Атырау облысында биыл 95,6 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді

2024 жылдың 10 айында өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында облыс әкімі Серік Шәпкенов мәлімдеді.

 

Жалпы өңірлік өнім және инвестиция 

Әкімнің айтуынша, 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында Атырау облысында жалпы ішкі өнім көлемі 6,7 трлн теңгені құрады. Республиканың жалпы ішкі өніміндегі облыс экономикасының үлесі – 12,7%. 2024 жылдың 10 айында өңірге түскен салықтық және басқа түсімдер 3,6 трлн теңгені құрады.

Қаңтар-қазан айларында өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде шетелдік тікелей инвестиция $1,1 млрд құрады. 

«Баршаға белгілі, Теңіз кен орнында “Болашақ кеңейту” жобасы аяқталуда. Сол себепті, жобаға тартылған инвестиция биыл 840 млрд теңгені құрады. Дегенмен, аймақта өзге салаларды дамытуға құйылған инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді», — деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.

17 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде жалпы құны 46,1 млрд-тан асатын 8 жоба іске қосылды. Солардың арасынан Infinity Mall сауда ойын-сауық орталығын, жүк вагондарын шығаратын TEXOL зауытын, көтерме-тарату орталығын, жылына 15 млн шаршы метр өнім өндіруге қауқары жететін полиэфирлі геосинтетикалық материал өндіретін «Интаго Қазақстан» зауытын атап айтуға болады.

Жалпы жыл соңына дейін аймақта құны 24,2 млрд теңге болатын 9 инвестициялық жоба жұмысын бастайды деп жоспарланған.

Сондай-ақ еліміздің мұнай-газ химиясының дамуына серпін беретін полиэтилен өндіретін «Силлено», 1 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу қолға алынған. Алдағы уақытта синтетикалық каучук шығаратын «Бутадиен» зауыты мен газ бөлу кешенінің құрылысы басталады.

Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенін дамытуда балық, егін және мал шаруашылығы салаларында бірқатар инвестициялық жоба іске асып жатыр.

 

Шағын және орта бизнес

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 10 айда 41,6 млрд теңге бөлініп, 1 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі қолдау тауып, 529 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде несие сомасы 31,4 млрд теңгені құрайтын 634 кәсіпкердің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланып, 318 кәсіпкердің жобасы 10,2 млрд теңгеге кепілдендірілді.

Мысалы, Атырау қаласында 120 адамды жұмыспен қамтып отырған «Асыл ана» наубайханасы бар. Кәсіпкердің бизнес бастауға мемлекеттік қолдау арқылы 300 млн теңге несиесі субсидияланды. Ал, тағы бір кәсіпкер полиэтилен құбырлары мен фитингтер шығаратын өндіріс көлемін ұлғайту үшін субсидия алған.

Полиэтилен құбырлары мен материалдар шығаратын Kazpipe element зауытында 14 адам жұмыспен қамтылған. Олар 46 млн 410 мың теңге субсидия алды. Жылдық қуаты 7500 т көп қабатты полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт. Мекеме «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында мемлекеттік 1,350 млрд теңге субсидия алды.

Агроөнеркәсіп кешені 

«Жалпы, 95,6 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Біз бұл көрсеткішті келесі жылы 127,4 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл өңір шаруалары 10,3 мың га аумаққа егін егуді жоспарлаған еді. Өкінішке қарай, егінді жерлерді су басу салдарынан тек 5,3 мың гектар жерге егін егілді. Бір қуанарлық жағдай, өңірімізде биыл ірі қара мал басы көбейіп, саны 223,8 мыңнан асты. Үй құстарының саны да 2 есеге өсті десек болады. (2023 жылы – 79 мың; 2024 жылы – 195 мың)», — деді Серік Шәпкенов.

Биыл ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында 3 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Соның нәтижесінде 90 жұмыс орны құрылды. Ал, келесі жылы құны 26,2 млрд теңге болатын 4 жобаны іске асыру жоспарда бар. Нәтижесінде 187 жұмыс орны құрылады.

Облыс әкімінің айтуынша, Президент тапсырмасымен бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы да өңірде жүйелі іске асырылып келеді. Бұл үшін бюджеттен 761 млн теңге қаралып, 83 жоба қолдау тапты. 50 жоба мал шаруашылығына қатысты болса, 30-ы шағын және орта бизнесті дамытуға арналған. Ал, 3 жоба егін шаруашылығы аясында жүзеге асырылуда.
 

Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау

«Болашақ кеңею» жобасы аясында биыл 18 мың азамат жұмыстан босатылады деген болжам жасалған. Алайда, 1-қарашадағы жағдай бойынша жобада жұмыс істеген 11 мың адам жұмыстан босатылған. Оның 37%-ы немесе 4 мың адам – Атырау облысының тұрғыны. Олардың 90%-ы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. Айта кетейік, Теңіз кен орнында жұмыс істеген бір топ қызметкер Қатар еліндегі мұнай-газ жобаларында еңбек етуде.

Білім беру саласы

«Жайлы мектеп» жобасы туралы айта кетсем, биыл 9 жайлы мектеп салынып жатыр. Өткен айда 1 200 және 300 орындық екі мектеп ашылды. Осы айдың соңында Водников ауылында 1 200 орындық тағы бір мектепті пайдалануға береміз. Бұдан бөлек, келер жылы 6 мектептің құрылысы аяқталады. 2026 жылға қарай тағы 3 білім ордасын пайдалануға береміз», — деді Атырау облысының әкімі.

Қазіргі таңда облыстағы үш ауысымды және апаттық мектептер мәселесі өзекті. Оны шешу жоспарына сәйкес, өңірде биыл 4 200 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді. Алдағы екі жылда 27 мектептің құрылысын аяқтау жоспарда бар. Нәтижесінде өңірдегі 9 үш ауысымдық, 4 апатты мектептің мәселесі түбегейлі шешіледі.

Денсаулық сақтау саласы

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 4 медициналық ғимарат пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін 12 нысан құрылысы аяқталып, халық игілігіне беріледі. Оған қоса, келер жылы 2 медициналық нысан ашылады. Бұдан бөлек, биыл жергілікті бюджет есебінен 7 нысан тапсырылды. Мұның бәрі өңірдегі медициналық қызметтің сапасын арттырады. Әсіресе, облыс орталығынан алыс орналасқан елді мекен тұрғындарына медицина қолжетімді болмақ.

«Өңірде жиі талқыға түсетін тақырыптардың бірі – дәрігер тапшылығы. Біз өзге өңірден білікті және оқуын енді аяқтаған жас мамандарды тартып жатырмыз. Оларға бір реттік үстемақы тағайындадық. Өткен жылмен салыстырғанда биыл оларға берілетін бір реттік көмекті 2 есеге көбейттік», — деді Серік Шәпкенов. 

Ауылдық жерге барып жұмыс істеуге келіскен дәрігерге 10 млн, аудан орталығында қызмет етемін дегендерге 8,5 млн теңге төленді. Ал, облыс орталығында еңбек еткісі келсе, 5 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Соның нәтижесіде осы жылы 140 дәрігер жұмысқа қабылданды. Оған қоса облыс дәрігерлеріне арналған өңірлік бірегей тұрғын үй бағдарламасы арқылы 42 дәрігер баспаналы болды (алғашқы жарнасыз, пайыздық мөлшерлемесі – 5%, несие мерзімі – 25 жылға дейін). Сондай-ақ 105 қызметтік пәтер сатып алынды. 

Жалпы, осы жылы денсаулық сақтау саласын медициналық жабдықтауға жергілікті бюджеттен 5,1 млрд теңге бөлінді. Медициналық ұйымдарға 45 санитарлық көлік сатып алынды.

 

Спорт саласы

«Спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру» бағдарламасы бойынша өңірде спорттың 17 түрімен 22 мың бала айналысады. Өткен жылы бұл бағдарлама 12 мың баланы қамтыған еді. Яғни, өсім 75,7%-ды құрады. Сонымен қатар биыл 5 спорттық және 1 мәдени нысан ашылды. Атап айтсақ:

  • Қызылқоға ауданы, Жасқайрат ауылында спорт кешені;
  • Атырау қаласы, Ақсай ауылында көпфункционалды спорт алаңы;
  • Қызылқоға ауданы, Тасшағыл ауылында спорт кешені;
  • Атырау қаласы, Бірлік м/а көпсалалы спорт алаңы;
  • Атырау қаласы, Химпоселок м/а көпсалалы спорт алаңы.

Қазіргі уақытта 14 спорт нысаны салынып жатыр, оның екеуі осы айдың соңында пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, 12 мәдениет үйі нысаны салынып жатыр.

«Бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттыру үшін спорттық инфрақұрылымды жүйелі дамытып жатырмыз. Соның әсері болар, спортқа әуес балалар саны артып келеді. Биыл олардың саны 20 358-ді құрады. Біз келер жылдан бастап спорт саласын цифрландыруды жоспарлап отырмыз. Яғни, салаға бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторингті күшейтеміз. Алдағы уақытта кәсіби спортшыларды іріктеу процесі және жалпы саладағы жұмыстың ашықтығы қамтамасыз етіледі», — деді облыс әкімі. 

 2025 жылға жоспар:

  • «Облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін» ашу;
  • 10 спорт кешенін пайдалануға беру;
  • 12 мың орындық стадионның құрылысын бастау;
  • Ұлттық спорт кешенінің құрылысын бастау және т. б. 

Жол инфрақұрылымы

Жалпы, Атырау облысында тас жолдың ұзындығы 1 927 шақырымды құрайды. Былтыр өңірдегі жолдың қанағаттанарлық деңгейі 76%-ды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 78%-ға жетті. Биыл 312,8 шақырымға жол құрылысы жүргізілді. Нақтырақ айтқанда, 115,9 км тас жол реконстуркциядан өтсе, 82,3 км-ге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 31 шақырым асфальтқа орташа жөндеу жүргізіліп, 83,6 км жаңа жол салынды.

Бұған қоса, Шалғай елді мекендердің көлік инфрақұрылымын дамытуда бірқатар жоба іске асырылуда.

 

Ауыз сумен қамту

Өңір халқын ауыз сумен қамту көрсеткіші – 99,8%. Тозу көрсеткіші – 28%. Биыл Қызылқоға (Қоңыраулы, Аққора ауылы) мен Махамбет аудандарында (Бала Ораз, Атамбаев, Көздіқара, Есмахан) 80,6 шақырым су құбыры жүргізілді. Соның нәтижесінде 600 тұрғын ауыз сумен қамтылды. Бұдан бөлек, Махамбет, Исатай, Құрманғазы ауданында 16 су тазарту стансасы қайта жаңғыртылып жатыр.

Серік Шәпкеновтің айтуынша, төтенше жағдайға қарамастан, халықты сапалы ауыз сумен қамту бағытында басталған жұмыс жүйелі жүргізілді. Күніне 50 мың текше метр суды тазалауға қауқарлы қаладағы №5 сүзгі стансасын жаңғыртуды осы айда аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ тәулігіне 60 мың текше метр су тазалайтын №6 сүзгі стансасын салу көзделген. Бұл жұмыс 2025 жылы басталады.

 

Кәріз жүйесі

Исатай ауданы, Аққыстау ауылында кәріздік тазарту ғимараты салынып жатыр. Ал, Құлсары қаласында 13 кәріз сорғы стансасы күрделі жөндеуден өткізілуде. Одан бөлек, 1950 жылдардан бері жөндеу көрмеген 40 шақырым кәріз желісі жаңғыртылып жатыр. Бүгінде бұл жұмыстың 17 шақырымында жұмыс аяқталды. 

«Сондай-ақ Атырауда 1945 жылдан бері жөнделмеген кәріз стансаларын жаңғырту, күрделі жөндеу жұмысын бастадық. 9 кәріз сорғы стансасын жаңартып жатырмыз. Жыл соңына дейін бесеуінде жұмыс аяқталады. Оған қоса 36 стансаны реконструкциялау үшін жобалық сметалық құжат әзірленіп жатыр. Атырау халқын алаңдатқан маңызды мәселенің бірі – ықшам аудандардағы кәріз жүйесі. Жауын шашын кезінде тұрғындардан түсетін шағым көбейеді. Жердің тұздылығы да бар екенін айта кеткен жөн. Бұл мәселені шешу үшін Атырау қаласы мен оған қарасты елді мекендерді орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу мақсатында 22 учаскеге жобалық сметалық құжат әзірленуде», — деді Атырау облысының әкімі.

 

Электр жүйесі және газбен қамту

Жыл басынан бері өңірде ЭЧ-4 мекемесіне қарасты 160,9 шақырым электр желісі ауыстырылып, 54 000 тұтынушыға тұрақты жарық беріле бастады. Бұдан бөлек, «Атырау Жарық» АҚ инвестициялық жоба аясында 742 шақырым электр желісін жөндеді.

«Соңғы жылдары Атыраудағы “Нұрсая” ықшам ауданының тұрғындарынан жарықтың жиі өшуіне байланысты шағым көбейгенін білесіздер. Негізгі себеп – 16 жыл бұрын қолданысқа берілген тұрғын үйлердің электр кабелінің ескіруі. Бүгінде 20 шақырым жерасты электр желісін полиэтиленмен қапталған замануи кабельге ауыстырдық. Аталған жұмыс нәтижесінде, жарық мәселесі бойынша тұрғындардан түсетін шағым саны 4 есеге азайды», — деді Серік Шәпкенов.

Аймақ тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші – 99,9%. Ұзындығы 122 шақырым болатын газ желісі жүргізіліп, 6 елді мекен (Тасқұдық, Соркөл, Сарқұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай) халқы көгілдір отынмен қамтылды. 

Сонымен қатар магистральдық газ құбыры тармағын салу жұмысы жүргізіліп жатыр («Финская-120» Агтс және «Редут-Финская-120» Агтс). Нәтижесінде, бұл 160 мыңнан астам адамды құрайтын қала және қала маңындағы елді мекендерді және кәсіпкерлік субьектілерді тұрақты газбен қамтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ аймақта 27,6 шақырым жылу желісі жөндеуден өтіп, 13 жылу бекетіне құрылғылар сатып алынды.

Қоршаған ортаны қорғау

Биыл облыстық Экология департаменті өңірдегі экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау үшін 27 тексеру жүргізіп, 149 әкімшілік іс қозғалды. Соның нәтижесінде 32 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды.

Атмосфералық ауаға тарайтын газдардың, басқа да зиянды заттардың мөлшерін азайту мақсатында Президент тапсырмасына сәйкес, аймақта ағаштарды өсіру мен ормандарды молайтуға, елді мекендерді көгалдандыруға нақты жоспар бекітілді. Жоспарға сәйкес, биыл 419,5 га орман алқабына 965,7 мың дана жас көшет отырғызылды. Сондай-ақ қала мен елді мекендер ішіндегі 52,3 га жерге 78,9 мың тал егілді. Сонымен қатар аймақта ауаға шығарылатын эмиссия көлемі де азайып келеді.

Бұған қоса, жылына 150 мың тонна қоқыс сұрыптайтын кешен іске қосылды. Онда сұрыпталған картон қағазды қайта өңдейтін цех жұмысын бастады.

 

Су тасқыны салдары

«Биыл көктем біз үшін оңайға соқпады. Өздеріңіз білесіздер, Жайық өзені деңгейінен көтеріліп, елді мекендерді су басу қаупі төнді. Табиғи апатқа ел болып төтеп бердік. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен, тұрғындардың, кәсіпорындар мен бизнес өкілдерінің көмегінің арқасында үлкен жұмыс атқарылды. Бұл сынақ қасиетті Рамазан айына тұстас келсе де, аузы берік атыраулықтар жағдайға немқұрайлы қарамай, бөгет соққанын айта кетейін. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін жаға бекітуге үлес қосты. Өзге өңірлерден де көмек қолы келді. Шыны керек өр суы өте көп келді. Соңғы 30 жылда қайталанған құбылыс болды», — деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетейік, Махамбет ауданында бірнеше ауылды тасқын су қоршаған болатын. Аудан бойынша 106 шақырым бөгет соғылып, өзен деңгейі 1025 см-ге жетті. 1994 жылы тасқын кезінде өзендегі судың деңгейі 925 см болған. Ал, Атырау қаласы бойынша 254 шақырым бөгет салынды. Қауіпті деңгей 550 см деп бекітілсе, 14 мамыр мен 29 шілде аралығында өзен деңгейі 601 см-ге жетті. 1994 жылы қала аумағында Жайық деңгейі 600 см-ді құраған. Қала аумағында да ешбір елді мекенге өр суы кірген жоқ.

Атырау облысында судан зардап шеккен 2 662 адам өтемақы алды. Шағын және орта бизнестен түскен өтініш саны – 369. Оларға 4,5 млрд теңге төленді. Ал ауыл шаруашылығы бойынша түскен өтініш саны – 112. Сондай-ақ шаруашаларға 1,1 млрд теңге бөлді.

Зардап шеккендерді тұрғын үймен қамту үшін жалпы өңірде 104 үй салынды (Құлсарыда – 100, Қызылқоғада – 4). Жалпы, Атырау облысында тасқын салдарынан бүлінген жолдың ұзындығы – 27,9 шақырым (6 көпір). Қазіргі уақытта жолдың 25 шақырымы қалыпқа келтіріліп, асфальт төселді. 3 көпір жөндеуден өтті.

Атырауда жалпы тасқынның алдын алу үшін Жайық жағалауына 590 шақырым бөгет салынды. 30 км канал тазартылып, қазылды. Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасында судың өтуін жақсарту үшін 10 шақырым тереңдетілді. 4 мыңға жуық техника жұмылдырылып, 25 мыңнан аса азамат еңбек етті, соның ішінде 1 мыңнан аса әскери тартылды.

«Осы ретті пайдаланып, Атырауға дем берген әр тұрғынға, қолдау көрсеткен кәсіпорындар мен еріктілерге, басқа аймақтардан көмекке келген барша азаматқа шынайы алғысымды білдіремін. Өңір халқы – күштің бірлікте екенін іспен көрсетті. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білсек, алынбайтын қамал болмайтынын тағы бір дәлелдедік деп есептеймін. Осы жағдайдан кейін тасқынның алдын алу мақсатындағы жұмыс жоспарымызды бекіттік. Жаңа жылдан бастап облыстық штаб жұмысқа қайта кіріседі. Жалпы, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыс үздіксіз әрі жүйелі жалғасын табады», — деп түйіндеді сөзін Серік Шәпкенов. 

#АӨК #Баспасөз конференциясы #Білім беру #Денсаулық сақтау #Жұмысқа орналастыру #Инвестициялар #Инфрақұрылымдық даму #Спорт #ШОБ #Экология #Экономика

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу