05 Шілде 2025, 16:15
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов медициналық-әлеуметтік сараптама қызметіндегі ағымдағы өзгерістер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектікті белгілеу тәсілдерін өзгерту бойынша ауқымды жұмыстарды жүргізіп жатыр.
«Біз мүгедектікті белгілеу тәсілдерін түбегейлі трансформациялауды жүзеге асырып жатырмыз. Осы реформаның басты бағыты – медициналық-әлеуметтік сараптаманы (МӘС) сырттай және проактивті форматта енгізу. Мақсат – азаматтардың мүгедектік мәртебесін алу рәсімін барынша жеңілдету: оны қолжетімді, ыңғайлы, жедел әрі ең бастысы – объективті және әділ ету. Енді азаматтың міндетті түрде көзбе-көз тексеруден өтуі талап етілмейді. Белгілі бір диагноздар бойынша бұл процедура адамның жеке қатысуынсыз-ақ жүргізілуі мүмкін. Алайда бұл үшін медициналық ұйымнан толық әрі шынайы медициналық ақпарат цифрлық форматта ұсынылуы тиіс», — деді Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов.
НЕЛІКТЕН БҰЛ МАҢЫЗДЫ?
Сырттай форматты енгізу тек цифрландыру мен рәсімдерді оңайлату мақсатында ғана емес, медициналық-әлеуметтік сараптама саласында жинақталған жүйелі мәселелерді шешу үшін қолға алынып отыр:
«Сырттай проактивті формат аймақтар арасындағы жүктемені қайта бөлуге мүмкіндік береді. Бұл – экстерриториялық сарапшылардың жұмысы арқылы жүзеге асады және барлық азаматтарға, тұрғылықты жеріне қарамастан, қызметке тең әрі ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұл реформа халықтың МӘС қызметіне және жалпы әлеуметтік қорғау жүйесіне деген сенімін арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ мүгедектікті белгілеудің шын мәнінде клиентке бағдарланған үлгісін қалыптастыруға бағытталған», — деді Төлеген Оспанқұлов.
БІЗ НЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІК?
Спикердің сөзінше 2024 жылға арналған «Аманат» партиясының Жол картасын іске асыру аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында нақты міндет қойылған. Мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызметтердің кемінде 35%-ын сырттай проактивті форматта жүргізуді қамтамасыз ету. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 37,4%-ды құрады, яғни белгіленген межеден асып түсті. Бұл шек емес екенін түсінеміз және жұмысты қарқынды түрде жалғастырудамыз.
Сонымен қатар ол 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша сырттай проактивті форматтағы сараптамалардың үлесі 39,3%-ға жеткенін баяндады. Министрлік аймақтар арасындағы айтарлықтай айырмашылықтарға назар аударады. Дәлірек айтқанда, Ұлытау (25,1%), Маңғыстау (26,7%), Түркістан (37,0%), Жамбыл (36,9%) және Атырау (33,9%) облыстарында бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден төмен.
Бұл өңірлердегі төмен көрсеткіштердің негізгі себептері:
• ВКК (дәрігерлік-консультациялық комиссиялар) құрамында дайын кадрлардың жетіспеушілігі, бұл жіберілетін медициналық ақпараттың дұрыстығы мен толықтығына әсер етеді;
• Жергілікті жерлерде халық пен мамандардың сырттай проактивті форматтың мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы жеткілікті ақпаратпен қамтылмауы;
• Медициналық ақпараттық жүйелер арқылы деректерді жіберу кезінде техникалық ақаулар мен кідірістердің орын алуы, бұл құжаттарды сарапшылардың жедел қарауын қиындатады.
Оның айтуынша министрлік бұл мәселелерді қосымша жұмыс жүргізуге түрткі ретінде қарастырады. Осыған байланысты:
ТӘУЕЛСІЗ САРАПШЫЛАРДЫ ТАРТУ
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 156-бабына сәйкес, сырттай сараптама жүргізу ү.дерісіне ресми түрде тәуелсіз медициналық-әлеуметтік сарапшылар тартылады. Бұл – сараптама нәтижелерінің ашықтығы мен оларға деген сенімді арттыру жолындағы маңызды қадам.
ТӘУЕЛСІЗ МЕДИЦИНАЛЫҚ-ӘЛЕУМЕТТІК САРАПШЫЛАРЫ ДЕГЕН КІМДЕР?
Тәуелсіз медициналық-әлеуметтік сарапшылар — бұл арнайы іріктеуден өткен, қазіргі уақытта жұмыс істеп жүрген тәжірибелі дәрігерлер. Іріктеу рәсімі ашық және автоматтандырылған. Дәрігер электрондық жүйе арқылы өтінім береді, содан кейін оның кәсіби мәліметтері — жұмыс өтілі, лицензиясы, сертификаттары тексеріледі. Бұдан соң үміткер медициналық-әлеуметтік сараптамаға қатысты тақырыптар бойынша тестілеуден өтеді. Маманды іріктеу туралы шешімді жүйенің өзі қабылдайды, бұл субъективті фактордың болуын болдырмайды.
Тәуелсіз сарапшы болуға үміткерге қойылатын негізгі талаптар:
• жоғары медициналық білімінің болуы;
• денсаулық сақтау саласында әрекет етуші маман сертификатының болуы;
• соңғы бес жыл ішінде МӘС мәселелері бойынша біліктілігін арттырғанын растайтын құжат;
• жеткілікті кәсіби өтіл мен тәжірибе.
БҰЛ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
Тәуелсіз сарапшыларды тарту келесі мүмкіндіктерді береді:
• өтініш берушінің денсаулық жағдайын бейтарап және объективті бағалауды қамтамасыз ету,
• қабылданатын шешімдердің әділеттілігі мен негізділігін арттыру,
• кейбір жағдайларда балама сараптамалық пікірді қалыптастыру,
• сайып келгенде, азаматтардың мүгедектікті белгілеу мемлекеттік жүйесіне деген сенімін арттыру.
ТӘУЕЛСІЗ САРАПШЫЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚАЛАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН?
Механизм толығымен автоматтандырылған:
• дәрігер электрондық платформа арқылы өтінім береді,
• жүйе оның құжаттарын тексереді,
• содан кейін онлайн-тест өткізіледі,
• барлық мәліметтер негізінде жүйе маманды жұмысқа жіберу немесе жібермеу туралы шешім қабылдайды.
Маңыздысы — қызметтің тарифтері мен еңбекақы төлеу тәртібі уәкілетті мемлекеттік органмен бекітіледі. Бұл кез келген объективтілікке нұқсан келтіру немесе қысым көрсету тәуекелін болдырмайды.
БАҚЫЛАУ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ?
Комитет тәуелсіз сарапшылардың жұмыс сапасын жүйелі және тұрақты түрде мониторингтен өткізеді. Біз олардың шығарған шешімдерін сараптамалық критерийлермен салыстырамыз, ай сайын және жыл қорытындысы бойынша талдау жүргіземіз.
Бұл бізге тек сапаны бақылауға ғана емес, сонымен қатар ауытқулар анықталған жағдайда жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
ТІЗІМНЕН ШЫҒАРУ НЕГІЗДЕРІ
«Сарапшыны тізімнен шығару тәртібі нақты регламенттелген. Шығаруға негіз болатын жағдайлар мыналар: Ай сайынғы және жылдық жұмыс нәтижелері бойынша төмен көрсеткіштер. Бағалау бекітілген ережелер мен критерийлерге сәйкес жүргізіледі. Жоспарлы көрсеткіштерді жүйелі түрде орындамау. Егер сарапшы бұл талаптарды үш немесе одан да көп рет орындамаса, онымен жасалған шарт бұзылады және ол тізімге қайта енгізілмейді», — деді Төлеген Оспанқұлов.
Сондай-ақ келесі жағдайларда сарапшы тізімнен шығарылады:
• Тізімнен шығу туралы жеке өтініші негізінде;
• Сот шешімімен сарапшының әрекетке қабілетсіз немесе шектеулі қабілетті деп танылуы;
• Сарапшының ел аумағынан тұрақты түрде кетуі;
• Сарапшының қайтыс болуы.
Егер сарапшы уақытша өз міндеттерін орындай алмаса (мысалы, ауруханаға жатқызылған жағдайда), оның аяқталмаған актілері автоматты түрде басқа тізімдегі сарапшыларға қайта бөлініп, үш жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс.
Сондай-ақ сарапшылар тарапынан түсетін шағымдар мен өтініштерді қарау тәртібі көзделген, және бұл тәртіп Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормаларына толық сәйкес келеді.
ТӘУЕЛСІЗ САРАПШЫЛАР ИНСТИТУТЫН ЕНГІЗУ КЕЗЕҢДЕРІ
Тәуелсіз сарапшылар институтын енгізудің негізгі кезеңдері:
• 2022 жылы сырттай формат еліміз бойынша енгізіле бастады және бастапқы кезеңде тек 12 ауру түрі бойынша проактивті сараптама жүргізуге рұқсат етілген нозологиялар тізбесі қолданылды.
• 2023 жылғы сәуірде бұл тізім кеңейтіліп, жаңа ауру түрлері енгізілді.
• 2024 жылғы қыркүйекте біз дәрігерлерді сырттай сараптамаға тарту бойынша пилоттық жобаны іске асырдық.
• 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап тәуелсіз сарапшылардың бірыңғай тізілімі құрылды.
САНДЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР
Төлеген Оспанқұловтың сөзінше 2024 жылы іске асырылған пилоттық жобаға шамамен 50 дәрігер қатысқан, олардың 18-і іріктеуден сәтті өтіп, тәуелсіз сарапшылар тізіліміне енгізілді. 2024 жылғы 1 желтоқсанға дейін бұл сарапшылар 7 532 сараптамалық қорытынды шығарып, 21 мыңнан астам өтінімді қарады. 2025 жылғы 1 шілдеге жағдай бойынша 55 тәуелсіз сарапшы сырттай проактивті сараптама жүргізуге қатысып отыр.

«Бұл — жүйенің қарқынды дамып келе жатқанын, медициналық қауымдастықтың қызығушылығы бар екенін, ең бастысы — азаматтардың уақытын үнемдейтін және күш-жігерін азайтатын ыңғайлы цифрлық форматты жиі таңдайтынын көрсетеді. Ашықтық, кәсібилік, қолжетімділік және сенім — біз жүзеге асырып жатқан реформаның негізін құрайтын қағидаттар. МӘС тәуелсіз сарапшылар институтын құру — бұл азаматтардың үмітіне және уақыт талабы мен талаптарына сай келетін, әділ де заманауи әлеуметтік қолдау жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Сенімдеріңіз үшін алғыс білдіреміз және бірлескен күш-жігердің арқасында барлық әлеуметтік қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыруды жалғастырамыз деп сенеміз», — деді Төлеген Оспанқұлов.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу