АҚДМ алқа мәжілісі: халықты цифрлық хабар таратумен қамту 93%-ды құрады

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомствоның 2022 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен алдағы жоспары жайлы айтылды. Отырысқа ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов, қоғам және мемлекет қайраткерлері, БАҚ өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері мен халықаралық ұйым басшылары қатысты. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өткен жылдың негізгі қорытындылары туралы баяндама жасады. 

2022 жыл айшықты оқиғаларға толы, сынағы көп сындарлы жыл болды. Елімізде қолға алынған кезекті реформалар пакеті іргелі істердің жүзеге асуына жол ашты.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі стратегиялық бағыттар мен тапсырмаларды орындау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Нақтырақ айтқанда, Президенттің біздің ведомствоғажүктеген 8 тапсырмасының бесеуі орындалды, қалғандары іске асырылуда. Былтыр осы салада 20 іс-шара өтті, оның 8-і әлемдік белді сарапшылардың, белгілі ғалымдар мен саясаткерлердің және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды», — деді Дархан Қыдырәлі.  

Сондай-ақ дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшыларымен 60-тан астам екіжақты кездесу өткізілді.

Этносаралық және конфессияаралық келісімді, берекелі бірлігімізді нығайту – басты мақсаттардың бірі. Президент тапсырмасына орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы дайындалды.

Дархан қыдырәлінің айтуынша, еліміздің саяси өміріндегі маңызды іс-шаралардың бірі 50 елден 100-ден астам делегация қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Конгресс кезінде Рим Папасы Францисктің елімізге мемлекеттік сапары да маңызды оқиға болды. Қазіргі уақытта Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы – ашық азаматтық қоғам құру талабы еді. Мәселен, «Қоғамдық бақылау» және «Онлайн петициялар» туралы заң жобалары Парламент Мәжілісінде 1-ші оқылымда мақұлданды. «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Қоғамдық кеңестер азаматтық қоғамның мемлекеттік органдардың қызметіне араласуының пәрменді тетігіне айналды. 2022 жылы қоғамдық кеңестердің құрамы 90% жаңартылды», — деді ведомство басшысы.

Бұдан басқа, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» жұмысы қайта қаралып жатыр. Алдағы уақытта оның бағыт-бағдары кешенді ғылыми зерттеулерге байланысты болуға тиіс.

Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жауапты болды. «Quryltai» мобильді қосымшасы іске қосылды, «Ұлттық құрылтай» телебағдарламасы көрсетіле бастады. Ведомство жетекшілік ететін салалардың жұмысын ғылыми тұжырым мен зерттеу қорытындыларына негіздеу үшін отбасы, жастар және қоғамдық кеңестер туралы 3 ұлттық баяндама әзірленді. 

Үкімет тапсырмасы аясында өткен жылы еліміздің 14 өңірінде халықпен кездесіп, жұртшылықты мазалап жүрген мәселелер талқыланды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында халықаралық волонтерлікті дамыту және волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау бастамасын көтергені белгілі.

Соған орай, былтыр Орталық Азия волонтерлер форумы ұйымдастырылды, оның қорытындысы бойынша Орталық Азия волонтерлер хабын құру туралы шешім қабылданды. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі жастар және ақпарат саласына арнайы тоқталды.

Мемлекет басшысының 2019 жылы берген тапсырмасы бойынша таяуда «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданды. Заңға сәйкес жастар санаты 35-ке дейін ұлғайды. Осылайша, еліміздегі осы санаттағы азаматтар саны 6 млн-ға дейін көбейді. Дархан қыдырәлі осы салада ауқымды істер атқарылып, заң игілігін барша жастар көретініне сенім білдірді. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023-2027 жылдарға арналған Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, ашық талқылауға ұсынылды.

«Еліміздегі Жастар ресурстық орталықтарына бір жыл ішінде түрлі мәселелер бойынша жүгінген жастар саны 400 мыңнан асады. Сондықтан жастар ресурстық орталықтары еліміздің барлық өңірінде ашылуы қажет деп ойлаймыз», — деді Дархан Қыдырәлі.

2022 жылы Жастар практикасынан өту кезеңі 6 айдан 12 айға дейін және «Бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды. Бұл жастар үшін алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға және табыс табуға жақсы мүмкіндік.

Сонымен қатар «Zhas project» жобасы іске асырылды, оның шеңберінде жастардың бизнес бастамаларын қолдау үшін 1 млн теңгеден 250 грант берілді. Дарынды жастарды қолдау мақсатында 3 млн теңгеден 33 «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалды. Бұл грант жыл сайын беріледі және оның көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.

Дархан Қыдырәлі жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша нақты жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Қазіргі уақытта өңірлік тұрғын үй бағдарламалары 6 өңірде іске қосылды. Биыл жыл соңына дейін осындай бағдарламаларды 10 өңірде әзірлеу көзделген.

Сонымен қатар Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамы жаңартылды.

2022 жылы желтоқсанда Астана қаласында 500-ден астам адамның қатысуымен «Qogam Fest» жастар жобасы ұйымдастырылды.

Сондай-ақ Қазақстанда алғаш рет өткен жылдың қараша айында еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам блогердің қатысуымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Tik-Tok house» жобасы іске асырылды.

Ведомство басшысының айтуынша, жастар саясаты саласында атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін бере бастады. Мәселен, Қазақстан Жаһандық жастардың дамуы индексінде (Youth Progress Index) 150 мемлекеттің ішінде 63-орыннан 54-ге көтерілді.

«Дәстүрлі БАҚ-тың бағыты концептуалды тұрғыда өзгеріп жатыр. «Жаңа медиа» деген түсінік қалыптасты. Медиа заңнаманы қайта қарау жұмысы жүргізілуде. Балаларға қатысты кибербуллингті реттеуде заңнамалық түзетулер енгізілді», — деді ақпарат және даму министрі.

Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, «Масс-медиа туралы» Заң жұртшылық талқылауына шығарылды. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен интернет-жарнаманың қызметін реттейтін жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Заң жобасы аясында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту, телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту жоспарланған. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заңға түзетулер әзірленді. Ұсынылған өзгерістер, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті. Сондай-ақ ақпарат саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындау қолға алынды. 

Елімізді саяси өзгерістерге бастаған жалпыхалықтық референдум мен Президент сайлауы тұсында түрлі дебаттар ұйымдастырылып, нон-стоп жағдайында ақпарат таратылды. Алғаш рет 16 сағаттық 2 онлайн-марафон өтті.

Сонымен қатар бірінші рет ұйымдастырылған Орталық Азия медиа форумына өзге мемлекеттерден экс-президенттер, медиа саласының белгілі мамандары, Пулицер сыйлығының иегерлері бастаған 300-ден астам делегат қатысты. 2 күнге созылған, түрлі тақырыптағы 18 сессиядан тұрған форум тұрақты платформаға айналмақ.

2022-2023 жылдарға арналған медиа білім беру сапасын арттыру жөніндегі арнайы жоспар аясында Astana Media Week халықаралық форумы өтті. Онда Қазақстан мен шет ел медиа индустриясындағы 150-ден астам топ-менеджердің қатысуымен 30-ға жуық семинар-тренинг, панельдік сессиялар болды. Мемлекеттік органдардың 100-ге жуық баспасөз қызметкеріне жеке семинарлар ұйымдастырылды.

Дәстүрлі «Тұмар» және «Үркер» сыйлықтары тапсырылды. Әлемдік «Tiji», «Nickelodeon» арналарының мультфильмдері қазақ тілінде көрсетіле бастады. Аталған арналармен қазақ ертегілері негізінде анимациялық өнімдер жасау мәселесі келісіліп жатыр.

Ведомство басшысының мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 83%-ы құрады. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта әлі де арта түспек. 

Сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі халықаралық байланыстарды нығайтып келеді. Жаңа медиа мен азаматтық журналистиканы дамыту мақсатында Meta, TikTok, Google, Mail.Ru Group, LinkedIn компанияларымен қарым-қатынас орнатылды. Нәтижесінде алғаш рет Мета компаниясының Instagram, Whatsapp, Facebook, Messenger-дің Қазақстан бойынша ресми өкілдері айқындалды. Сондай-ақ TikTok корпорациясының аймақтық офисі ашылды. Facebook пен TikTok-тің интерфейсін қазақшалау бойынша келісімдер жасалды. БҰҰ-мен және оның бірқатар ұйымдарымен қарым-қатынас артты.

Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату жұмыстары жүйелі жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда халықты цифрлық хабар таратумен қамту 93%-ды құрады. Бұл ретте 13 өңір цифрлық эфирлік форматқа 100% көшті. 2023 жылы елдің шекаралас аудандарында отандық радиохабарлармен қамтуды кеңейту жұмысы күшейтіледі. Әсіресе, шекаралас аймақтар радиохабар таратумен қамтамасыз етіледі.

«Отандық телеарналарда тарихи контент өндірісі жалғасуда. 2022 жылы қазақ зиялыларының өмірі мен қызметі туралы 6 сериалдың көрсетілімі өтті. Бұл үрдіс ұлы тұлғаларды ұлықтаумен ғана шектелмей, ауқымды тақырыптарға ұласуға тиіс деген ойдамыз. Қалтарыстағы қаһармандар, тасадағы тұлғалар, қарапайым еңбек адамдарын дәріптеудің жаңа көркемдік шешімдері ұсынылуы қажет», — деді ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Атқарылған ауқымды жұмыстар мен сараланған жоспардың ауқымдылығына қарамастан, салада қордаланған мәселелер де бар. Жалпы кез келген контент әлеуметтік сауалнама мен медиа және ғылыми зерттеулерге негізілдеуге тиіс.

Мемлекеттік телеарналар уақыттың талабына, көрерменнің талғамына сай салиқалы, салмақты контенттерге басымдық беру керек. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі салмақты сараптамалар мен журналистік зерттеулер, сапалы деректі фильмдер мен YouTube жобаларға және креативті индустриямен айналысатын талантты жастарға қолдау көрсетуге әзір. Осы орайда отандық медиа өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін үздік телесериалдар мен анимациялар, әлеуметтік роликтерге арналған жаңа ұлттық байқау ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Отандық баспа да басты назарда. Жақын арада өңірлік баспа БАҚ форумы өтеді. Аталған іс-шарада өңірлік газеттер мен журналдардың көкейтесті мәселелері қаралып, өз шешімін таппақ.

Сонымен қатар былтыр жыл соңында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС мен Қазақ газеттері бірікті. Осы оңтайландыру жұмыстары аясында балалар басылымдарына ерекше көңіл бөлініп, дамудың жаңа жолдары іске асырылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қазпошта» акционерлік қоғамымен баспа басылымдарын уақытылы жеткізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ жаңа заң аясында басылымдардан қосымша құн салығы алынып тасталады. Бұл жұмыстар да өз нәтижесін береді деп күтілуде. 

Еліміздегі этносаралық қатынастарды нығайту мен конфессияаралық татулықты сақтау – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің маңызды бағыттары. Бұл мақсаттар Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында нақты көрсетілген.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 2026 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдама қоғамды одан әрі біріктіруге, этностарды ұйыстырушы ретіндегі мемлекеттік тілдің рөлін көтеру, Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға ықпал ететін болады. 

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев елдегі этносаралық ахуалға күнделікті мониторинг жүргізілетінін атап өтті. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты тоқсан сайын әлеуметтік және талдамалық зерттеулер, сондай-ақ өңірлерде терең зерттеулер жүргізеді.

«Өткен жылы түрлі этностар өкілдерінің қатысуымен болған оқиғаларға ден қою шараларының және олардың жанжалдан кейінгі реттелуінің алгоритмдері, Өңірлердің этноәлеуметтік шиеленіс картасы, Этникалық, тілдік немесе өзге де тиесілілік белгілері бойынша кемсітушілікті болдырмайтын тең құқықтар қағидаттарын іске асыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар, Этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі ведомствоаралық модельдік жоспарлар және т. б. маңызды құжаттар жаңартылды. 2022 жылы орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың 2 мыңнан астам мемлекеттік қызметшілерін қамтыған әртүрлі форматтағы семинар-тренингтер өткізілді», — деді ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі.

Оның айтуынша, этносаралық келісімді қамтамасыз ету және қазақ тілін дамыту бойынша 16 ірі әлеуметтік жоба іске асырылды. Мысалы, мемлекеттік тілді үйрену арқылы қазақстандық этностарды біртұтас ұлтқа интеграциялауға бағытталған Тик-Ток Хаус форматында «Ел Бірлігі» жобасы іске асырылды. Жобаға еліміздің барлық өңірлерінен конкурстық негізде іріктелген 200-ден астам үздік тиктокер қатысты. Оларға 100 өзекті тақырып бойынша бейне-контент жасау міндеті қойылды. Бүгін жобаның нәтижесінде шығарылған 154 танымал бейнеролик 20 млн-нан астам қаралым жинады. Осы секілді жаңа форматтағы ірі жобалар өңірлермен бірге биыл да жалғасады.

Сонымен қатар «өшпенділік тілінің» алдын алу бойынша ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізіледі. Қазақстандық және халықаралық құқық нормаларының негізінде отандық және халықаралық ҮЕҰ-мен бірлесіп интернет-кеңістіктегі «өшпенділік тілін» еңсеруге арналған Әдеп кодексі әзірленді. 

Тағы бір маңызды бағыт – Президенттің тапсырмасына сәйкес, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты жанынан Этномедиация орталығы құрылды, оның жұмысына отандық және шетелдік үздік мамандары тартылады.

Президент Әкімшілігінің тапсырмасын орындау аясында Үкімет қаулысымен әлеуметтік блок министрліктерінің ережелерінде және әкімдердің функционалдарында этносаралық қатынастар мәселелері бекітілді.

Үкіметтің «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспары шеңберінде биылдан бастап көп жылдан бері шешімін таба алмай жүрген мәселе шешіліп, өңірлік «Қоғамдық келісім» қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға ұлғайды. 

Дін саласына тоқталған ақпарат және даму вице-министрі, қазіргі әлемде дәстүрлі құндылықтар құрылымының өзгеруі және жаңа технологиялардың даму үрдісі дін саласына да өзінің сын-қатерлерін қалыптастырып отырғанын айтты.

Осыған орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ағымдағы жағдайда жедел және тиімді, дұрыс шешім қабылдау үшін кешенді талдау мен зерделеу жұмыстарын жандандыруда. 2023 жылы 3 үлкен әлеуметтік зерттеу жүргізіледі.

«2022 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы бойынша еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатын қолдаушылар 88%-ға жетті. Бұл зайырлылық қағидаттарын ілгерілету мен конфессияаралық бірлікті нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Заман талабына сай автоматтандырылған мониторинг жүйелерін қолданысқа енгізіп, жан-жақты зерделеуге  қолжетімділікті қалыптастырдық», — деді С. Егізбаев.

Талдамалық және техникалық ресурстар күшейтілгенімен, мамандар мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей тұр. Кейбір өңірлерде білікті мамандар қажеттілігі әлі де болса сезіледі. Бұл ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан еңбекақы мөлшерін көтеру мен дін істері басқармаларын сақтау жүйелі жұмыстары жалғасады. 

Ағымдағы сын-қатерлерді ескере отырып, дін саласында дінтанушы-психолог, әлеуметтанушы, саясаттанушы сынды аралас мамандықтарды енгізу бойынша жұмыс басталды. Осы бағытта 2021 жылы желтоқсан айында Парламентте тиісті заңға да толықтырулар енгізілді.

С. Егізбаевтың айтуынша, жыл өткен сайын еліміздің діни тұрақтылығына ақпараттық кеңістіктегі діни ортаның ықпалы артып келеді. Осыған байланысты дін бағыты бойынша интернет кеңістіктегі, оның ішінде әлеуметтік желілердегі жұмыстар күшейтіліп, жаңа жұмыс бағыттары белгіленді.

«Қауіпті конттенттерді анықтау жұмыстарын жүйелендіру арқылы 2022 жылы 51 мыңнан астам құқыққа қайшы материалдар жойылып, 53 ақпарат көзі бұғатталды. Сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен бастап, өңірлердегі дін мәселелерін зерттеу орталықтарына дейін оңтайландырылған жедел байланыс тізбегі құрылды», — деді Серік Егізбаев.

Өткен жылдың тағы бір бастамасы – республикалық контент жоспар арқылы еліміздің ақпараттық кеңістігі зайырлы, рухани бағыттағы сапалы және пайдалы контенттермен толтырылды. Нәтижесінде, әзірленген материалдардың саны 2021 жылмен салыстырғанда 63%-ға артып, 22 мыңға жетті. Оның ішінде 300-ден астам видеоролик, 40-тан астам қысқаметражды көркем және деректі фильм, 6000 жуық фотопост және т. б. контенттер әзірленіп, танымал платформаларда кеңінен таратылды. Биыл осы жоспар жетілдіріліп, жалғасын табады. Бұл жұмыстардың барлығы мемлекет пен 18 конфессия арасындағы қарым-қатынастың нәтижесінде дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Еліміздегі этносаралық қатынастарды нығайту мен конфессияаралық татулықты сақтау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жіті назарында болады. Орталық және жергілікті деңгейлерде этносаралық қатынастар мен дінді дамыту жұмыстары жалғасады.

Сонымен қатар ведомствоның алқа мәжілісі барысында Данияр Қадыров азаматтық қоғам, мемлекет пен халық арасындағы коммуникацияларды дамыту саласында атқарылған жұмыс пен алға қойған мақсаттар жөнінде баяндады. 

Азаматтық секторды дамытуға мүмкіндік берген бірқатар маңызды стратегиялық құжаттар мен заңнамалық актілер қабылданды. Өткен жылы қайырымдылық пен волонтерлік қызмет, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар, стратегиялық серіктестік туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қоғамдық кеңестер мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер қабылданды, Кеңестердің қызмет аясын квазимемлекеттік секторға дейін кеңейтуге қол жеткізілді. Кеңес мүшелерінің құрамы жаңартылды, онда азаматтық сектордың үлесі 62-ден 86%-ға дейін ұлғайды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық қоғаммен кері байланыс қалыптастыру шеңберінде диалог алаңдарының қызметін одан ары жандандыруда. 

ҮЕҰ-мен өзара ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру Кеңесінің отырыстары дәстүрлі түрде «Үкімет – ҮЕҰ» форматында жүргізіледі, өткен жылы 3 отырыс өткізілді.

Сондай-ақ 2022 жылы құрылған «Sarap» сараптамалық клубының жұмысы ерекше орын алады. Былтыр мыңнан астам сарапшының қатысуымен клубтың 34 отырысы өтті. Нәтижесінде облыстық және республикалық БАҚ-та 370-ке жуық мақала мен арнайы сюжеттер жарияланды. Өзара тиімді диолог 2023 жылы өтетін 11-ші Азаматтық форум жұмысы аясында да кеңінен талқыланады.

Әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру шеңберінде мемлекет жыл сайын әлеуметтік маңызы бар 2 мың жобаны жүзеге асыру арқылы ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылды күшейтуде. Іске асырылған жобалардың нәтижесінде 500-ден астам жұмыс орны құрылды, 32 мыңнан астам бенефициарға нақты көмек көрсетілді, олардың 3 мыңы ерекше қажеттіліктері бар адамдар, 60-тан артық әлеуметтік қызмет пен орталықтар құрылды.

Азаматтардың гранттар алуға мүмкіндіктерін арттыру, оларды оқытып, әдістемелермен қамтамасыз ету үшін «ҮЕҰ академиясы» жобасы аясында азаматтық сектордың 1 мыңнан астам өкілі оқытылды және 48 тренер даярланды.

Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Волонтерлік қозғалысты одан ары дамыту бағытындағы бастамаларын жалғастыруда.

«Еліміздің барлық әкімшілік бірліктерінде еріктілердің өңірлік фронт-офистері жұмыс істейді. Бұл инфрақұрылым волонтерлердің қызметін жүйелеуге, консалтинг, оқыту, волонтерлік жобаларға мониторинг тетіктерін іске қосуға және волонтерлік қызмет туралы халықты ақпараттандыру үшін бірыңғай Call-орталығын ұйымдастыруға мүмкіндік берді», — деді ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі.

Өткен жылы 54 әлеуметтік жоба, оның ішінде 8 жалпыұлттық жоба жүзеге асырылып, 2000-нан астам консультациялық қызмет көрсетілді, 20 мыңнан астам волонтер оқытылды, 50-ден астам бастамашыл еріктілер тобы құрылды, 219 шағын гранттар жүзеге асырылды. Қайырымдылықты қолдау үшін берілетін «Жомарт жүрек» сыйлығының 5 номинациясы бойынша 50 азамат сыйлық иегері болды. 

Сондай-ақ халықаралық ұйымдармен тығыз қатынастар орнатылып, қазіргі таңда Үкіметтің қаржыландыруымен БҰҰ құрылымдарында 7 қазақстандық волонтер жұмыс істейді. 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру барысындағы маңызды салалардың бірі – мемлекет пен қоғам арасындағы коммуникацияларды дамыту.

«2022 жылға дейін министрлер халықпен кездесулерін жылына бір рет және астанада ғана өткізетін болатын. Алайда, Президенттің өткен жылғы сәуірде қол қойған Жарлығынан кейін министрлер енді тікелей өздері өңірлерге шығады: яғни, облыстардың орталықтарына ғана емес, оның аудандарына, шалғай ауылдарына да барады. Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу кестесіне сәйкес, өткен жылы жаңа форматта 213 кездесу өтсе, 2023 жылы 251 кездесу ұйымдастыру жоспарлануда», — деді Данияр Қадыров.

Биылдан бастап мемлекеттік органдар «Халықпен кездесу» индикаторы бойынша бағаланады. Бағалау нәтижелері Мемлекет басшысына енгізілетін болады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі орталық мемлекеттік органдар басшыларын коммуникация дағдыларына және эмпатияны дамытуға оқыту мәселесіне ерекше назар аударуда.

2022 жылы Мемлекеттік басқару академиясының базасында Мемлекеттік қызмет саласындағы астана хабының қолдауымен мемлекеттік органдардың басшы құрамын тиімді коммуникация дағдыларына оқыту ұйымдастырып өткізілді.

Петициялар институтына келсек, қазіргі таңда петициялар бейресми платформаларда (flash.ineline, otinish.kz) жасалады. Олардың ресми күші жоқ екенін атап өткен жөн. Бұл бағыт бойынша онлайн-петициялардың бірыңғай заңды жүйесін құру мақсатында заңнамаға түзетулер енгізілмек. Бүгінгі күні Мәжілісте онлайн-петициялар институтын реттейтін заңнамаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы қарастырылып жатыр. Онлайн-петицияларды қарау және олар бойынша шешімдер әзірлеу атқарушы және өкілді органдардың міндетіне кіреді деп жоспарлануда.

Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа қол жеткізу мәселелеріне ерекше назар аударады. Ақпаратқа қол жеткізу туралы Заңға тиісті түзетулер енгізілді. Осылайша, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің интернет-ресурстары көру және (немесе) есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдардың пайдалануы үшін бейімделуге тиіс. Бұл бағыт мұқият тексеріледі. 

Жалпы ведомствоның қолдауымен уәкілетті тұлғалар, мемлкеттік қызметкерлер үшін ашық деректер, әлеуметтік желілер және ресми сайтпен жұмыс істеу бойынша семинар-тренингтер өткізілді. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз алдына мынадай міндеттер қойып отыр: 

  • Біріншіден, салалардың дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында заңнамалық қолдау жұмыстарын жүргізу. Мәжілісте қаралып жатқан «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасын одан әрі ілгерілету жалғасады. «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңға өзгерістер енгізу, ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер енгізу көзделіп отыр.
  • Екіншіден, 2023 жылдан бастап ҮЕҰ-мен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты орнатып, стратегиялық серіктестікті жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік тапсырыс жүйесі жұмыс істей бастайды.
  • Үшіншіден, 2023 жылдан бастап гранттық қаржыландырудың жаңа форматы енгізіледі. ҮЕҰ үшін гранттар мен сыйлықтарды басқарудың жаңа цифрлық қызметтері іске қосылады.
  • Төртіншіден, Волонтерлік қызметтің арнайы тізілімі жасақталатын болады. Алғаш рет қайырымдылық саласындағы құрметті атақ беріледі.
  • Бесіншіден, қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру бойынша жұмыс жүргізіледі және қоғамдық кеңестерде жастар квотасы кезеңмен енгізіледі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу