03 Қараша 2025, 19:39

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Әскери білім беру мен кәсіби дайындықтың заманауи тәсілдері» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев баяндама жасады.
Ең алдымен спикер Қорғаныс министрлігінің білім беру ұйымдарында білікті әскери мамандарды даярлау мәселелеріне тоқталды.
Оның сөзінше, Қазақстан Республикасының Әскери доктринасының ережелеріне сәйкес, Қарулы Күштерді, өзге әскерлер мен әскери құралымдарды жоғары кәсіби кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған әскери білім берудің тұтас жүйесі қалыптастырылды. Бұл жүйе соғыс ісінің даму перспективаларымен, әскери құрылыс міндеттерімен өзара сабақтас және жаңа буындағы соғыстардың болжамды сипатын ескереді.
«Қорғаныс министрлігінің әскери білім беру құрылымына қазіргі уақытта әртүрлі деңгейдегі 9 әскери оқу орны кіреді. Офицерлерді жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша даярлау 3 әскери институтта және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде жүзеге асырылады. Техникалық және кәсіптік білім берумен сержанттарды даярлау Қорғаныс министрлігінің 5 әскери колледжінің базасында жүргізіледі», — деп атап өтті Мұрат Олжабаев.
Әскери білім берудің өзегі – жоғары білім беру бағдарламалары бойынша әскери мамандарды даярлау. Офицерлік кадрларды даярлау Қарулы Күштердің барлық әскер тектері мен түрлерінің негізгі мамандықтарын қамтиды және Қорғаныс министрлігінің 3 әскери институтында жүзеге асырылады:
– Құрлық әскерлері әскери институты – 6 мамандық, 17 біліктілік;
– Әуе қорғанысы күштері әскери институты – 7 мамандық, 14 біліктілік;
– Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты – 7 мамандық, 12 біліктілік.
Әскери оқу орындарындағы оқу процесі Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлық жоспарымен ықпалдастырылған. Курсанттар мен тыңдаушылар «Жауынгерлік ынтымақтастық», «Айбалта», «Қаратау», «Өзара іс-қимыл» секілді ірі оқу-жаттығуларға қатысады, бұл түлектердің кейінгі қызметінде қажет болатын практикалық дағдыларды қамтамасыз етеді.
Қазіргі соғыстардың сипатының өзгеруі мен әскерлердің қажеттіліктерін ескере отырып, офицерлерді жаңа бағыттар бойынша даярлау басталды:
– Құрлық әскерлері әскери институтында материалдық-техникалық қамтамасыз ету кафедрасы ашылды;
– Әуе қорғанысы күштері әскери институтында «Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару» мамандығы бойынша даярлау жолға қойылды;
– Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында радиоэлектрондық барлау мен күрес, ақпаратты қорғау, криптология, сондай-ақ аударма ісі және автоматтандырылған басқару жүйелері бағыттары бойынша мамандар даярланады.
Білім беру бағдарламаларын кеңейту азаматтық ЖОО-лармен академиялық ұтқырлық тетіктері арқылы іске асырылады:
– Құрлық әскерлері әскери институтында Қазақ спорт және туризм академиясының базасында «Әскери істе дене мәдениеті және спорт» бағыты бойынша оқу ұйымдастырылды;
– биыл Логистика және көлік академиясымен «Әскери тасымалдарды және әскери қатынастарды ұйымдастыру» саласы бойынша мамандар даярлау жөнінде келісім жасақтау жоспарланған;
– ӘҚК әскери институтында «Әскери істе теңіз техникасы мен технологиялары» мамандығы енгізіліп, Ақтау қаласындағы Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетімен бірлескен даярлау жүргізіледі;
– Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Алматыдағы Халықаралық білім беру корпорациясының базасында әскери құрылыс бағыты бойынша оқу ұйымдастырылған, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында «Әскери журналистика» және «Әскери дирижер» біліктіліктері бойынша қос дипломды бағдарламалар іске қосылды.
ҰҚШҰ-ның әскери кадрларды даярлау туралы келісімі шеңберінде Қорғаныс министрлігінің ЖОО-рына Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстанның әскери қызметшілері қабылданады.
Сонымен қатар халықаралық келісімдер негізінде 400-ден астам қазақстандық курсант Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі ЖОО-да ұсынылмаған мамандықтар бойынша жақын және алыс шетелдердің, атап айтқанда, Әзербайжан, Беларусь, Қытай, Корея, Ресей, Түркияның әскери оқу орындарында білім алуда.
Келесі маңызды бағыт – техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша әскери мамандарды даярлау. Бұл жұмыс Қорғаныс министрлігінің республикалық әскери колледждерінде жүзеге асырылады.
Сержанттық лауазымдарды техникалық және кәсіптік білімі бар кәсіби әскери қызметшілермен жасақтау қажеттілігіне байланысты 2020 жылдан бастап 4 республикалық «Жас ұлан» мектебі кезең-кезеңмен әскери колледждерге қайта құрылды.
Атап айтқанда:
– 2021 жылы Астана қаласындағы Халық Қаһарманы, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры С. Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледж болып қайта құрылды;
– 2024 жылы Шымкент қаласында Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледж болып қайта құрылды;
– 2025 жылы Алматы қаласында Батыр Бауыржан Момышұлы атындағы Әскери-спорт колледжі және Қарағанды қаласында Талғат Бигелдинов атындағы Әскери колледж болып қайта құрылды.
Жаңа әскери колледждердің құрылуы сержанттық лауазымдардың жасақталуын арттыруға, іске асырылатын мамандықтар спектрін кеңейтуге және техникалық әрі кәсіптік әскери білімі бар кәсіби кадрлардың шығуын көбейтуге мүмкіндік берді.
Бүгінде Қорғаныс министрлігінің әскери колледждерінде техникалық және кәсіптік оқу бағыттары бойынша сержанттарды 5 мамандық және 11 біліктілік аясында даярлау жүргізіледі.
2025 жылдан бастап әскерлер үшін өзекті жаңа мамандықтар бойынша даярлау басталды, оның ішінде:
– «Барлау және десанттық-шабуылдау бөлімшелерін басқару»;
– «Әскери істе дене мәдениеті және спорт».
«Жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде Қазақстан Республикасында заманауи және функционалды әскери білім беру жүйесі қалыптасқанын сеніммен айтуға болады. Ол өзекті сын-қатерлерге жауап береді және Қарулы Күштерді жауынгерлік және мобилизациялық даярлықты қамтамасыз ету міндеттерін сапалы орындауға қабілетті кадрлармен қамтамасыз етеді», — деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар Мұрат Олжабаев Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындары мен колледждеріне қабылдау қорытындылары туралы баяндады. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің әскери институттары мен әскери колледждері Қарулы Күштердің қажеттіліктері үшін офицерлер мен сержанттарды кәсіби негізде даярлайтын беделді білім беру ұйымдары болып табылады.
Ағымдағы жылы сержант кадрларын даярлау жүйесін кезең-кезеңмен жаңғырту аясында Алматы және Қарағанды қалаларындағы республикалық «Жас ұлан» мектептері базасында тағы екі әскери колледж – Бауыржан Момышұлы атындағы Әскери-спорт колледжі және Талғат Бигелдинов атындағы Әскери колледж құрылды. 2025 жылдың өзінде бұл оқу орындары сұранысы жоғары мамандықтар бойынша тыңдаушыларды қабылдады, олар:
– «Әскери істе дене мәдениеті және спорт»;
– «Барлау, десанттық-шабуылдау бөлімшелерін басқару»;
– «Әскери логистика».
Мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудің басым бағыттарының бірі болып табылатын білікті әскери кадрларды сапалы даярлау және әскери білім беру жүйесін дәйекті дамыту мақсатында Қорғаныс министрлігі жаңа деңгейдегі міндет қойды – болашақта Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде абыроймен қызмет етуге қабілетті, ынталы, тәртіпті және патриоттық рухтағы жастарды нысаналы іріктеу.
Әскери оқу орындарын жасақтаудың маңызды элементі – кәсіби бағдар және үгіт-насихат жұмысы.
2024 жылғы қазаннан 2025 жылғы шілдеге дейін Қорғаныс министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау шарттарын түсіндіру, кәсіби бағдар және үгіт жұмыстары бойынша кешенді іс-шаралар өткізді.
Кампания барысында ерекше назар шалғай ауылдық округтердегі үміткерлерге аударылды, өйткені олар әскери ЖОО-лар мен колледждерге түсу тұрғысынан неғұрлым ынталы әрі әлеуетті саналады.
Үгіт-насихат жұмысы 5 996 білім беру ұйымын (оның ішінде 5 759 орта мектеп және 237 колледж) қамтыды, жалпы саны 209 548 білім алушы қамтылды.
Өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсуге 4 090 адам ниет білдіріп, конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша 1 761 абитуриент оқуға қабылданды, оның ішінде:
– әскери институттарға – 837 адам (ҚӘ ӘИ – 352; ӘҚК ӘИ – 267; РЭжБ ӘИИ – 218);
– әскери колледждерге – 924 адам (Астана қ. ӘК – 182; Алматы қ. ӘСК – 153; Қарағанды қ. ӘК – 138; Шымкент қ. ӘК – 168; Щучинск қ. ӘК — 283).
Іріктеу рәсімдерінің цифрландырылуы мен ашықтығы әскери білім беру жүйесінің маңызды элементтері болып табылады. 2025 жылы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау командирлік-тактикалық мамандықтар, ұшқыштық іс, радиобайланыс, ұшқышсыз жүйелерді басқару, әскери медицина, дене мәдениеті және спорт, инженерлік және ІТ-бағыттар сияқты кең ауқымды даярлық бағыттары бойынша жүргізілді.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша төмендету және ашықтықты қамтамасыз ету үшін азаматтарға өтінімдерді мемлекеттік қызметтер порталы арқылы беру мүмкіндігі ұсынылды. Бұл делдалдықты болдырмады және барлық кандидаттар үшін тең жағдай жасады.
Іріктеу конкурстық негізде өткізіліп, мына міндетті кезеңдерді қамтыды:
– медициналық куәландыру;
– дене даярлығы деңгейін тексеру;
– психологиялық тестілеу.
Аталған тетіктер іріктеу рәсімдерінің ашықтығын, бірізділігін және объективтілігін қамтамасыз етіп, азаматтардың әскери білім беру институтына деген сенімін арттырды.
2025 жылғы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау науқаны жоспарлы көрсеткіштердің орындалуымен аяқталды.
«Жастардың әскери білімге қызығушылығының тұрақты өсу үрдісі байқалады, бұл әскери мамандықтың беделі мен Қарулы Күштерге кадрлар даярлау жүйесіне деген сенімнің артқанын көрсетеді. Өтінім беруден бастап оқуға қабылдауға дейінгі қабылдау науқанының барлық кезеңдері Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілеріне және Қорғаныс министрлігінің нұсқаулық құжаттарына толық сәйкес өткізілді. Барлық үміткерлер үшін ашықтық, объективтілік және тең мүмкіндікке ерекше назар аударылды», — деп атап өтті Мұрат Олжабаев.
Алдағы уақытта Қорғаныс министрлігі іріктеу және оқыту тетіктерін жетілдіруді, тәжірибеге бағытталған даярлықты күшейтуді, цифрлық технологияларды енгізуді және оқу-тәрбие үдерісін жақсартуды жалғастырады.
Мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру және азаматтардың мерзімді қызметтен өтудегі ынтасын күшейту мақсатында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі 2023 жылдан бері кешенді мотивациялық жобаны іске асырып келеді.
Жобаның негізгі мақсаты – Қарулы Күштер қатарында қызмет өткергеннен кейін азаматтардың кәсіби және білім беру тұрғысынан өсіп-өркендеуіне жағдай жасау, сондай-ақ мерзімді қызметтен өткен әскери қызметшілерге берілетін артықшылықтар есебінен жастардың азаматтық еңбек рыногындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
2024 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойды, ол мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтарға мемлекеттік білім беру гранттарын бөлуді көздейді. Аталған заңнамалық жаңалықта «Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери қызмет жөніндегі міндеттерін орындауы кезіндегі кепілдіктер» туралы 50-1-бап енгізіліп, осы санаттағы азаматтарға әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары мен мемлекеттік кепілдіктер бекітілді.
Осы ретте Мұрат Олжабаев жобаны іске асырудың құқықтық тетіктері және ЖОО-лардың қатысуы туралы айта кетті.
Оның сөзінше, жобаға Қазақстан Республикасының барлық жоғары оқу орындары қатысады. Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 600 бұйрығымен бекітілген Типтік қабылдау қағидаларына сәйкес, мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына ҰБТ нәтижелерін есепке алмай-ақ, ЖОО қабылдау комиссияларымен әңгімелесу негізінде түсе алады.
Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен бұйрықтарымен бекітілген әскери оқу орындарына қабылдау қағидаларына сәйкес, мерзімді қызметтен өткен және әскерлерде іріктеуден өткен азаматтар әскери және арнайы ЖОО-ларға емтихан тапсырмастан түсуге құқылы.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және конкурстық іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Sarbaz 2.0» ақпараттық жүйесі енгізілді. Жүйеде Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі және ТЖМ-нің әскери бөлімдері тіркелген, олар 2022–2025 жылдардағы 118 136 әскери қызметшіні қамтиды.
Жүйе мына деректерді жинақтайды:
– қызмет өткеру кезеңіндегі бағалар;
– әскери қызметшілердің жеке рейтингтері;
– тәртіп және жауынгерлік даярлық көрсеткіштері;
– 12 бейіндік пән бойынша тестілеу нәтижелері.
Әрбір әскери қызметшіге үш мамандық пен үш ЖОО-ны таңдауға мүмкіндік беріледі. Гранттарды бөлу белгіленген мерзімде, жауынгерлік даярлық нәтижелері және қорытынды тестілеу көрсеткіштерінің жиынтығы негізінде автоматты түрде жүргізіледі.
Конкурстық іріктеу қорытындылары – 2025 жылғы I жартыжылдық (2024 жылғы «Көктем» шақырылымы).
Іріктеуге 17 504 әскери қызметші қатысты:
– ҚМ – 8 791;
– ҰҰ – 5 508;
– ҚР ҰҚК ШҚ – 2 650;
– ТЖМ – 289;
– МКҚ – 266.
Бөлінді:
азаматтық ЖОО-ларда оқу үшін 2 010 мемлекеттік білім беру гранты;
әскери және арнайы оқу орындарына 214 грант.
Таратылды:
– ҚМ – 1 140;
– ҰҰ – 910;
– ҚР ҰҚК ШҚ – 161;
– ТЖМ – 55;
– МКҚ – 48.
Конкурстық іріктеу қорытындылары – 2025 жылғы II жартыжылдық (2024 жылғы «Күз» шақырылымы).
Іріктеуге 9 181 әскери қызметші қатысты:
– ҚМ – 4 493;
– ҰҰ – 3 552;
– ҚР ҰҚК ШҚ – 830;
– ТЖМ – 171;
– МКҚ – 135.
Бөлінді:
– азаматтық ЖОО-ларда оқу үшін 700 мемлекеттік білім беру гранты;
– әскери және арнайы оқу орындарына 277 грант.
Таратылды:
– ҚМ – 442;
– ҰҰ – 384;
– ҚР ҰҚК ШҚ – 98;
– ТЖМ – 27;
– МКҚ – 26.
Бұдан бөлек, Мұрат Олжабаев оқыту шарттары мен қосымша мүмкіндіктер туралы айтып берді. Мысалы, 2023–2024 жылдары шығындарды өтеу ЖОО гранттары есебінен (стипендиясыз 100% жеңілдік) жүзеге асырылса, 2025 жылдан бастап стипендия мен жатақханамен қамтамасыз етуді қамтитын толыққанды мемлекеттік білім беру гранттары беріледі.
Мерзімді әскери қызметтен өткен және жоғары оқу орындарына түскен барлық азаматтар «Zapas» офицерлерін даярлау бағдарламасы бойынша әскери кафедрада конкурссыз тегін оқуға құқылы. Бүгінгі таңда мерзімді қызмет түлектерінің 20-дан астамы осы құқықты пайдаланып, кәсіби негізде қызметін жалғастыру туралы шешім қабылдады.
Конкурстық іріктеу нәтижелері «Sarbaz 2.0» платформасында (srochnik.gov.kz) және ресми әлеуметтік желілерде жарияланады. Әрбір қатысушы «Іздеу» бөлімі арқылы жеке деректері бойынша түсу туралы сертификаттың бар-жоғын тексере алады.
2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтар үшін 8 100 білім беру гранты бөлінді. Тек 2025 жылы-ақ 2 710 адам мемлекеттік грантпен қамтылды.
Жобаны іске асыру әскери қызмет беделін нығайтуға, білімді, тәртіпті және патриоттық көзқарастағы жаңа буынды қалыптастыруға, елдің қорғаныс қабілеті мен дамуына үлес қосуға дайын азаматтарды тәрбиелеуге ықпал етеді.
Сөзін түйіндей келе, Мұрат Олжабаев әскери ЖОО-да білім алған жас маман сұранысқа ие мамандықпен бірге өзге де артықшылықтар мен әлеуметтік кепілдіктерге ие болатынын атап өтті. Әскери ЖОО-ны бітірген түлекке лайықты жалақысы бар жұмыс орны және тұрғын үй мәселесін шешудің тетіктері кепілдендіріледі.
Баспасөз конферециясының соңында спикер тілшілердің сұрақтарына жауап берді.
#Баспасөз конференциясы #ҚР Қорғаныс министрлігіҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу