйымдастыру ісі жолға қойылған. Каникул уақытында мектептерде үйірмелер мен секциялар жұмыс істеп, қосымша іс-шаралар өткізіледі. Балалар әр айдың үшінші жексенбісінде және каникул уақытында музейлерге тегін бара алады. Оған қоса, театрларда балаларға арналған қойылымдар ұйымдастырылады. 

Биылғы көктемгі демалыстың басты ерекшелігі – «Қазақфильмнің» алтын қорындағы фильмдер мен анимациялық фильмдерді мәдениет және білім беру ұйымдарында тегін ұжымдасып тамашалау мүмкіндігі жасалып отыр.

«Бұл жұмыстар – болашаққа бағытталған ауқымды істердің бастамасы ғана. Бағдарлама балаларымыздың парасатты, әділетті әрі жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасуына жол ашып, ел дамуын жаңа белестерге шығаратын күшке айналады деп сенеміз», — деді Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов.

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы туралы айтып, бүгінде білім беру ұйымындағы тәрбие жұмысын сапалы іске асыру үшін Бағдарламаның мазмұнын ашып көрсететін әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатқанын жеткізді. 

«Бұл бағдарлама – алдын ала жоспарланған, құрылымдық жүйесі мен нақты бағыттары айқындалған маңызды құжат. Бағдарлама құрылымы, мазмұны және оны іске асыру тектіктері тәрбиенің экожүйесіне негізделеді. Сондықтан Бағдарлама үш деңгей арқылы, яғни білім беру ұйымы, педагогтердің және отбасымен ынтымақтастық деңгейлерінде іске асырылады», — деп атап өтті Анар Тәңірбергенова.

Мысалы, зерттеулерде мектеп өміріне отбасы, қоғамдық қауымдастықтың қатысуы құндылыққа негізделген білімді күшейтіп, этикалық мінез-құлық пен әлеуметтік жауапкершілікті арттырады (Groff, J. 2013) деген тұжырым жасаса, бұл тұжырымға қайшы пікірді J.Van den Akker өз зерттеулерінде отбасы мен мектеп арасындағы құндылықтардың (мәдениетаралық, конфессияаралық, әлеуметтік әртүрлілік т.б.) өзара сәйкес келмеуі, яғни құндылыққа негізделген білімнің толыққанды жүзеге асуына қиындық келтіретіндігін ескеруді ұсынады. 

Сондықтан да бала тәрбиесінде ортақ ұстанымдар болу үшін 2023 жылдан бері барлық білім беру ұйымдарының жанында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары» ашылды. Қазірде 7 мыңға жуық мектепте табысты қызмет етуде. 

Осы орайда халықаралық зерттеулерден де тілге тиек ете кетуге болады. Зерттеулерде мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастық, ата-ананы мектептегі тәрбие жұмысына тарту баланың академиялық үлгеріміне оң ықпалы бар екендігі айтылады. 

Мысалы, PIRLS-2016 халықаралық зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес ата-аналары балаларымен жүйелі түрде айналысатын оқушылардың баллы ата-аналары балаға сирек көңіл бөлетін оқушыларға қарағанда 24 баллға, оның оқуына қатыспағандарға қарағанда 110 баллға жоғары болды.

PIRLS-2021 зерттеуінде мектеп өміріне белсенді араласқан ата-аналардың балаларының көрсеткіші 16 баллға жоғары болса, TIMSS-2023 37 баллға жоғары екендігін көрсетеді.

«Бағдарламаның іске асырылуын жүйелі бағалау мақсатында педагогтер мен ата-аналар арасында сауалнама жүргізілді. Бірінші және екінші тоқсан қорытындысы бойынша сауалнамаға 270 мыңға жуық ата-ана мен 50 мың педагог қатысты. Сауалнамаға қатысқан педагогтердің 82%-ы бағдарлама сынып жетекшісі ретінде кәсіби дамуына оң әсерін тигізетінін атап өткен. 84%-ы бағдарлама оқушылардың белсенділігінің артуына оң ықпал еткенін және 71%-ы мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықтың нығая түскенін көрсеткен», — деді Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті.

Ал, сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 67%-ы бағдарламаға оң көзқарасының қалыптасқанын, 89%-ы бағдарламаның бала мінез-құлқына жағымды әсер еткендігін айтқан. Жалпы, сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 61%-ы бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін мектеппен бірлесіп әрекет етуге ынталы екендігін көрсетті. Осы уақытқа дейінгі зерттеулерге қарағанда ата-аналардың мектеппен бірлесіп әрекет етуі 20%-ға артқан.

Бүгінде білім беру ұйымындағы тәрбие жұмысын сапалы іске асыру үшін Бағдарламаның мазмұнын ашып көрсететін әдістемелік ұсынымдар әзірленуде. Әдістемелік ұсынымдар мектеп әкімшілігіне, педагогтерге, ата-аналарға арналады. Мектеп әкімшілігі, педагогтер мен ата-аналар үшін арнайы әзірленіп жатқан әдістемелік ұсынымдар бағдарламаны нақты іске асырудың тиімді тәсілдерін ұсынады, бірлескен әрекеттер жауапкершілікті айқындайды. Бұл құралдар әр қатысушыға тәрбие үдерісінің мақсаты мен мазмұнын түсінуге, өзара тәжірибе алмасып, балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Ұсынылатын әдістемелік құралдарда сынып сағаттарының үлгілері, бағдарлама аясындағы жобаларды іске асырудың педагогикалық әдіс-тәсілдері кеңінен қамтылған.

«Бағдарлама мазмұны – “Адал азамат” идеясына негізделген, яғни, халқымыздың бірлігін, әділеттілікті және адал еңбекті ұлықтайтын болашақтың берік іргетасы. Ортақ құндылықтарды ұстанып, біртұтас әрекет еткенде ғана біз ұрпақты жауапкершілігі жоғары, адамгершілігі зор, отансүйгіш тұлға етіп тәрбиелей аламыз», — деп түйіндеді сөзін вице-президент.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу