Асхат Оралов Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасы аясында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Түркістан облысына барып, өңір халқымен кездесу өткізді. Жұмыс сапары барысында министр өз саласы туралы халық алдында есеп берді.

«Тарихы мыңжылдықтармен тамырлас көне шаһар – біздің баға жетпес байлығымыз, ең асыл құндылығымыз», — деді министр. 

Әрі қарай А. Оралов Мәдениет және спорт министрлігінің атқарып жатқан, бұған дейін қолға алынған, алға қойған мақсаттарымен бөлісті.

«Өткен жыл еліміздің мәдени өмірі үшін маңызды жыл болды. Тұғырлы тұлғалардың көптеген мерейтойы кеңінен аталып өтті. Сол мәдени іс-шаралар биыл да өз жалғасын табатын болады. Жуық арада жырау Жамбыл атамыз бен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өміріне арналған “Жамбыл. Жаңа Дәуір”, “Соңғы үкім” кинокартиналары жарық көреді», — деді министр.

Оның айтуынша, жалпы осы жыл да – үлкен мерейтойларға толы жыл. Атап айтқанда, даңқты қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, ұлы күйші-композитор, дүниежүзілік мәдениеттің аса биік тұлғасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы және де көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы халықаралық кең көлемде аталып өтілмек.

Сонымен бірге Түркістан өлкесінің тумасы – ақын, жазушы Жұмабек Еділбаевтың және күйші Оразбек Сәрсенұлының 100 жылдық мерейтойлары да назардан тыс қалмайды.

«Біз биыл қазақ мәдениетінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлердің есімін ел есінде айрықша қалдыру мақсатында “Тағылымға толы ғасыр” атты арнаулы жобаны қолға алып отырмыз. Оның аясында біртуар қайраткерлеріміздің рухани мұрасы дәріптеліп, мерейтойлары кең көлемде насихатталады. Бұл еліміздің мәдени игілігіне зор үлес қосатын ауқымды жоба болады деп сенемін», — деді мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов. 

Министрдің айтуынша, мерейтойлардан бөлек, қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар да назардан тыс қалмайды. Бұл бағытта министрлік мәдениет саласының майталмандары мен архившілерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар шараны қабылдады. Атап айтқанда, 2022 жылдан мәдениет, архив ісі ұйымдарының барлық санаттағы қызметкерінің жалақысы жыл сайын 20%-ға өсіп, нәтижесінде 2025 жылы бұл көрсеткіш 100%-ды құрайды.

Еліміздегі «Ұлттық» статусына ие мәдениет саласындағы 5 ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы 75%-ға артты. Ведомство басшысының мәлімдеуінше, биыл бұл тізімнің санын арттыру жоспарда бар. Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия 20-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.

«Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерінің ел идеалогиясы мен жаңғыруында орны айрықша екенін атап өтіп, 20 жылдан астам уақыт бойы берілмей келген “Қазақстанның халық әртісі” құрметті атағын қайтаруды тапсырды. Бұл мәдениет қайраткерлері үшін өте маңызды және қуантарлы жайт деп есептеймін. Әртіс үшін бұл марапат – халықтың бағасы мен батасынан бөлек, шығармашылығының жоғарғы деңгейде мойындалуы деп санаған дұрыс», — деді Асхат Оралов. 

Жалпы министрліктің мәдениет және архив қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын қабылдау бойынша 2023 жылға жоспарлары аз емес. Шығармашылыққа бағытталған жоғары оқу орындарындағы концертмейстерлер, сондай-ақ үрмелі музыкалық аспаптарда ойнайтын мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлері, би ансамблі әртістерінің әл-ауқатын көтеру мәселесі жіті назарда деуге болады. Осы орайда заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу жұмыстары басталып кетті.

Бұдан бөлек, 12 мыңға жуық архив және кітапхана кызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайларына байланысты жалақыға қосымша ақы тағайындау жоспарланып отыр.

Жалпы Мәдениет саласындағы инфрақұрылым тәуелсіздік жылдарынан бергі уақытта қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында тың серпіліс алды. Аталған стратегиялық құжатта 2025 жылға дейін елімізде 1 500 мәдениет нысанының құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Былтыр ғана республикада 22 нысанның құрылысы мен 287 объектіге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жоспар бойынша 40 объектінің құрылысы мен 260 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізілуі тиіс. Олардың ішінде Түркістан өңірінде 15 мәдениет нысанына жөндеу және 3 нысанына құрылыс жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.

Сонымен қатар Түркістан өңірінде биыл «Гауһар Ана», «Отырар», «Сауран» визит-орталықтары ашылып, туристерге қолайлы жағдай жасалмақ.

Мәдениет және өнер саласында «Umai» ұлттық сыйлығы, «DALA DAUYSY» республикалық байқауы, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы сияқты бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асыру жалғастырылады.

Олардан бөлек, бұрын еш жерде шығармалары жарық көрмеген қаламгерлерді қолдау мақсатында «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы қолға алынды. Жақын арада 14 кітап жарық көріп, 42 мың тиражбен республикалық және облыстық кітапханаларға таратылу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар биыл алғаш рет еліміздің 18 бен 29 жасқа дейінгі жас жазушылары мен ақындарына арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық беріледі. Бұл сыйлық осы жылдан бастап жыл сайын «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» деген 4 номинация бойынша берілмек.

Сонымен қатар талантты, өзіндік ерекшелігі бар шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларды қолдау мақсатында «Рухани қазына» республикалық фестивалі өткізілетін болады. Мәдениет саласы қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында өтетін бұл фестиваль аясында үздік мамандар үшін 500 мың теңге, ал үздік мәдениет мекемесі үшін 1 млн теңгені жеңіп алу мүмкіндігі бар.

Әрі қарай мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов кино саласы туралы сөз қозғады.

«Мәдениет саласын дамытуда киноиндустрияның әлеуеті айрықша зор. Кейінгі жылдары отандық режиссерлердің туындылары қоғамда жоғары сұранысқа ие, осындай бәсекенің артып келе жатқаны қуантады», — деді Асхат Оралов.

Мәселен, былтыр аңызға айналған ансамбль «Дос-Мұқасан» тобы туралы фильм прокатта өзін толығымен ақтап шықты. Қазақ тіліне дубляждалған «Аватар. Су жолы» фильмін 43 мыңнан астам көрермен тамашалап, кассалық табыс алғаш рет 71 млн тенгені құрады. Бұл голливуд фильмдеріне дубляж жасаудың 12 жылдық тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш десек болып отыр.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, отандық кинотуындылардың беделі халықаралық аренада артып келеді. Жақында ғана Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілген қазақстандық фильм Үндістандағы үлкен кинофестивальде жоғары марапатқа ие болды. «Паралимпиец» фильмінде басты рөлді сомдаған Асқар Ілиясов «Үздік ер адам рөлі» сыйлығын жеңіп алды.

Жалпы алғанда конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қаржыландырылатын киножобалар саны жыл санап өсіп келеді.

«Сондай-ақ біз қаншама ғасырдан бері үзілмей келе жатқан ұлттық өнер түрін ерекше қолдауымыз керек. Осы орайда халқымыздың материалдық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында елордамыздағы Ұлттық музейде Қолөнершілер орталығын ашу жоспарланып отыр. Болашақта ашылатын сол орталықта қазақ өрнектерімен жасалған зергерлік бұйымдар, қыш ыдыстар, тоқыма түрлері, ұлттық аспаптар қойылатын болады», — деді А. Оралов. 

Тағы бір ерекше айтылатын мәселе – Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұлттық мәдениеттің бірегей нысандарын ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу үшін «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинацияны әзірлеу жұмысы жалғасады. Бұл дәліз 6 объектіні қамтиды. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Сауран, Отырар, Ясы, Қызылорда облысындағы Жеті Асар, Жанкент, Сығанақ нысандары қамтылады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өскелең ұрпақтың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту басым назарда. Осылайша, бүгінде мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс институты белсенді іске асырылуда», — деді министр.

Түркістан облысында 3 мыңнан астам бала мен жасөспірім тегін үйірмелермен және 20 мыңнан астамы секцияларымен қамтылды (2022 жылы 1,6 млрд теңге бөлінді). Биыл осы жобаны жүзеге асыруды жалғас жалғасады. Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты жалғастыру мақсатында 2023 жылы 560 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамту үшін жергілікті атқарушы органдардан 86,7 млрд теңге бөлінді (2023 жылы Түркістан облысында 4,6 млрд теңге қарастырылған).

 Одан кейін мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов дене шынықтыру мен спорт саласына тоқталды.

«Ел спортының ертеңін еңселеу, санасы сергек, бойы шымыр ұрпақ тәрбиелеу – әрқайсымыздың борышты міндетіміз. Бұл мақсатқа қол жеткізудегі маңызды мәселе – спорттық инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың қолжетімділігін арттыру», — деді ол.

Осы бағыттағы жұмыстар стратегиялық құжаттар аясында жалғасын табатын болады. Мәселен, 2025 жылға дейін 113 жаңа спорт нысаны салынып, жұмыс істеп тұрған 26 нысан қайта жаңғыртылады. Жалпы спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында, біріншіден, еліміздегі барлық спорттық инфрақұрылымды тексеру, екіншіден, спорт нысандарын санау әдістемесіне өзгерістер енгізу, үшіншіден, спорттық инфрақұрылымның бірыңғай тізімін қалыптастыруды жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде тапшылық бар өңірлерде, шалғай ауылдарда тез салынатын модульдік нысандарды құру жұмыстарын жүргізілмек.

Сала қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында сабақтан тыс спорттық секцияларды өткізгені үшін дене шынықтыру мұғалімдеріне лауазымдық жалақыдан 100% қосымша ақы төленеді, мектеп-интернаттардың жаттықтырушы-оқытушыларына олардың біліктілігіне қарай 6 мың теңгеден 22 мың теңгеге дейін санат бойынша үстемақы енгізілді.

Сала қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыда қолдау үшін жаңа шешімдер қабылданатын болады. Жаттықтырушы-оқытушыларға топтарды басқарғаны үшін, сондай-ақ айрықша спорттық атақтары үшін үстемақылар мен қосымша ақылардың жаңа түрлерін енгізу жоспарланып отыр.

Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, жалпы жоғары спорт жетістіктері саласында алдымызда бұдан да үлкен міндеттер тұр. Ұлттық құрама командалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың штаты 1 000-нан 3 000-ға дейін ұлғайтылды. Бұл мемлекеттен қаржыландырылатын атлеттердің пулын кеңейтуге және ұлттық құрамдағы орын үшін бәселелестікті арттыруға мүмкіндік береді.

Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондарына, олардың жаттықтырушыларына өмір бойы төленетін ай сайынғы төлемнің мөлшері 24-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін артты.

Сонымен қатар чемпиондар мен олардың жаттықтырушыларын өмір бойы қамтамасыз ету мөлшері 4 есе өсіп, спорт төрешілерінің жалақысы 2024 жылға қарай негізгі лауазымдық жалақының 100%-ына дейін көтеріледі. Заңнамалық тұрғыда спортшыларға Ұлттық біріңғай тестілеуді тапсырмай, жоғарғы оқу орнына түсу үшін грант беру туралы норма енгізілді.

Оған қоса, олимпиадалық резервті дайындау пирамидасы күшейтілді. Пилоттық режимде Республикалық спорт колледжінің базасында Жаттығу орталығы өз жұмысын бастады.

Спорт саласындағы білікті мамандарды даярлау мақсатында 2000 жылдардың басынан бері құрылысы тоқтап қалған Олимпиадалық жаттығу орталығы қайта қолға алынды. Олимпиадалық жаттығу орталығы осы жылы, ал Олимпиадалық даярлау орталығының құрылысы 2025 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Өңірлік құрамалармен жұмысты бір жүйеге келтіру мақсатында Астана қаласында және Ақтөбе, Алматы, Жетісу облыстарында Спортты дамыту дирекциялары ашылды. Биыл қалған 16 өңірде осындай құрылымдар салынатын болады.

2025 жылға дейін 8 өңірде спорттық мектеп-интернат-колледждер ашылады (Астана, Шымкент қалаларында, Алматы, Абай, Атырау, Маңғыстау, Қостанай және Ұлытау облыстарында).

Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуныша, келесі жұмыс бағыты – Парижде өтетін 2024 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына сапалы дайындықты қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда «Париж-2024» дайындық бағдарламасы бекітілді. Оның маңызды тармақтарының бірі – заманауи жабдықтарды сатып алудың жаңа нормаларын бекіту.

«Жалпы Ұлттық құраманың жоғарғы дәрежедегі дайындығын қамтамасыз ету мақсатында былтырдан бастап заманауи жабдықтар сатып алынды. Осы жыл Олимпиадаға дейінгі маңызды жыл екендігін ескере отырып, бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады», — деді Асхат Оралов.

Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, спорттық медицинаны жаңғыртпай, инновациялық технологияларды енгізбей, заманауи спорттық құрал-жабдықтарды жаңартпай, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарды көбірек өткізбей, жоғары нәтижелерге жету мүмкін емес. Бұл бағытта кешенді ғылыми топтар құру, ұлттық құрама командаларды спорт дәрігері, травматолог, реабилитолог, нутрициолог, спорттық медицина бойынша физиотерапевт, спорт психологтары, массажистер және өзге де мамандармен жасақтау жөнінде шаралар қабылдау жоспарлануда.

«Сонымен қатар біз оқу-жаттығу процестері мен спорттық іс-шараларға қатысатын спортшыларға жедел шұғыл көмек көрсету бойынша фармакологиялық құралдар тізбесін жаңарту, инновациялық спорттық технологияларды енгізу бойынша жұмыс істейтін боламыз. Еліміз жылдан-жылға қарыштап дамып, ұлттық спорт та қанат жайып, еліміздің рухын көтеріп ел мақтанышына айналуда», — деді Асхат Оралов.

Бұл бағытта ұлттық спортты, ат спорты мен ат туризмін заманға сай жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі биыл да жалғасын табады.

Министрдің айтуынша, Қазақстан 2024 жылы Қазақстан Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарын өткізу мүмкіндігіне ие болды. Жыл соңына дейін бұлардан да бөлек тың жобалар қолға алынып, ел спорты еңселене бермек.

Одан кейін Мәдениет және спорт министрлігінің басшысы Асхат Оралов ведомствоға қарасты тағы бір ауқымды сала туризм екенін айтты.

«Елімізде туризм саласы қарқынды дамып келеді. Оны туризмнің жаһандық рейтингінде Қазақстанның 14 орынға көтерілгені растайды. 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 6,5 млн адамнан, ал сыртқы туристер 600 мың адамнан асады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе көп», — деді Асхат Оралов. 

Министрдің айтуынша, мемлекет қабылдаған шараларға байланысты бизнестің инвестициялық белсенділігі артты. Мәселен, 2021 жылы 226 млрд теңгеге 100-ден астам инвестициялық жоба енгізілсе, ал 2022 жылы 34,7 млрд теңгеге 123 инвестициялық жоба іске асырылды және 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында салаға 513 млрд теңге тартылды.

Сонымен қатар 2023-2024 жылдары Түркістан облысында жалпы сомасы 41,7 млрд теңгеге туристік инвестициялық 18 жоба жоспарланған. Атап айтқанда, «Medina Palace» қонақ үйі, «Отау» ойын-сауық орталығы, фитнес-клубы, теннис орталығы және «Turkistan Mall» орталықтары сияқты жобалар іске асырылуда. 2022 жылы 15 туристік нысан пайдалануға берілді.

«Біз 2 елмен 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасын қалпына келтірдік. 74 ел үшін визасыз режим жаңартылды, құрлық шекаралары ашылды және елдер санын 100-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр», — деді А. Оралов. 

Биыл жаңа құрал – туристік кешбэк енгізу жоспарланып отыр. Бұл бағдарлама жолдамалар ресми туристік агенттіктерден сатып алынған жағдайда азаматтарға тур құнының 20%-на дейін қайтаруға мүмкіндік береді. Демалушылармен қатар, жергілікті туристік компаниялар да артықшылықтарға ие болады. Мысалы, Абай, Ұлытау облыстары сияқты жаңа бағыттарға шығындар сомасының 20%-ы қайтарылатын болса, Алматы, Бурабай сияқты танымал және сүйікті бағыттарға кешбэк 10%-ды құрайтын болады.

Сонымен қатар бүлдіршін саяхатшылар да назардан тыс қалмайды. Өткен жылы Kids go free бағдарламасы шеңберінде Қазақстан бойынша тегін әуе сапарын пайдалана алатын балалар саны 1 500-ге дейін жетті. Ал осы жылы 2 мың балаға дейін жеткізу көзделген. Бұл отбасылық демалыс үшін қосымша мүмкіндіктер.

Одан бөлек, жыл басынан бері қонақүйлерде тұрған әрбір шетелдік туристен Bed Tax салығы алынады. Жиналған қаражат жергілікті бюджетке бағытталып, өңірлерде туристік инфрақұрылымды дамытуға, туристердің демалыс орындарын абаттандыруға және туристік әлеуетті ілгерілету жөніндегі іс-шараларды өткізуге жұмсалады.

Мәдениет және спорт министрлігі іске асырып жатқан жоғарыда барлық аталған шара бірінші кезекте отандастарымыздың дұрыс демалысын дамытуға бағытталған. Туристер арасында демалыс мәдениетін қалыптастыру – министрліктің негізгі міндеттерінің бірі. 

«Түркістан шаһары – облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы, түркі дүниесінің рухани астанасы. Топырағы талай сырды ішіне бүккен киелі және тарихи мекендер жетерлік. Облыс аумағында 1 754 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Бұл Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары екенін көрсетеді. Тарихи туризмнің алтын ұясы десек те артық болмайды. Сондықтан бұл қасиетті де киелі мекенімізді одан әрі дамыту біздің ортақ парызымыз», — деді Асхат Оралов.

Министрдің айтуынша, туризмді насихаттау мақсатында халықаралық платформаларда жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, TripAdvisor платформасында 40-тан астам туризм нысаны, 37 қонақ үй енгізілді. IZI.Travel халықаралық туристік платформасында 100 туристік нысанның координаттары мен 3 тілде аудио нұсқаулықтар енгізілді. Сонымен қатар ішкі туризмді насихаттау мақсатында «Neo Nomad» ауқымды акциясы басталды. «Neo Nomad» заманауи көшпенді атағын және құнды сыйлық жыл бойы 20 туристік фототүсірілімде суретке түскен туристер алады.

«Осы аталған іс-шаралар әр қазақстандықтың тұрмыс деңгейін, мәдени-рухани өмірін, денсаулығын арттыру үшін қажет», — деді мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу