«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2024-2025 жылдары 17 мың жоба жүзеге асырылады — Е. Қарашөкеев

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндама жасады.

Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмалары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсуі қамтамасыз етілгенін атап өтті.

«Жамбыл облысында халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету, өмір сүру сапасын жақсарту басым бағыттардың бірі. Бұл бойынша нақты міндеттер бір жүйеге қойылған», — деді облыс әкімі Е. Шырақпайұлы.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерінде оң динамика байқалады.

Жалпы өңірлік өнім биылғы жылдың бірінші жартыжылдық қорытындысымен 1,3 трлн теңгені құрап, 6,1%-ға артты.

Экономика салалары бойынша атап айтқанда:

  • Байланыс көлемі – 8,1%-ға,
  • құрылыс жұмыстары – 11,1%-ға,
  • сауда – 2,6%-ға,
  • тұрғын үйді пайдалануға беру – 2,2%-ға,
  • өнеркәсіп өндірісі – 0,6%-ға,
  • көлік – 0,1%-ға артты.

ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДА 46 МЫҢ АДАМ ЕҢБЕК ЕТЕДІ

«Өңдеу өнеркәсібі бойынша облыстың өнеркәсіптік негізін жедел дамыту және қалыптастыру – басты міндет», — деді Е. Қарашөкеев.

Өңір экономикасындағы өнеркәсіптің үлесі 22%-ды құрайды. Қазіргі таңда 846 кәсіпорында 46 мың адам еңбек етіп келеді.

«Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 695 млрд теңгеге дейін жетіп, онда өңдеу секторының үлесі 71%-ға, өнім көлемі - 494 млрд теңгені құрады. Тау-кен өндіру саласының көлемі 17,1%-ға ұлғайды», — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіру көлемі 17,9%-ға, химия өнеркәсібі 7,3%-ға, жеңіл өнеркәсіп 5,8%-ға, құрылыс индустриясы 0,6%-ға артқаны байқалады.

Өңдеу өнеркәсібі саласына 88 млрд теңге инвестиция тартылып, экспорт көлемі – $121млн-ды құрады.

2026 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 69 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ

Облысқа инвестиция тарту жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 572 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда.

«Бүгінге облыстың инвестициялық портфелінде 2,3 трлн теңгені құрайтын 69 жоба бар. Бұл жобаларды 2026 жылға дейін іске асыру жоспарлануда, нәтижесінде қосымша 5,5 мың жұмыс орнын құру мүмкіндігіне ие боламыз», — деді Е. Қарашөкеев.

Ағымдағы жылы 575 жұмыс орнын құруды көздеп отырған 87 млрд теңгеге 20 жоба іске асырылуда.

Жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды табысты іске асыру облыстың бұл бағыттағы көшбасшылық қабілетін ұстап тұруға мүмкіндік беруде.

Өңірде жалпы қуаты 451,3 МВт болатын 21 нысан жұмыс істейді.

ШАРУАЛАРҒА 25,1 МЛРД ТЕҢГЕ СУБСИДИЯ БӨЛІНДІ

Облыста агроөнеркәсіп кешені бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу, үш жылда қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін ұлғайту - Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы тағы бір негізгі міндет. 

Биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 25,1 млрд теңге субсидия бөлінді. Оның 4,4 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, 20,7 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған.

Қолдау шаралалы:

  • 1,5 мың жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға;
  • 552 шаруа қожалығына 511 млн теңгеге жоғары өнімді тұқым сатып алуға;
  • ірі қара мал басын 5,8%-ға, қой санын – 9,8%-ға, жылқы басын – 9,7%-ға арттыруды қамтамасыз етуге;
  • ет өндірісін 3,6%-ға, сүт өндірісін – 1,4%-ға ұлғайтуға;
  • өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін ұлғайтуға;
  • орташа өнімділігі 9,6 ц/га құрайтын 363,2 мың тонна дәнділер және бұршақты дақылдар, 179 мың тонна қант қызылшасын жинауға мүмкіндік берді.

Биылғы жылы облыста суармалы су тапшылығы мәселесіне байланысты 392 шаруа қожалығының жалпы ауданы 9,2 мың га егістік жерлері зардап шеккен болатын.

Шаруалар шығынын өтеу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен 3,7 млрд теңге бөлініп, бүгінгі таңда 358 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері қолдау шараларына ие болды.

Биыл салада 8,6 млрд теңгеге 159 жұмыс орнын құруды көздейтін 7 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Бүгінде 4,4 млрд теңгені қүрайтын 4 жоба жүзеге асты.

Атап айтқанда:

  • «Тараз көтерме-тарату орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Тараз қаласы) – 15 мың тонна көкөніс қоймасы (инвестиция көлемі 2,4 млрд теңге, 30 жұмыс орны);
  • «Матышев» жеке кәсіпкер (Шу ауданы) – 20 мың тонна көкөніс қоймасы (инвестиция көлемі 1,2 млрд теңге, 35 жұмыс орны);
  • «Шалқар» шаруа қожалығы (Т. Рысқұлов ауданы) – 1,5 мың мүйізді ірі қараға арналған бордақылау алаңы (инвестиция көлемі 0,7 млрд теңге, 27 жұмыс орны);
  • «Бурный ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – өндірісті кеңейту және жаңғырту (инвестиция көлемі 0,2 млрд теңге, 15 жұмыс орны).

Айта кетейік, жобаларды іске асыру көкөніс сақтау қоймаларының қуатын 41 мың тоннаға, сүт өңдеу кәсіпорындарының қуатын 7 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ет өндірісі 7,5 мың тоннаға артады.

Өңір экономикасындағы ауыл шаруашылығының үлесі 7%-ды құрайды.

10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 499 млрд теңгені құрады, жыл соңына дейін көрсеткіш 535 млрд теңгеге дейін жетеді деп күтілуде.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНА 24 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАРАЛДЫ

Жамбыл облысында пилоттық жоба ретінде бастау алған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижесін беруде.

Бағдарлама аясында агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту мақсатында ет және сүт өндіруді, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді ұлғайту жоспарлануда.

2019-2022 жылдары аралығында аталған бағдарламаға 18,3 млрд теңге қаржы қарастырылып, 4 мыңға жуық жоба қаржыландырылды.

Облыс әкімінің айтуынша, бағдарлама нәтижесінде мал басының саны артып, ет-сүт өндірісінің көрсеткіші ұлғайған. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны айтарлықтай азайып отыр.

«2023 жылы облыстың 10 ауданындағы 38 округке 24 млрд теңге бөлінді. Бүгінге 18,9 млрд теңгеге 3,2 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. 2024-2025 жылдары 91 ауылдық округте 45 млрд теңгеге 17 мың жобаны жүзеге асыру жоспарлануда», — деп атап өтті өңір басшысы.

13 СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖОСПАРЛАНУДА

Өңірде су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасының мәселесі әлі де өзекті. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев баяндамасында бұл бағытқа ерекше тоқталып өтті.

Бүгінде облыстың трансшекаралық суды пайдалануға тәуелділігін төмендету мақсатында су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтқанда:

  • Ынталы, Тасөткел су қоймаларын қайта жаңарту жұмыстары қолға алынған;

  • Теріс-Ащыбұлақ, Қарақоңыз су қоймалары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жұмыс сомасы құжаттама әзірленгеннен кейін белгілі болады деп жоспарланып отыр;

  • 2025 жылға дейін көлемі 46,2 млн текше метрді құрайтын 13 су қоймасының құрылысы жоспарлануда;

  • Биылғы жылы көлемі 1,4 млн текше метр болатын 3 су қоймасының құрылысы жүргізілуде;

  • Жамбыл ауданы Жасөркен ауылында гидрологиялық бекетке күрделі жөндеу жүргізілуде. Нысанды қалпына келтіру Талас өзенінің бассейні бойынша Мемлекетаралық бөлімшені жүзеге асыруға мүмкіндік береді;

  • 2027 жылға халықаралық институттар қаражаты есебінен 361 су нысанын қайта жаңарту жоспарлануда.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАНДАР САНЫ 23,6%-ҒА ҰЛҒАЙДЫ

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында облыста 24,5 млрд теңгеге 2,1 мың жоба қолдау тапты.

Атап айтқанда, сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау тетігі бойынша 13,8 млрд теңгеге 537 жоба, кредиттер бойынша кепілдік беру тетігі бойынша 7,1 млрд теңгеге 500 жоба қаржыландырылса, инфрақұрылымды жүргізу бойынша 2,2 млрд теңгеге 8 жобаға қолдау көрсетілді.

1048 кәсіпкерге 1,4 млрд теңгеге грант берілді.

Қолдау шараларының нәтижесінде:

  • шағын және орта бизнес саны 25,5%-ға артты;

  • жұмыспен қамтылғандар саны 23,6%-ға ұлғайды, негізгі үлес 33,1%-ы сауда саласында, 32,2%-ы ауыл шаруашылығында; 

  • кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 22%-ға артты;

  • Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнес үлесі 18%-дан 20,7%-ға дейін ұлғайды;

  • 1,4 мың жұмыс орны сақталып, 200-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды.

«Біздің алдымызда өңірге жаңа инвестициялар тарту бойынша нақты жоспарлар тұр. Біз реттеуші кедергілерді азайтуға, инвестиция тартудағы жұмысымыздың тиімділігін арттыруға ниеттіміз. Инвесторлармен жұмыс жүргізуде "бір терезе" қағидаты негізінде инвестиция тартудың бизнес-процестерін қайта қараудамыз. Әр аудан әкімдеріне нақты міндеттер қойылып, инвестиция тарту бойынша мерзімдері айқындалған KPI белгіленді. Өңірдегі бизнес өкілдерінің қатысуымен қосалқы өндірістерді дамытуға жағдай жасау есебінен жобалар айналасында кластер қалыптастыруға ерекше көңіл бөлудеміз. Сонымен қатар, салынып жатқан зауыттар жанынан ілеспе тауарлардың шағын және орта өндірістерін құру көзделуде», — деді Ербол Қарашөкеев.

ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 35 ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Аймақта жыл басынан бері 558 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Бүгінде тұрғын үй алуға кезекте 37,6 мың адам тұр, оның 16,3 мыңы – халықтың әлеуметтік осал топтары.

Қазір 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 35 тұрғын үй жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Жыл басынан бюджет қаражаты есебінен 10 үй және жеке инвестициялар есебінен 11 үй тапсырылды.

Жыл соңына дейін 882 млн теңгеге жаңа тұрғын алаптарының 869 учаскесіне инженерлік инфрақұрылым тартылатын болады.

  • Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы «Строитель» массивіндегі 58 алқабқа;

  • Жамбыл ауданы Аса ауылындағы 811 алқабқа.

«Биыл халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін 7,6 млрд теңгеге 797 пәтер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бүгінге 123 пәтер сатып алынды. “Асар” бастамашылық жобасы аясында 49 көпбалалы және аз қамтылған отбасылар тұрғын үймен қамтылды», — дейді облыс әкімі.

АУЫЗ СУ САЛАСЫНДА 35 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге баса назар аударылған.

Бүгінге 302 ауылдық елді мекенде тұратын 652 мың тұрғын сумен қамтылған.

Биыл 13,6 млрд теңгеге 54 жоба іске асырылуда, жыл соңына дейін 47 нысан аяқталады деп күтілуде. 

Нәтижесінде ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 94,8%-дан 96,5%-ға дейін, қалаларда – 93,6%-дан 97,5%-ға дейін ұлғаяды. 

11 ЕЛДІ МЕКЕНГЕ ГАЗ ЖЕТЕДІ

Қазіргі таңда өңірдің 274 елді мекені немесе 1099 адам табиғи газбен қамтылған.

36 елді мекенде 11,8 млрд теңгеге 16 жоба іске асырылуда, жыл соңына дейін 11 елді мекенде 9 мың адам газға қосылады. Нәтижесінде, газбен қамтылған халықтың үлесі 91,1%-ға жетеді.

49 МЫҢНАН АСА ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

Облыста 65,7 мың жұмыс орны құрылған, оның 49,4 мыңы тұрақты.

Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын» құру тапсырмасы аясында 17,4 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. 

Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 56 мың адам қамтылды.

«Ауыл Аманаты» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2019 жылмен салыстырғанда 144,8 мың адамға кеміді.

Тараз қаласында 150 орындық мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік оңалту орталығы ашылып, Аутизмі бар балаларды қолдау және Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары пайдалануға берілді.

БІЛІМ БЕРУ НЫСАНДАРЫ БЕЙНЕБАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІМЕН ЖАБДЫҚТАЛҒАН

Облыста 1134 білім беру мекемесі қызмет көрсетуде: 586 мектепке дейінгі мекеме, 498 мектеп, 5 мектеп-интернат, 45 колледж.

Биыл аймақта 28 білім беру нысанының құрылысы басталып, 3 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 10 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.

  • Қордай ауданында 150 орындық 1 мектеп;

  • Меркі ауданында 230 орындық 2 мектеп;

  • Тараз қаласында 3180 орындық 4 мектеп;

  • Байзақ ауданындағы Пушкина атындағы орта мектепке спорт және акт залының жапсарлас құрылысы;

  • Сарысу ауданындағы Жаңаталап орта мектебіне спорт, акт залының және асхананың жапсарлас құрылысы;

  • Тараз қ. №6 орта мектепке спорт залының жапсарлас құрылысы.

2024 жылдың соңына дейін тағы 15 білім беру нысаны іске қосылады, оның 7-і «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында болмақ.

14 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы 3 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталады.

Жаратылыстану-математикалық бағыттағы (физика, химия және биология) кабинеттері жаңа талаптарға сәйкес жаңартылуда. Бүгінге жаңару пайызы 75%-ды құрады.

«Білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, облыстың барлық мемлекеттік білім беру нысандары бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Екінші және үшінші санаттағы барлық білім беру мекемелері дабыл түймесімен қамтамасыз етілген, олардың 92,5%-ы жедел басқару орталығымен біріктірілген. Облыс орталықтарында орналасқан, сондай-ақ білім алушылар мен қызметкерлер саны 700 адамнан асатын барлық оқу орындары мамандандырылған күзетпен қамтылған, олардың 84,8%-ы кіруді бақылау басқару жүйесімен (турникеттер) жабдықталған», — деп атап өтті облыс басшысы. 

Сондай-ақ, облыста оқу үздіктері мен түрлі конкурстардың жеңімпаздары үшін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы ашылды.

Соңғы үш жылда облыс республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға, ҰБТ көрсеткіштеріне қатысу қорытындылары бойынша жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.

Мәселен, өңірдің оқушылары қоғамдық-гуманитарлық пәндер (тарих, тілдер) бойынша республикалық олимпиадада І командалық орынға ие болды.

14-ші жыл қатарынан облыс оқушылары республикалық ғылыми жобалар байқауында «Үздік команда» атағына ие болды.

2023 жылы ҰБТ қорытындысы бойынша орташа 84,4 балды құрады, бұл республикалық орташа көрсеткіштен 11,4 балға жоғары (республика 73 балл).

20 МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРЛЫҚ НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Облыста 391 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетуде:

  • 26 аурухана ұйымдары;

  • 23 емхана;

  • 122 дәрігерлік амбулатория;

  • 53 фельдшерлік-акушерлік пункт;

  • 157 медициналық пункт;

  • 3 оңалту орталығы;

  • 1 санаторий.

Денсаулық сақтау саласында биыл 24 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 10-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында іске асуда.

Бүгінге 6 нысан пайдалануға берілді. Ірі нысандардың бірі - Тараз қаласындағы облыстық онкологиялық диспансер (200 төсек-орын), Шу ауданындағы балаларға арналған оңалту орталығы.

Жыл соңына дейін тағы 13 денсаулық сақтау нысанын пайдалануға беру жоспарлануда. Қалған 5 нысан 2024 жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Биыл 9 нысан күрделі жөндеуден өтті, 2 нысанда жұмыстар жалғасуда.

Аурухана мен емханалар медициналық құрал-жабдықтармен және жедел жәрдем көліктерімен қамтылуда.

«2024 жылы "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" жобасы аясында 20 медициналық-санитарлық нысанның құрылысы жоспарлануда. Орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухананың құрылысын салу, сондай-ақ Меркі, Шу және Талас аудандарында 3 ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарлануда. Нәтижесінде денсаулық сақтау нысандарының тозуы 40,3%-дан 38%-ға дейін жеткізілетін болады», — деді аймақ басшысы.

АЙМАҚТА МӘДЕНИЕТ НЫСАНДАРЫНЫҢ САНЫ АРТАДЫ

Облыста 197 мәдениет нысаны қызмет көрсетуде.

Аймақ басшысының баяндауынша, жылдың қорытындысына сәйкес облыс халқының мәдениет нысандарымен қамтылу деңгейін ағымдағы 80,6%-дан 84,8%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

Бүгінде 1,4 млрд теңгеге 16 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның 6 нысаны пайдалануға берілді.

  • Байзақ ауданы Тегістік ауылында;

  • Қордай ауданы Қарасу ауылында;

  • Меркі ауданы Мыңқазан, Ойтал ауылдарында;

  • Т. Рысқұлов ауданы Көгершін ауылында;

  • Қордай ауданы Қордай ауылындағы мемлекеттік мұрағат ғимараты.

Жыл соңына дейін тағы 4 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда.

  • Қордай ауданы Бетқайнар және Қақпатас ауылдарында әрқайсысы 180 орындық мәдениет үйі;

  • Жуалы ауданының Қайрат ауылында 149 орындық мәдениет үйі және Б.Момышұлы ауылындағы Мәдениет үйі ғимаратына қосымша құрылысы.

6 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі.

Сондай-ақ биылғы жылы 3 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

  • Байзақ ауданы Көктал ауылында;

  • Меркі ауданы Ақермен ауылында;

  • Сарысу ауданы Өндіріс ауылында.

Тағы 1 мәдениет нысанында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда.

  • Т. Рысқұлов ауданы Луговой ауылында.

Мәдениет саласындағы жетістіктердің бірі халықаралық фестивальдерге қатысу.

Биыл Жамбыл облыстық қазақ драма театры Румыниядағы «Babel FAST-2023» Халықаралық театр фестиваліне, орыс драма театры - Ресейдегі «Алтын провинция» театр фестиваліне қатысты.

Облыстық филармонияның әншісі Қырғыз Республикасында өткен «Мейкин Азия-2023» халықаралық әншілер байқауының Гран-при иегері атанды.

6 ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Ербол Шырақпайұлының мәліметінше, биыл 23 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

  • Жамбыл ауданы Сұлутөр, Айша бибі, Гродеково ауылдарында;

  • Қордай ауданы Аухатты, Қарасу ауылдарында;

  • Т.Рысқұлов ауданы Көгершін ауылында.

Сондай-ақ 38 заманауи спорт алаңдары іске қосылды.

Жылдың соңына дейін тағы 8 спорт нысаны, 2024 жылы - 9 спорт нысаны пайдалануға беріледі.

Нәтижесінде, халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 59%-ға дейін, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын халық үлесі 40%-ға дейін ұлғаяды.

26,1 МЫҢ ЖАС БЕЛСЕНДІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Бүгінде облыс халқының үштен бірі – жастар. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,2%-ды, уақытша жұмыспен қамтылмаған жастардың үлесі (NEET) 6,5%-ды құрайды.

Жыл басынан 26,1 мың жас белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылды, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 540 жас 2,5% жеңілдікпен несие алды.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін 483 жасқа (жұмыссыз және кәсіпкерлікпен кемінде 3 жыл айналысқан) жылдық мөлшерлемесі 2,5% жеңілдетілген тәртіппен 2,2 млрд теңгеге шағын несиелер берілді.

ТУРИЗМ САЛАСЫНДА 7 ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

Аймақтың туристік әлеуетін арттыру бағытында да нәтижелі жұмыстар қолға алынған.

«Біздің аймақтың ерекшеліктерінің бірі – ЮНЕСКО тізіміне енген көптеген тарихи орындар бар. Туризмді дамыту үшін мүмкіндіктеріміз мол. Өткен жылы Тараз қаласы әлемдік қолөнер қалаларының тізіміне еніп, Қазақстанның тұңғыш қолөнер қаласы мәртебесіне ие болды», — деді облыс әкімі.

Туризм саласында 2026 жылға дейін 9,8 млрд.теңгеге 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Ағымдағы жылы 3 туристік орталық (Жуалы ауданында «Koksai resort», Жамбыл ауданында «Алмалы» және Тараз қаласында «Зербұлақ» аквапаркі) ашылды.

«Тірі сабақтар», «Көктем мақтанышы – қызғалдақ» фестивалі, «City bus» және «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық көрмесі аясында 45 экскурсиялық тур ұйымдастырылды.

«Біздің барлық жұмысымыздың нәтижесі Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары мен бастамаларының сапалы орындалуы, атап айтқанда, тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының нақты жақсаруы болуы тиіс», — деп түйіндеді Ербол Қарашөкеев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу