18 Ақпан 2025, 19:10
2024 жылдың қазан айынан бері Солтүстік Арал теңізіне 1 млрд текше метрден астам су жіберілді. Бұл осыған дейін жоспарланған көлемнен 100 млн текше метрге артық. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Арал теңізін құтқару жұмыстары жайында айтылды.
ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров пен министрліктің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева «Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру жұмыстары» атты брифингте БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалына жауап берді.
Министрліктің Орталық Азия мемлекеттеріндегі әріптестерімен қол жеткізген келісімдерінің арқасында 2025 жылғы наурыз айының соңына дейін Солтүстік Аралға тағы 1,6 млрд текше метр су жіберіледі.
Бүгінгі таңда Солтүстік Аралдағы судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрден асады. Министрлік өкілдері ұсынған өсу динамикасы көрсеткішіне сәйкес, 2022 жылдың басында бұл көрсеткіш 18,9 млрд текше метр болған. 2025 жылдың соңына дейін теңіздегі су көлемі 23,4 млрд текше метрге дейін жетеді деп күтілуде. Ал 2030 жылдың соңына қарай Солтүстік Аралдағы су көлемін 27 млрд текше метрге жеткізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Арал теңізіне су жіберу – еліміздің су дипломатиясындағы берік ұстанымының нақты нәтижесі.
Былтыр 6 шілдеде Әзербайжанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Қазақстан Президенті Каспий және Арал теңіздеріндегі экологиялық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігер қажет екеніне назар аударған болатын.
«Каспий теңізінің қоршаған ортасын, флорасы мен фаунасын қорғау да – аса маңызды міндет. Каспийді құтқару үшін нақты шешімдерді пысықтау керек. Осы ретте, түркі елдері ғалымдарының ықпалдастығын жандандыратын кез келді. Сонымен қатар Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану керек», — деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Аралға су жіберу – су ресурстарын сауатты бөлу мен оны үнемдеудің жемісі. Солтүстік Аралдың көлемімен бірге ауданы да ұлғайып келеді. Бүгінгі таңда теңіздің ауданы 3065 шаршы шақырым. Бұл 2022 жылдың басындағыдан 111 шаршы шақырымға көп. Солтүстік Арал теңізінің көлемі мен ауданының ұлғаюы судың тұздылығын азайтуға және балықтың 22 түрінің популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті.
«Солтүстік Арал су тасқыны немесе жаңбыр есебінен толып жатыр деген пікірдің қате екенін айта кету керек. Мәселен, еліміздің оңтүстігінде ауқымды су тасқыны болған жоқ. Аралға су жіберу – су ресурстарын сауатты бөлу, оны үнемдеу және су дипломатиясының нақты нәтижесі», — деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Абдуалиева.
Министрлік жыл соңына дейін Солтүстік Аралды Үлкен Арал теңізінен бөліп тұрған Көкарал бөгетін реконструкциялау жұмысын аяқтауды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік банкпен бірге 39 жобаны қамтитын Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірледі. Бұл 2000 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы мен балық аулау кәсібін дамытуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға, өңірдегі экономикалық және әлеуметтік жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.

«Аталған жоба бізге солтүстік Аралды сақтауға, ондағы судың тұздылығын азайтуға және аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі», — деді ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров
Су үнемдейтін технологияларды пайдалану және күріш алқаптарын тегістеу 200 млн текше метр су үнемдеп, оны Солтүстік Арал теңізіне жіберуге мүмкіндік берді.
Ал Қызылорда облысының күріш алқаптары лазерлік жоспарлаушымен тегістеліп, су үнемдеу технологиялары пайдаланылған. Соның нәтижесінде, шамамен 200 млн текше метр су үнемделіп, ол Солтүстік Аралға жіберілген. 55 мың гектар күріш алқабы лазерлік жоспарлаушының көмегімен тегістелді, бұл әдіс орташа өнімділікті гектарынан 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін арттырып отыр.
Жалпы, су үнемдеу технологияларын енгізу, шаруалардың инфрақұрылым жүргізу, су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау мөлшері 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылған. Ал су үнемдеу жүйелерін пайдаланатын диқандарға суармалы суға субсидия мөлшері тарифке байланысты 85 пайызға дейін өскен.
Сондай-ақ Арал теңізі бассейніндегі аймақты оңалтуға бағытталған көгалдандыру жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде Үлкен Арал теңізінің тартылған аумағында 4,4 млн көшет отырғызылған. 2021–2024 жылдары 475 мың гектар жерге тұқым себіліп, көшет егілді. Биыл да 428 мың гектарда көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осының нәтижесінде, 2025 жылдың соңына қарай Арал теңізі табанын көгалдандырудың жалпы көлемі 1,1 млн гектарға жетуге тиіс.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, шаруа қожалықтарын, дихандарды белсенді түрде су үнемдейтін технологияларды қолдануға шақырамыз. Шаруаларды ынталандыру үшін бұрын-соңды болмаған іс-шаралар қабылданды. Министрлік су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Мұндай мемлекеттік қолдау көп елде жоқ. Су үнемдейтін технологияларды орнатқан шаруалар суармалы су үшін де аз төлейді. Елімізде суармалы суға субсидия мөлшері тарифке байланысты 85%-ға дейін ұлғайтылды», — деді Мөлдір Абдуалиева.
Бүгінгі таңда Қазақстанда су шашатын машиналар мен тамшылатып суару жабдығын шығаратын төрт отандық зауыт жұмыс істейді. Биыл Түркістан облысында қытайлық компаниялармен бірлесіп тамшылатып суару жабдығын шығаратын тағы екі зауыт ашу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Су ресурстары және ирригация министрлігі су үнемдейтін инновациялық технологияларды да сынақтан өткізуде. Мәселен, былтыр еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп мажарлық Water-Retainer препараты сынақтан өтті. Сынақ нәтижесі жекелеген дақылдар бойынша су үнемдеу және өнімділікті арттыру бойынша оң әсерін көрсетті. Алдын ала мәлімет бойынша, препаратты қолдану шамамен 20-37% су үнемдеуге мүмкіндік береді, сонымен қатар өнімділікті жақсартады.
Министрлік Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша шаруаларға арналған семинарлар өткізуде. Шаруашылық өкілдерімен кездесулер барысында еліміздегі су үнемдеу бойынша үздік тәжірибелер таныстырылып, мемлекеттік қолдау іс-шаралары жөнінде ақпарат беріледі.
#Президенттің тапсырмасы #су ресурстарыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу