Қазіргі кезде республика бойынша денсаулық сақтау саласына 7,6 мың маман қажет – А. Ғиният

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Атырай облысның тұрғындарымен кездесіп, халық алдында өз саласы бойынша есеп берді. Министр Денсаулық сақтау министрлігінің өңірілермен бірігіп жүргізіп жатқан жұмысы және 2023 жылға денсаулық сақтау саласының алдына қойған міндеттері туралы баяндады.

Бірінші кезекте А. Ғиният медициналық-демографиялық көрсеткіштер бойынша сөйледі. Оның айтуынша, Үкіметтің маңызды міндеттерінің бірі – республика азаматтарының денсаулығын нығайту. Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін өткен жылы ведомство кешенді жұмыс жүргізді. Бұл тапсырмаларды іске асырудың арқасында халықтың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштері жақсарды.

Атырау облысы бойынша халықтың жалпы өлім-жітімі 2021 жылмен салыстырғанда 31%-ға, оның ішінде қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 17%-ға, обырдан болатын өлім-жітім 8%-ға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан және туберкулезден болатын өлім-жітім 7%-ға төмендеген. Ана өлімі 43%-ға төмендеді, ал биыл нәресте өлім-жітімі 10%-ға төмендеді. Өткен жылы халықтың өмір сүру ұзақтығы артты.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек

«Мемлекет басшысы халық денсаулығын сақтаудағы негізгі құралдардың бірі ретінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуға ерекше назар аударады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында МСАК-тың мобильділігі мен халықтың кең ауқымына қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, іске асырылуда», — деді А. Ғиният.

Министр берген ақпаратқа сай 2022 жылы 9 жаңа қалалық емхана мен амбулатория пайдалануға берілді. Азаматтардың пікірлерін ескере отырып, 9 бағыт бойынша консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз жүзеге асырылады. Сонымен қатар өткен жылы онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік туындаған жағдайда тексеру мен емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» енгізілді.

Елімізде МСАК қызметін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жыл сайын артып келе жатыр. Мәселен, егер 2021 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында Бірыңғай дистрибьютор 161,8 млрд теңге сомасына 128 нозология бойынша 3,6 млн адамды қамти отырып, дәрілік зат сатып алса, 2022 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін нозологиялар тізбесі 3,8 млн адамды қамти отырып, 224,6 млрд теңге сомасына 184 нозологияға дейін кеңейтілді.

Бұдан басқа өткен жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңіріне мүше 53 мемлекет үшін халыққа озық тәжірибелер көрсету бойынша әлемде алғашқы МСАК көрсету алаңы ашылған.

2023 жылы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты әзірленіп, бекітіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған МСАК-тың пациентке бағдарланған озық тәжірибелерінің жобаларын енгізу жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

«Бұдан басқа биыл халық талап ететін медициналық қызметтерді қашықтықтан көрсету бойынша жұмыс күшейтілетін болады. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесі қайта қаралады, халықты амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту 3,8 млн астам адамды құрайды», — деді Ажар Ғиният.

Жазасын өтеп жатқан адамдарды медициналық бақылауды қамтамасыз ету үшін қылмыстық-атқару мекемелерінде арнайы учаскелер құрылатын болады. Ауруларды басқару бағдарламасына қатысушы пациенттерді динамикалық бақылаумен қамту 2023 жылы 9,7%-ға ұлғайып, 1,3 млн адамды құрайды.

Ауылдық денсаулық сақтау

Елімізде ауыл мен қала тұрғындарының арасында медициналық көмек көрсетуде теңсіздік байқалады. Ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін 2022 жылы денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды. Жету қиын ауылдық елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін жылжымалы медициналық емханалар кеңінен пайдаланылды.

Сонымен қатар 2022 жылы ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексерулер енгізілді. Атырау облысы ауылдарының 36 мыңнан астам тұрғыны зерттелді, 762-ге жуық адам динамикалық бақылауға алынды, оларда жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясы белгілері анықталды.

Сондай-ақ аудандық ауруханаларды заманауи компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен қамтамасыз ету 84%-ға дейін жеткен. Ауыл тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында медициналық ұйымдардың базасында қосымша 72 дәріхана пункті және ауылда 161 жеке дәріхана ашылды. 2023 жылы Атырау облысында ауылдың медициналық ұйымдарының базасында 6 дәріхана пункті ашылуы жоспарланып отыр.

Министр Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілгенін атап өтті.

Биыл 2023 жылы ұлттық жобаның шеңберінде 309 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін, оның ішінде Атырау облысында 5 объектіні салу; «Алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсете алатын, сондай-ақ ірі қалаларға бару қажеттілігінсіз, оның ішінде телемедицина және басқа да мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алатын 11 ауданаралық аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу және реконструкция жүргізу қамтамасыз етіледі. Атырау облысында Құрманғазы ауданында ауданаралық орталық аурухана құрулуы жоспарланбаған.

Сонымен қатар ұлттық жобада аудандық мекемелерді 575 заманауи медициналық жабдықпен жабдықтау көзделген.

Сондай-ақ 2023 жылы ұлттық жобаны іске асыру аясында 307 медицина қызметкері, оның ішінде 54 жалпы практика дәрігері, 253 орта медицина қызметкері даярланады.

Ажар Ғинияттың айтуынша, жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2023 жылы мамандандырылған медициналық көмекпен қосымша 2,4 млн-нан астам ауыл тұрғыны қамтамасыз етілетін болады.

Жедел медициналық көмек және жоғары технологиялық медициналық көмек

Стационарлық көмектің сапасы және жоғары технологиялық ем алу үшін шетелге шығуға мәжбүр болатыны туралы халықтың шағымдарын назарға ала отырып, Қазақстанда стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмекті жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Мамандандырылған кардиохирургиялық және кардиологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда 2022-2023 жылдарға арналған қан айналымы жүйесінің аурулары кезінде медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі жол картасы бекітілді және іске асырылып жатыр.

Республикада 75 инсульт орталығы жұмыс істейді, оның төртеуі 2022 жылы ашылған, 41-і жедел коронарлық синдромы бар науқастарға көмек көрсету үшін тері арқылы коронарлық араласу орталығы. Атырау облысында 3 инсульт орталығы және 1 тері арқылы коронарлық араласу орталығы жұмыс істейді.

2023 жылы екінші деңгейдегі 8 инсульт орталығы мен 4 тері арқылы коронарлық араласу орталығын ашу жоспарланған, олардың ішінде Атырау облысында Құрманғазы аудандық ауруханасының базасында ашылған 1 инсульт орталығы бар.

«Айта кету керек, Қазақстанда медицинаның бірқатар бағыты халықаралық деңгейде сәтті бәсекеге түсуде. Осылайша, біздің елімізде халыққа жоғары технологиялық медициналық көмектің 80 түрі бойынша көмек көрсетіледі», — деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният. 

Мәселен, өткен жылы 209 орган трансплантациясы жүзеге асырылды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға артық.

Елімізде онкологиялық науқастар үшін гамма-пышақ, радионуклидтік терапия, томотерапия сияқты технологиялармен жоғары мамандандырылған емдеудің қолжетімділігі артып келеді.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, 2023 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында онкологиялық қызметті кешенді жаңғыртуды бастау жоспарланып отыр. Биыл Атырауда облыстық онкологиялық диспансердің құрылысын бастау жоспарланған.

«Сонымен қатар біз халыққа мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті жетілдіру үшін ауруларды емдеу мен диагностикалаудың 250-ден астам хаттамасын қайта қарау жөніндегі іс-шараларды көздедік. Бұдан басқа халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін биыл өңірлерде 7 денсаулық сақтау нысанын салу, сондай-ақ Астана қаласында Ұлттық шұғыл медицина орталығы мен Алматы қаласында Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығын пайдалануға беру көзделген», — деді министр. 

Ана мен бала денсаулығын сақтау

«Мемлекет басшысы Ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударады. 2022 жылды Қазақстан Республикасының Президенті “Балалар жылы” деп жариялады», — деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Өткен жылы жүкті әйелдерді пренаталдық скринингпен қамту 6%-ға артып, 79%-ды  құрады. 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингпен қамту 81%-ға дейін артты.

А. Ғинияттың айтуынша, 2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7 000 квота бөлу көзделген «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарламаның аясында 2022 жылы Атырау облысында 213 квота бөлініп, 76 әйел жүкті болды, бүгінде 32 отбасы бала сүю бақытына ие болды.

Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен меморандум аясында өңірлерге 88 млн теңге сомасына офтальмологиялық скринингке арналған 24 жабдық жеткізілді. Министрдің айтуынша, ана мен баланың денсаулығын сақтау Министрліктің ерекше бақылауында.

Кадрлық қамтамасыз ету

Қазіргі кезде республика бойынша денсаулық сақтау саласына 7,6 мың маман қажет, атап айтқанда, шамамен 3,9 мың дәрігер, шамамен 3,8 мың орта медициналық қызметкер тапшы. Атырау облысына 183 дәрігер, 101 орта медициналық қызметкер керек.

2022 жылы өңірлерге медициналық жоғары оқу орындарын бітірген 1 809 түлек жіберілді, атап айтқанда, Атырау облысына 32 түлек, оның ішінде ауылдарға 11 дәрігер бөлінді.

Дәрігер тапшылығын жою үшін, оның ішінде жіті тапшы мамандықтар бойынша 2022 жылы республикалық бюджет есебінен 4 700 білім беру гранты бөлінді, оның ішінде 1 500 резидентура гранты берілді. Атырау облысына 24 грант бөлінді. Атырау облысының әкімдігі 11 грант бөлді.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Парламент Мәжілісінің қарауына Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы заң жобасы әзірленіп, енгізілді, оны депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады. Медицина қызметкерлерінің табысын арттыру мақсатында 2022 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 30%-ға, орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 20%-ға ұлғайтылды», — деді Ажар Ғиният. 

Министрдің айтуынша, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, 2022 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 4 200 дәрігер оқытылды, оның ішінде 138-і шетелде, сондай-ақ 2 650 орта медицина қызметкері оқытылды. Жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен қосымша 15 мыңнан астам дәрігер оқытылды, оның ішінде 209-ы шетелде, сондай-ақ 29 мыңнан астам орта медициналық қызметкер оқытылды.

Осылайша, 2022 жылдың нәтижелері бойынша ауылдағы дәрігерлерге деген қажеттілік 12%-ға, ал республика бойынша жалпы қажеттілік 26%-ға төмендеді. 

«2023 жылы заң қабылданғаннан кейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу басталады. Бұл шаралар пациенттердің құқықтарын қорғауды, медицина қызметкерлерін құқықтық қорғауды қамтамасыз етуге, медициналық мамандықтардың беделін көтеруге, сондай-ақ жас ұрпақты денсаулық сақтау саласына тартуға арналған», — деді Ажар Ғиният.

Сондай-ақ дәрігерлердің орташа жалақысын 30%-ға арттыру жалғасады, ол 2023 жылы 531 мың теңгені құрамақ, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20%-ға 250 мың теңгеге дейін көтерілмек. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2,5 мыңға жуық дәрігерді оқыту жоспарлануда, оның ішінде шетелде 43-ке жуық адам, сондай-ақ 9 мыңнан астам медбикені оқыту көзделіп отыр.

Оған қоса биыл Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында республикалық бюджет есебінен резидентура гранттарының санын 70%-ға ұлғайту және оларды 2,5 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру жөніндегі заң жобасы қабылданғаннан кейін 270 мыңнан астам медицина қызметкері заңмен қорғалатын болады.

«Министрлік дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту және отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. Осыған байланысты отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар жасасу тетіктерін қайта қарау бөлігінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар амбулаториялық-емханалық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесі сирек кездесетін ауруларға арналған дәрі-дәрмектің 18 түрімен кеңейтілді», — деді министр.

А. Ғинияттың мәлімдеуінше, барлық денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық жабдықтармен, оның ішінде акушерлік және реанимациялық қызметтермен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп келеді. Медициналық құрал-жабдықтардың қамтамасыз етілуі 85%-ды, тозуы 49%-ды құрайды. Атырау облысында медициналық құрал-жабдықтардың жарақталуы 87%-ды, тозуы 44%-ды құрап отыр.

2023-2025 жылдарға арналған жалпы трансферттерді қалыптастыру шеңберінде Атырау облысы бойынша медициналық техниканы сатып алуға 7,5 млрд теңге көлемінде бюджеттік қаражаттың ең төменгі мөлшері белгіленді.

Сонымен қатар Салауатты ұлт ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдарға арналған облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтауға 3,9 млрд теңге көлемінде ағымдағы нысаналы трансферттер қарастырылған.

2023 жылдан бастап қызмет ету мерзімі ұзартылған медициналық жабдық сатып алу жоспарланып отыр, медициналық жабдықты жеткізу медициналық техниканың бүкіл өмірлік циклі бойынша жеткізуші компаниялардың қызмет көрсетуіне байланысты.

Министр өз баяндамасында:

«Медициналық ұйымдардың құрал-жабдықтар мен медициналық техникаға қажеттілігін өтеу мақсатында алдағы 5 жылға арналған жабдықтау бағдарламасын бекітуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ 2023 жылы біз дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың «бағасын реттеу» тетіктерін, «Бір терезе» қағидаты мен дәрілік заттар нарығына шығу мерзімін әзірлейтін боламыз.  Қазақстанда шетелдік түпнұсқа препараттарды өндіруді оқшаулау есебінен биыл дәрілік заттарды келісім-шартпен өндіру тетігі белсенді түрде енгізіле бастайды», — деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарын жабдықтармен және медициналық техникамен қамтамасыз ету 90%-ды құрайды (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде және жергілікті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу үлесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 36%-ды құрайды. 

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген. 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандырылғандар саны 16,3 млн адамды, яғни республика халқының 82,5%-ын құрайды. Атырау облысында МӘМС жүйесінде 584,5 мың адам, яғни 84,3%-ы сақтандырылған.

2022 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қаржыландыру 25%-ға өсті. Қосымша қаржы ресурстары бұрын қаржы тапшылығы сезілген облыстарды дамытуға бағытталды, сондықтан профилактикалық тексерулерді қаржыландыру көлемі 2 есеге, дәрігерлік консультативтік-диагностикалық қызмет пен оңалтуға 1,5 есеге, стационарлық көмек 1,2 есеге, жоғары технологиялық медициналық көмек 2,2 есеге ұлғайтылды.

Сонымен қатар өткен жылы азаматтарды ынталандыру мақсатында тәуелсіз төлеушілер үшін МӘМС жүйесіне өтудің баламалы тетігі енгізген, жарналарды 12 ай бұрын төлеу арқылы, өткен кезеңдегі берешектерді бір мезгілде есептен шығарылды.

Министрлікте саланы қаржыландыру деңгейін 2027 жылы жалпы ішкі өнімнің көлемін кемінде 5%-ға арттыру бойынша жұмыс атқарылып келеді.

«2023 жылы медициналық қызметтерді қаржыландыруды 11%-ға, яғни, 2 трлн 488 млрд теңгеге дейін, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде – 1 трлн 405 млрд теңгеге, міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде – 1 трлн 83 млрд теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Медициналық көмектің басым бағыттары бойынша тарифтерді, оның ішінде медицина қызметкерлерінің орташа жалақысын арттыруды ескере отырып, қайта қарайтын боламыз. 2023 жылы біз халықты міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жұмыстарын жалғастырамыз, соның нәтижесінде қаржылық түсімдерді ұлғайтамыз. Медициналық көмектің нақты тізбесін белгілей отырып, тегін медициналық көмек пен міндетті медициналық сақтандырудың кепілдік берілген көлемінің қаржылық ағындарын бір пулға біріктіруді жоспарлап отырмыз», — деді А. Ғиният.

Министрдің мәлімдеуінше, 2023 жылы барлық кезеңдердегі қаржылық ағындарды ақпараттық жүйелер арқылы бақылауды қамтамасыз етеді. Жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру нәтижесінде биыл медицина қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру, сондай-ақ келесі салаларда: жедел медициналық көмек 2,5%-ға, жоғары технологиялық медициналық көмек 7,8%-ға, стационарлық көмек 2,7%-ға, консультациялық-диагностикалық қызмет 7,6%-ға, стационарлық алмастырушы көмек 5,3%-ға, оңалту 13,3%-ға қаржыландыруды ұлғайту күтілуде.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы

Өткен 2,5 жылдың ішінде коронавирус инфекциясы пандемиясында біз 1 айдан 3 айға дейін созылған 6 сырқаттанушылықтың өсуін, яғни 6 КВИ толқынын бастан өткердік.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа биологиялық қауіптерге дайындықты қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» ҚР Заңы әзірленіп, қабылданды.

Биофармацевтикалық ғылым мен өнеркәсіпті дамытуды ынталандыру мақсатында құрамына 8 ғылыми орталық пен институт беріле отырып, «QazBioPharm» Ұлттық холдингі құрылды.

Ұжымдық қорғауды және тұрақты эпидемиологиялық жағдайды қолдау үшін халықты ревакцинациялау жұмыстары жалғасуда.

Атырау облысы бойынша алғашқы ревакцинациялауды 127,2 мың адам алды, қамтылуы тиіс халықтың 59%, қайта ревакцинациялауды – 26,6 мың адамды құрады, бұл тиісті халықтың 54,5%-ын құрайды.

2023 жылы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысына цифрлық технологияларды кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған (вакцинациялау процесінің есепті нысандарын электрондық форматқа көшіру; бақылау-қадағалау қызметін цифрландыру; биологиялық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік ақпараттық жүйені қалыптастыру).

Адамдарда инфекциялық аурулардың өршуін немесе жекелеген жағдайларын уақтылы анықтаудың маңызды аспектісі қазіргі заманғы зертханалық база мен ақпараттық жүйелердің бар болуы екенін ескере отырып, 2023 жылы материалдық-техникалық базаны нығайту және эпидемиологиялық болжау мен ден қою жүйелерін әзірлеу жөніндегі іс-шаралар жалғасады.

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру

Мемлекет басшысы денсаулық сақтауды цифрландырудың техникалық жай-күйіне аудит жүргізуді тапсырды, оның қорытындысы бойынша медициналық ақпарат жүйелерін біріздендіру және интеграциялау бойынша шаралар қабылданды.

2022 жылы денсаулық сақтауды цифрландыру аясында мынадай жұмыстар жүргізілді:

 ЕGovMobile мобильді қосымшасында пациенттерге арналған «eGov.Densaulyk» сервисі, сондай-ақ медициналық ұйымға азаматтарды проактивті тіркеу үшін SMS арқылы хабарлау іске қосылды.

«Delivery unit» жобасы шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі «SmartDataUkimet» платформасында денсаулық сақтау бойынша 24 көрсеткіш әзірлеп, іске асырды. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі «Әлеуметтік әмиян» арқылы QR-код бойынша амбулаториялық дәрілік заттарды беру бойынша пилоттық жобаны іске қосты.

2022 жылы өткізілетін іс-шаралардың нәтижесінде азаматтардың дербес медициналық деректеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету жүзеге асырылды, сондай-ақ азаматтардың SMS-құлақтандыру бойынша хабардар болуы қамтамасыз етілді.

2023 жылы «eGov.Densaulyk» сервисінде қолжетімді eGovMobile мобильді қосымшасында пациенттер үшін мәліметтерді кеңейтуді қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің көптеген ақпарат жүйесіне деректерді енгізуінің қайталануын, сондай-ақ рецепттерді электрондық форматқа толық аударуды қамтамасыз ету жоспарлануда.

«Сонымен қатар біз пациенттерге медициналық көмек көрсету фактісін растаудың цифрлық құралын енгізуді, сондай-ақ әртүрлі медициналық ақпарат жүйесі арасында толыққанды деректер алмасуды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда аталған іс-шаралардың нәтижесінде пациенттердің өздерінің дербес медициналық деректеріне толық қолжетімділігі, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің медициналық ақпараттық жүйелер арқылы “бір терезеде” жұмысқа ауысуы қамтамасыз етілетін болады», — деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Министрдің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы негізгі міндеттері белгіленді.

«Биыл біз Қазақстан Республикасы Президентінің Сайлауалды платформасын, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2023-2027 жылдарған арналған даму жоспарын іске асыруды бастаймыз. Сонымен қатар 2023 жылы біз Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыруды бастаймыз», — деді А. Ғиният.

Сондай-ақ биыл медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар онкологиялық қызметті жаңғыртуды, сондай-ақ инфекциялық емес аурулар бойынша халықты профилактикалық тексеру бағдарламаларын кеңейтуді жүзеге асыру қажет.

Бұдан басқа 2023 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын  іске асыру басталды. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдікпен бірлесіп, Атырау облысының Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын әзірледі. Жоспарда инфрақұрылымды дамыту, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, өңірдің кадрлық әлеуетін нығайту жөніндегі шаралар көзделген.

«Министрлік халықтың денсаулығын жақсарту бойынша маңызды жұмыс жүргізді. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің Сайлауалды платформасының аясында біздің салада белгіленген барлық міндеттер іске асырылатын болады. Біз ел халқына медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыратын тиімді шешімдер дайындайтын кәсіби және азаматтық қоғамдастықтың барлық күш-жігерін біріктіруіміз керек», — деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу