«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы: мектеп – бала – ата-ана үштігінің ынтымағын нығайтуға ерекше назар аударылады

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Адал азамат»: отбасы, мектеп және қоғам үндестігі – жаңартылған тәрбие бағдарламасы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Жиынға ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова қатысты.

Мемлекет басшысының 2025 жылғы 14 наурыздағы Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын орындау мақсатында қолданыстағы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы болып өзгертілді.

Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақовтың сөзінше осыған дейін бағдарлама 2023 жылы пилоттық режимде басталып, 2024 жылы толықтай білім беру ұйымдарына енгізілген. Қазіргі уақытта еліміздегі 11 мыңнан аса балабақша, 8 мыңнан аса мектеп және 700-ден аса колледж бағдарламаны жүзеге асыруда.

Биыл бағдарлама жаңа атауда жалғасады және бірқатар жаңашылдық болады. 

«Бірінші Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бағдарлама меншік түріне қарамастан, барлық білім беру ұйымдарына таратылуда. Яғни, жеке меншік мектептер де «Адал азамат» бағдарламасы бойынша тәрбие жұмысын өткізеді. Бұл мектептердің тәрбие жөніндегі мамандары мен педагогтері үшін арнайы курстар өткізілді. Екіншіден, ата-аналар комитеттерінің қызметін трансформациялауды бастадық. Бұл ретте ата-аналар комитеттері мектептің, ұстаздардың сенімді серіктесі ретінде тәрбие жұмысына белсенді араласып, ұрпақ тәрбиесіне қатысты жауапкершілікті бөлісетін болады. Осы ретте Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының жұмысы одан әрі жандандырылып, мектеп – бала – ата-ана үштігінің ынтымағын нығайтуға ерекше назар аударылады. Үшіншіден мүдделі мемлекеттік органдардың оқушылардың тәрбиесіне қатысты бастамалары бағдарламаға кіріктірілді. 14 орталық мемлекеттік органмен бірлескен жоспар әзірленді. Бұл қадам тәрбие жұмысын біріздендіруге, әрі тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Мысалы, құқық қорғау органдары, медицина ұйымдары мамандарымен бірлескен шаралар жүйелі ұйымдастырылуда. Төртіншіден бағдарлама мазмұнына сәйкес бірыңғай дизайн код әзірленді. Арнайы брендбукқа сәйкес мектептің ішкі безендірілуі қолға алынды. Бұл білім ортасын үшінші ұстаз ретінде қолдануға мүмкіндік береді», — деді Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры.   

Бағдарламаның 6 құндылығын айшықтайтын безендіру үлгісі әзірленді. Безендіру барысында күнделікті дағдыларды, жақсы әдеттерді қалыптастыратын суреттер мен сөздер қолданылады. Пән кабинеттері жас ерекшеліктеріне және пәннің бағыт-бағдарына байланысты безендірілетін болады. Қазақстанның көрікті табиғи, тарихи орындарының суреттері қолданылады. Әлемдік деңгейдегі тарихи тұлғалар, ойшылдарымыздың бейнелері мен сөздері ортақ кеңістіктерде қолданылады. Осы орайда ескеретін жайт, брендбук динамикалық құжат болып саналады – алдымен, мектептердің ерекшелігіне, сыйымдылығына сәйкес әрбір білім беру ұйымы безендіруде үлгілерді дербес таңдайды және тәрбие жұмысының заманауи талаптарына сәйкес үнемі толықтырылып, жетілдіріліп отырады.

Бұл бірыңғай дизайн-кодты кезең-кезеңмен енгізу көзделген. Алдымен, құрылысы жүріп жатқан білім беру ұйымдарында қолданылуда. Екінші кезекте, реновация жүргізілетін 1300 мектептің қабырғасында қолданылады.  Үшінші кезеңде, қалған мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының аясында қолдану ұсынылған.  

Жалпы, «Адал азамат» бағдарламасы аясында ауқымды 6 жоба іске асуда. 2024-2025 оқу жылында  атқарылған шараларға тоқталып өтсек.

  • Білім алушыларды жауапкершілікке, мейірімділікке және экологиялық мәдениетке баулуға бағытталған «Қамқор» жобасы аясында 3 млн-нан астам оқушы «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысқан. 
  • Мектептерде әзірленген үздік экожобалар «Tazalike» айлығының қорытынды шарасында Мемлекет басшысына таныстырылған.
  • «Түлектердің ағаш егу челленджіне» қатысқан 185 мыңнан астам түлек көшет отырғызды. 
  • «Шабыт» жобасының аясында «Күй күмбірі» челленджіне 1 млн білім алушы, «Ананың аялы алақаны» челленджіне 1,2 млн білім алушы қатысты. 
  • Балаларға арналған әндердің республикалық «Әншуақ» фестивалі екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып, мәдени, тәрбие беру бағытындағы маңызды жобаға айналып келеді. Әлеуметтік желілерде #Әншуақ #Әншуақ2025 хэштегтерімен 22 мыңнан астам балалар әндері жарияланды. Жалпы қаралым саны 18 млн-нан асты. 
  • «Еңбегі адал жас өрен» жобасы аясындағы «Мамандықтар әлемі» бастамасы 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясындағы мақсаттармен өзара сабақтастықта жүзеге асырылды. Жоба аясында 300 мыңнан астам білім алушы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпаратпен қамтылып, әртүрлі байқауларға, шеберлік сабақтары мен басқа да танымдық іс-шараларға белсенді түрде қатысты.  
  • «Ұшқыр ой алаңы» жобасы бойынша дебат клубтарының қызметі жолға қойылды. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында 7,6 мың дебат клубы жұмыс істейді, 194 мың білім алушы қамтылған.
  • «Smart бала» жобасы бойынша білім алушылар түрлі әлеуметтік, инновациялық жобаларын ұсынады. Өткен оқу жылында 208 жоба әзірленді. 

Сонымен қатар Қостанай қаласы №17 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақбота Ермағанбетова көркем әдебиетті оқушыларға комикс түрінде ұсыну арқылы жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізді. Мұндай бастамалар биыл да жалғасын тауып, инновация мен шығармашылықты дамытуға жол ашады, ал жас буынды ғылымға баулиды.

Спикердің сөзінше «Балалар кітапханасы» жобасы аясында ұсынылатын әдебиеттер тізімін толықтыру туралы Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғарғы білім министрліктерінің бірлескен бұйрығы бекітілген, оған 2580 атау енгізілген. 

«Мектеп кітапханаларының қоры көркем әдебиетпен толықтырылып, қазіргі таңда 141 млн данадан асты. Бірқатар мектеп күн сайын сабақ алдында міндетті түрде кітап оқуды дәстүрге айналдырды. Мектеп кітапханаларының жанынан 440 заманауи коворкинг-орталық ашылып, жұмыс істеп жатыр. 15 тамызда өткен дәстүрлі республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы ұрпақ тәрбиесіне қатысты нақты тапсырмалар берді», — деді ол.

Соған сәйкес жаңа оқу жылында тәрбие жұмысының негізгі өзегі – «Адал азамат» құндылықтарын әрбір білім алушының бойына дарыту, білім мен тәрбиенің бірлігін қамтмасыз ету, еңбекқорлық пен адалдықты өмірлік бағдар ету, сондай-ақ заң мен тәртіптің үстемдігін нығайту болып саналады.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – алдын ала жоспарланған, құрылымдық жүйесі мен бағыттары айқындалған маңызды құжат екенін тілге тиек етті. 

«Бағдарламаның сапалы жүзеге асырылуына әдістемелік қолдау көрсету мақсатында әдістемелік құралдар әзірленді. Ол тәрбие орынбасарларына, сынып жетекшілерге қолжетімді. Өткен оқу жылында тәрбие жұмысын ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін талқылау және тәжірибеде тиімді қолдану жолдарын анықтау үшін білікті ғалымдар, тәжірибелі педагогтер мен қоғам белсенділері қатысты. Әр тоқсан сайын мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілер және ата-аналар арасында сауалнамалар жүргізілді. Сауалнама  тәрбие жұмыстарының нақты, объективті жай-күйін зерделеуге мүмкіндік берді. Былтырғы оқу жылында 5 мыңнан аса сынып жетекшілер мен 300 мыңға жуық ата-ана сауалнамаға қатысып өз пікірлерін білдірді», — деді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова. 

Жалпы алғанда, «Адал азамат» бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға, ата-аналарды тартуға және оқушылардың құндылықтық дамуына нақты ықпал етіп отыр. Бағдарламаның әлеуеті халықаралық деңгейде мойындалып, оның жас ұрпақты үлкен өмірге дайындаудағы стратегиялық рөлі айқындалды.

#Білім беру #ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу