11 Қазан 2024, 20:25
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақстанда ана мен баланың денсаулығын сақтауды нығайту» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова баяндама жасады.
Ана мен бала денсаулығын сақтау – медицина саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі. Ұлт саулығы, ұрпақ амандығы аналардың денсаулығына тікелей байланысты. Сондықтан әрқашан Ана мен бала денсаулығы назардан тыс қалған емес.
Мағрипа Ембергенованың айтуынша, бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігі халықарарлық стандарттарға сүйене отырып жүкті әйелдерге, аналар мен балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын, қолжетімділігін және тиімділін арттыру үшін көптеген іс-шаралар атқарып жатыр.
Бүгінгі таңда елімізде 20 млн-нан астам халық тұрады, оның 10 млн-нан астамы әйел адамдар. Ана мен бала денсаулығын сақтау қызметі көрсетілетін нысаналы топқа 4,7 млн-нан астам репродуктивті жастағы әйелдер мен 6,8 млн-нан астам балалар кіреді. Яғни еліміздегі әрбір 3-ші азамат – бала болып есептеледі.
Статистикалық мәліметтерге тоқтала кетейік, 18 жасқа дейінгі қыз балалар саны – 3,2 млн, оқушылар саны – 3,8 млн,ерте жастағы сәбилер (5 жасқа дейін) саны – 2,5 млн. Жыл сайын 400 мыңға жуық жүкті әйел есепке тұрып, босанады.
Қазақстанда ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін нормативтік-құқықтық құжаттар бекітілген, медициналық ұйымдардың инфрақұрылымы мен желісі дамыған, халыққа медициналық қызметтер географиялық тұрғыдан қолжетімді және мемлекет кепілдік берген алғашқы, мамандандырылған медициналық көмектің тегін көлемі қарастырылған.
Жүкті және жақында босанған әйелдерге медициналық көмек 240 босану стационарында көрсетіледі, онда 9 мыңнан астам төсек бар, олардың 43%-ы – ауылдық деңгейде қамтылған. Перинаталдық орталықтарда медициналық жабдықтармен жарақтандыру бүгінде отандық және халықаралық стандарттарға сай келеді.
Мәселен, 140 орталық аудандық аурухана, 2 деңгейдегі 59 перзентхана, 3 деңгейдегі 39 перинаталдық орталық, 2 республикалық клиника бар. Сондай-ақ еліміздің төрт өңірінде (Астана қаласында – 2, Алматы қаласында – 3, Ақтауда – 1, Қарағандыда – 2) жыл сайын 6 мыңнан астам бала дүниеге келетін 8 жекеменшік перзентхана бар.
Барлығы 4 300 гинекологиялық төсек, оның ішінде балаларға арналған 108 гинекологиялық төсек бар. Бұл халықтың қажеттілігін толық жабады, тапшылық жоқ.
Балаларға 6 республикалық орталық, 26 балалар ауруханасы және 66 балаларды оңалту орталығы медициналық көмек көрсетеді. Балаларды емдеуге арналған жалпы 18 мың төсек орны бар. Еліміздің оңалту орталықтары бойынша жалпы төсек қоры 4 310 құрайды. Сондай-ақ 16 ерте араласу орталығы жұмыс істейді.
Инфрақұрылымды дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында үздік халықаралық стандарттарға сәйкес келетін перинаталдық орталықтар мен балалар клиникаларын қамтитын көп бейінді ауруханалар құруға басымдық берілген.
Сонымен қатар Мағрипа Ембергенованың айтуынша балалар стационарларының материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселелері пысықталып жатыр.
Медициналық ұйымдардың жабдықтармен жарақтандырылу деңгейін арттыру үшін жалпы сипаттағы трансферттер мен жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2023 жылы 525 бірлік медициналық техника сатып алынды.
Жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде 2024 жылы жалпы сомасы 51,8 млрд теңгеге 439 бірлік медициналық техника сатып алу жоспарланған.
Баршаға мәлім, аналар мен балаларға медициналық көмек көрсету сапасы емханалардағы, перзентханалар мен балалар стационарларындағы мамандардың кәсіби деңгейімен қоса, медициналық мекемелердің толықтырылуы мен жабдықталуына да тікелей байланысты.
Бүгінгі таңда елімізде 5 мыңнан астам акушер-гинеколог (оның ішінде 792-сі ауылда) және 9 мыңнан астам акушер (оның ішінде 3 358-і ауылда) жұмыс істейді, олар жыл сайын 400 мыңға жуық жүкті әйелдің жағдайын бақылап, босандырады.
Балаларға 4 мыңнан астам балалар дәрігері және мыңнан астам неонатолог медициналық көмек көрсетеді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі кадрлық әлеуетті нығайту үшін келесі шараларды қабылдауда:
Осы жылдың 8 айлық қорытындысы бойынша елімізде 275 мың нәресте дүниеге келді.
«Бәрімізге белгілі, жүктілік пен босану ағымының қалыпты өтуіне, өмірге дені сау сәбидің келуіне ықпал жасайтын негізгі фактор – жүктілікті дұрыс жоспарлау. Яғни, кез келген репродуктивті жастағы әйел жүктілікті жоспарлауға дейін арнайы тексерулер мен дайындықтан өтіп, қандайда бір сырқаты болса емделіп, сауықтыру шараларын қабылдауы тиіс. Әйелдер арасында жүргізілген насихаттау жұмыстарының нәтижесінде биыл бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 25%-ға өсті. Әр отбасы жүктілікті жоспарлау мен дені сау ұрпақтың өмірге келуіне ерекше назар бөле отырып, жауапкершілікпен қарауы керек. Себебі әр сәби бақытты щаңырақтың қалаулы перзенті болуға құқылы», — деді М. Ембергенова.
Алайда, соңғы 5 жылда елімізде жасанды түсік жасау деңгейінің төмендегеніне қарамастан, әйелдер арасында аборт жасату фактілері орын алып отыр. Яғни, халық арасында контрацепциялық әдістерді қолдану бойынша сауаттылық өз деңгейінде емес, жауапкершілігі төмен. Контрацепциялық заттарды дұрыс қолдану тек жүктіліктен сақтап қоймай, жыныс жолымен берілетін инфекцияның алдын алуға мүмкіндік беретінін ұмытпау керек, деді спикер.
Статистикалық деректерге тоқталсақ, 9 айда аборт көрсеткіші 1000 фертильдік жастағы әйел санына шаққанда 11,0 тең болды (2023 жылы – 12,0). 15-17 жастағы қыздар арасында 1000 жасөспірімге шаққанда аборт көрсеткіші 9 айлық есеп бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда 30%-ға төмендесе (0,8-ден 0,5-ке дейін), босану көрсеткіші 12%-ға азайды (2,4-тен 2,1-ге дейін).
Бала көтере алатын жастағы әйелдер мен жасөспірімдердің денсаулығын жақсарту үшін келесі шаралар қолданылады:
Жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге медициналық көмек
Қазіргі таңда елімізде жүктілігі бойынша есепте тұрған әйелдердің саны – 270 мыңға жуық. Олардың 61%-ы ұсынылған мерзімде, яғни 10 аптаға дейін тіркелген.
Пренатальді скринингпен қамту 10%-ға артты (қазіргі көрсеткіш – 87%), бұл дәрігерге баланың потенциалды тіршілік қабілетін алдын ала анықтауға, сондай-ақ босану процесін жүргізудің оңтайлы түрі мен мерзімін белгілеуге мүмкіндік береді.
Жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін келесі шаралар қабылданды:
Жыл сайын медициналық қызметтердің тарифтері қайта қаралады, соның нәтижесінде физиологиялық босану тарифтері 40%-ға (100 мың теңгеден 140 мың теңгеге дейін) және ауыр босануға 38%-ға дейін ұлғайтылды.
Репродуктивті жастағы әйелдерге және анемиясы бар жүкті әйелдерге республикалық бюджет есебінен темірі бар препараттар беріледі. Туғаннан кейін нәрестелерді неонатологтар тексереді.
Балалар денсаулығын сақтаудағы басты жетістіктердің бірі – неонатологиядағы жоғары мамандандырылған көмекті дамыту (туғаннан 28 күнге дейінгі кезең).
2008 жылдан бастап елімізде дене салмағы 500 грамнан асатын балаларды аман алып қалуға жағдай жасала бастады. Күтімнің 3 кезеңі жүзеге асырылады, соның ішінде реанимация, күтім және катамнез. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тиімді перинаталдық технологиялар, қауіпсіз ана болу қағидаттары енгізілді.
Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) сәбилерді емшек сүтімен емізуді қолдау және ынталандыру жөніндегі бастамаларын ұстанады, сондай-ақ балаға достық көзқарасы бар клиникалар желісін кеңейту жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар медициналық және әлеуметтік қажеттіліктері болған жағдайда жаңа туған балалар арнайы сүт қоспаларымен тегін қамтамасыз етіледі.
Неонатальды хирургияның дамуы және осы технологиялардың аймақтарға жеткізілуінің арқасында туа біткен ақаулары бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 86% құрады. Орташа алғанда, жыл сайын туа біткен ақаулары бар 1500 жаңа туған нәресте хирургиялық ем алады.
Аз инвазивті эндо-видеохирургия үлесі жаңа туған нәрестелерде 40%-ға дейін өсті. 2023 жылы Неонаталдық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілді. Жетістіктердің бірі – 10 перинаталдық орталық негізінде неонаталдық хирургия бөлімшелерінің ашылуы, бұл өмір сүрудің ең жоғары мүмкіндігін қамтамасыз етті.
Ерте жастағы балаларды неғұрлым сапалы медициналық бақылау үшін Қазақстанда 2017 жылдан бастап патронаж қызметінің әмбебап-прогрессивті моделі қолға алынған. Перзентханадан шыққаннан кейін алғашқы үш күн ішінде әрбір балаға учаскелік қызмет мамандары (дәрігер, медбике) міндетті түрде патронаттық түрде барады.
Патронаждық қызмет жұмысының нысаналы тобын 5 жасқа дейінгі балалары (2 млн) және жүкті әйелдер (400 мың) бар отбасылар құрайды. Әр бала медициналық бақылаумен қамтылған.
Жаңа туған және 6 жасқа дейінгі балаларға скринингтің 4 түрі жүргізіледі, бұл жаңа туған нәрестеде фенилкетонурия мен туа біткен гипотериозды анықтауға бағытталған неонатальды скрининг; есту қабілетін анықтауға арналған аудиологиялық скрининг; шала туған нәрестелерде ретинопатияны анықтауға арналған офтальмологиялық скрининг және психофизикалық скрининг.
«Министрлік жүргізілетін скринингтердің сапасын арттыру, оларды жүргізуге қажетті жабдықтармен жарақтандыру үшін бар күш-жігерін жұмсайды және олардың уақытылы өткізілуіне бақылау жасайды», — деді М. Ембергенова.
Сонымен қатар балалардың денсаулығын нығайту үшін жыл сайын туғаннан 18 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық тексерулер жүргізіледі. 9 айда балалардың профилактикалық тексерулерімен 3,8 млн бала қамтылды.
Денсаулық сақтау жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі – ел халқына медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Медициналық көмек кепілдендірілген көлем және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін көрсетіледі.
Бүгінгі таңда балаларға медициналық көмек көрсетудің көп деңгейлі тәсілі жүзеге асырылған. Жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету, диагнозды нақтылау және одан әрі жүргізу тактикасын айқындау үшін балалар республикалық деңгейдегі орталықтарға жатқызылады. Елімізде жаңа технологиялар енгізілмеген жағдайда, балалар шетелде емдеуге жіберіледі.
2024 жылы 55 балаға шетелде емделуге жолдама мақұлданды. Қазақстанда технология болмаған жағдайда ғана балалар шетелде емделуге жіберілетінін атап өткен жөн.
«Біздің еліміз – адам өмірге келген сәттен бастап кардиохирургиялық операциялар жүргізе алатын Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. 2024 жылғы 9 айда туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға 1 708 ашық жүрек операциясы жасалды, оның 48%-ы 1 жасқа дейінгі балаларға жасалды. Аса ауыр жағдайларда балалардың өмірін құтқару үшін Қазақстанда телемедициналық технологиялар мен медициналық авиация іске қосылған», — деді М. Ембергенова.
Жыл басынан бері санавиация 459 рет ұшты, олардың 292-сі жаңа туған нәрестелерге ашып келді. 1 357 балаға медициналық көмек көрсетілді. 498 бала тасымалданды, олардың ішінде 291 бала Астана және Алматы қалаларына жеткізілді.
Жылына орта есеппен 500-600 бала анықталады, олардың 41%-ы лейкоз, 14%-ы орталық жүйке жүйесінің ісіктерімен, 9%-ы жұмсақ тіндердің саркомаларымен және басқа да күрделі аурулармен тіркелген. Балаларда 1-2 сатыдағы онкологияның анықталуы 38%-ды құрады. Жас құрылымында 33%-ы – бұл 3 жастан 10 жасқа дейінгі балалар.
Барлығы әртүрлі онкологиялық және гематологиялық аурулары бар 4 мың бала динамикалық бақылауға алынған, олардың ішінде 900-ден астам пациент амбулаториялық жағдайда арнайы патогенетикалық терапияны алуды жалғастыруда.
Диагностика жасау мен емдеудің жоғары технологиялық заманауи әдістері – иммуногистохимия, иммунофенотиптеу, ерекше ісік маркерлерін анықтау, сүйек және жұмсақ тіндердің саркомаларында жоғары дозалы химиотерапия, сүйек саркомалары кезінде хирургиялық емдеудің органосақтаушы әдістері енгізілген.
2017 жылдан бастап елімізде гемопоэздік дің жасушаларының, оның ішінде туыс емес донорлардан 470 трансплантациясы жасалды. Сүйек ісіктері кезінде буындарға 100 эндопротездеу, 70 селективті интраарталды химиотерапия жүргізілді. Соның нәтижесінде онкогематологиялық патологиясы бар балалардың 5 жылдық өмір сүру деңгейі 75%-дан асты.
Биыл алғаш рет Қазақстанда Балаларға онкологиялық және гематологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілді.
Жаңа Стандартты іске асыру балалар онкологиясы мен гематологиясы саласындағы жетістіктерді күшейтуге және нығайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Министрлік балалар профилі бойынша тарифтерді қайта қарады және ұлғайтты.
Мәселен, 2024 жылғы 1 маусымнан бастап неонатология бойынша тарифтер 50%-ға, балалар аллергологиясы бойынша 31%-ға, балалар неврологиясы бойынша 32%-ға және балалар ревматологиясы бойынша 31%-ға артты. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасуда.
Мектеп медицинасы алғашқы медициналық-санитарлық көмек жұмысының маңызды бағыттарының бірі, оның негізгі мақсаты – мектеп кезеңіндегі ауруларды ерте анықтау және алдын алу. Қазақстанда барлығы 7 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. Оқушылар саны – 4 млн. Бүгінде мектептегі медициналық пунктілерде 6,7 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді, олардың ішінде 572 дәрігер (мектеп медицинасының кураторлары) бар.
Оқушыларды кәсіби медициналық тексеру нәтижелері бойынша көру органдарының патологиясы, жүйке-психика аурулары және дене мүсінінің қисаюы мәселелері көптеп кезігетіні анықталды.
«Оқытушыларды, тамақтандыру қызметтерін, оқушыларды, отбасыларды, мектеп басшыларын, мектеп медбикелерін, әлеуметтік қызметкерлерді біріктіретін «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасы қайта жанданды», — деді М. Ембергенова.
Бүгінде жобамен 1 677 (22%) мектеп қамтылды. Қазіргі уақытта республиканың барлық өңірінде ДДҰ үйлестірушілерімен бірлесіп жобаны кеңінен тарату үшін техникалық консультациялар жүргізілуде.
Биыл Бала денсаулығының электронды паспорты іске асырылды, ол ата-аналарға құжаттарды алуды жеңілдетуге, мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарына құжаттарды жинауды жеңілдетуге және ақылы қағаз кітапшаны алып тастауға ықпал етеді.
Маңызды мәселелердің бірі – мектеп жасынан бастап тиімді профилактикалық шараларды әзірлеу арқылы стоматологиялық денсаулықты сақтау. Соңғы 10 жылда балалар арасында тісжегінің таралуы 76%-дан 78%-ға дейін өсті, яғни тексерілген 10 баланың 7-уінде жегі түскен тістер анықталады. Тісжегінің қарқындылығы 2,7-ден 5,7-ге дейін өскен.
Балалардың стоматологиялық ауруларының көптеп таралуы республикада жұмыс істеп тұрған Стоматологиялық аурулардың алдын алу кабинеттерін жетілдіруге негіз болды. Бүгінгі таңда 7 облыста (Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Маңғыстау облыстары, СҚО) 98 кабинет жұмыс істейді, онда арнайы стоматологиялық қондырғылар бар, стоматолог дәрігерлер (55), дантистер (43) жұмыс істейді.
Министрлік негізгі мақсаты профилактикалық стоматологияны жетілдіру болып табылатын «Болашаққа – сау тіспен» бағдарламасын іске асыруда. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларға медициналық оңалту қолжетімді.
Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде балаларға көмек көрсететін 66 оңалту орталығы жұмыс істейді. Елімізде алғаш рет 3 жасқа дейінгі балаларға арналған «ерте араласу» институтын енгізу бойынша іс-шаралар қолға алынды.
2020 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп және Самұрық-Қазынаның қолдауымен «Қамқорлық» бастамасын табысты іске асырып келеді.
Елімізде 4 жылдық ынтымақтастық аясында балаларға арналған 17 оңалту орталығы және 0-3 жас аралығындағы балаларға арналған 16 ерте араласу орталығы ашылды.
Республика бойынша тағы 3 ерте араласу орталығын ашу жоспарда бар. 2024 жылдың 9 айында 55 мыңнан астам бала тәулік бойы және күндізгі стационарлар деңгейінде оңалтумен қоса, негізгі ауруларын емдеді.
Аналардың денсаулығын сақтауды дамыту перспективалары
Халықтың денсаулығын сақтау, жақсарту және нығайту үшін Денсаулық сақтау министрлігі салауатты өмір салтын насихаттауға, бала көтере алатын жастағы әйелдерге профилактикалық тексерулер жүргізуге, ауруларды ерте анықтауға және сауықтыруға бағытталған жұмысты жалғастыратын болады.
«Халықтың, әсіресе жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын қорғау біздің еліміз үшін, сондай-ақ бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін ерекше медициналық-әлеуметтік маңызға ие. Бүгінгі балалар мен жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының жағдайы кейінгі 10-15 жылдағы демографиялық процестерге тікелей әсер ететін болады. Жалпы ұлттың денсаулығы, елдің демографиялық жағдайының жақсаруы жасөспірімдердің репродуктивті әлеуетіне байланысты екенін бәріміз білеміз. Осыған байланысты, біз жасөспірімдерге медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыратын боламыз. Отбасын жоспарлау, прегравидарлық дайындықпен және контрацепциямен қамту жөніндегі шаралар одан әрі іске асырылады», — деді М. Ембергенова.
Сонымен қатар жүктіліктің, босанудың жақсы өтуін және дені сау балалардың дүниеге келуін арттыру мақсатында 10 аптаға дейінгі жүкті әйелдерді қамту және пренаталдық скринингті ұлғайту бойынша жұмыс жалғасатын болады. Босанғанға дейінгі күтімді мультидисциплинарлық тәсілмен жетілдіру арқылы, нақты маршруттауды және уақытылы госпитализациялауды айқындай отырып, әрбір жүкті әйелге қауіпсіз босану және босанғаннан кейінгі сапалы күтім қамтамасыз етіледі.
Еліміздің жетекші мамандары диагностикалау мен емдеудің инновациялық әдістерін енгізуді жалғастыратын болады.
Қызметті дамытудың негізгі бағыттары:
«Еліміздің болашағы өскелең ұрпақтың әл-ауқаты мен денсаулығына тікелей байланысты. Сондықтан Министрлік балалардың денсаулығын қорғаудың жаңа бастамаларын қолға алды», — деді М. Ембергенова.
Мәселен, педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру тұжырымдамалары қайта қаралатын болады; балалар стационарларында ашық реанимацияны енгізу көзделген; патронаждың әмбебап-прогрессивті моделі жетілдіріледі және нығайтылады; емханалар деңгейінде медицина қызметкерлері үшін ДДҰ қалта анықтамалығы енгізілетін болады; балалар стационарларының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасады; Ақтөбе және Түркістан облыстарының облыстық балалар ауруханалары базасында балалар кардиохирургиясы бойынша өңіраралық орталықтарды ашу жоспарланған; балаларға оңалту және паллиативтік көмек және т. б. жетілдірілетін болады.
Жұмыс тобы құрылды, критерийлерді бейімдеу үшін халықаралық тәжірибе зерттеліп жатыр, балаларға паллиативтік көмек көрсету үшін 111 төсек орналастырылды. Министрлік аналар мен балалардың игілігі үшін жұмысын жалғастырады.
0 жастан 17 жасқа дейінгі балалардың жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші
0-ден 17 жасқа дейінгі балалардың жалпы сырқаттану құрылымында тыныс алу органдарының аурулары бірінші орында (100 мың баланың 36 947-сі), 2-ші орында ас қорыту органдарының аурулары (6 215), 3-ші орында – жүйке жүйесінің аурулары (3 028), 4-ші орында көз аурулары және соған қатысты аурулар (2 739) тұр.
2023 жылдың қорытындысы бойынша тері аурулары 4-ші, ал көз аурулары 5-ші орында тұрған еді.
Осылайша, 2022 жылдан бастап 0-17 жас аралығындағы балалардың жалпы сырқаттану құрылымындағы тыныс алу, ас қорыту және жүйке жүйесі аурулары алғашқы орындарда тұр. Соңғы 2 жыл ішінде тері мен көз аурулары 4 немесе 5 орындарда.
Еліміз бойынша 0-ден 17 жасқа дейінгі балалардың жалпы сырқаттану көрсеткіштері 2023 жылдың қорытындысы бойынша аурулардың 14 санаты бойынша тіркелді (балалардың жұқпалы, эндокриндік аурулары, психикалық ауытқулар, жүйке жүйесінің аурулары, көз, құлақ аурулары, қан айналымы жүйесінің аурулары, ас қорыту органдарының аурулары, тері аурулары, сүйек-бұлшықет жүйесінің аурулары, дамудың туа біткен ауытқулары, нормадан ауытқу белгілері және жарақаттар, улану және сыртқы себептердің әсер етуінен болған басқа да аурулар).
Ана мен бала өлімі
Оперативті деректер бойынша 2024 жылдың 9 айында 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ана өлімінің 1000 тірі туылғанға шаққанда 12,5-тен 9,1-ге дейін 28%-ға төмендеуі байқалады. Сондай-ақ нәресте өлімінің 1000 тірі туылғанға шаққанда 7,3-тен 6,9-ға дейін 6,7%-ға төмендеуі байқалады (2023 жылы – 1 904, 2024 жылы – 1 844).
#Ауыл медицинасы #Денсаулық сақтау #ҚР Денсаулық сақтау министрлігіҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу