«Робот сот орындаушысы» жүйесінің нәтижесінде азаматтар шамамен 500-ге жуық іс бойынша 600 млн теңгеден астам қаражат үнемдеді

Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Әділет органдарының жұмысы туралы» баспасөз мәслихаты өтті. Брифингте Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли министрліктің атқарған жұмысы туралы баяндады.

Ресми өкілдің сөзінше алимент өндіру бойынша атқарушылық іс жүргізу – Әділет министрлігі тұрақты бақылауда ұстап отырған әлеуметтік маңызы бар мәселелердің бірі. 

«Қазіргі таңда өндірісте 283 мың атқарушылық іс бар. Оның ішінде борышкер ер адамдар саны - 272 мың болса, әйелдер саны - 11 мыңнан асады. Ондағы 16 352 іс бойынша берешек 16 млрд теңгені құрайды. Көп жағдайда борышкерлердің алименті ай сайын жұмыс берушілердің бухгалтериясы арқылы өндіріледі. Сондықтан борышкерлерді жұмысқа орналастыру белсенді түрде жүргізілуде», — деп атап өтті Талғат Уәли. 

Әділет органдары мен әкімдіктердің бірлескен жұмысының нәтижесінде 2023 жылы – 4 238 адам жұмысқа орналастырылса, бұл көрсеткіш 2024 жылы 6 мыңнан астам адамды құрады. Өз міндеттерін орындамағаны үшін борышкерлер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мәселен 2024 жылы 4,5 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал ҚК 139-бабы (алимент төлеу міндеттерін орындамау) бойынша 391 адам сотталды. Сондай-ақ борышкерлердің банк шоттарына тыйым салу және уақытша шектеулер сияқты шаралар қолданылады.

Биылғы жылы ірі көлемдегі өндіріп алулар бойынша бірер мысал:

  • Астанада алимент бойынша борышкерінің Mercedes-Benz S400 маркалы көлігі 23 млн теңгеге сатылды;
  •  Жамбыл облысында борышкер қарызды өтеу үшін 11 млн теңгеден астам тұратын жылжымайтын мүлкін қарызын өтеу үшін берді. Борышкерге қылмыстық іс қозғалды;
  • Алматыда 9 млн теңгеден астам қарызды өтеу үшін 2017 жылғы Hyundai Tucson автокөлігі өндіріп алушыға тапсырылды.

Әділет органдары салаларын цифрландыру мәселелері Әділет министрінің ерекше назарында. «Digital Justice» (Цифрлық әділет) жобалар портфелі аясында негізгі қызметті цифрландыру бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Олар азаматтардың уақыты мен қаржылық шығындарын үнемдей отырып, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«ZanKomegi мобильдік қосымшасы негізінде азаматтарға құқықтық кеңес берумен қамтамасыз ететін жасанды интеллекті бар чат-бот әзірленді. Қазіргі уақытта ол сынақтан өткізіліп, қосымша жетілдіруден өтуде. Қарапайым тілмен айтқанда, әр азамат өзінің телефонында жеке заңгер кеңесшісі қызмет ететін болады. Әділет министрлігінің жетекшілігімен құқықтық түсіндіру және заң шығару саласында жасанды интеллектті дамыту бойынша келісімдер жасалды. Бұл жобаны бюджет қаражатынсыз жүзеге асыру үшін IT-компаниялар мен жоғары оқу орындарының (ZanBar, iPrav, ҚарМУ, ҚазҰТЗУ, ҚазҰУ және т.б.) өкілдерінен құралған жұмыс тобы құрылды», — деді Талғат Уәли. 

Оның сөзінше ZanBar және iPrav қосымшаларында адвокаттар мен заңгерлердің рейтингі жұмыс істейді. Онда объективтілікті арттыру мақсатында E-ZanKomegi-не интеграциялау жоспарлануда. Сонымен қатар Әділет министрлігінің жүйелерінде (Adilet.zan, E-ZanKomegi, АИС ОИП) қолдану үшін ЖИ-ті бірлесіп оқыту туралы келісімге қол жеткізілді. Ғылым комитетімен бірлесіп, заң шығару саласындағы ғылыми гранттардың жеңімпаздарымен (ҚазҰТЗУ, ҚарМУ) ынтымақтастық жасалуда. Қазіргі уақытта нормативтік құқықтық актілердің заң техникасын тексеруге арналған ЖИ әзірленді. Жобаны жүзеге асыру осы жылдың жаз мезгіліне жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

«Өткен жылдың тамыз айында біз «Робот сот орындаушысы» жүйесін іске қосқанымызды жариялаған болатынбыз. Оның жұмыс нәтижелерімен бөлісе кетейін. Іске қосылған сәттен бастап азаматтар шамамен 500-ге жуық іс бойынша 600 млн теңгеден астам қаражат үнемдеді. Біздің есептеуімізше, жылдық үнемдеу 5 млрд теңгеге дейін жетеді. Бүгінде біз Робот сот орындаушысы арқылы өндіріп алу сомасын 20-дан 40 АЕК-ке дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл азаматтардың өз қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Талғат Уәли. 

Сонымен қатар ресми өкіл бүгінде «Цифрлық нотариат» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.

Бірқатар нотариаттық қызметтер онлайн форматқа ауыстырылды. Олар: 

  • сенімхаттар;
  • кеңестер алу; 
  • жұбайлардың келісімдері.

Азаматтар бұл қызметтерді нотариусқа бармай-ақ, бейнеқоңырау арқылы онлайн алуына болады. Іске қосылғаннан бері бұл қызметті 240 мыңнан астам азамат пайдаланды. Оның 170 мыңнан астамы цифрлық сенімхат және шамамен 70 мың жұбайлар келісімі рәсімделді. Аталған жоба бойынша тек жақсы пікірлер алудамыз, бұл қызметтің сапасының жоғары екенін көрсетеді. Қазіргі уақытта әділет органдары онлайн режимде келісімдерді куәландыру және нотариустардың онлайн кеңестерін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізуде.

Әділет министрлігінде Қазақстандық кәсіпкерлердің 100-ден астам географиялық көрсеткіштері тіркелген. Географиялық көрсеткіш – бұл белгілі бір географиялық аймақтан шыққан және сол жердің ерекшеліктеріне байланысты бірегей қасиеттерге ие зияткерлік меншік нысаны. Әр өңір өз өнімдерімен мақтана алады. Мысалы, Жамбыл облысында ондаған жылдар бойы өндіріліп келе жатқан Бурнен ірімшіктері, майы және сүті жоғары бағаланады. Маңғыстау облысы «Мұнайлы шұжығы», «Маңғыстау қазысы» сынды дәстүрлі деликатестерімен ерекшеленеді. Ал Шығыс Қазақстан өзінің Катонқарағай балы арқылы танымал. Ол елдегі бал экспортының 70%-ын құрайды. Солтүстік Қазақстан «Сергеев» майы, ірімішігі, құрт және Петропавлдың тәттілерімен танымал. Бүгінде Қазақстанда «Алматылық апорт», «Түркістан» балмұздағы, «Түркістан» шоколады, «Қарағанды» балмұздағы және басқа да ұлттық географиялық көрсеткіштер тіркелген. Географиялық көрсеткіштерді дамыту Қазақстанның ұлттық брендін қалыптастыруға, тауарлардың әлемдік нарықта танылуына және инвестициялар тартуға, сондай-ақ туризмді дамытуға ықпал етеді. Қазақстандық кәсіпкерлерді географиялық көрсеткіштерді қорғау мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға, бірегей мәдени және табиғи мұраны сақтауға шақырамыз.

Бүгінде қазақстандық ғылымның қарыштап дамуы елдің технологиялық прогресін нығайтуға әсер етіп жатыр. Еліміздің Өнеркәсіптік меншіктің мемлекеттік тізілімінде 37 190 өнертабыс және 10 198 пайдалы модель тіркелген. Бұл әзірлемелер елдің жоғары ғылыми және инженерлік әлеуетін көрсетеді, бірақ олардың көпшілігі әлі де жоба сатысында және олар алдағы уақытта жүзеге асатын болады. Тіркелген зияткерлік меншік объектілерінің мысалы ретінде бірнеше перспективті әзірлемелерді айтуға болады:

• Тік ұшуға және қонуға арналған ұшқышсыз басқарылатын қондырғы. Патент иесі: «Research & Development. «Қазақстан инжиниринг» ЖШС. Бұл пайдалы модель қайталанбайтын конструкциясы бар ұшқышсыз ұшу аппараты (беспилотный летательный аппарат), ол келесі қасиеттерге ие;

• жақсартылған аэродинамикалық қасиеттер арқылы ұшу уақытын арттыру;

• ұшу және қону кезінде пайдалы жүктемені қорғау;

• берілген маршрут бойынша автоматты пилоттық мүмкіндік.

Шынжыр табанды платформаға негізделген роботты жер үсті кешені. Патент иесі «Research & Development «ЖШС. «Қазақстан инжиниринг» орталығы. Кешеннің модульдік дизайны оны әскери қолданудан бастап өрт сөндіруге дейінгі әртүрлі міндеттерге бейімдеуге мүмкіндік береді. Жобада қосымша жабдықтар орнату және жүктерді тасымалдау мүмкіндігі қарастырылған.

Электромобильдерді жедел зарядтауға арналған заряд станциясы. Патент иесі – М. Әуезов атындағы «Оңтүстік Қазақстан университеті». Электр көліктерін зарядтау тиімділігін арттыруға бағытталған. Бір уақытта 6 машинаға дейін зарядты қамтамасыз етеді.

Жоғарыда аталған жобалар әзірлеу сатысында екенін және оны іске асырудың нақты мерзімдері әлі анықталмаған.

«Зияткерлік меншік құқығын қорғауға қатысты айтар болсақ 2024 жылдың қорытындысы бойынша аумақтық Әділет органдары 338 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 297 құқық бұзушылық анықталды. ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша (басқа біреудің тауар белгісін заңсыз пайдалану) 283 іс қозғалды. Оның ішінде 267 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, соттың қарауында 12 іс бар. Айыппұлдардың жалпы сомасы 22 138 422 теңгені құрады. 2024 жылы заңсыз айналымнан жалпы сомасы 150 млн (149 591 939,72) теңгеге 400 мыңға жуық (2023 жылы – 35 682) контрафактілік өнім тәркіленіп алынды», — деді Талғат Уәли.

Ресми өкілдің мәліметінше бұл жұмыстар биылда жалғасын табады. Мәселен, Шымкент пен Алматыда «Nestle» тауар белгісіне құқықты бұзатын контрафактілік өнімнің ірі партиясы тәркіленді. 2025 жылдың 12 ақпанында Шымкент қаласы Әділет департаментінің зияткерлік меншік бөлімінің қызметкерлері Алматы қаласы Әділет департаментінің әріптестерімен бірлесіп «Nestle» тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша барлық заңсыз өнім тәркіленіп, Әділет департаментінің қоймасына сақтауға орналастырылды. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, ол соттың қарауына жіберілді. Зияткерлік меншікті қорғау – әділет органдары жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Сауда белгілерін заңсыз пайдаланудың жолын кесу, бренд иелерінің құқықтарын қорғауға ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар тұтынушыларға сапалы және қауіпсіз өнімге қол жеткізуге кепілдік береді.

Сонымен бірге Сот сараптамасы саласындағы жаңалықтармен бөлісті. Технологияның дамуы жағдайында виртуалды аутопсияны қолдану мүмкіндігі пайда болады. Виртуалды аутепсия (виртопсия) - бұл дененің егжей-тегжейлі проекциясын алу үшін КТ сканері арқылы адамның инвазивті емес аутопсиялары (кесілмеген) орындалатын жаңа медициналық технология. Құқық қорғау органдарының мәйітті сот-медициналық сараптау кезінде сарапшылардың алдына қоятын негізгі міндеті өлімнің себебін анықтау. Зерттеу енгізілетін болса кей жағдайларда мәйттерді кесудің қажеттілігі болмайды. Кей жағдайларда ұлттық және діни салт-дәстүрлерге сүйеніп қаза болған адамның жақындары мәйтті кеспеуді сұрайды. Мысалы, ашық дереккөздерге сәйкес виртуалды аутопсия әдісі белгілі бір дәрежеде Швейцарияда, Ұлыбританияда, АҚШ-та, Үндістанда, Жапонияда, Швецияда, Норвегияда, Түркияда, Сауд Арабиясында, Ресейде қолданылады.

Виртуалды аутопсия әдісін енгізудің мақсаты заманауи технологияларды енгізу арқылы сот-медициналық зерттеулер процесін оңтайландыру. Мәйітті зерттеудің дәстүрлі инвазивті әдісі (аутопсия) дененің 3 қуысын: кеуде, іш және бас сүйегін ашуды қамтиды. Бұл жағдайда өлімнің себебін анықтау үшін ми, жүрек, өкпе, бауыр, асқазан және басқа мүшелер зерттеледі. Қазіргі уақытта жоспар бойынша әдістің тиімділігін алдын ала талдау, оның ішінде виртуалды аутопсия әдісін пайдалана отырып, зерттелетін өлім-жітімнің санаты мен шектеулерін анықтау үшін елдің бір өңірінде пилоттық жобаны енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Халықаралық даулар бойынша айтатын болсақ, 2025 жылғы 28 Ақпанда «World Wide Minerals» канадалық уран компаниясының Қазақстан Республикасына қарсы талап қоюы бойынша 2013 жылдан бері жалғасып келе жатқан дау нәтижесінде Лондонның Жоғарғы Соты Қазақстан Республикасы үшін оң шешім шығарды. Ол шешім бойынша Республика талап иелеріне шамамен $65 млн төлеуге тиіс болатын 2024 жылғы қабылданған шешімнің күшін жойды. WWM талаптары ҚР Үкіметінің 1997 жылы уран экспортына лицензия беруден бас тартуына және Тың тау-кен химия комбинатын (Қазіргі Степногорск тау-химия комбинаты) сенімгерлік басқару келісімшартын бұзуына негізделді. 2025 жылғы шешімге сәйкес Қазақстан Республикасының WWM алдында ешқандай міндеттемесі жоқ. 

Айта кету керек, ағылшын сотында шағымдану стандарттары өте жоғары және осы негіздегі даулардың 2%-дан азы ғана қайта қаралып кері шешім шығарылады.

«Осылайша, ҚР Әділет министрлігінің, Мемлекеттік органдардың және ҚР Үкіметінің консультантының үйлесімді жұмысының нәтижесінде елеулі бюджет қаражатын үнемдеуге, сондай-ақ елдегі инвестициялық ахуалдың тартымдылығын және Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы имиджін сақтауға мүмкіндік туды», — деді ресми өкіл.

Бүгінде елімізде алаяқтық жағдайлары жиі орын алып жатқаны жасырын емес. Алаяқтар өздерін сот орындаушылары ретінде таныстырып, азаматтардан берешекті өтеуді талап етеді, немесе шоттардың, мүліктің және т. б. бұғатталғаны туралы хабарлайды.

«Егер Сізге осындай қоңырау түссе немесе хабарлама келсе, ақпаратты Әділет министрлігінің, республикалық және өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының ресми сайттарында өз бетіңізше тексеріп, қажет болған жағдайда банкке қоңырау шалуға кеңес береміз. Атқарушылық іс жүргізудің бар екендігі туралы мәліметтерді тексеру үшін АИС ОИП (атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі) қосымшасын да пайдалануға болады. «Борышкерлер мен тыйымдар тізілімі» батырмасын таңдап, тек ЖСН енгізу керек», — деді Талғат Уәли.

Егер сіз борышкер болсаңыз, онда сіздің қарызыңыз туралы ақпарат, сот орындаушысының аты-жөні және оның телефоны шығады. Егер сіз борышкер болмасаңыз, онда қызғылт сары түспен «сұраныс бойынша ештеңе табылмады» деген жазу шығады. Бұл сіздің шоттарыңыз бен мүліктеріңізге ешкім тыйым сала алмайтынын білдіреді. Тек ресми дереккөздерге сеніңіз және белгісіз адамдарға деректерді бермеңіз. Қосымша ақпарат алу үшін 119 немесе 8 7172 58-00-58 байланыс номерлеріне хабарласыңыз.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу