Ақтөбе облысында макроэкономикалық жағдай тұрақты 

2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталып отыр. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында Жалпы өңірлік өнім көлемі 1 930,6 млрд теңгені, нақты көлем индексі (НКИ) 101,5%-ды құрады. Жалпы салалар бойынша, қаңтар-қазан айларының қорытындысына сәйкес өнеркәсіп өнімінің НКИ өсімі – 101,2%-ды, ауыл шаруашылығы – 105,6%-ды, инвестициялар – 104,2%-ды, құрылыс жұмыстары – 104,2%-ды, тұрғын үйді пайдалануға беру – 101,6%-ды, көлік және қоймалау – 103,7%-ды құрады.

Әлеуметтік-экономикалық даму 

2021 жылы Үкімет Ақтөбе облысының 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспарын бекітті. Сол мақсатта түрік инвесторларының қатысуымен ауданы 450 гектар аумақта ерекше жағдайлары бар «Gebze» индустриялық аймағы құрылады деп жоспарланған еді. Жоба 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға және 500 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Ақтөбе облысында жеке инвестициялар есебінен тау-кен металлургия саласының экономикалық тиімділігін арттыру мақсатында Әйтеке би ауданында катодты мыс өндіру кешенін кеңейту және Мәртөк ауданында титаноцирконий кен орнын игеру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Деректерді өңдеу орталығын пайдалануға беру және газ өңдеу зауыты құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарлануда. Кешенді жоспарды іске асыру облыс халқының тұрмыс сапасын, табысы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысы – еліміздегі мұнай өңдеу, құрылыс және азық-түлік өндірісі белсенді дамып келе жатқан маңызды өнеркәсіптік және аграрлық өңірлердің бірі. 2022 жылы республикалық бюджетті нақтылауды ескере отырып, өңірді дамытуға 150 млрд теңгеден астам қаражат қосымша бағытталды. Бұл қаражат жолдарды жөндеуге және реконструкциялауға, газ тасымалдау жүйесін дамытуға, тұрғын үй құрылысына, коммуналдық шаруашылық саласындағы іс-шараларға, денсаулық сақтауды, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды нақты жұмыспен қамтуға жұмсалуда. Тағы бір өзекті мәселе – өңір экономикасын әртараптандыру. Осы жылы облыста 90 млрд теңгеден астам сомаға 30 жобаны іске асыру жоспарлануда, соның арқасында жаңа өндірістік қуаттар пайда болады және тұрақты жұмыс орындары ашылады. Бұл жұмыс жалғасады. Сондай-ақ Ақтөбеде магистральдық газ құбырының үшінші желісін салуды қаржыландыру; мұнай саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру; Ақтөбенің кәріз жүйелерін реконструкциялау жобасын тиісті қаржыландыруды пысықтаумен басымдықтар тізбесіне енгізу бойынша жұмыс жүргізу; өңірді дамытудың кешенді жоспарын және жоспарланған инвестициялық жобаларды сапалы іске асыруды қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Оларды іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді және жалпы жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Облыста қолайлы инвестициялық климат құру мақсатында биыл 1,1 мың жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 90,6 млрд теңгеге 30 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта 25,8 млрд теңге сомасына 16 жоба іске асырылып, 510 жаңа жұмыс орны ашылды.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттерден 24,6 млрд теңге субсидия бөлінді.

Ақтөбе облысында кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударылады. Мемлекеттік қолдау шаралары 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде 11,8 млрд теңге қарастырылды.

2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 3 мыңнан астам бизнес жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетілді. Ақтөбе облысы қолдау көрсетілген жобалар саны бойынша өңірлер бөлінісінде ірі мегаполистерді басып озып, көш бастап тұр.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту

Ақтөбе облысы жоғары өнеркәсіптік және инвестициялық тартымдылығымен ерекшеленеді. Жылдан жылға өңірде өнеркәсіп өнімінің, оның ішінде өңдеуші өнеркәсіптің көлемі артып келеді, экономиканы әртараптандыруға бағыт алынды.

Осы жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша өңдеу секторының өндіріс көлемі 981,9 млрд теңгені немесе НКИ 101,0%-ды құрады (2021 ж. 10 айда – 649,5 млрд теңге).

Өңдеу өнеркәсібінде өсім ірі кәсіпорындардың өндірістік көлемінің ұлғаюымен байланысты. Сусындар өндіруде 14,5 млрд теңгеге өнім өндіріліп, өсім 3 есені құрады (2021 ж. қаңтар-қазанда 4,8 млрд теңге).

Металлургия өнеркәсібіндегі «Қазхром ТҰК» АҚ 1,2% немесе 662,5 мың тоннаға ферроқорытпа өнімін өндірді (2021 ж. қаңтар-қазанда – 649,3 мың тонна).

«Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС рельс өнімі 12,8% немесе 108,0 мың тоннаға ферроқорытпа өнімін өндірді (2021 ж. қаңтар-қазанда – 95,6 мың тонна).

Машина жасауда 94,9 млрд теңгеге өнім өндіріліп, өсім 55,9%-ды құрады (2021 ж. қаңтар-қазанда 53,1 млрд теңге).

Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтеріне сәйкес, өңдеу өнеркәсібі саласында 752 кәсіпорын жұмыс істеп, онда 28,9 мың адам еңбек етеді.

Жүзеге асырылып жатқан индустриялық жобалар

Ақтөбе облысында 12 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың ішінде зауыттар салынып, кен орындары игеріледі деп күтілуде.

Өңірде 2022-2025 жылдары жаңа нысандар бой көтереді. 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Мысалы, өңірде 70 млрд теңгеге цемент зауыты салынады. Жобаны Сингапурдан келген инвестормен жүзеге асыру жоспарлануда. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 1,2 млн тоннаны құрайды.

Қазақстандық компания үймелі шаймалау, сұйық экстракция және электролиз әдісімен Бенкал және Оңтүстік Бенкал кен орындарын игерумен айналысады. Жоба 36,5 млрд теңгеге бағаланады. Ал Юбилейное алтын кен орнында 120 млрд теңгеге тау-кен металлургия комбинаты жұмыс істейді.

Қытайдан келген инвестормен бірлесіп өңірде жылжымалы бұрғылау қондырғыларының өндірісі жолға қойылады. Құны – 4,1 млрд теңге. Нысанның қуаты жылына 24 қондырғыны құрайды.

Облыста 3,7 млрд теңгеге диализаторлар өндірісі ашылады деп күтілуде. Қуаты – жылына 1 млн диализатор. Сондай-ақ 10 млрд теңгеге темір кендерін құрғақ магниттік сепарациялау фабрикасы салынады. Биологиялық ыдырайтын пакеттерді өндіру бойынша жобаны 2,5 млрд теңгеге іске асыру жоспарлануда. Өнеркәсіп объектісінде жылына 6 мың тонна өнім шығару жолға қойылады.

Бұдан басқа, облыста жаңартылатын энергия көздері саласындағы ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Екі кезеңде жел электр станциясын іске қосу көзделген. Инвестициялар - 180 млрд теңге. Әр кезектің қуаты 150 МВт құрайды. Бұл ретте, екінші кезеңнің құрылыс жұмыстарының басталуы бірінші кезең аяқталғаннан кейін жоспарланады. Румыния мен Португалиядан келген инвесторлар жел станциясын 168 млрд теңгеге іске қосуға көмектеседі. Қуаты – 250-500 МВт.

Осы жылы облыста 1 100 жұмыс орнын құра отырып, сомасы 90,6 млрд теңгеге 30 инвестициялық жобаны шағын және орта бизнес, өнеркәсіп және ауыл шаруашылық салаларында іске асыру жоспарлануда. 

Қазіргі уақытта 72,6 млрд теңге сомасына 22 жоба іске асырылып, 865 жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін 235 жұмыс орнын құрумен 18 млрд теңге сомасына 8 жоба пайдалануға берілмек. Жобаларды іске асыру тұрақты бақылауда.

Тау-кен өнеркәсібі  

Өңірде хром кенін өндіру, хром тұздарын, рентген аппаратурасын және қазақстандық ферроқорытпалардың төрттен бірінен астамын өндіру кәсіпорындары шоғырланған. Облыстың жалпы өңірлік өнімінің негізгі үлесін 43,2% өнеркәсіп құрайды.

Ақтөбе облысында өнеркәсіп саласында 868 кәсіпорын бар, онда 40 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Ресей тарапының қатысуымен 152 млрд теңгеге титаноцирконий кендерін өндіру және өңдеу бойынша тау-кен байыту кешені салынады. 600 адам жұмысқа орналасады деп күтілуде. Ресейден келген тағы бір инвестор Лиманое кен орнын игеруге мүдделі. Жоба 41 млрд теңгеге бағаланып отыр.

2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіптің жалпы көлемінің өсуі 101,2%-ды немесе 2 321,2 млрд теңгені құрады (2021 ж. қаңтар-қазанда – 1 738,1 млрд теңге). Жалпы республика өнеркәсібіндегі үлесі 5,8%-ды құрайды.

Тау-кен өнеркәсібінің көлемі 101,2%-ды немесе 1 206,5 млрд теңгені құрады (2021 ж. қаңтар-қазанда – 977,0 млрд теңге). Жалпы республикалық тау-кен қазу өнеркәсібіндегі үлесі 5,8% болып табылады. Өнеркәсіптегі үлесі – 52,0%.

Аталған мерзімде 4,1 млн тонна мұнай және 4,8 млрд текше метр газ өндірілді. Сонымен қатар 4,9 млн тонна хром кені және 3,2 млн тонна хром концентраттары, 1,2 млн тонна мыс кендері өндірілді.

Металлургия өнеркәсібі

2022 жылғы 19 қазанда Ақтөбе облысының әкімдігі болат балқыту зауытын салу бойынша «QazSpetsSteel» ЖШС компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Зауыттың қазақстандық өндірістегі темір кені шикізатын, флюс, ферроқорытпалар мен отынды пайдаланудағы бірегейлігі арматуралық прокат өндіруде шетелдік жеткізушілерге тәуелділікті толығымен жояды. Жоба аймақ пен жалпы ел үшін өте маңызды.

Жоба қазақстандық өндірушілерді рельс, теміржол дөңгелектері, құрылыс арматурасы және фасонды прокат өндіруге арналған блюмдермен және дайындамалармен қамтамасыз етеді. Бұл дайындамалар мен құрылыс арматурасы елдің жылына $990 млн-ға жуық өнімді импорттау қажеттілігін жояды және сапалы өніммен қамтамасыз етеді.

«QazSpetsSteel» ЖШС жобаға $587 млн инвестиция салады. Зауыттың қуаты жылына 800 мың тонна өнімді құрайды. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының металлургия өнеркәсібі саласында 639,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді (2021 ж. 10 айда – 395,5 млрд теңге).

Металлургия өнеркәсібі секторының жалпы өнеркәсіптегі үлесі 27,6%-ды құрайды. Ал өңдеу өнеркәсібі саласындағы үлесі – 64,8%.

2022 жылдың 10 айында ферроқорытпалар өндірісі 1,2%-ға өсіп, 662,5 мың тонна өнім өндірілді (2021 ж. қаңтар-қазанда – 649,3 мың тонна). Рельстік өнімдер өндірісі 12,8%-ға артып, 108,0 мың тонна өнім өндірілді (2021 ж. қаңтар-қазанда – 95,6 мың тонна).

Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы Ақтөбе облысы экономикасының негізгі салаларының бірі болып табылады. Ауыл шаруашылығы Қазақстан Республикасында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін басым қызмет түрлерінің тізбесіне кіреді. Соңғы жылдары өңірде ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға инвестициялар көлемінің айтарлықтай өсуі байқалады, бұл осы саланың инвесторлар үшін жоғары тартымдылығын көрсетеді.

Өңірдің ауыл шаруашылығында мал шаруашылығы басым бағыт саналады. Облыста өсірілетін негізгі өсімдік дақылы – бидай. Жақын болашақта ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің одан әрі өсуі күтіліп отыр.

Ақтөбе облысы табиғаты жағынан, жерінің қолайлылығы, экономикасының дамуы жағынан облыстың аграрлық мүмкіндігі мол және азық-түлікпен Қазақстанның батысындағы өңірлердің халқын қамтамасыз етуге әлеуеті бар. Сондай-ақ  өңірде 12 552,6 мың га ауыл шаруашылығы жерлері, оның ішінде 11 296,9 мың га жайылымдық, 297,1 мың га шабындық, 702,3 мың га егістік, 256,3 мың га тыңайған жер алқаптары бар.

Облыста 5 291 агроқұрылымдар, оның ішінде 5 029 шаруа қожалықтары және 262 заңды тұлғалар тіркелген.  Ауыл шаруашылығы саласында 33 379 адам жұмыс жасайды. Олар негізінен астық, картоп, көкөніс пен бақша өсіру, ет-сүт бағытындағы мал және құс шаруашылығымен, өңдірілген өнімдерді қайта өңдеумен айналысады.

2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 381,1 млрд теңгені, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар көлемі – 12,3 млрд теңге. Жиналған астық көлемі өткен жылғы көрсеткіштен екі есеге артып, 532 мың тоннаны құрады. Жылқы басы 30,3 пайызға өсті, ірі қара мал басы – 10,0%-ға, ұсақ мал басы – 5,4%-ға, түйе саны – 13,5%-ға ұлғайды. Ауыл шаруашылығы техникасының жаңартылуы да қарқынды жүруде. Мал басын асылдандыру бойынша «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 11 245 ірі қара және 24 385 бас қой сатып алынды.

Заманауи технологияларды қолдана отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру, техника мен жабдықтарды жаңарту есебінен ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін арттырады. Осындай қарқынмен мал басының артуына байланысты жем-шөппен қамтамасыз ету үшін 2020 жылдан бастап Үкіметтің қолдауымен республикалық бюджет есебінен 25 мың гектар көлтабанды және 10,6 мың гектар үнемі суармалы жерлер бүгінде қалпына келтірілуде.

Агроөнеркәсіп кешенінің субъектілерін мемлекеттік қолдау

Биыл Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығын субсидиялауға 24,6 млрд теңге қаражат бөлінген, бұл өткен жылғы мемлекеттік қолдаудан жоғары. 2021 жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден өңірдің АӨК субсидиялауға 22,6 млрд теңге бағытталған болатын.

Саланы қолдау нәтижесінде 2022 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі мен ауыл шаруашылығы жануарларының саны артты. Қазіргі уақытта субсидиялар төлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ретте субсидиялар берудің заңдылығына тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Ауыл шаруашылығы саласын дамытуды мемлекеттік қолдау мақсатында биыл республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 24,6 млрд теңге субсидияның, атап айтқанда, мал шаруашылығына 15,3 млрд теңге, өсімдік шаруашылығына 1,5 млрд теңге және басқа түрлері бойынша 7,8 млрд теңге бөлінді.

Ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға Аграрлық несие корпорациясы арқылы 596 жобаға 12 млр. теңге және 606 ауыл шаруашылығы техникаларын алуға «ҚазАгроҚаржы» Ақтөбе филиалы арқылы 10,5 млрд теңге бөлінді.

Азық-түлік өнімдерін өндіру

Осы жылы облыста 722,3 мың гектар алқапта көктемгі егіс жұмыстары жүргізілді. Жалпы егіс алқабының 52%-ын дәнді дақылдар, 34,6%-ын жемшөп және 11,8%-ын майлы дақылдар, 0,9%-ын картоп, 0,7%-ын көкөніс-бақша дақылдары алды. Дәстүр бойынша егіннің негізгі үлесі немесе 76,7%-зы облыстың 4 ауданында – Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк және Хромтау аудандарында егілді.

2022 жылға арналған болжам бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 106%-ға өседі деп күтілген еді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 9,6 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлді. Шаруашылыққа дизель отыны 1 литр үшін 184 теңгеден берілді, бұл нарықтық бағадан 23%-ға арзан.

2022 жылғы егіс науқанына 40,6 мың тонна тұқым себілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдауға жергілікті бюджеттен 1,3 млрд теңге субсидия бөлінді. Бұдан басқа, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 2,6 млрд теңге жеңілдетілген кредиттер түрінде бөлінді.

Бүгінгі күні облыс халқы 32 түрлі негізгі азық-түлік тауарларының 24-і бойынша жергілікті тауарлармен, атап айтқанда, ұн, нан, макарон өнімдері, сиыр еті, қой еті, тауық еті, сүт және сүт өнімдері, тауық жұмыртқасы, өсімдік майы және сары май, картоп, көкөніс, ал қалған өнімнің 8 түрі бойынша (қарақұмық жармасы, күріш, қант, тұз, сарымсақ, бұрыш, алма, балық) басқа өңірлер есебінен, ішінара импорт есебінен қамтамасыз етілуде.

Облыста 100-ден астам ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорын бар. Атап айтқанда, 9 диірмен, 56 наубайхана, 5 макарон цехы, 15 сүт өңдеу зауыты, 6 шұжық цехы, 10 тұшпара цехы, 3 өсімдік майын өндіретін зауыт және т.б. 

Өңір бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарып отырған 20-дан астам ірі кәсіпорын бар. Өнімдер Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай т.б. елдерге экспортталады.

Басым салаларды дамыту

Ақтөбе облысы – стратегиялық индустриялық-аграрлық өңір. Ақтөбе облысы индустриалдық өңірлер қатарына кіреді. Облыс экономикасында өнеркәсіп саласы 47%-ды құрайды. Сонымен қатар өңірде ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес салалары дамуда.

Облыстың металлургия, химия және мұнай-газ салаларын дамыту үшін өңірдің әлеуеті зор, облыстың жер қойнауында Менделеев кестесіндегі барлық дерлік пайдалы қазбалардың кені бар. Мысалы, облыс хром кендерінің қоры бойынша әлемде 2-ші орынға ие, көмірсутек шикізаты мен мыс кендерінің қорлары бойынша Қазақстанда 3-ші орында. Облыс дамыған жол-көлік айрығы мен транзиттік мамандануының арқасында маңызды стратегиялық торап болып табылады.

Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту және шағын кәсіпкерлікті ашу мақсатында өңірлер арасында Ақтөбе облысы алғашқы болып халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын бастады. Жоба бойынша бірінші кезекте 12 аудан, 24 ауылдық округте 2 772 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жобаны қаржыландыруға осы жылы республикалық бюджет есебінен 3 млрд теңге бөлінді және келесі жылы бөлінетін қаражат көлемі артатын болады.

Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары аясында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде 11,8 млрд теңге қарастырылды.

Әлеуметтік осал топтарды қолдау

2022 жылдың 10 айында 5 305 отбасына, яғни 27 269 аз қамтылған азаматқа 1,6 млрд теңге көлемінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Облыста 300 отбасына 5,3 млн теңгеге тұрғын үй көмегі көрсетілді.

Жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына, оның ішінде аз қамтылған отбасыларға өмірлік қиын жағдайда біржолғы ақшалай төлем 36 822 адамға 1 968,2 млн теңге көлеміндегі көмек көрсетілді.

Сонымен қатар аталған мерзімде жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес 14 888 мүмкіншілігі шектеулі тұлғаларға 2,0 млрд теңгеге қызмет көрсетілді.

2022 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында облыста балаларға және ересектерге арналған 2 оңалту орталығы тең қоғам жобасы аясында әлеуметтік қолдау орталығы іске қосылды. 

Дей тұрғанмен, Ақтөбе облысында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың аз қамтылған отбасыларының саны азайып келеді. Облыста 5305 отбасы 1,6 млрд теңгеге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алды. Бір жылдан 6 жасқа дейінгі 6 мыңнан астам балаға 417 млн теңге сомасына кепілдендірілген әлеуметтік пакет берілген. 2021 жылмен салыстырғанда АӘК алушылар саны 900 адам тұратын 797 отбасына азайған. Бұл мәселе еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін жұмысқа белсенді тарту арқылы шешімін тауып жатыр. 

Азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу шаралары

Азық-түлік бағасының негізсіз өсуімен күресу үшін азық-түлік тапшылығын болдырмау және сауда үстемесін бақылау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізу қажет. Бұдан басқа, облыс әкімдігі ерте пісетін көкөністерді жеткізуге елдің оңтүстік өңірлері мен таяу шет елдердің фермерлерімен уақытылы тікелей шарттар жасасуға, сауда желілерімен жұмыс істеу кезінде «айналым схемасы» тетігін белсенді пайдалануға және жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге жүйелі негізде форвардтық шарттар жасасуға тиіс.

Өткен аптада баға индексі 100,3% (ҚР бойынша 100,2%), жыл басынан бері – 122,7%-ды ( ҚР бойынша 122,3%) құрады.

Бұл ретте өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 19 позициясының 18-нің бағасы орташа республикалық деңгейден төмен.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуінің негізгі себебі – РФ санкциясын және уақытша шектеуді енгізу, сонымен қатар коммуналдық қызметтерге, шикізатқа, логистикаға және т.б. тарифтердің көтерілуімен байланысты.

Өңірде азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу және тұрақтандыру мақсатында биыл жергілікті бюджеттен тұрақтандыру қорына 2,2 млрд теңге (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, күнбағыс майы, түйіршіктелген қант, қарақұмық жармасын сатып алу үшін) және «айналым схемасы» бойынша қарыз беру үшін 4,5 млрд теңге бөлінді.

«Айналым схемасы» шеңберінде бүгінгі күні жергілікті тауар өндірушілермен және кәсіпкерлермен тауық жұмыртқасын, күнбағыс майын, сиыр еті (кеуде бөлігі), 1/с ұнды және макарон өнімдерін (рожки) жеткізу туралы шарттарға қол қойылды. Нәтижесінде сауда желілерінің сөрелеріндегі аталған өнімдердің бағасы нарықтық бағадан төмен. Мысалы, тауық жұмыртқасы 461 теңге 10 данасы, ал әкелінген Қостанай жұмыртқасы 581 теңге/ондық тұрады, бұл 120 теңге арзанырақ, сиыр еті (кеуде бөлігі) коммуналдық базарлар сөрелерінің бағасы – 1840 теңге/кг, ал базарлардағы бағалар 2000 теңге/кг-нан басталады, 1/с бидай ұны «Мұқатай» құны 215 теңге/кг, күнбағыс майы 776 теңге/л.

Қазіргі уақытта өңірді түйіршіктелген қантпен қамтамасыз ету бойынша қант зауыттарымен мәселе пысықталып жатыр.

Көкөніс өндірушілермен форвардтық шарттар жасалды. Картоп – 2309,4 тонна, сәбіз – 260 тонна, пияз – 269,5 тонна, кырыққабат – 45,9 тонна. 1-сұрыпты ұнның құнын арзандату мақсатында тұрақтандыру қоры арқылы 903,0 млн теңге сомасына 1-сұрыпты ұнды форвардтық сатып алу жүзеге асырылады. Нан пісіру кәсіпорындарына 1-ші сұрыпты ұнды 105,0 теңге/кг бағамен жеткізу үшін «Рамазан» ЖШС ірі ұн тарту кәсіпорнымен шарт жасалды.

Сонымен қатар бүгінгі таңда тұрақтандыру қорының операторы 2022-2023 жылдардағы маусымаралық кезеңге тұрақтандыру қорына картоп, қырыққабат, ұзақ сақталатын пияз, сондай-ақ бакалея өнімдерін: қарақұмық жармасы мен күрішті қосымша сатып алу мәселесін пысықтап жатыр. 

Мониторингтік топтар жыл басынан бері үйдің жанындағы 2000-нан астам дүкенді аралап шықты. 19 бизнес субъектісіне қатысты сауда үстемесінің көлемін арттырғаны үшін ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды.

Шағын және орта бизнес 

Облыста ШОБ (шағын және орта бизнес) саласын дамытудың оң серпіні де сақталуда.

2021 жылы 5,5 мыңнан астам бизнес-жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын жүзеге асыруға 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, бұл 2020 жылғы қаржыландыру көлемінен 3 есе артық. Бұл бағыт бойынша облыс өңірлер арасында бірінші орында. Өңірдегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2020 жылмен салыстырғанда 6,8%-ға, шығарылатын өнім көлемі 21,7%ға ұлғайды.

2022 жылы мемлекеттік қолдау шараларымен бизнес субъектілерін өткен жыл деңгейінде қамту жоспарланған болатын.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылуда. Бизнесті қолдаудың негізгі құралдарының бірі – ұлттық жоба шеңберіндегі қаржылық қолдау.

Ұлттық жоба аясында биыл 11,8 млрд теңге көлемінде қаражат көзделді, бұл 3 179 жобаны қолдауға ықпал етті.

Жыл басынан бері өңірде 12 908 бірлік ШОБ субъектісі ашылды, яғни тіркелген ШОБ субъектілерінің саңы 74 503-тен 87 411 бірлікке өсті. Оның ішінде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 21,7%-ға артып, 78 858 бірлік субъектіні құрады.

Биылғы қаңтар-маусым айларында ШОБ саласында жұмыс істейтін азаматтардың саны 166,5 мың адамды құрады (112,3%). ШОБ субъектілерімен өндірілген өнімнің көлемі 640,2 млрд теңгені құрады (105,0%).

Инвестиция тарту

Инвестиция тарту облыстың дамуына қосымша серпін береді. Осыған байланысты қолайлы инвестициялық климат құру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 2022 жылы Ақтөбе облысының экономикасына 933 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған болатын.

2022 жылдың қорытындысы бойынша 90,6 млрд теңге сомасына 30 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен 1100 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Жалпы 2021-2025 жылдар кезеңінде Ақтөбе облысына 5,7 трлн теңге инвестиция тарту көзделген, оның ішінде осы жылы 933 млрд теңге.

Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша инвестициялар ағынының көлемі 708,9 млрд теңгені немесе өсім 4,2%-ды құрады. Оның ішінде сыртқы инвестициялар 25% (173,7 млрд теңге). Бұл инвестициялар жергілікті бюджетке қосымша түсімдерге, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірлік өнімділікті арттыруға ықпал етеді.

Қазан айында Астана қаласында жаһандық инвестициялар бойынша өткен дөңгелек үстел аясында металлургия, құрылыс, денсаулық сақтау, экология және логистика салаларына $735 млн (342 млрд теңге) сомасына 5 меморандумға қол қойылды.

Жолдардың жай-күйі

Ақтөбе облысы өзінің географиялық орналасуына байланысты көліктік әлеуеті зор өңір. Бұл ретте бүгінде өңірдегі автожолдардың сапасын жақсарту мәселесі өзекті болып қала береді.

Ақтөбе облысында 2021 жылдың көктемінде басталған Ақтөбе–Қандыағаш тас жолын қайта жаңарту жалғасуда. Қайта құру аяқталғаннан кейін жолдың жалпы ені 18 метр болатын төрт жолақ болады. Сондай-ақ жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 66%-ды құрайды. Осы бағытта 24,6 млрд теңгеге ұзындығы 440 км жол (302,9 км жергілікті маңыздағы жолдар, 137,1 км – көше жол желілері) жөнделді.

Атап айтқанда, Ақтөбе қаласының Батыс айналма жолының құрылысы, «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолының» 21,5-35,3 км учаскесін, «Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск» автомобиль жолының 7-17 км, 45-60 км, 60-75 км учаскелерін, «Покровка-Темір-Кеңкияқ-Ембі» автомобиль жолының 78-84 км учаскесін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан басқа, «Шалқар-Бозой-РУ шекарасы (Нүкіске)» автомобиль жолының 65-80 км, 80-95 учаскелеріне және «Ақтөбе –Родниковка-Мәртөк» автомобиль жолының 05-42 км учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 77%-ды құрайды.

Жұмыссыздық деңгейі 

Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында Ақтөбе облысында 9 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Ұлттық жобалар шеңберінде өңірлік жұмыспен қамту картасы қалыптастырылған. Картаға сәйкес, 9222 жұмыс орнын құрумен 272 жобаны іске асыру жоспарланған. Бос жұмыс орындары туралы ақпарат Электрондық еңбек биржасында орналастырылады.

Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде 53 мыңнан астам жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту шараларымен қамту жоспарлануда, бүгінгі таңда жоспар 26,5%-ға орындалды, яғни 14 мың адам жұмысқа орналастырылды және кәсіптік оқытудың қысқа мерзімді курстарына жіберілді.

Жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін қолдау мен арттыруда «бірінші жұмыс орны» және «ұрпақтар келісімшарты» жобалары барынша тиімді. Өткен жылы осы жобалар аясында облыс бойынша 176 жас жұмысқа орналастырылды, ал биыл 300-ге жуық адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Халықты жұмыспен қамтудың тағы бір тиімді тетігі – қайтарымсыз гранттар беру. Ақтөбе облысында 500-ге жуық жасқа және халықтың әлеуметтік осал топтарынан 1 мыңнан астам азаматқа мемлекеттік гранттар беру жоспарлануда.

Жұмыссыздық деңгейін өсірмеу мақсатында жаңа жұмыс орындарын құру бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіліп, 2022 жылдың 1 қарашадағы жағдай бойынша 34 624 жаңа жұмыс орындары құрылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орны 16 886 бірлік (45,3%).

Облыста «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы» аясында жыл басынан 53 039 (жоспар – 53 000 адам) жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды (100%), оның ішінде, жастар – 20 372 адам, әйелдер – 25 359 адам (49,5%).

Цифрландыру мен инновацияларды енгізу процесі

Ақтөбе қаласында ашылған «бизнеске арналған үкімет» фронт-офисінің мақсаты бизнеске барлық қолдау шараларын орталықтандыру болып табылады. AQTOBE INVEST жаңа фронт-офисі кәсіпкерлерді қолдау шараларының қолжетімділігі мен қамтылуын арттырады, сондай-ақ рәсімдердің ашықтығын арттырады және нәтижесінде кәсіпкердің идеядан жобаны іске асыруға дейінгі жолын жеңілдетеді.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында 315 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 207 ауыл (65,7%) мобильді интернет желісімен қамтамасыз етілді. Биыл 118 елді мекенде байланыс сапасын жақсарту үшін 4G стандартының қосымша базалық станцияларын орнату бойынша жұмыстар жүргізілді.

2021 жылдың шілде айынан бастап Ақтөбе облысы әкімдігінің Ахуалдық орталығы өз жұмысын бастады. Ахуалдық орталықтың негізгі бағыты – жергілікті атқарушы органдардың қызметіне байланысты мемлекеттік, тұрғын үй-коммуналдық және басқа да қызметтерді алуға қатысты азаматтардың проблемалық мәселелерін жедел анықтау және шешу. Осы жылдың 1 қаңтарынан 24 қарашасына дейін Ахуалдық орталықтың бірыңғай диспетчерлік қызметі Call-орталыққа түскен 38 001 азаматтың өтінішін тіркеді. Олар 109 номеріне түскен хабарламалар, облыс әкімінің блогы және мониторинг барысында әлеуметтік желілер арқылы анықталған. Тұрғындар өтініштерінің басым бөлігі ТҮКШ саласына қатысты – бұл қоқыс шығару, көшелерді тазалау, қоғамдық кеңістіктердің жай-күйі, жолдарды тазалау және жөндеу, қоғамдық көліктің жұмысы және т. б..

Ақтөбе облысының архитектура жобасына сәйкес электрондық құжат айналымы жүйесін жаңғырту шеңберінде өңір әкімдігі және оның құрылымдық бөлімшелері қызметіне бейімделген бұлтты құжат айналымы жүйесі әзірленді. Нәтижесінде 36 мемлекеттік орган электрондық құжат айналымының бұлтты платформасына көшіріліп, жүйеге қосылды. Барлық мемлекеттік мекемелер толық қағазсыз құжат айналымына көшті. Сонымен қатар, электрондық құжат айналымының бұлтты платформасына көшу кезінде «қашықтан жұмыс орны» жобасы іске асырылды. Осыған байланысты карантиндік шаралар жағдайында мемлекеттік қызметшілер қашықтан жұмыс істеу режиміне (500 пайдаланушыға дейін) ауыса алады

Туризмді дамыту 

Ақтөбе облысы экономикалық, мәдени және туристік әлеуеті зор өңірлердің бірі болып табылады. Оның артықшылығы – оның Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде қолайлы географиялық орналасқандығында. Аймақтағы ең ірі автомобиль жолы – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жаһандық көлік дәлізі. Теміржол желілері Еуразия континентінің еуропалық және Азиялық бөліктеріне барлық бағытта созылып жатыр. Халықаралық әуе жолдарының желісі қамтиды. Әлемнің барлық дерлік авиакомпаниялары заманауи, аймақтық аэронавигациялық диспетчерлік орталықтың қызметтерін пайдаланады. Қазіргі Ақтөбе халықаралық әуежайы барлық үлгідегі әуе кемелерін қабылдай алады. Терминалдардың өткізу қабілеті сағатына мыңнан астам жолаушыны құрайды.

2022 жылы өңірде туризмді дамыту мақсатында келесі іс-шаралар ұйымдастырылды. Ақтөбе қаласындағы ипподром аумағында Батыс Қазақстан аумағындағы алғашқы «Шексіз аспан» аэростаттар фестивалі өтіп, 10 аэростат (әуе шарлары) ұшырылды. Барлық ниет білдірушілер үшін жол жүру тегін болды. Шараға 20 мыңнан астам адам қатысты. Өңірлік туристификация картасына кіретін Қарғалы су қоймасын, объектіні дамытуға және ілгерілетуге бағытталған «Qargaly Fest» халықаралық фестивалі өткізіліп, этноауыл, ұлттық қолданбалы өнер бойынша шеберлік сыныптары, спорт аймақтары, фудкорттар және т.б. ұйымдастырылды. Фестиваль аясында «Qazaq Man» триатлон-жарысы өткізілді. 180 қатысушы, соның ішінде рейтингте ұпайлар үшін күрескен титулды кәсіби триатлеттер бастады. Іс-шара барысында барлық тілек білдірушілер үшін үздіксіз тегін жол жүру ұйымдастырылды. Фестивальге 25 мыңнан астам адам қатысты.

«Жанды сабақтар» жобасы жас ұрпақ арасында ішкі туризмді насихаттауға бағытталған. 2022 жылы аталған турлармен 2 400 бала қамтылды (2021 – 400 оқушы). Ақпараттық-танымдық экскурсияларды өткізу кезінде облыс пен Ақтөбе қаласының 40-тан астам туристік және киелі жерге барды. 

Орналастыру орындарында қызмет көрсетілген келушілер саны 79 735 адамды құрады. Өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 28,4%-ға өсті. Оның ішінде резиденттер – 73 257 адам, резидент еместер – 6 478 адам (11 айда e-Qonaq ақпараттық жүйесіне сәйкес– 22 533 адам тіркелген). 

2023 жылы 800 млн теңгеден астам сомаға 8 жол бойындағы сервистерді енгізу және 2 қонақ үй кешенін салу мен қайта жаңартуды бастау жоспарлануда.

Білім беру  

Ақтөбе облысында контингенті 44 913 баланы құрайтын 575 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік балабақша – 226 (контингенті 23 862), 193 жекеменшік балабақша (17 618 бала), 156 шағын орталық (3433 бала). 1-6 жас аралығындағы балаларды қамту – 88,4%, 2-6 жас – 92,6%, 3-6 жас –100%. Бір тәрбиеленушіге мемлекеттік тапсырыс көлемі қала бойынша 41 718 теңге, ал ауылда 45 869 теңгені құрайды.

Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін іске асыру мақсатында облыс бойынша 3 МДҰ-да «Өсу нүктелері» құзыреттілік орталықтары», «Мектепке дейінгі ұйымдағы топта күн бойында екі педагог» пилоттық жобалары және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын бағалау өлшемшарттарының апробациясы өткізілуде.

Өңірде 165 859 контингенті бар 404 мектеп бар. Шағын жинақты ауыл мектептерінің білім сапасын арттыру мақсатында «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасы іске қосылды. Облыстағы 424 мектептің 281-і ауылдық жерде орналасқан. Бұл мектептердің жалпы санының 66%-ын құрайды, 45 978 бала білім алады. 204 мектеп шағын жинақты. 7 жетекші мектептің 32 үздік ұстазы 120 мектептің оқушыларына сабақ беруде.

Облыста 6700 білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балалар тәрбиеленеді. Инклюзивті білім беру үшін жағдай жасаған мектептердің үлесі 64%, балабақшалардың үлесі 52%-ды құрайды.

Қосымша білім берумен 139 875 (84,2%) оқушы қамтылған. Оның ішінде мемлекеттік 49 қосымша білім беру ұйымындағы 821 үйірмеге 37 350 (23 пайыз), мектепішілік 2833 үйірмеге 84 324 (52,4%) оқушы барады.

2021 жылы балаларға қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институты енгізілді. Қазіргі таңда облыста мемлекеттік тапсырыс арқылы 4 бағыт бойынша 40 түрлі үйірмеге 5000 (3-5 жас – 156 бала, 6-17 жас - 4844 бала) бала қосымша білім берумен қамтылып отыр. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында www.odoaktobe.kz порталы әзірленіп, іске қосылды. Яғни портал арқылы құжаттарды қабылдау процесі автоматтандырылды. Облыста 6 үш ауысымды және орын тапшылығы қалыптасқан 50 мектеп бар. Апатты мектеп – 6.

2022 жылы 3,3 млрд теңгеге 3920 орындық 14 мектеп құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 2 үш ауысымды мектептің, 3 апатты, 4 орын тапшылығы қалыптасқан, 5 ескі бейімделген мектептің мәселесі шешілді. Сондай-ақ 900 орындық 1 мектеп іске қосылды. Жыл соңына дейін 5 мектеп пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2025 жылға дейін 20 жаңа мектептің құрылысы жоспарланып отыр.  Ақтөбе қаласында облыс бойынша 49 мектеп және колледж студенттеріне арналған 3 жатақхана салу жоспарлануда.

Денсаулық сақтау  

Денсаулық сақтау және білім беру жүйелері қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін заманауи инфрақұрылым салынады. Сонымен қатар, өңірде балалар онкогематологиясы орталығы салынады, сондай-ақ кемінде 25 денсаулық сақтау объектісіне күрделі жөндеу және жоғары технологиялық медициналық техникамен жарақтандыру жүргізіледі. Жалпы 2021 жылдың қорытындысы бойынша өңірде бала туудың 9%-ға өсуі байқалады. Бұл ретте пандемия кезінде жалпы өлім-жітім 9,2%-ға ұлғайды.

Облыс бойынша өткен жарты жылдықтағы жағдай келесідей: жалпы өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 7,84-тен 8,56 өсті, сондай-ақ нәрестелер өлім-жітімі 1000 тірі туғандарға шаққанда 11,17-ден 8,27-ге дейін 26,0%-ға және ана өлім-жітімі 100 мың тірі туғандарға шаққанда 65,2-ден 10,18-ге дейін 6,4 есе төмендеді.

2022 жылдың 9 айында 14 145 жаңа туған нәресте тірі туылды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2930-ға аз (17 078 туылған), туу көрсеткіші 19,1%-ға төмендеп, 25,36-ға қарсы 20,51 құрады.

Сонымен қатар сәбилер өлімінің көрсеткіші облыс бойынша жалпы алғанда 10,8%-ға төмендеп, 8,98 (1000 тірі туылғандарға шаққанда) құрады.

2020 жылы ана өлімі көрсеткішінің күрт өссе, 2021 жылы бұл қарқынының 23,3%-ға төмендегені байқалады. 2022 жылдың 9 айында облыс бойынша ана өлімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 84,4%-ға төмендеген.

Аурулардың негізгі себептерінен болатын өлім-жітімнің өсу қарқынын төмендету бойынша жұмыс ағымдағы жылы да жалғасуда. Бұл мәселе денсаулық сақтау басқармасы басшылығының тұрақты бақылауында. Сонымен қатар өткен жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 30%-ға, ал медбикелердің жалақысы 20-ға өсті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш тиісінше 326 мың және 204 мың теңгені құрады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру және кепілді тегін медициналық көмек көрсету шеңберінде  медициналық ұйымдар дәрілік заттармен қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

Бүгінгі күні амбулаториялық-емханалық көмекке 7 млрд теңгеге дәрі-дәрмек жеткізілді. 5,3 млрд теңгеге 101 691 науқасқа көмек көрсетілді. Шұғыл, стационарлық көмек көрсету кезінде – денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес қамтамасыз етіледі. Стационарлық деңгейде медициналық ұйымдар мен «СК-Фармация» ЖШС арасында келісімшарттар жасалып, 6,2 млрд теңгенің тауары жеткізілді.

Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту

Бірінші кезекте, халықтың медициналық көмектің нақты түрлеріне сұранысын ескере отырып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіруді жалғастыруды жоспарлап отырмыз.

Соңғы бір жылда 9 медициналық кәсіпорында жалпы сомасы 594,1 млн теңгеге ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілді. Пайдалануға берілген – заманауи облыстық перинаталдық орталық, өткен жылдың ең маңызды ірі нысаны. Сондай-ақ, биыл облыста жалпы құны 847,9 млн теңгеге 7 нысан пайдалануға берілді.

Ауруханалар мен емханаларды заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау – денсаулық сақтау саласын дамытудың маңызды бағыттарының бірі. 2022 жылға медициналық техникалық жабдықтауға 4 млрд теңге бөлінді. Ғимараттарды күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 451,5 млн теңге бөлінді. 

Биыл 26 дана санитарлық автокөлік сатып алу жоспарланып, оның ішінде бүгінгі таңда 13 данасы 142,3 млн теңгеге сатып алынды. Отандық өндіруші «Актюбрентген» АҚ-дан 831 млн теңгеге 20 дана рентген аппаратын сатып алу жоспарланды, жыл соңына дейін қаржы толық игеріледі.

Бірыңғай дистрибьютор ЖШС «СК Фармация» базасында алынатын медициналық техникалар КТ, УДЗ, видеобронхоскоп, ВЭК, т.б. сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы сомасы – 1,3 млрд теңге.

Денсаулық сақтау объектілері бойынша 8 ғимаратты күрделі жөндеу үшін 2022 жылға бөлінген қаржы сомасы 548,1 млн теңге.

2025 жылға дейін 282 білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасы жаңартудан өтеді. Осы жылы 56 мектеп (2027,0 млн) жаңартылады. Оның ішінде 51 мектепті пәндік кабинеттермен жабдықтау (химия, физика, биология кабинеттерін жаңарту (панельдер мен жиһаздар сатып алу) үшін барлығы 89 кабинет – 218,1 млн теңге бөлінді.

Өңірде 1954 спорт нысаны жұмыс істейді. 2018-2022 жылдар аралығында 209 спорт нысаны салынды. 2022 жылы 8 спорт нысаны ангар үлгісіндегі ірі спорт нысандары пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 8 спорт нысанынығ құрылысы аяқталады. Жұмыс істеп тұрған ірі спорт кешендерінің саны – 13.

Бұдан басқа, 2022 жылы Ақтөбе облысы бойынша ішінде футбол, баскетбол, волейбол және хоккей ойнауға арналған 40 спорт алаңы және 119 воркаут алаңдары салынды.

Ақтөбе облысы бойынша 2022 жылы 40 жобаға инженерлік желілерді жүргізу мақсатында 13 124,5 млн теңге қаражат қарастырылып, 825 км инженерлік желілердің құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар тұрғын үйге сыртқы инженерлік желі салу бойынша бір жобаға 2022 жылы 175,4 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Қазіргі таңда аталған 40 жобаның құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, 825 км инженерлік желі тартылып, 29 801 жер телімі және 89 403 тұрғынды қамтамасыз ету жоспарлануда. Сонымен қатар Ақтөбе облысы бойынша 2023 жылға қаржы бөлу мақсатында 8 533,2 млн теңге 19 жоба ұсынылды. 6 957,5 млн теңге 17 жобаға қолдау көрсетілді.

«Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру

2022 жылдың 10 айының қорытындысына сәйкес облыс бойынша 778,7 мың шаршы метр тұрғын пайдалануға берілді. 2,2 мың тұрғын баспаналы болды. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 1,6%. Жыл соңына дейін қаржыландырудың барлық көздері есебінен 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырылады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары да халық арасында жоғары сұранысқа ие. Атап айтқанда: «Бақытты отбасы», «5-10-20» (Шаңырақ), «7-20-25» ипотекалық бағдарламалары.

2022 жылдың басынан «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 65 отбасы, «5-10-20» (Шаңырақ) бағдарламасымен 139 отбасы, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 400-ден астам отбасы баспаналы болды. 

Есесптік кезеңде Ақтөбе облысында аяқталған құрылыс жұмыстарының көлемі 182,4 млрд теңгені немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңіне 104,2-ды % құрады.

Аталған мерзімде Ақтөбе облысында барлық қаржыландыру көздері есебінен 778,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,6%-ға өсті.

Бұқаралық спорт 

Жыл сайын Ақтөбе облысында дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтар саны артып келеді. Бүгінгі таңда халықты спортпен қамту 39%-ды құрады.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, бүгінде 370 мыңнан астам адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Бүгінде өңірде 2 мыңға жуық спорт нысаны бар. Биыл Ақтөбедегі заманауи үстел теннисі орталығы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін облыстың 5 ауданында 8 спорт нысанының құрылысы аяқталады, 2023 жылы тағы 23 нысан тапсырылады.

Ақтөбеліктердің ерекше маңызды жетістіктерінің ішінде - Сурдолимпиада ойындарына тарихтағы алғашқы 4 лицензия, сондай-ақ 23 жылда алғаш рет дзюдодан облыс құрамасы командалық есепте ҚР чемпионатының жеңімпазы атанды.

2022 жылы дене шынықтыру және спортпен айналысушылар үлесі 39% немесе 394 112 адамды құрайды.

Өткен жылы салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында облыста 3100-ге жуық бұқаралық іс-шара өткізілді, оған 387 мың адам қатысты.

Оның ішінде 3 халықаралық және 30-дан астам республикалық деңгейдегі турнирлер, ірі «Ақ бидай» ауыл ойындары секілді спорттық-бұқарлық шаралары бар. Тұрғындардың спортпен айналысуын және демалысын ұйымдастыратын 2160 дене шынықтыру және спорт ұжымдары жұмыс істейді.

Мектептен тыс уақытта балалар-жасөспірімдер жасындағы балалардың дене шынықтырумен жүйелі шұғылдануын қамтамасыз ету үшін 9 балалар-жасөспірімдер клубтары жұмыс істейді. Мұнда 4073 бала қамтылған. Сондай-ақ 70 771 бала қатысатын 90 балалар мен жастар клубтары бар.

2022 жылы Халық ойындары (аудандық, қалалық, облыстық кезеңдер), мемлекеттік қызметшілер спартакиадасы (аудандық, қалалық, облыстық кезеңдер), жасөспірімдер ойындары, «Қазақстан Барысы» турнирінің барлық кезеңдері, ұлттық спорт түрлері фестивалі секілді кешенді ойындары, 30-ға жуық республикалық деңгейдегі ҚР чемпионаттары, ҚР кубогі, халықаралық, республикалық турнирлер өткізілді.

Осы жылдың қараша айына жалпы саны 3100 спорттық іс-шара өтіп, 387 мыңға жуық адам қатысты.

Спортпен шұғылдануды қамтамасыз ету және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу үшін өңірде 1901 спорттық объекті жұмыс істейді. Оның ішінде дене шынықтыру – спорттық бағытта – 943, білім беру мекемелерінде – 821, спорт мектептерінде – 137, оның ішінде 764 – ауылдық жерлерде, жеке меншікте – 222.

Футбол бойынша 2022 жылы Қазақстан Республикасының Премьер лигасында Ақтөбе футбол командасы ІІ орын алды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу