Әділет министрлігі цифрлық жобалар арқылы азаматтардың құқықтық қажеттіліктерін оңайлатуда

Әділет министрлігі тұрақты түрде негізгі функцияларды цифрландыру және автоматтандыру бойынша шаралар қабылдауда. Осы мақсатта Digital Justice – Цифрлық әділет жобалар портфелі іске асырылып жатыр. 

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков қазіргі кезде іске асырылған және асырылу үстіндегі жаңа цифрлық жобаларға тоқталып кетті. 

Нотариаттық қызмет бойынша «Цифрлық нотариат» жобасы

2023 жылдың сәуір айынан бастап сенімхаттар, кеңестер мен ерлі-зайыптылардың келісімі сияқты бірқатар нотариаттық қызмет онлайн форматқа көшірілді. Енді азаматтардың бұл қызметтерді нотариусқа бармай-ақ бейнеқоңырау арқылы онлайн түрде алуға мүмкіндіктері бар. Барлық жинақталған құжатты «Цифрлық құжаттар» сервисінде көруге болады. 

«Клиентті сәйкестендіруді биометрия құралын қолдану арқылы жобаны іске асырдық. Бұл сыртқы бейнелері ұқсас адамдарды сәйкестендіруде жіберілетін қателіктерді болдырмауға мүмкіндік береді. Ақпараттық қауіпсіздік мақсатында клиент SMS-код немесе ЭЦҚ түрінде қосымша екі кезеңдік аутентификациядан өтеді. Жоба іске қосылған сәттен бастап 138 мыңнан астам цифрлық сенімхат және ерлі-зайыптылардың 48 мыңнан аса келісімі ресімделді. Аталған жоба Мемлекет басшысы мен Премьер-министрге “Digital Bridge” халықаралық форумында көрсетілді. Жоба бойынша қызмет алушылардан жақсы пікірлер алдық», — мәлімдеді спикер.

Сонымен қатар адвокаттық, нотариаттық, сот-сараптамалық қызметпен, жеке сот орындаушысы мен патенттік сенім білдірілген өкілдің қызметімен айналысу құқығына «аттестаттау реинжинирингі» бойынша жоба табысты іске асырылуда.

Бұл жобада ауызша комиссиялық әңгімелесу ситуациялық кейстермен ауыстырылды. Осылайша, бүгінгі күні аттестаттау рәсімінің қолжетімділігі мен ашықтығы қамтамасыз етілді және мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері қысқартылды. «Аттестаттау реинжинирингі» өткен жылдың мамыр айында Астана, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында іске қосылды. 2023 жылғы желтоқсан айынан бастап жоба бүкіл республика бойынша таратылды. Бүгінгі таңда 5495 үміткер аттестаттауға жіберілді, оның ішінде 1128 үміткер аттестаттаудан өтті.

Атқарушылық іс жүргізуді цифрландыру бойынша жобалар іске асырылуда

Кредиттеу кезінде тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын және атқарушылық іс жүргізуді реттеуді жетілдіру мақсатында Мемлекет басшысы оңайлатылған іс жүргізу институтын енгізуді көздейтін – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқығын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тиісті Заңға қол қойды.

Вице-министрдің айтуынша, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңға сәйкес атқарушылық іс жүргізудің міндеттері азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша сот шешiмдерiнің, ұйғарымдардың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша нұсқамалар мен қаулылардың, мүлiктiк өндiрiп алу бөлiгiнде қылмыстық iстер бойынша үкiмдер мен қаулылардың, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi және уақтылы қолдану атқарушылық iс жүргiзудің мiндеттерi саналады.

Мемлекет кірісіне 20 АЕК-ке дейін өндіріп алу туралы оңайлатылған іс жүргізу атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы адамның араласуынсыз (цифрлық сот орындаушысы) жүзеге асырылады. Биылғы 20 тамызда Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық сот орындаушысының функционалы іске қосылды, ол атқарушылық құжаттарды орындау бойынша процестік әрекеттерді дербес жүргізеді. Осы саланы цифрландырудан басқа азаматтарға жылына 5 млрд теңгеге жуық жеке қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Мұндай мүмкіндік халыққа Әділет министрлігінің бастамасымен оңайлатылған іс жүргізудің жаңа институты аясында ұсынылады. Егер бұрын қарызды уақтылы өтемеген жағдайда, азаматтар жеке сот орындаушысына айыппұл сомасының қосымша 25%-ына дейін төлеуге мәжбүр болса, енді азаматтар осы шығындардан және оларға барудан босатылады. Осылайша, оңайлатылған іс жүргізу қозғалғаннан кейін азаматтар 1414-тен SMS-хабарлама және EGovMobile-да push-хабарламалар алады, сондай-ақ Kaspi.kz қосымшасында іс бойынша толық ақпарат алуға мүмкіндіктері бар. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін барлық қамтамасыз ету шараларын автоматты түрде алып тастай отырып, берешекті онлайн төлеу қолжетімді болды. Яғни, адам факторы толығымен алынып тасталады», — деді Бекболат Молдабеков.

Қазіргі   уақытта   роботпен   230782   атқарушылық іс жүргізілді, 941 271 929 теңге сомасына 117219 іс төленді. Осы жылдың 18 қаңтарында бұл жоба Тараз қаласы бойынша сынақтан өткізілді және азаматтардың ақшалай міндеттемелерін төмендету, қағаз тасығыштан толық бас тарту және атқарушылық іс жүргізуді орындау процесінде адами факторды алып тастау арқылы оң нәтиже көрсетті.

Азаматтарға «Е-заң көмегі» жүйесі арқылы іске асырылатын заң көмегін көрсету бойынша үдерістерді автоматтандыруға айтарлықтай мән берілуде

Бұл жүйе адвокаттық қызметті және заң кеңесшілерінің қызметін автоматтандыруға арналған. «Е-заң көмегі» мобильдік қосымшасы арқылы кеңес беру қызметі онлайн режимде қамтамасыз етуді іске асырды (онлайн құқықтық консультация беру, қоңырау шалу бойынша консультация беру, консультация беру уақытын белгілеу, азаматтардың жеңілдетілген санатына жататын түпнұсқалығын тексеру). Жақсартылған интерфейсі бар IOS және Android жүйелеріне арналған жаңа мобильді қосымша платформасы әзірленді.

Сондай-ақ Министрлік биыл құқықтық сауатты арттыру және құқықтық кеңес алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында «Е-заң көмегі» мобильдік қосымшасында жасанды интеллектпен чат-ботты енгізуді жоспарлап отыр. Бұл азаматтарға 24/7 режимінде өздерін қызықтыратын құқықтық сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар неғұрлым егжей-тегжейлі түсіндіру қажет болған жағдайда құқықтық ақпараттық қызмет операторымен кеңесу немесе мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде білікті заң көмегін алу үшін бейнеқоңырау қолжетімді болады.

«Заңды тұлғалардың цифрлық сенімхаттары» жобасы

Биылғы маусымда Әділет министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп «eGovMobileBussiness» мобильдік қосымшасында «Заңды тұлғаның цифрлық сенімхаты» қызметін іске қосты. Аталған қызмет ұйым басшыларының өз қызметкерлеріне сенімхаттар ұсыну процесін айтарлықтай қысқартады әрі тездетеді. Бұрын заңды тұлғалардың басшылары сенімхаттарды тек қағаз түрінде рәсімдеді, бұл көлікке және кеңсе тауарларына белгілі бір уақыт және қаржы шығындарын талап ететін, сондай-ақ мұндай сенімхаттардың заңдылығын тексеру мүмкіндігі болмады.

«Енді заңды тұлғалардың басшылары онлайн түрде электрондық-цифрлық қолтаңбаны қою арқылы өз қызметкерлеріне жеңіл әрі қауіпсіз түрде сенімхаттарды бере алады, бұл ұйым ішіндегі өзара іс-қимылды тиімді, ашық және ыңғайлы етуге ықпал етеді. Онлайн сенімхаттар компания атынан жедел әрекет етуге мүмкіндік бере отырып, сенімхаттарды басқарудың заманауи және қауіпсіз тәсілі болып табылады», — деді Министрлік өкілі.

Halyk қосымшасы арқылы іске асырылатын «Цифрлық келісімдер» жобасы

Осы жылдың тамызында Әділет министрлігі Halyk Bank және Республикалық нотариаттық палатасымен бірлесіп, Halyk мобильді қосымшасында ерлі-зайыптылардың келісімін онлайн-рәсімдеу бойынша қызметті іске қосты. Цифрлық  келісімдер  ресми  деңгейде  танылады  және  Halyk  қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» бөлімінде автоматты түрде шыға отырып, мемлекеттік ақпараттық жүйеде сақталады.

Бұл қызмет жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату туралы мәмілені жасауға, ипотеканы, несиені және тағы басқаларды рәсімдеуге қажет. Аталған қызметтің негізгі артықшылықтары – азаматтарға қолайлы қызметті арттыру, жоғарғы қауіпсіздік деңгейі, даулы жағдайдарды болдырмау мақсатында процеске қатысушылардың іс-әрекеттері тіркеледі, уақыт және қаражат үнемделеді. Сондай-ақ «цифрлық келісімді» eGov қосымшасы арқылы рәсімдеуге болады.

Өткен жылдың наурыз айынан бастап «Үй басқармасы» қосымшасы арқылы мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) қызметін цифрландыру жобасы іске қосылды

МИБ құру шеңберінде электрондық дауыс беру қамтамасыз етілді. Осының арқасында барлық оқиғалар тиісті түрде тіркеледі және хаттама автоматты түрде, электронды түрде жасалады. Сондай-ақ дауыс беру хаттамаларында қол қоюды бұрмалауға қатысты алаяқтық әрекеттерге жол бермейтін МИБ басқарушысын ауыстыру сервисі іске қосылды. Бүгінгі таңда қосымша арқылы 130 МИБ тіркелді, басшының 80 ауысымы жүзеге асырылды, 550 үй жұмылдырылды.

«Е-заңнама» ақпараттық жүйесінің заң шығару процесінің модулін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу бойынша жұмыс жүргізілді

Бұл жоба бірыңғай жүйеде заң шығарудың барлық процестерін біріктіру үшін құрылды. Е-заңнама модулінде заң жобаларын әзірлеу, келісу және оларды мемлекеттік органдардың, нысаналы топтардың, «Атамекен» ҰКП-ның, аккредиттелген ұйымдардың, сараптамалық және қоғамдық кеңестердің, Үкімет Аппараты мен Президент Әкімшілігінің қарауы, Парламент Палаталарының қарауы функциялары іске асырылды.

«Қазіргі уақытта заң шығару саласында жасанды интеллектіні әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жасанды интеллектінің мақсаты құқықтық қайшылықтар анықталған кезде, сондай-ақ, НҚА өзгерген кезде ұқсас нормаларға түзетулер енгізу қажеттілігі туралы НҚА әзірлеушілерінің ұсынымдарын қалыптастыру», — деп түсіндірді вице-министр.

Сот сараптамасын цифрландыру шеңберінде «Е-сараптама» жобасы 

Сот сараптамасын цифрландыру уақыт және қаржы шығындарын үнемдеуге мүмкіндік береді, тергеп-тексеру мерзімдерін қысқартуға және санкция алуға, сараптама тағайындауға және сарапшылардың қорытындысын алуға ықпал етеді, процестердің айқын жүргізілуін қамтамасыз етеді. Сот ісін жүргізудің «қағаз» форматы шеңберінде е-сараптамаларды тағайындау және көшпелі тергеу әрекеттері шеңберінде қағаз түріндегі қаулылар бойынша электрондық қорытындылар алу функционалы іске асырылды.

«Осылайша, Министрлік барлық өмірлік жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізуде электрондық өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктерін қамтамасыз етті. Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыс қаржылық және уақыт шығындарын үнемдей отырып, жаңа цифрлық уақыт жағдайында адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған», — деп түйіндеді Бекболат Молдабеков. 

#Цифрландыру #ҚР Әділет министрлігі

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу