Астанада алдағы 2 жылда 40 мектеп салынбақ – Жеңіс Қасымбек

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша баяндама жасады. 

Атап айтқанда, қала әкімі ұзақ уақыт салынып жатқан үйлер туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, биыл Астанада құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам тұрғын үй аяқталмақ. Осылайша, 4 мыңға жуық үлескер отбасы көптен күткен пәтерлеріне кіре алады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылысы ұзаққа созылған үйлерді аяқтау бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осыған дейін 150-ден астам көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің 120-сының құрылысы аяқталған болатын. Биыл 30-дан астам ұзақ құрылысты аяқтаймыз», — деді Ж. Қасымбек.

Елорда әкімінің сөзінше, ұзаққа созылған бұл құрылыс жұмыстары күрделі. Әрқайсысының жағдайы әртүрлі. Мысалы «Тұран Сығанақ» ТК 6 жыл бұрын проблемалы деп танылды, бұл үйдің блоктарының бір бөлігі бірнеше қабатқа ғана көтерілген болса, кейбір блоктарында жұмыс тіптен басталмаған еді. «Арыстан блок 1» ТК құрылысы 11 жыл бұрын басталған, ал «Хазар» ТК құрылысы үш қабаттан кейін тоқтатылған. Мұндай мысалдар жеткілікті. Бірақ әрбір құрылысы ұзаққа созылған үй бойынша кезең-кезеңмен іс-шаралар жоспары бар.

Сондай-ақ қала әкімі құрылыс компаниялары заңнамада көзделген қатаң талаптарға сәйкес белгілі бір жағдайларда ғана үлескерлердің қаражатын қабылдай алатынын атап өтті. Олар: тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу, екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу, тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.

Сонымен қатар қала тұрғындарын ақпараттандыру және заңның бұзылуына жол бермеу мақсатында әкімдіктің ресми ресурстарында және БАҚ-та үлескерлердің қаражатын қабылдауға құқығы жоқ құрылыс жүргізушілердің «қара тізімі» жүйелі түрде жарияланады.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, елордада 2 жыл ішінде 40 мектеп салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, 11 мектеп жаңа оқу жылы ішінде пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы 24 мектеп салынады. 

«Жыл сайын қалада ішкі көші-қон мен бала туу есебінен халық саны артып келеді. Мысалы, егер мектепті орта есеппен 8-10 мың түлек бітірсе, жаңа оқу жылында 24-25 мың бала мектеп табалдырығын аттайды. Оқушы орындарымен қамту үшін мектептер салу бойынша жүйелі жұмыс жүргіземіз. Жаңа оқу жылында 11 мектеп өз есігін айқара ашады. “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында 90 мыңға жуық оқушы орнын құрамыз», — деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек. 

Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Есіл және Нұра аудандарында 15 мектеп салынады. Мәселен, «Хан-Шатырдың» артында осы бағдарлама бойынша 3 мектеп салу жоспарланып отыр, олар 12 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік береді.

Астанада бір аумаққа тым тығыз етіп үй салуға қарсы күрес жүріп жатыр. 20-ға жуық учаскеде көп пәтерлі тұрғын үй кешендерінің орнына әлеуметтік нысандар пайда болады. Бұл мектептер, емханалар, қоғамдық кеңістіктер, балабақшалар.

«Қалада осындай 22 нысан бар. Барлық нысаннан хабарымыз бар. Олар бойынша көрші үйлердің тұрғындарының бастамашыл топтарымен және құрылыс салушылардың өкілдерімен белсенді жұмыс істейміз. Қазір екі нысанның ісі – сотта, қалғандары бойынша шешім бар. Учаскелер, тұрғындардың пікірін ескере отырып, әлеуметтік нысандарды салу үшін пайдаланылатын болады», — деді Жеңіс Қасымбек.

Мысалы, Есіл өзенінің жағасында, Косыгин көшесінің ауданында Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізілді, көп пәтерлі тұрғын үй кешендері гүлзарға ауыстырылды, «Copenhagen» ТК ауданында көп пәтерлі тұрғын үй кешені алаңға ауыстырылды. «Nova city» ТК ауданында көп пәтерлі тұрғын үй кешені білім беру орталығына, «Қалалық романс» ТК ауыданында мектептің қосымша ғимаратына, балабақша мен саябаққа және т.б. ауыстырылды.

Сондай-ақ Астана әкімі биылғы қаңтар айынан бастап инженерлік желілерсіз және бас жоспарсыз құрылысқа рұқсат берілмейтінін атап өтті.

Сонымен қатар егер қандай да бір құрылыс компаниясы құрылысты техникалық шарттардың толық пакетінсіз жалғастырса, құрылыс учаскелеріндегі жұмыс толығымен тоқтатылады және компания жосықсыз компаниялардың «қара» тізіміне енгізіледі.

Әрі қарай Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорда маңының қалай дамып жатқаны туралы сөз етті. Оның айтуынша, биыл қаланың елді мекендерінде мектептер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, екі өрт сөндіру депосы ашылады, инфрақұрылымдық желілер, жолдар, аулалар және т.б. салынады. 

«Астанада 16 елді мекен бар. Онда халықтың төрттен бірі тұрады. Біз әр елді мекенді аралап, жергілікті тұрғындармен тұрақты түрде кездесіп отырамыз. Елді мекендердің қажеттіліктеріне және тұрғындардан келіп түсетін мәселелерге сүйене отырып, даму жоспарын әзірлейміз», — деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.

Негізгі мәселе – инженерлік желілер. Мысалы, биыл елді мекендерде 13 км кәріз желісі, 27,5 км сумен жабдықтау желісі, 20 км электрмен жабдықтау желісі, 5 км нөсер кәрізі, 2 кәріз-сорғы станциясы, 7,4 км газбен жабдықтау желісі және т.б. жүргізу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ қала әкімі биыл Теміржолшылар және Үркер елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін ашу, Көктал және Үркер елді мекендерінде екі өрт сөндіру депосының, Кирпичный және Интернациональный елді мекендерінде мектеп құрылысын аяқтау жоспарланып отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар биыл елді мекендерде 30 көшеге асфальт төсеу, 7 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр. Елді мекендердің дамуы – Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

Әрі қарай елорда әкімі Жеңіс Қасымбек жол-көлік инфрақұрылымы туралы сөз етті. Оның айтуынша, биыл Астанада Тәуелсіздік даңғылында автомобиль көпірі ашылады, сондай-ақ 400 автобус беріліп, 70-тен астам көше жөнделеді. Бұдан бөлек аялдамаға қарай бұрылатын жерлерді, пандустарды, тротуарларды және әлеуметтік нысандарға кірме жолдарды ыңғайластыру жұмысы жүріп жатыр.

«Қала тұрғындарының өсуін ескере отырып, қоғамдық көліктер санын ұлғайту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жуырда 20 электроавтобус жеткізілді, бұған дейін олардың саны 50 автобус болатын. Шілде айында тағы 70 автобустың жеткізілуін күтіп отырмыз. Жыл соңына дейін барлығы 400 автобус жеткізіледі. Бұл жаңа бағыттарды іске қосуға, күту уақытын қысқартуға, ескі автобустарды алмастыруға және т.б. мүмкіндік береді», — деді Жеңіс Қасымбек.

Елорда әкімнің айтуынша, бұл көпір жолдардағы кептелісті едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді: Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелері, Момышұлы даңғылы және т.б. байланыстырылмақ.

Астана әкімі қалада жол жұмысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Биыл ұзындығы 54 км-ден асатын 70-тен астам көшені жөндеу жоспарланып отыр, ағымдағы жөндеу жұмысымен 300-ге жуық көше қамтылады.

Әрі қарай Жеңіс Қасымбек аулалар мен қоғамдық кеңістіктер туралы айтты. Оның сөзінше, Астанада жаңа қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды салу және т.б. бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Биыл 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр.

«Біз елорда тұрғындары мен қонақтары бос уақытын пайдалы өткізе алатын орындар санын кеңейту үшін ғана емес, сондай-ақ қаладағы саябақтар мен гүлзарларды қайта құру үшін де жұмыс істеп жатырмыз. Биыл 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырамыз. Олардың бір бөлігі “Халық қатысатын бюджет” жобасы бойынша аяқталды», — деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.

Мысалы, Амман және Абылай хан көпірлерінің астында жаяу жүргіншілер өтетін жерлер ашылады. Олар Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақ кластерін байланыстырады. Сондай-ақ Сәтбаев көшесі Қажымұқан көшесінен Петров көшесіне дейін жөнделеді. Орталық жағалаудың тарихи көшелері қайта құрылады. Бұл жаңа абаттандырылған орындарды бұрынғы орындармен біріктіруге мүмкіндік береді, сол арқылы серуендеуге арналған үлкен кеңістік ашылмақ.

Сондай-ақ Астана әкімі қаланы абаттандырумен қатар, көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Биыл 1 млн жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр, оның бір бөлігі қаланың жасыл белдеуінде болмақ.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу