Алдағы үш жылда Қызылорда облысында 21 мектеп бой көтермек – Нұрлыбек Нәлібаев

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. 

Өңір басшысы бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласын сөз етті.

«Бүгінде Қызылорда облысында 265,3 мың гектар суармалы жер болса, оның 178,6 мың гектары – инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егістік. Биыл су тапшылығына қарамастан, егіс алқабын 7 мың гектарға ұлғайтып, жалпы 196 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Өңір басшысының айтуынша, әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру үшін жем-шөп дақылдарының көлемі 2 300 гектарға, картоп, көкөніс және бақша дақылдары 222 гектарға, негізгі дақыл – күріштің көлемі 5 400 гектарға ұлғайтылды. Әлеуметтік маңызы бар дақылдарды егіп, оны жинауға ынталы тұрғындар үшін өткен жылы арнайы жер телімдері бөлінді. Осы игі бастама биыл да жалғасып, қала мен аудандарда 3 мың гектардан астам жер берілген. Қазір 5 488 отбасына жер телімдері беріліп, су жүргізілді. Оның нәтижесінде тұрғындар өздерін қажетті өнімдермен қамтамасыз ете алады.

Айта кетейік, биыл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Сыр диқандарын мемлекеттік қолдау үшін «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясымен» бірлесіп, күздегі күріш өнімін форвардтық сатып алу жұмыстары қолға алынды. Бүгінде 6 000 тонна ақ күрішті сатып алуға 1,2 млрд теңге қаржы бөлініп, облыстың 4 шаруашылығы «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-дан келісім-шарт арқылы қаржы алды. Оны көктемгі дала жұмыстарына қажетті тыңайтқыш, жанармай, гербицидтер сатып алуға жұмсады.

Украина ғалымдарымен бірлесіп, өңірде демонстрациялық алаң ашылуда. Оның негізгі мақсаты – су тапшылығына орай жаңбырлатып, тамшылатып суару әдістерімен әртараптандыру бағытындағы соя, күнбағыс, жүгері, бидай дақылдарының және күріштің бірнеше сортын тәжірибе ретінде енгізу.

Мұнан бөлек Үкімет қолдауымен өткен жылы «Көкарал» бөгетін сақтау жобасын бастауға республикалық бюджеттен 500 млн теңге қаралса, биыл 1,9 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Жоба 2024 жылы аяқталады. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде мақсатына сай пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, оны қайта айналымға қосу жұмыстары қарқынды жүруде. Былтыр 157 мың гектар жер қайтарылса, биыл 200 мың гектардан астам жерді қайтару жоспарланған», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Әрі қарай өңір басшысы әлеуметтік нысандар құрылысы туралы сөз қозғады.

Биыл Қызылорда облысында мемлекеттік бағдарламалар аясында ондаған әлеуметтік нысан салынбақ. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 адамды қабылдай алатын емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 36,4 млрд теңге.

Мұнан бөлек облыс орталығында 200 төсек-орны бар перинаталдық орталық салынады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда облыста 15 100 балаға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектеп бой көтермек. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады.

«Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде аймақтың өзекті мәселелері көтерілген еді. Сол жолы Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатын салу “Білімді қолдау қоры” қаражаты есебінен қаржыландырылатын болды, бүгінде құрылыс басталды. Жобаның жалпы құны – 7,9 млрд теңге», — деді өңір басшысы.

Үкімет басшысының алдында көтерілген тағы бір мәселе – сол жағалаудағы көп салалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Жергілікті бюджет есебінен жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Жоба құны – 6,9 млрд теңге, құрылысы биыл басталады.

Аталған тізімге облыс бойынша 1 775 балаға арналған қосымша 4 мектептің құрылысы енгізілді. Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылдары аяқталады. 

Айта кетейік, өңірде өзге де әлеуметтік нысандар салынуда. Атап айтқанда, құны 1,6 млрд теңге болатын «Неке сарайы» тамыз айында пайдалануға берілмек. Жалпы құны 3,7 млрд теңге болатын 1 000 орындық «Өнер орталығы» желтоқсан айында, ал сол жағалаудағы құны 2,7 млрд теңгені құрайтын «Қан орталығы» 2024 жылы іске қосылады.

Әрі қарай Қызылорда облысыныі әкімі балалардың демалысын ұйымдастыру туралы сөз қозғады.

Өлім-жітім көрсеткішінің төмендегені денсаулық сақтау саласындағы оң динамиканы көрсетіп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 12%-ға азайған. Ана өлімі 48%-ға, сәбилер өлімі 44%-ға, жарақат, жазатайым оқиғалардан және уланудан болатын өлім-жітім 41%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім 33%-ға төмендеген.

Облыс басшысының айтуынша, кеше ғана аяқталған кезекті оқу жылында облыс мектептерінің 179 869 оқушысы жазғы демалысқа шықты. Оның 8 210-ы биыл мектеп бітірді. Түлектердің 7 421-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген.

«Жылдағы дәстүр ізімен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға ерекше назар аударылды. Осы жылы жергілікті бюджет есебінен аймақтағы 10 лагерьде 8 мыңнан астам баланың демалысын ұйымдастыру жоспарланған. Демеушілердің қолдауымен 3 000 бала еліміздің алдыңғы қатарлы лагерьлерінде тынығады. Бұдан бөлек 96 мың бала мектеп жанындағы күндізгі лагерьлерге барады», — деді Нұрлыбек Нәлібаев. 

Одан кейін Қызылорда облысының әкімі өңірдегі бизнесті қолдау шаралары туралы айтып өтті.

Сыр өңірінде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мәселен, 2023 жылы кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 23 млрд теңге қаралып, жыл басынан бері 1 700 жобаға қаражат берілді. 

«Шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілуде. Осы жылға әртүрлі көздерден 23 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып, жыл басынан бері 1 700 жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде “Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба” аясында жыл басынан бері жалпы несие портфелі 8,6 млрд теңгені құрайтын 168 жоба субсидияланды», — деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 32,8%-ға ұлғайып, 76 мыңға, жұмыс істеп тұрған нысандар саны 39,2%-ға ұлғайып, 72,1 мыңға жетті. 

Өткен жылы облыста елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама кәсіпорындарды жаңарту және жаңа өндірістерді іске қосу үшін мемлекет тарапынан қолдау шараларын тиімді пайдалануға бағытталған. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылдан бастап ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін “Ауыл аманаты” жобасы жүзеге асырылып, 2,5%-бен жеңілдетілген несие берілуде. Бұған қоса жастардың кәсіпкерлік бастамаларына да 2,5%-бен несие, қайтарымсыз гранттар беру жалғасуда. Бұл мемлекеттік қолдау шаралары өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталады», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Әрі қарай өңір басшысы жолдар және көлік инфрақұрылымы тақырыбын сөз етті.

«Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау қызметін жақсарту үшін өткен жылы 150 жаңа автобус алынды. Биылғы қыркүйекке дейін тағы 150 автобус маршрутқа қосылады. Осылайша, біз аймақтың бас шаһарындағы қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешеміз», — деді өңір басшысы.

Мұнан бөлек өңірде жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асуда. Жергілікті маңызы бар 366 шақырым автомобиль жолдарын жөндеу арқылы сапасы жақсы жол үлесі өткен жылы 82%-ды құраса, биыл бұл көрсеткіш 87%-ға жеткізілмек. 

Аймақ үшін өзекті жобалардың бірі – Президенттің тікелей бақылауындағы халық ұзақ күткен «Қызылорда – Жезқазған» автожолының құрылысы. Жолдың ұзындығы – 216 шақырым, биыл оның 140 шақырымнан астамын аяқтау межеленген. Қалған бөлігі 2025 жылдың аяғына дейін толық аяқталып, халық игілігіне берілмек. Сондай-ақ «Қазақстан теміржолы» компаниясымен бірлесіп, Қызылорда теміржол вокзалының ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 

Әрі қарай Нұрлыбек Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысындағы жұмыспен қамту бойынша көрсетіштерге тоқталды. 

«Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндеттердің бірі. Президенттің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес былтыр өңірде 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 263%-ға орындалды. Осының нәтижесінде жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ға, жастар арасындағы жұмыссыздық 4%-ға төмендеді», — деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында «Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» бекітіліп, көрсеткішті 4,8%-ға дейін төмендету көзделген.

«Бүгінгі күнге Өңірлік картадағы жоспардың 43,3 пайызға орындалуына қол жеткіздік, яғни 19 мың жұмыс орны құрылды. Оның ішінде тұрақтысы – 6952 немесе 36,6%, уақытшасы – 12055 немесе 63,4%, 16 мыңға жуығы – жаңа жұмыс орындары», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Одан кейін өңір басшысы Қызылорда облысында индустрия саласының қалай дамып жатқаны туралы айтып берді.

Аймақтағы басты жаңалықтарының бірі – 2022 жылғы қазаннан бастап өңдеуші өнеркәсіпке серпін беретін шыны зауытының іске қосылуы. Зауыт өнімі отандық нарықта да, шетелде де жоғары сұранысқа ие. 

«Өткен жылдың өзінде зауыт 32 мың тоннадан астам, жалпы құны 4,5 млрд теңгенің өнімін шығарып, ішкі нарықты шынымен қамтамасыз ете бастады. Ал биылғы 4 айда 3,5 млн текше метр шыны өндірілді. Бүгінде зауыт өнімі республика өңірлеріне сатылып, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей мемлекеттеріне экспортталуда. Қазір шыны зауытының жанынан құны 32 млрд 800 млн теңгені құрайтын 3 ілеспе кәсіпорын құру жоспарланып отыр. Бұл жобалар жаңа кәсіп түрін ғана емес, жаңа жұмыс көзін ашуға, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді», — деді аймақ басшысы.

Өңірде өзге де ауқымды индустриялық жобалар іске асуда. Ірі жобаларға тоқталсақ, «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы биыл басталмақ. Бүгінде Еуропа қайта құру және даму банкі платформасында тендер өткізілуде. Тағы бір ірі жоба – «Баласауысқандық» кен орнында қара тақтатасты автоклавты өңдеу бойынша тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс жасауда. Былтыр өндірістік кешенде 454 тонна, ал биылғы 4 айда 81 тонна аммоний метаванадаты мен ферромолибден өндіріліп, ол Ұлыбритания, Ресей елдеріне экспортталды.

Мұнан бөлек орталықтандырылған жылу мәселесін шешу үшін «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, қуаты 240 мегаваттық жылу электр орталығының іргетасы қаланды. Құны 215 млрд теңгеден асатын бұл жоба 2025 жылы ел игілігіне табысталады. 

«Бұл орталық іске қосылғанда облыс электр энергиясын сырттан сатып алмайды. Өндірілген энергияның бір бөлігін аймақтан тыс жерге сатуға мүмкіндік туады. Осылайша, өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға беріліп, тозығы жеткен электр желілері жаңартылып, электр қуаты тапшылығы жойылмақ», — деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелден инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін 22-24 мамыр аралығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация Корея Республикасының Сеул қаласына барды. Сапардың басты мақсаты – өңірге, өндіріс саласына шетелдік инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу. Аймаққа озық технологиялар әкелу және тәжірибе алмасу бағытында өзара ынтымақтастық орнату.

Делегация мүшелері бірқатар іскерлік кездесу қатысты, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Кореяның білім және ғылым, биотехнология, медицина, жасанды интеллект салаларындағы жетістіктері әлемге танымал болғандықтан, білім және ғылым салаларында бірлескен жобаларға баса мән берілді. 

Шинхан университетінің президенті Канг Сонг Чонг мырзамен кездесуде Қызылордада университет филиалын ашу ұсынысы талқыланды. Шілде айында Шинхан университетінің президенті Қызылордаға сапармен келіп, университет филиалының қандай мамандықтар бойынша ашылатыны нақтыланады.

Облыс әкім бастаған делегация Сеул ұлттық ғылыми-техникалық университетінің президенті Ли Донг Хун мырзамен кездесті. Корея мен Қазақстан арасында жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін биыл Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университеттік жоба әзірленді. Жоба Корея Республикасының Үкіметінде мақұлданып, Білім министрлігінен гранттық жоба ретінде 1 млрд теңгедей қаржы бөлінеді. Оның аясында Қорқыт Ата университетінде жасанды интеллект мектебі құрылады.

Осы сапарда Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву мырзамен өңірлер арасындағы байланысты өркендету үшін Бауырластық қатынастар орнату туралы меморандумға қол қойылды. Чоллабук-до провинциясының губернаторы Ким Гван Ён мырзамен кездесуде озық инновациялық технологияларды зерттеуге, «Ақылды фермалар» құруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Бастамалардың барлығын жүйелі түрде іске асыру үшін Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мен Чоллабук-до провинциясының Халықаралық ынтымақтастық орталығы арасында меморандумға қол қойылды.

Осы провинцияда орналасқан Ауылдық аймақтарды дамыту агенттігінде күріш өсірудегі инновациялық әдістерді, технологияларды қолдану, суды үнемдеу мен мониторин жүргізудің озық тәжірибелерін енгізу бойынша бірлесіп жұмыс істеу туралы келісім жасалды. 

Әрі қарай Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі мәдени іс-шаралар туралы сөз етті.

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен түркітілдес елдерде 2023 жыл Темірбек Жүргенов жылы болып белгіленді. Өңір басшысының айтуынша, қайраткердің мерейтойы туған жері – Сыр елінде кең көлемде атап өтілмек. 

«Сыр елі – ұлттың бағына туған талай тұлғаларды дүниеге әкеліп, қаншама қабырғалы қайраткерлерді түлетіп ұшырған қасиетті мекен. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы тұрақты кеңесінің ХХІХ отырысы шешіміне сәйкес түркітілдес елдерде 2023 жыл – Темірбек Жүргенов жылы болып белгіленді. Қайраткердің 125 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігі республикалық іс-шаралар жоспарын бекітіп, жерлесіміздің есімін ұлықтау бойынша кешенді шаралар өткізілді және мерейтой жыл соңына дейін жалғасады», — деді өңір басшысы.

Соынмен қатар Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктердің дәстүрлі байқауы және Кеңес Дүйсекеев атындағы әншілер конкурсы биыл алғаш рет халықаралық деңгейде өтті. Басқа да қоғамдық-саяси маңызды шаралар жоспарға сәйкес ұйымдастырылуда.

Жақында облыста құрамында 50 өнерпаз бар симфониялық оркестр құрылып, мүмкіндігі шектеулі өнерпаздар шығармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр жұмысын бастады. Бұған дейін үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта жасақталуда. 

Өңірдегі ежелгі қалалар орнынан табылған сақтардың «Шірік-Рабат Алтын адамы» мен Алтын Орда кезеңіндегі «Сығанақ ханшайымының» қалпына келтірілген мүсіндері жасалады. Биыл мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған облыс әкімінің «Тұран» сыйлығын табыстау басталды. Сыйлық жылына 20 адамға 500 мың теңгеден беріледі.

Сондай-ақ облыс туралы 12 сериялы имидждік телесериал түсіру жобасы қолға алынды. 

Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, Қызылорда облысының өсіп-өнуіне және көркемденуіне меценаттар да қол ұшын созуда.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы туған жеріне жанашырлықпен қарайтын кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, елдің экономикасын дамытуға үлес қосуға шақырған болатын. Осы жұмыстарға Сыр өңіріндегі жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар белсенді араласып, қайырымдылық шараларына, туған жерін түлетіп, көркейтуге бар күш-жігерін салуда. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд теңгені құрайтын “Анаға тағзым” орталығы салынуда. Болат Өтемұратов қоры арқылы “Қорқыт ата” әуежайының жаңа терминалы құрылысына 15 млрд теңге бөлінді», — деді облыс басшысы.

Өткен жылы Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңге болатын заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында құны 450 млн теңге болатын «Еңбекшілер паркі» бой көтерді. Ал Арал ауданының Тоқабай ауылында жеке инвестор есебінен апатты мектептің орнына жаңасы салынуда. Құны 500 млн теңге болатын жаңа мектеп тамыз айында пайдалануға берілмек.

Сәуір айында Қызылорданың Түркістан облысымен шектесетін тұсынан демеушілік есебінен құны 230 млн теңге болатын облыстың кіреберіс қақпасы ашылды. Мұнан бөлек 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионы бой көтереді. «Қазгермұнай» ұлттық компаниясымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында құны 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталады.

«Балалар жылында» өңір демеушілері 1,6 млрд теңгеге 80 спорт-ойын алаңын салып, балалардың игілігіне пайдалануға берді. Өткен айдан бері демеушілердің қолдауымен 1 млрд 100 млн теңге қаржыға облыс орталығындағы 50 үйдің қасбеттері заманауи панелдермен қапталуда. Сондай-ақ демеушілер 1 млрд теңгеге 20 көп қабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыруда, яғни заманауи спорт алаңдары, тротуарлар, жарық бағаналары жаңартылуда.

«Өңір халқы атынан осы игі бастамаларға қолдау білдірген демеушілерге алғыс айтамыз», — деп түйіндеді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу