08 Маусым 2026, 22:30
2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша Қазақстан астанасы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша қарқынды өсім көрсетіп отыр. Астана инвестиция тарту, құрылыс көлемі және өңдеу өнеркәсібін әртараптандыру қарқыны бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің қатарында. Бұл нәтижелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнеркәсіпті дамыту және жаңғырту, инвестиция тарту, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын жүйелі түрде іске асырудың арқасында мүмкін болды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша елорданың жалпы өңірлік өнімі 18,9 трлн теңгеге жетті. Халық саны 1,7 млн адамды құрайтын бас қаланың үлесіне бүгінде еліміздің жалпы ішкі өнімінің 11,9%-ы тиесілі. Бұл Астананың ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін айқындай түседі.
Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қандай жұмыстар атқарылды және ірі инфрақұрылымдық, өндірістік, сондай-ақ әлеуметтік жобалар елорда тұрғындарының өмірін қалай өзгертіп жатыр? Бұл туралы Primeminister.kz редакциясы дайындаған шолудан біле аласыздар.
Индустрияландыру: өңдеу өнеркәсібі мен цифрландыруға басымдық
2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында Астананың өнеркәсіптік кешені 1,3 трлн теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі 116,5% құрады. Өсімнің негізгі қозғаушы күші – өңдеу өнеркәсібі. Оның үлесіне 1,2 трлн теңге өнім тиесілі.
Өсімнің басты өзегі ретінде №1 Индустриялық парк өз ролін сақтап отыр. Биыл мұнда жалпы құны 139,8 млрд теңгені құрайтын 28 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Соның нәтижесінде шамамен 600 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Өндірісті жаңғыртудың жарқын мысалдарының бірі – «Автокомпоненттер KZ» ЖШС. Кәсіпорын былтырдан бері жылына 400 бірлік арнайы және өрт сөндіру техникасын шығаратын жобалық қуатына жетті.
Сонымен қатар Астана «ақылды қала» тұжырымдамасы аясында технологиялық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді.
Энергетикалық қауіпсіздік және экологиялық қалдықтарды өңдеу
Мемлекет басшысының энергетика секторын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елордада жылу қуаты тапшылығы жойылды. №3 ЖЭО-ның бірінші кезеңі мен «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансаларының іске қосылуы нәтижесінде Астананың жылу қуаты 30%-ға артты (+1100 Гкал/сағат).
Ұзақ мерзімді қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында биыл №3 ЖЭО жабдықтарын көмірді резервтік отын ретінде пайдалануға бейімдеу жұмыстары аяқталады. Оның аясында ұсақтау кешені мен теміржол инфрақұрылымы іске қосылады. Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен қуаты 500 МВт болатын бу-газ қондырғысының жобасы әзірленуде. Салынып жатқан «Тельман» ГЖС-ын 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қалдықтарды басқару жүйесінде де ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Қолданыстағы қалалық полигонда 2,2 млн тонна қалдық жинақталған. Осыған байланысты Shenzhen Energy Group Co. Ltd компаниясымен бірлесіп Орталық Азиядағы бірегей жоба – «Астана энергиясы» экопаркі қалдықтарды жағу зауытының құрылысы басталды.
Жобаны іске асыру мерзімі – үш жыл. Зауыт жылына 550 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықты өңдей алады. Мұнда 90 тұрақты жұмыс орны ашылып, қызметкерлер шетелде арнайы даярлықтан өтеді. Стансаның қуаттылығы жылына – 330 млн кВт/сағат электр. Оның 280 млн кВт/сағаты таза электр энергиясы ретінде қаланың энергетикалық жүйесіне бағытталады.
Инвестициялар және қарқынды құрылыс
2026 жылдың алғашқы төрт айында Астананың негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 588 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1%-ға өсті. Осы көрсеткіш бойынша елорда ел бойынша бірінші орында тұр. Оның ішінде 454,5 млрд теңге жеке инвестициялар есебінен тартылған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 259 млрд теңге (+8,2%).
Тұрғын үй құрылысы да жоғары қарқынмен дамуда: 4 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілді (+3,5%). Экономикалық белсенділік бюджет түсімдерінің артуына да ықпал етті. Қала бюджетіне түскен салықтар мен басқа да міндетті төлемдер көлемі рекордтық 28,6%-ға өсіп, 1,4 трлн теңгені құрады. 2026 жылға арналған қала бюджеті 1,4 трлн теңге көлемінде бекітілген. Оның 83%-дан астамы меншікті кірістердің үлесіне тиесілі (1,2 трлн теңге).

Магистральдардағы жүктемені азайту: елорданың жаңа көлік картасы
Астананың жол-көлік желісін дамыту көлік кептелістерін жоюға және жаңа аудандардың интеграциясын арттыруға бағытталған. 2026 жылы жалпы ұзындығы 60 шақырым 50-ге жуық көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар бірқатар стратегиялық маңызы бар нысандардың құрылысы қарқынды жалғасуда:
Екі деңгейлі жолайрықта инженерлік желілерді тарту жұмыстарының 90%-ы аяқталды. Көпірдің барлық 8 аралығы орнатылған. Биыл толық асфальт төселіп, барлық кіру-шығу жолдарымен бірге қозғалысқа ашылады.
Қабанбай батыр даңғылынан Е485 көшесіне дейінгі аралықта 8 жолақты магистраль құрылысының бірінші кезеңі жалғасуда. Жаңа жол Мәңгілік Ел және Тұран даңғылдарындағы көлік ағынын азайтуға мүмкіндік береді.
Роза Бағланова көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейінгі учаскеде асфальтбетон жабындысының төменгі қабаты төселіп, жол жиектері орнатылды. Қазіргі уақытта жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Әлеуметтік сала: мектеп тапшылығын жою және жаңа медициналық нысандар
Астана бюджеті әлеуметтік бағыттылығын сақтап отыр. 2026 жылы білім беру саласына 351,6 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен қолданыстағы мектептерге 6 602 орындық 12 қосымша ғимарат салу, 1 200 орындық жаңа мектептің құрылысын бастау, тағы 11 білім беру нысанының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарланған. Айта кетейік, Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін Астанада шамамен 140 жаңа мектеп салынады. Бұдан бөлек, биыл екі Оқушылар сарайы мен алты балабақша ашылады.
Өңірлерден келген жастарды қолдау мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Бейбітшілік көшесінде колледж студенттеріне арналған 938 орындық заманауи жатақхана пайдалануға берілді. Бұл орын тапшылығының 70%-дан астамын жоюға мүмкіндік берді. Ғимарат Face ID жүйесімен, стартаптарды қолдауға арналған акселерация орталығымен жабдықталған және инклюзивті орта талаптарына толық бейімделген.
Денсаулық сақтау саласына 26 млрд теңге бөлінді. Соңғы он жылда туу көрсеткішінің 35%-ға артуына байланысты перинаталдық қызметті дамытуға ерекше назар аударылып отыр.
Еңбек нарығының тұрақтылығы және ШОБ-ты қолдау
Елордадағы еңбек нарығындағы жағдай тұрақты күйінде қалып отыр. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,3%-ды құрады. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен 4,5% төмен. Орташа айлық жалақы – 560 мың теңге.
Жылдың алғашқы төрт айында қалада 7 593 жаңа жұмыс орны құрылды. Мансап орталықтары арқылы 6,1 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. Олардың жартысы – 35 жасқа дейінгі жастар. Қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары, оның ішінде дәнекерлеуші, токарь және слесарь мамандықтары бойынша VR-технологияларды пайдалану тәжірибесі кеңінен қолданылуда.
Шағын және орта бизнес секторында да сапалы әрі қаржылық өсім байқалады. Қалада 246 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олар шамамен 560 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. ШОБ-тың қала экономикасындағы үлесі рекордтық 66%-ға жетті.
Былтыр ШОБ өндірген өнім көлемі 20,7%-ға өсіп, 21 трлн теңгені құраған. Осы қарқынды сақтау және әлеуметтік осал топтарды қолдау мақсатында 2026 жылы Астанада жаңа бизнес-идеяларға 400 АЕК мөлшерінде 260 қайтарымсыз грант беру жоспарланған.
#Білім беру #Денсаулық сақтау #Инвестициялар #Президенттің тапсырмасы #Экономика #Өнеркәсіп #Өңдеу өнеркәсібіҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу