Балалар мекемелерінде мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың ерекше тәртібі қолданыла бастады

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда балалар мекемелерінде мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың ерекше тәртібі қолданыла бастады. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингтегі өзгерістер туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рахымжанова хабарлады. Жаңа қағидалар балалардың өмірі мен денсаулығын нақты сақтауға және бұзушылықтарға ден қоюдан олардың алдын алуға бағытталған.

2025 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы балаларды тамақтандыру, олардың тұруы, медициналық көмек көрсету, білім беру, оларды тәрбиелеу және сауықтыру үшін мемлекеттік бюджеттен қаржыланатын субъектілерге қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібі енгізілген заңға қол қойды. 

Бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібін енгізу:

  • балалардың тамақтануы, білім алуы, сауықтыру және медициналық көмек көрсету қауіпсіздігін санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз етуге;
  • себеп-салдарға ден қоюға ғана емес, бұзушылықтардың алдын алуға көшуге;
  • қоғам мен ата-аналар үшін бақылаудың ашықтығын арттыруға;
  • қызметтің өнім берушілерінен бастап процеске қатысатын барлық қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік берді.

«Ерекше тәртіпті енгізу – бұл балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге бағытталған жүйелі шешім.   Және бұл соңғы жылдары санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласында шешімін таппай келе жатқан проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Жүргізілген практикалық талдау нәтижесі Кәсіпкерлік кодекс шеңберінде жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылаудың қазіргі қолданылып жүрген тәртібі балалар күн сайын болатын нысандарда мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың профилактикалық бағыты болмайтынын көрсетті. Тексерулер балалардың денсаулығына зиян келтірілгеннен кейін ғана жүргізілуде. Нәтижесінде – бұл мектеп оқушылары арасында жаппай тамақтан улануының өсуіне; балалар үйлерінде, интернаттарда, сауықтыру ұйымдарында өрескел санитариялық бұзушылықтардың өсуіне; балалар арасында қызылша және көкжөтел сияқты инфекциялармен аурудың өсуіне; жүргізілген егулер туралы жалған жазбалардың көбеюіне; медициналық ұйымдардың инфекциялық ошақтарда эпидемияға қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізбеуіне, балалар арасында туберкулезбен сырқаттанушылықтың өсуіне алып келді», — деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рахымжанова.

Сондай-ақ ол мемлекеттік бюджеттен қаржыланып отырғанына  қарамастан, бақылау субъектілері балалардың нақты қауіпсіздігін қамтамасыз етпегенін атап өтті. Өз кезегінде, тіпті адал қызмет көрсететін бақылау субъектілерінің өзі де  СЭС органдары алдымен  тек айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданатынын біліп, тексеруден жиі жалтара бастады. Осыған байланысты қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізілді. Мысалы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске (5-тарау жаңа 2-1-параграф «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы  ерекше бақылау және қадағалау») бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібін көздейтін нормалар енгізілді. Ерекше тәртіп балаларды тамақтандыру, олардың тұруы, медициналық көмек көрсету, білім беру, тәрбиелеу және сауықтыру қызметтерін көрсететін, мемлекеттік бюджеттен қаржыланатын объектілерге ғана қолданылатын болады, бұл объектілер мыналар – балабақшалар, мектептер, медициналық ұйымдар, интернаттар, студенттік жатақханалар, медициналық-әлеуметтік мекемелер, балалар үйлері, сәбилер үйлері. Барлық  мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қаржыланатын жеке бизнес бақылаудың ерекше тәртібіне кіреді. Ерекше бақылау және қадағалау балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін бұзушылықтар анықталған жағдайларда жедел ден қою шараларын қолдана отырып, объектілерге бару арқылы (бақылаудың жаңа нысаны) жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер және мониторинг түрінде жүзеге асырылатын болады.

Ерекше бақылау мен қадағалаудың қолданыстағы тәртіптен бірнеше маңызды айырмашылықтары бар.

  • Біріншіден, бақылаушы органдарға мектептерде (асхана, медициналық пункт, спорт залдары) орналасқан барлық субъектілерді бір уақытта тексеруге мүмкіндік беріледі. Бұл балалардың мектептерде болу кезіндегі тамақтану жағдайларын, оқу режимін, дене шынықтыруды жалпы бағалау үшін, оның ішінде инфекциялық емес аурулардың (партада дұрыс, түзу отырмау, көрудің төмендеуі) арутына ықпал ететін себептерді анықтау үшін маңызды болады. 
  • Екіншіден, тексерулер субъектіні алдын ала ескертпей,  «кенеттен» жүргізіледі.

Сонымен қатар ол бақылау субъектісін міндетті түрде алдын ала хабардар ету нормасы жосықсыз субъектілерге жүйелі түрде жасаған бұзушылықтарын жасыруға мүмкіндік бергенін практика көрсеткенін, бұл бақылаудың сенімділігі мен тиімділігін төмендеткенін айтты.  Мысалы, алдын ала хабарлау кезінде балалардың гигиена құралдарымен қамтамасыз етілуіне, төсек-орын мен киімнің, тұрғын үй-жайлардың тазалығына; тамақтанудың сапасы мен толықтығына; ауызсуға; температуралық режимді сақтауға қойылатын талаптарды анықтау мүмкін емес. Бұл әсіресе жас ерекшелігіне байланысты немесе ата-анасының (заңды өкілдерінің) болмауына байланысты өз құқықтарын қорғай алмайтын және бұзушылықтар туралы мәлімдей алмайтын кәмелетке толмаған балаларға қатысты маңызды мәселе. «Кенеттен»  принципін енгізу объектінің жай-күйін тексеру алдында уақытша тәртіп орнату мүмкіндігін бермей, нақты және объективті бағалауды қамтамасыз етеді. Бұл ретте, ерекше бақылау Халық денсаулығы туралы Кодексте көзделген заңды негіздер болған кезде ғана жүргізілетін болады.

  • Үшіншіден, тіркелген күннен бастап 3 жыл ішінде шағын және микро кәсіпкерлік субъектісін тексеруге тыйым салу алынып тасталды, өнім берушілер негізінен осы санатқа жататындықтан мектеп асханаларын тексеру мүмкін болмаған.  
  • Төртіншіден, жоспардан тыс тексеру үшін жаңа негіз көзделген – растайтын дәлелдемелер болған кезде ерекше бақылау объектілерінде талаптардың бұзылу белгілерінің болуы, оның ішінде бұзушылықтардың жасалған уақыты мен орны көрсетілген фото-және (немесе) бейнетіркеу туралы масс-медиадағы хабарламалар бойынша. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарында фактілер болған кезде СЭС органдарына қоғамдағы  негативті азайтуға мүмкіндік береді. 
  • Бесіншіден, бару арқылы мониторинг түріндегі бақылаудың жаңа форматы енгізіледі, ол тек: Мемлекет басшысының, Президент Әкімшілігі  Басшысының, Премьер-министрдің және олардың орынбасарларының; Денсаулық сақтау министрінің  тапсымалары негізінде жүргізелетін болады.
  • Алтыншыдан, жоспарлы тексеру барысында және мониторинг кезінде объектіге алғашқы барған кезде айыппұл түріндегі әкімшілік шаралар қолданылмайды. Анықталған  бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындамаған  құқық бұзушылар үшін ғана жаза қолданылады. Ал балалардың денсаулығына қауіп төндіретін бұзушылық  фактілері бойынша объектінің қызметін тоқтата тұру не тыйым салу, персоналды жұмыстан шеттету түрінде субъектілердің дереу орындауын талап ететін жедел ден қою шаралары қолданылатын болады.
  • Жетіншіден, бюджеттік бағдарламалардың лауазымды тұлғалары - әкімшілеріне қатысты бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің жеке ұсыныс шығару құқығы бекітілді. Бұл облыстық бюджеттен қаржыланатын мектеп директорларының, емханалар мен балабақшалар басшыларының қаржылық шығындарды талап ететін бұзушылықтар үшін СЭС айыппұлдарына негізделген шағымдарын алып тастауға мүмкіндік береді.

Ерекше тәртіппен прокуратура органдарында тіркеу рәсімдері сақталады. Қабылданған нормаларды тиімді жүзеге асырудың негізгі шарты – жергілікті атқарушы органдардың жергілікті бюджет есебінен балаларға қызметтер көрсететін ерекше бақылау субъектілерінің тізбесі бойынша толық және нақты мәліметтерді уақтылы ұсыну. Қазіргі уақытта Комитет республикалық балалар ұйымдарын қаржыландыратын орталық мемлекеттік органдардан деректер жинауды жүргізуде. Комитеттің аумақтық департаменттері ерекше бақылау және қадағалау субъектілерінің қорытынды тізімін жасайды және бекітеді, содан соң  оны сайтқа орналастырады. Бұдан басқа, «Білім туралы» Заңда жергілікті атқарушы органдардың тамақтану қызметтері шарттарының орындалуын бақылау және қызметтің өнім берушілерінің тізілімін жүргізу функциялары бекітілген. Бұл мектептегі тамақтану қызметтерінің сапасын  жүйелі бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Осыған байланысты балаларға қызмет көрсету үшін мемлекеттік бюджеттен қаржыланатын субъектілерге мынаны ҰСЫНАМЫЗ:

  • қызмет талаптарының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға нақты сәйкестігін қамтамасыз ету;
  • тамақтануды, медициналық қызмет көрсетуді және инфекциялық қауіпсіздікті ұйымдастыруға ерекше назар аудару;
  • санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының нұсқамалары мен ұсынымдарын уақтылы орындау.

Бұзушылықтар  алғаш анықталған кезде оларды жоюға барынша назар аудару керек.

Қабылданған түзетулер – бұл бейресми емес және бақылауды кеңейту емес. Бұл – нақты тәуекелдер мен практикалық проблемаларды талдауға негізделген балаларды қорғау құралы.

Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев Қазақстанда 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің өкілеттіктері кеңейтілгенін, оның ішінде балаларға қызмет көрсететін ұйымдарға санитарлық бақылауды күшейту жөнінде нақты жаңа қағидалар енгізілгенін айтты.

«Олар бұдан былай бюджет бағдарламаларының әкімшілеріне  құқық бұзушылық себептерін жою туралы жеке ұсыныс енгізу, мемлекеттік меншік нысандарына қатысты жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік органдарға міндетті ұсынымдар жолдау, олар  сондай-ақ бұл ұсынымдардың орындалуын талап етуге құқылы болады», — деді Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев.

          Негізгі мақсат:

  • балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау; 
  • формалды тексерулерден гөрі нақты алдын алу шараларына көшу; 
  • «айыппұл салу үшін емес», бұзушылықты ерте анықтап, жою үшін енгізілді.

    «Бұған дейін Бас мемлкеттік санитариялық дәрігердің өкілеттігі көбіне тек тексеру қортындысымен шектелетін. Тексерулер тек белгілі тәртіппен жүргізілді. Негізінен жоспарлы тексерулер болды; және Кәсіпкерлік Кодекс талаптарына сәйкес субьектілерге алдын ала хабарлама арқылы тексерістер жүргізілген болатын. Жергілікті атқарушы органдарға ықпал ету тетігі әлсіз болды. Санитариялық дәрігердің анықтаған заңбұзушылықтар бойынша әкімдіктерге  немесе білім басқармаларына міндетті талап қою құқығы нақты бектілмеген. Ұсынымар көбіне кеңес беру сипатында қалатын. Яғни, балалар ұйымдарындағы жүйелі проблемаларға тікелей әсер қиын еді», — деді Астана қаласы Мұхамғали Арыспаев.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу