Ақмола облысы қазақстандық астықтың 30% өндіреді

Ақмола облысы – елорданың негізгі азық-түлік жеткізушісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов мәлімдеді.

Жалпы, биыл Ақмола облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді.

 

Агроөнеркәсіп саласы

«Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің басты мақсатымыз – осы саланың дамуына жаңа серпін беру. Өткен агрокезеңде облысымыз айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп, “елдің негізгі астық алқабы” деген мәртебесін дәлелдеді», — деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Ауыл шаруашылығы саласын өңір экономикасының басты драйверіне айналдыру – негізгі міндеттердің бірі. Осы ретте, биыл ауыл шаруашылығы өнімінен 1 трлн теңгеден астам кіріс түседі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе артық. Соның нәтижесінде, бүгінде Президенттің жыл сайын өңір экономикасын 6%-ға арттыру туралы тапсырмасы орындалды.

Өңір диқандары 6,6 млн тонна рекордтық астық жинады. Өнімділік – гектарынан 14 центнерден асты. Астықтың сапасы да барынша жоғары. Астықтың 60%-дан астамы – тауарлық сапасы жоғары бидай.

«Әрине, бұл ең бастысы диқандардың қажырлы еңбектері, мемлекеттік қолдау мен заманауи технологияларды тиімді әрі уақтылы қолдану нәтижесі. Соның нәтижесінде, жоғары сапалы тұқымды себу мен минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі екі есе артты», — деді Марат Ахметжанов.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту да маңызды. Биыл 1 239 жаңа техника сатып алынды (трактор – 334, комбайн – 234, ілмелі/тіркемелі техника – 256, басқалары – 415). Соның ішінде, жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша 334 техника сатып алынды.

Президент жақында астананы азық-түлікпен қамтуда Ақмола облысының маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондықтан, бұл жұмыстарды одан әрі нығайтып, өнім көлемін арттыру – өңірдің стратегиялық ұстанымы. Осы бағытта жақсы нәтижелер бар.

Атап айтсақ, елорда тұрғындарының қажеттілігін қамтамасыз етудегі Ақмола өңірінің үлесі мынадай:

  • сүт өнімінің 50%-дан астамын;
  • ет өнімінің 30%-ын;
  • жұмыртқаның 80%-ын;
  • картоптың 85%-ын қамтиды.

Нақтырақ айтар болсақ, астана тұрғындарына күн сайын 80 тонна ет өнімдері, 320 тонна сүт ассортименті, 700 мың жұмыртқа және 25 тонна ұн жеткізіледі.

Астананы азық-түлікпен қамтуға зор үлес қосатын бірқатар кәсіпорын бар. Алдағы уақытта олардың саны арта түспек. Бұл ретте, Мемлекет басшысы «Родина» фирмасының тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерінде тарату бойынша тапсырма берген болатын. Бұл кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштері де, әлеуметтік жауапкершілігі де жоғары.

Сондай-ақ Целиноградта «Ен-Дала», Аршалыда «Темір Агро», Бұландыда құс фабрикасы, Ақкөлде «Еңбек» кәсіпорны және басқа жерлерде де кәсіпорындар кеңейтіліп жатыр. Сол арқылы алдағы уақытта да елорданы табиғи әрі таза азық-түлікпен қамту көрсеткіші арта бермек.

«Мал шаруашылығы саласында құс етінің өндірісі бойынша үздік орнымызды сақтап келеміз. Жалпы республикалық көлемдегі үлесіміз 30%, ал тауық жұмыртқасы бойынша – 16%. Биыл 5 сүт фермасын іске қосып жатырмыз», — деді Ақмола облысының әкімі.

Енді тауарлы сүт өндірісі жылына 30 мың тоннаға немесе 1,4 есе артады. Келесі жылы тағы екі ферма іске қосылады.

Бұған қоса, биыл жемшөп дақылдары үшін егістік алқаптары кеңейтілді. Соның нәтижесінде малға жеткілікті жемшөп көлемі дайындалды.

Өңдеу саласында да оң серпін байқалады. Осы бағытта өңірде 67 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар 10 ай ішінде 208 млрд теңгеден астам сомаға азық-түлік өндіріп, өткен жылғы деңгейге қарағанда 5%-дан асып отыр. Бұл ретте, өңделген сүт, ірімшік пен сүзбе, өсімдік майы мен ұн өндірісі айтарлықтай артты.

Мемлекет басшысы үш жыл ішінде өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізу бойынша міндет қойды. Ол үшін облыста нақты шаралар қабылданып жатыр. Атап айтсақ, 2027 жылға дейін агроөнеркәсіп саласына 132 млрд теңгеден астам инвестиция тартып, 80 жобаны іске асыру көзделген. Бұл өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етіп, олардың жүктемесі мен өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік береді.

Биыл 30 млрд теңгеден астам сомаға 27 жоба іске қосылып жатыр. Мемлекет тарапынан да көп қолдау көрсетілуде. Мәселен, фермерлер арасында көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңіл несие беретін «Кең дала-2» бағдарламасы ерекше сұранысқа ие.

Президент тапсырмасы бойынша келесі егін егу науқанына толықтай дайындалу үшін жеңіл несиеге биылғы желтоқсан айынан бастап қол жеткізуге болады.

«Жақын күндері осы жұмыстарға арналған алғашқы 15 млрд теңгені шаруа қожалықтарына тарата бастаймыз. Ал қаңтарда тағы 17 млрд теңге қарастырамыз. Бұл – диқандарға жалақы төлеуді, сапалы тұқымды, минералды тыңайтқыштарды және басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді дер кезінде сатып алуға оң септігін тигізеді», — деді Марат Ахметжанов.

Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасады.


Индустрия секторы

Өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі 1,6 трлн теңгені құрады. Мұның 77%-дан астамын өңдеу саласы құрап отыр.

Ақмола облысы республика көлемінде темір жол подшипниктерінің 100%-ын, мамандандырылған көліктің 81%-ын, астық жинау комбайнының 67%-ын; құрамында алтын бар руданың 59%-ын, трактордың 39%-ын, өңделмеген алтынның 30%-ын, керамикалық кірпіштің 28%-ын өндіреді.

Сондай-ақ Ақмола облысы жартылай өңделген алтын өндірісі бойынша бірінші орында. Жалпы, машина жасау, тамақ өндіру және электрмен жабдықтау салаларында өсу қарқыны қамтамасыз етілді. 

 

Инвестиция

Өздеріңіз білетіндей, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инвестиция тарту мәселелеріне ерекше назар аударады.

Жалпы, биыл өңірге 550 млрд теңгеден астам инвестиция салынады. Бүгінде оның 400 млрд теңгеден астамы тартылды.

АӨК саласында іске асырылған негізгі жобаларды атап өттік. Сондай-ақ облыс орталығында бұршақ және дәнді дақылдарды қайта өңдеу кешені іске асырылды.

Сондай-ақ құрама жем зауыты мен жарма зауыты аяқтау сатысында тұр.

Орта мерзімді перспективада төмендегі құрылыс жұмыстарынжүргізу жоспарда бар:

  • құс фабрикалары (Зеренді ауданында);
  • күкірт қышқылы зауытының екінші желісі (Степногорск қаласында);
  • диірмен комбинаты (Астрахан ауданында);
  • кірпіш зауыты (Аршалы ауданында);
  • алюминий прокаттарын шығаратын зауыт (Целиноград ауданында).

Бұған қоса, 460 млрд теңгеден астам сомаға инвестициялық бастамаларды іске асыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Осындай жобалардың бірі – болашақта жылына 360 бірлік шығаратын локомотив шығару зауытын салу.

«Сонымен қатар біз шетелдік компаниямен астықты терең өңдеу бойынша ірі зауыт салу туралы келісімге қол қойдық. Құны $650 млн тұратын бұл жоба мың жұмыс орнын құрып қана қоймай, еліміздің экспорттық әлеуетін арттырады. Президент атап өткендей, мұндай жобалар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы секторында қосылған құнды ұлғайту үшін стратегиялық маңызға ие», — деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Туризмді дамытуға инвестициялар тұрғысынан екі көпфункционалды жобаны іске асыру жоспарланған:

  • Бурабай ауданындағы коттедж-қонақ үй үлгісіндегі демалыс аймағы;
  • Ақкөл ауданында тұру нысандары және санитарлық-курорттық емдеу түріндегі туристік кешенді кеңейту.

Өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту үшін республикалық маңызы бар Aqmola индустриялық аймағы құрылды. Қазірдің өзінде осы аумақта өз өндірістерін орналастыруға мүдделі инвесторлар пулы бар.

Мысалы, көлік-логистикалық орталық (24 млрд, 250 жұмыс орны), ауыл шаруашылығы агрегаттарының (сепкіштер, егіс кешендері) отандық өндірісін құру (3,5 млрд, 110 жұмыс орны).

Сондай-ақ елордада Aqmola Invest инвестициялар тарту орталығы ашылды. Орталық базасында 50 компаниямен кездесулер өткізілді, олардың басым бөлігі шетелдік инвесторлар. Бұл – инвесторларды тартуға және сүйемелдеуге баса назар аудара отырып, елордада ұсынылған жалғыз аймақтық фронт-офис.

Жоспарлар бар, сондықтан осы бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасын таппақ.

 

Су тасқыны

«Биыл елімізде орын алған апатты барлығыңыз жақсы білесіздер. Оның ішінде су тасқынынан біздің өңір де зардап шекті. Су тасқынының салдарын жою жұмысы аяқталды», — деді Марат Ахметжанов. 

Жалпы, облыс бойынша 1 266 отбасы зардап шекті. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 820-дан астам отбасыға мүлік шығыны өтелді, 715 отбасыға үйлерін жөндеуге өтемақы төленді.

Сонымен қатар шамамен 2 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. 221 отбасы үшін пәтерлер мен үйлер сатып алынды.

Сондай-ақ облыста 330 отбасы үшін жаңа үйлер салынды (Атбасарда – 165, Бұландыда – 114, Есілде – 21, Жарқайыңда – 30).

Баршаға белгілі, су тасқыны кезінде жол инфрақұрылымы да зақымданды. Барлық учаскеде көлік қатынасы дереу қалпына келтірілді. Апат кезінде зақымданған үш көпірде кейіннен жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалар әзірленіп жатыр.

Қазіргі сәтте облыста су тасқынына қарсы іс-шаралар өткен жылмен салыстырғанда үш есе ұлғайтылды.

Бүгінгі таңда 174 елді мекенде 65 шақырым су өткізу арнасы жасалып, 38 шақырым өзен арнасы тазартылды, су өткізу арнасының 34 шақырымы кеңейтіліп, тереңдетілді. 110 шақырым бөгет нығайтылып, 21 шақырым жаңа бөгеу тұрғызылды, су өткізу құрылыстары жүргізіліп, су құбырлары тазартылды. 9 елді мекенде су деңгейін бақылау үшін қосымша гидро бекеттер құрылды.

Сонымен қатар Атбасар қаласында қорғаныс үшін шлюздер орнатылып жатыр. Ол тасқын судың қауіпсіз ағып өтуін қамтамасыз етіп, шамамен 400 үйді су басу қаупін азайтады.

Бұған қоса, жер снарядтарын сатып алу есебінен Атбасар ауданында Жабай өзенінің түбі тереңдетіліп жатыр. Қазір өзеннің 2,5 шақырымы 5 метрге дейін тереңдетілді. 

Осындай жұмыстар облыс орталығындағы Қылшақты өзенінде де жүргізілді. Оның 4,3 шақырымы тазартылды.

Халықтың ұсынысын ескере отырып, Целиноград ауданының Талапкер және Қоянды ауылдарында еріген суды өткізуге арналған жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын айналма каналы салынды. Сондай-ақ «Демеу Қазақстан» қоры есебінен 3 бөгет салынуда, Жабай, Шағалалы және Қалқұтан өзендерінің жағасы нығайтылып жатыр.

 

Тұрғын үй құрылысы

Бұл – өңірдің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Жалпы, биыл облыста 530 мың шаршы метрі пайдалануға берілді, яғни 5 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартып отыр. Соның ішінде бюджет есебінен 9 көппәтерлі тұрғын үй іске қосылды. Жылдың аяғына дейін тағы 16 үй іске қосылатын болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары дайын пәтерлерді сатып алу арқылы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл механизм көпбалалы отбасылар, жетім балалар және басқа да азаматтар үшін тұрғын үй мәселесін жедел шешуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл 736 пәтер сатып алынды. Жылдың аяғына дейін тағы 104 пәтер сатып алынады.

Жалпы, соңғы 5 жылда 2 064 отбасы баспанамен қамтамасыз етілсе, биыл 2 276 отбасы үймен қамтылды.

Сонымен қатар биыл облыс орталығы – Көкшетау қаласында «Тұрғын үй қорын жаңарту» бағдарламасы басталды.

«Жалпы, Көкшетау қаласында 11 аймақты анықтадық. Ондағы ескі 150 үйді кезең-кезеңмен реновациялауға кірістік. Бұл жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, саябақтар мен балалар алаңдарын салуға мүмкіндік береді. Осылайша, біз қаланың жаңа келбетін қалыптастырып жатырмыз», — деді Марат Ахметжанов.

 

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы

Ағымдағы жылыту маусымына дайындыққа 40 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде алғаш рет меншік иесінің есебінен – 8 млрд теңге қарастырылды.

Жылумен жабдықтау көздері мен желілерінің тозуы жоғары өңірлерге ерекше назар аударылады.

Биыл Степногорск қаласында 8 км желі жөнделді, бұл желілердің тозуын 73%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Осындай жұмыстар Атбасарда да жүргізілді, тозу деңгейі 70%-ға дейін төмендеді. Жылу көздері мен жылу желілері бойынша жоспарланған жұмыстар 100% орындалды.

Көкшетауда ЖЭО салу жұмысы бүгінгі таңда белсенді кезеңге кіреді. Инженерлік-геологиялық іздестіру және уақытша құрылыстарға арналған алаңды ұйымдастыру жұмыстары басталды. 

Тұрақты және сапалы сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылады. Осы мақсаттарға биыл 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Сонымен қатар биыл Егіндікөл ауданында Нұра топтық су құбырын ауқымды қайта құру жұмыстары аяқталды, 70 шақырым желі салынды.

Жаңа желілер Қарғалы, Жантеке, Құмкөл, Егіндікөл және Тоғанас ауылдарында қамтамасыз етілген. Сондай-ақ биыл Үкімет резервінен Егіндікөл және Қорғалжын аудандары үшін бас су тартқышты қайта жаңартуға қосымша қаражат бөлінді.

Мұның бәрі екі аудан тұрғындарының таза ауыз суға үздіксіз қол жеткізуін қамтамасыз ете отырып, олардың тұрмыс сапасын едәуір арттырады.

Сондай-ақ Көкшетау қаласының су тазарту құрылыстарын салу жобасы аяқталу сатысында тұр. Желтоқсан айында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады, одан кейін персоналды оқытумен іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіледі.

Электр энергетикасын дамытуға 6 млрд теңге бағытталды.

Биыл ұзындығы 43 км электр желілері бар үш жоба пайдалануға беріліп жатыр.

Келесі жылы электр энергиясының тапшылығын жою үшін Қосшы және Көкшетау қалаларында 4 қосалқы стансаны жобалау жұмыстарын аяқтау жоспарлануда, оның екеуінде құрылысты бастау көзделген.

Бұған қоса, елорда маңындағы елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғасуда.

Бұған дейін Аршалы ауданының 16 ауылы газбен жабдықтау жүйесіне қосылған болатын. Биыл 4 елді мекенді қосылады.

Келесі жылы 68 мың адамды қамтитын 6 елді мекен газбен қамтылатын болады. 2026 жылы Целиноград ауданы, Қараөткел және Ақмол ауылдарын, Аршалы ауданы, Ақбұлақ ауылын және Тайтөбе ауылын газдандыру жоспарда бар.

«Біз облыс тұрғындарына жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз», — деді Марат Ахметжанов.

 

Көлік инфрақұрылымы

Көлік инфрақұрылымын дамыту да аса маңызды әрі өңір экономикасын дамытудың ажырамас бөлігі саналады.

Биыл жергілікті және республикалық маңызы бар жолдарды салу мен жөндеуге 104 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл 800 шақырым жолды қамтиды.

Мұнда елді мекендердің, соның ішінде астанаға іргелес ауылдардың жол желісін жаңартуға баса назар аударылды.

Көкшетау қаласында Қопа көлінің жағалауында демеушілік қаржы есебінен жоғары санатты автожол салынып, жарық шамдары орнатылды. Ол болашақта қаланың негізгі жолдарындағы көлік ағынын жеңілдететін жолға айналады.

Сонымен қатар жағалау бойы жаңаша абаттандырылып жатыр. Бұл – тұрғындар үшін сүйікті демалыс орнына айналатын маңызды жоба. 

 

Туризм

Ақмола облысы – еліміздің тек астықты аймағы емес, сонымен қатар өзінің сұлу табиғатымен – Бурабай, Зеренді курорттық аймақтарымен, Қорғалжын қорығымен танымал.

Бурабай курорты өңірде туризмді дамытудың негізгі көшбасшысы саналады. Бұл аймақ Алматы және Маңғыстау облыстарының туристік дестинацияларымен қатар, елімізде туризмді дамытудың үш негізгі орталықтарының бірі ретінде белгіленген.

Президент алға қойған міндеттер аясында Үкіметпен бірлесіп, Бурабай курортының жаңа концептін құру бойынша 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленуде.

Ақмола облысы әкімінің айтуынша, Бурабайда биыл алғаш рет «Атырау Авеню» демалыс аймағы және «Тары Бурабай» этно-рестораны ашылды.

Шағын авиацияны дамыту аясында келесі жылдан бастап курорттық аймақта тікұшақпен шолу саяхаттары іске қосылады.

Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін курорттық аймақ елді мекендерінің бас жоспарлары цифрландырылады.

 

Білім беру саласы

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 200 орындық 6 мектеп салынды. Онда қазір білім беру процесі жүргізілуде.

Целиноград ауданының Қоянды ауылында және Көкшетау қаласында 5 мың орындық үш мектептің құрылысы аяқталып қалды. Осы елді мекендердің бәрі астанаға жақын орналасқан. Осылайша ата-аналар үшін көптеген мәселе шешіліп, елордалық білім беру объектілерінің жүктемесі азаяды.

Жайлы мектептердің аумағы қарапайым мектептерден 15-20%-ға, техникалық жабдықталуы 4 есе артық.

Сонымен қатар Қосшы қаласында 1 200 орындық мектеп құрылысы аяқталды. 

Биыл облыс орталығында 446 орындық екі балабақша іске қосылды. Келесі жылы тағы үш балабақша пайдалануға беріледі.

 

Денсаулық сақтау саласы

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша бастапқы медициналық-санитариялық көмек объектілері салынып жатыр. Осы объектілер 38 ауылдық елді мекенде тұратын 43 мың адамды қамтиды.

Осы жылдың соңына дейін заманауи жабдықтармен қамтылған барлығы 28 нысан салынады және келесі жылы тағы он нысанды аяқтау қарастырылған.

Сондай-ақ Степняк қаласында аудандық аурухана құрылысы жалғасуда.

«Келесі жылы тағы бір ірі жобаны бастаймыз. Ол – Көкшетау қаласында 630 орындық өңіраралық көпбейінді аурухана құрылысы», — деп облыс әкімі жоспарлармен бөлісті.

Бұған қоса, лизингке 3,7 млрд теңгеге 50 жедел медициналық жәрдем автомобильдері сатып алынды.

 

Спорт

Биыл өңір үшін жарқын спорттық жаңалықтарға толы жыл болды. Облыс спортшылары Парижде өткен Жазғы Паралимпиадада лайықты өнер көрсетті.

Давид Дегтярев пара пауэрлифтинг бойынша чемпион атанды. Давид екінші рет Паралимпиада ойындарында жеңімпаз атанды, ол 2021 жылы Токиода да жеңіске жеткен болатын.

Давид Паралимпиадада екі рет жеңіске жеткен бірінші қазақстандық атанды және Ақмола облысын бүкіл әлемге танытты.

Еркін Ғаббасов пневматикалық винтовкадан атудан күміс медальға ие болды.

Әмір Мұратбеков 100 метрге браспен жүзуден квалификациялық турнирде сәтті өнер көрсетті, ол Әмірге ақтық жарысқа қатысуға мүмкіндік берді.

Биыл Қосшы және Есіл қалаларында, сондай-ақ Мәдениет ауылында спорт кешендері пайдалануға берілді.

Осы айда Степногорск қаласында жаңа спорт кешені есігін ашады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет Зеренді ауылында спорт кешенінің құрылысын салуға Арнайы мемлекеттік қордан қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл бастама халықты жаппай спортпен қамтуға және ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

«Жалпы, Ақмола облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамыту үшін зор мүмкіндіктер бар», — деп түйіндеді сөзін Марат Ахметжанов.

#Баспасөз конференциясы #Білім беру #Денсаулық сақтау #Инвестициялар #Инфрақұрылымдық даму #Спорт #Туризм #Экономика #Өнеркәсіп

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу