Аталған ұсыныстар уақтылы және орынды көтеріліп отыр — Тимур Қарағойшин құрылыс саласындағы жаңа тәсілдер жөніндегі ұсыныстар туралы

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин Қазақстан жобалаушылары республикалық одағының ұжымдық үндеуіне жауап берді.

Өз кезегінде вице-министр Тимур Қарағойшин бүгінгі баспасөз мәслихатын жобалаушы ұйымдар өтініштеріне жауап ретінде өткізіп жатқанын, өтініштегі сұрақтар мен ұсыныстар құрылыс нысандарын іске асырудың қолданыстағы механизміне қатысты екенін атап өтті.

«Құрылыс Кодексінің жобасына кейбір депутаттар тарапынан сын айтылғанымен, жобалаушылар Парламент Мәжілісіне енген Кодекс жобасын қолдауда. Атап айтқанда, олар жауапкершілік пен қоғамдық бақылауды күшейту және техникалық реттеу жүйесін регламенттеу, сонымен қатар Кодекс атауына қолдау білдіруде», — деді спикер.

Жобалау ұйымдарының ұсыныстары негізі 3 бағытты қамтиды:

Бірінші. Жоспарлау сәтінен бастап пайдалануға бергенге дейін жобаны кешенді іске асыру үшін бір білікті мердігер ұйымға бере отырып, қолданыстағы тетікті қайта қарау;

Екінші. Техникалық-экономикалық негіздеме тәртібін жобалаудың екі кезеңді «жоба» сатысына енгізу арқылы жобалау процесін оңтайландыру;

Үшінші. Жобалау ұйымының басшылығымен техникалық және авторлық қадағалау қызметтерін біріктіру.

«Аталған ұсыныстар уақтылы және орынды көтеріліп отыр, оны уәкілетті орган қолдайды. Алдымен жобаны басқару әдісі туралы айтатын болсақ, америкалық сарапшылардың пікірінше, бұл әдіс жобаны іске асыруда өте тиімді және ол шығындарды 10-15%-ға азайтады. Әлемде жобалық менеджментті пайдалану тәжірибесі өте үлкен және бұл барлық ірі компанияларда қолданылады. Мысалы, Жапонияда барлық құрылыс нысандары, жобаларды басқару технологиялары арқылы бағаланып, жүзеге асырылады», — деп мәлімдеді вице-министр.

Тимур Қарағойшин қазіргі уақытта жобаларды басқару әдісі қызметтің барлық салаларында, соның ішінде дамыған елдерде мемлекеттік басқаруда кеңінен қолданылып жатқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары АҚШ, Германия, Жапония, Франция және басқада елдердің үкіметтері өздерінің күнделікті қызметінде жобаларды басқару әдістері мен құралдарын көбірек қолданып келеді.

«Бізде қазіргі жобаны басқару әдісі жұмыс жасамайды. Іс жүзінде барлық жобалық шешімдер қабылданып, сараптама жүргізілген кезде ғана қолданылады. Бұл мәселе бізге таныс. Сондықтан, үш ұсыныстың алғашқы екеуін Құрылыс кодексіне дейін қабылдау жоспарланған. Тиісті жұмыстар басқа заң жобалары аясында жүргізілуде», — деп мәлімдеді ол.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ЕПС келісім-шарттарына ұқсас механизм бойынша инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында құрылыс комитеті «техникалық тапсырыс беруші» қызметін енгізу бойынша түзетулер әзірледі. Бұл жобаны жоспарлаудан бастап, нысанды пайдалануға бергенге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.

«Техникалық тапсырыс беруші» – жобалаушы мен инженерлік персоналға, соның ішінде жоба менеджерінің жауапкершілігіне баса назар аударатын жобалау ұйымы. Бұл тәсіл құрылыс процесін оңтайландырып, кешенді түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 

«Жобалауды оңтайландыру үшін техникалық-экономикалық негіздемені екі кезеңді жобалаумен біріктіруді көздейтін түзетулер әзірленді. Нәтижесінде құрылыс жұмыстары басталғанға дейінгі уақыт шамамен бір жарым жылға қысқарып, ашық баға белгіленіп тартымды инвестициялық климат туады. Біз жобалау ұйымының басқаруымен авторлық және техникалық қадағалау қызметтерін біріктіру ұсынысын қолдаймыз, себебі аталмыш қызметтер бүгінде бір-бірін қайталауда, сонымен бірге жауапкершілікті төмендетіп, сыбайлас жемқорлықтың дамуына ұйытқы болып отыр», — деп мәлімдеді спикер.

Оның айтуынша, жобалау ұйымының басқаруымен инженерлік қызметтерді біріктіру құрылыс сатысын сапалы жүргізіп, жобаны дұрыс түсіндірмеу жағдайларын жояды. Бұл ретте, техникалық қадағалаушыны таңдау бойынша конкурс қысқарады. Бұл қызмет Жоба авторының айрықша құқығы негізінде сатып алынады.

«Аталған ұсыныстардың өзектілігі құрылыс басында жобалау ұйымдары болуы керек екенін тағы да растайды. Құрметті журналисттер, бүгінде, халықтың жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау мақсатында Министрлікпен тиісті нақты шаралар қабылдануда», — деп қорытындылады сөзін Тимур Қарағойшин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу