Атырау облысы – еліміздің мұнай-газ саласындағы көшбасшы өңір 

ҚР энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Атырау облысының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Жиын барысында ол өңірдегі отын-энергетикалық кешен саласы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндап, тұрғындарды толғандыратын сұрақтарға жауап берді. 

Алмасадам Сәтқалиев сөз басында Министрлік газ инфрақұрылымын, электрмен және жылумен жабдықтауды іске асыру, халықты мұнай өнімдерімен, сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету бағытында, яғни халық өмірінің аталған негізгі салаларында мемлекеттік саясатты жүргізетінін баса айтты.

Оның айтуынша, 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, Атырау облысында 46,8 млн тонна мұнай өндірілген. Осы жылдың 9 айында мұнай өндіру көлемі 39,2 млн тоннаны құрады. 2023 жылға арналған жоспар 51 млн тонна көлемінде. Мұнай айналымын бақылау мақсатында мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесі іске қосылды, ол бүгінде мұнай айналымының 95%-ын бақылауға мүмкіндік береді.

«Атырау облысы – еліміздің мұнай-газ саласындағы көшбасшы өңір. Бүгінде мұнай өндіру саласында еліміздің 3 негізгі кен орнында ірі жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жалғасын тауып отыр. Сонымен қатар Теңіз кен орнында Келешекте кеңейту жобасы іске асырылып келеді. 2024 жылы Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасын аяқтау жоспарланып отыр, бұл мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді спикер.

Оның мәлімдеуінше, Қарашығанақ кен орнында 4-ші газды кері айдау компрессоры қолданысқа берілді, 5-ші компрессорды іске қосу басталды. Оның құны шамамен $1 млрд-ты құрайды. Сонымен қатар $735 млн сомасына 6-шы компрессор да салына бастады. Бұл жобалар кен орнында өндіруді жылына 10-11 млн тонна деңгейінде ұстап тұруға бағытталған.

Қашағанда қуаты 1 млрд текше мерт ілеспе газды қайта өңдеу бойынша жобаны іске асыру басталды. Қашаған газ өңдеу зауытын салу жобасы бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Оның қуаты – 2-ден 6 млрд текше метрге дейін болады.

«Келесі сала – сұйытылған мұнай газы нарығы. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мемлекеттік реттеуді белгілеп, сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасын бекітті. Атырау облысында сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 54-59 теңгені құрады», — деп мәлімдеді А.Сәтқалиев.

Бүгінде өңірде 4 газ толтыру стансасы, 104 автогаз құю стансасы бар. Облыста сұйытылған мұнай газын тұтыну өткен жылғы қаңтар-тамыз айларында 40,7 мың тоннаны құраса, биылғы қаңтар-тамызда шамамен 62,5 мың тонна сұйытылған мұнай газы тұтынылды.

Сонымен бірге Министр ұзақ мерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және бағаның алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеу мақсатында сұйытылған мұнай газы нарығын реформалау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Ол аталған шаралар сұйытылған мұнай газын сатудың шекті бөлшек сауда бағасын белгілеу арқылы бөлшек сауда бағасының күрт өсуіне жол бермейтінін атап өтті.

Нарықты жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданды:

  • мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынды;
  • ресурс ұстаушыларды жанармай құю станцияларына тікелей сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданды;
  • резиденттікке және жанармай құю көлеміне байланысты сараланған бағалар енгізілді;
  • ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге және жанармай құю станцияларына дизель отынын жеткізуді қадағалау үшін жеке ПИН-кодтар енгізілді.

«Отандық мұнай өнімдерін әкетуді болдырмау мақсатында Министрлік мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жүйесіндегі өнімсіз делдалдарды жою бойынша заңнамалық нормалар қабылдады. Министрлік Аи-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасын 205 теңгеге дейін, ал дизель отынының 1 литрін 295 теңгеге дейін көтеру бойынша бұйрық қабылдады», — деп мәлімдеді министр.

Энергетика министрлігі басшысының айтуынша, қазір 3 мұнай өңдеу зауытында апаттық жағдайды азайту бойынша жоспарлар, сондай-ақ сыртқы электрмен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында Атырау МӨЗ-де «Газ турбиналық станция салу» жобасы іске асырылып жатыр.

Сонымен қатар Газ турбиналық стансаның қуаты сағатына 154 МВт-ты құрайды. Оны 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. 

«Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі” арнайы экономикалық аумағында жаңа мұнай-газ-химия жобаларын іске асыру жалғасып жатыр. Өткен жылы қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт іске қосылды. Қуаты жылына 339 мың тонна бутадиен және жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіру бойынша жобалар іске асыру сатысында тұр», — деді А.Сәтқалиев.

Сонымен қатар полиэтилентерефталат, метанол, карбамид өндіру бойынша жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, мұнай-газ-химия – экономиканың аралас салаларында шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Әрбір кейінгі қайта бөлумен мұнай-газ-химия өнімдерінің құны артады, 4-ші қайта бөлуден кейін өнімнің құны 10 есеге артады.

Ведомство басшысы өңірдің электр энергетикасы саласындағы қазіргі жағдай туралы баяндады.

Оның айтуынша, 2023 жылдың 9 айында өңірде электр энергиясын өндіру көлемі сағатына 5,3 млрд кВт-ты құрады. Бұл ретте өңірдегі тұтыну – сағатына 5,3 млрд кВт-ты құрап отыр.

Өңірдегі үш кәсіпорын электр энергиясының көзі, ал олардың белгіленген жиынтық электр қуаты – 1 319 МВт және жылу қуаты сағатына 798 Гкал-ды құрайды.

Облыстағы энергия беруші компания – «Атырау Жарық» ЖШС. Оның активтерінде 9,8 мың км кабельдік және әуе электр беру желілері және 1700-ден астам кіші станса бар. Электр желісінің физикалық тозуы 40%-ды құрайды.

Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары өткізу қабілеті 100 (жүз) МВт болатын 220 кВ (екі жүз жиырма) электр беру желісі арқылы байланысады. Аталған желіні жөндеуге кезінде Атырау және Маңғыстау облыстарының энергия жүйелері оқшауланған жұмысқа ауысады. Бұл – тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігіне кері әсер етеді.

«Осыған байланысты, “KEGOC” инвестициялық бағдарлама шеңберінде “ҚР БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту. Электр желілік нысандарын салу” жобасын бастады. Жобаны іске асыру мерзімі – 2021-2023 жылдар. Бұл жоба Атырау облысының тұтынушыларын электрмен жабдықтаудың өткізу қабілеті мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті спикер.

Бүгінгі таңда 779,7км-ден 684,4 км желі монтаждалды. Бұл жалпы жұмыс көлемінің 88%-ын құрайды.

Инвестициялық бағдарлама шеңберінде Атырау жылу электр орталығында 2021-2023 жылдары жалпы қуаты 130 МВт жаңа турбоагрегатты ауыстыру және салу жұмыстары жоспарланған. Аталған жобаның жалпы құны шамамен 16 млрд теңгені құрайды.

Сонымен қатар инвестициялық бағдарлама шеңберінде 2021-2023 жылдар аралығында жалпы қуаты 30 МВт болатын Sagat Energy электр стансасын кеңейту жұмыстары жоспарланып отыр.

«Аталған барлық мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында екеніне сендіргім келеді. Біз оларды толық әрі уақтылы шешуге бар күшімізді саламыз. Сонымен қатар “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру аясында “Е-өтініш” электрондық жүйесі құрылғанын атап өтемін. Бұл – азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеуге арналған бірыңғай платформа. Сіздер осы жүйе арқылы сұрақ жіберіп, біздермен ұдайы байланыс орната аласыздар», — деп қорытындылады сөзін Алмасадам Сәтқалиев.

#Энергетика #ҚР ЭМ #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу