«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы ауылдық жерлерде ерікті өрт сөндіру жүйесін нығайтуда

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Өрт қауіпті кезеңнің өтуі және «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын жүзеге асыру туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Жиынға ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев қатысып, баяндама жасады.

Спикердің айтуынша ТЖМ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғи өрттердің туындау қаупін азайту бойынша ауқымды жұмысты жалғастыруда. «Табиғат» ақпараттық жүйесі, орман шаруашылығын бейнебақылау, ғарыш мониторингі және геоақпараттық жүйе арқылы кешенді бақылау жүргізілуде. Бұл өрт ошақтарын дереу анықтап, әрекет етуге мүмкіндік береді.

«Әуеден бақылап жедел ден қою үшін су шашатын құрылғылары бар авиация жұмылдырылған. Бүгінде 28 авиаборт тұрақты дайындықта тұр. Ол күрделі аймақтарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. 31 орманшылықта 37 механикаландырылған күзет бекеті орналастырылды. Олар өртті дер кезінде анықтап сөндіруді қамтамасыз етеді. Бұл ретте профилактикалық жұмыстың маңызы зор. Орман-дала алқаптарында Төтенше жағдайлар министрлігі, полиция, орман шаруашылығы қызметкерлері 16 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жұмыстарын жүргізді. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 4,6 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, айыппұл сомасы – 90 млн шамасында. Трансшекаралық ынтымақтастық шеңберінде Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанмен бірлескен оқу-жаттығулар өткізілді. Орман шаруашылығы мекемелерімен 300-ден астам өрт-тактикалық жаттығулар өткізілді», — деді ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев. 

Комитет төрағасының сөзінше «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы ауылдық жерлерде ерікті өрт сөндіру жүйесін нығайтуда. 

Тек биылдың өзінде 50 өрт сөндіру пункті құрылып, қажетті техникамен, киім-кешекпен қамтамасыз етіліп, 21 пункт қайта жаңартылған. Жыл соңына дейін тағы 69 пункт құру жоспарлануда. Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктер құратын өрт сөндіру бекеттеріне өрт сөндіру техникасын беруде.

«Жалпы, алдын алу мен жедел әрекет етудің жаңа моделін енгізу өзінің тиімділігін дәлелдеді. Біріншіден, адами фактордан болатын өрттердің саны айтарлықтай азайды. Екіншіден, авиация мен күш-құралдар өртті бастапқы сатысында жедел сөндіруді қамтамасыз етті. Үшіншіден, өрт ошақтарының өршуіне жол берілмеді. Өткен жылмен салыстырғанда табиғи өрттердің өсуіне қарамастан, уақтылы және жұмылып әрекет етудің нәтижесінде ірі табиғи өрттер орын алған жоқ. Қазір өрт қауіпті кезең аяқталуға жақындады. Дегенмен шөптің өсімі мен ауа-райын ескере отырып, Төтенше жағдайлар министрлігі жоғары дайындық режимінде жұмысын жалғастыруда және өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырады. Естеріңізде болсын: өрттің белгілері байқалса, дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарлау қажет», — деді Ерлан Төрегелдиев.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу