Барлық өңірде көктемгі дала жұмыстары басталды — 11,3 млн га алаңға дақылдар егілді

25 мамырда Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабектің қатысуымен 2022 жылғы көктемгі егіс жұмыстарының барысы тақырыбында брифинг өтті. Министрлік өкілі көктемгі дала жұмыстарын жүргізу және Қазақстан Республикасында жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жетілдіру жөнінде баяндады.

Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, 2022 жылға арналған егіс алқаптарының болжамды құрылымы қалыптасты. Жалпы егіс алаңы 23,1 млн гектарды құрайды, бұл 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 105 мың гектарға артық. Жем-шөп дақылдарының алқабы едәуір ұлғайтылып, 3,6 млн га құрады. Сондай-ақ картоп, күнбағыс, көкөніс, яғни әлеуметтік дақылдар алқабы кеңейтілді.

Биылғы көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі бірнеше рет облыс әкімдіктерімен кеңестер өткізді. Егіс жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін тұқыммен, агрохимиямен, техникамен қамтамасыз етуге, қаржыландыруға байланысты барлық мәселелерді үйлестіру мақсатында Республикалық жедел штаб құрылды, оның құрамына барлық мүдделі органдар мен ұйымдар, сондай-ақ облыстар әкімдерінің орынбасарлары енгізілді. Штаб отырысы апта сайын өткізіледі.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек фермерлерді қамтамасыз етудің жекелеген бағыттарына толығырақ тоқталып өтті.

Оның айтуынша, биыл егіс жұмыстарын жүргізуге (ақпан-маусым кезеңіне) 400 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық. Жеткізу, сақтау және сату бойынша облыс операторларының шығыстарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін орташа баға 200 теңге/литрді құрайды, ал АЖҚС-та баға 230-дан 260 теңге/литрге дейін, бұл орташа алғанда 15%-ға арзан. Қазіргі уақытта бекітілген кестеге сәйкес аграршыларға отын жөнелтіліп жатыр.

«Есептік деректерге сәйкес, тұқым себу жоспардан 100% жүзеге асырылды. Тұқым сараптамасы жүргізілді, оның 99%-ы кондициялы деп танылды, 90,6%-ы егіс стандартының 1 және 2 класына сәйкес келеді. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары бірнеше рет хабарлағандай, Ресейден дәнді дақылдарды жеткізу проблемасы болды. Мұның себебі Ресей тарапының дақылдарды экспорттауға тыйым салуы болды. Тұқым бойынша СЭҚ ТН ұқсас коды болғандықтан, оларға да тыйым салынған. Бұл тұқымдар бізге сортты жаңарту және сортты ауыстыру үшін қажет екенін ескере отырып, мәселе Премьер-Министрлердің орынбасарлары деңгейінде көтеріліп, нәтижесінде Ресей Федерациясының Үкіметі тұқымдарды әкетуге тыйым салуды алып тастап, оларды рұқсат беру тәртібіне ауыстыру туралы шешім қабылдады», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Анықтама: Себу сапасы бойынша тұқымдар үш сыныпқа бөлінеді,:

- 1-сынып – тазалығы кемінде 99%, арамшөп өсімдіктері 5 дана/кг, өнгіштігі кемінде 95%;

- 2-сынып – тазалығы кемінде 98%, арамшөп өсімдіктері 20 дана/кг, өнгіштігі кемінде 92%;

- 3-сынып – тазалығы кемінде 97%, арамшөп өсімдіктері 70 дана/кг, өнгіштігі кемінде 90%.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек қосымша 14 мың тоннадан астам дәнді дақылдар тұқымы алынғанын атап өтті. Бұл қазақстандық аграршыларға дәнді дақылдар тұқымдарының келісімшарт жасалған партияларын алуға мүмкіндік беріп, сорттық әлеуетті күшейтті. Тұқым шаруашылығын қолдауға биыл жергілікті бюджеттерде 11,8 млрд теңге қарастырылған.

Тыңайтқыштармен қамтамасыз ету

Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша биыл шамамен 670,2 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,7 мың тоннаға артық.

Бүгінгі таңда тыңайтқыштарды жеткізуге 408,6 мың тонна көлемінде келісімшарт жасалды. Іс жүзінде барлық өңірлерде минералды тыңайтқыштарды жөнелту жұмыстары басталды, аграршыларға шамамен 308,1 мың тонна тыңайтқыш тиелді. Қоймалардағы қорлар, соның ішінде импорттық тыңайтқыштар қалыптасты.

«Фермерлер тыңайтқыштардың, оның ішінде отандық тыңайтқыштардың қымбаттығы мәселесін көтерді. Үкімет тиісті жұмысты орындады, минералдық тыңайтқыштардың ірі өндірушісі – "ҚазАзот" компаниясы өндірілетін аммиак селитрасының құнын тоннасына 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады. "Қазфосфат" компаниясымен аммофос бағасын жеткізуді ескере отырып, 208 мың теңгеден 195 мың тоннаға дейін төмендету мәселесі пысықталды. Бұл ретте минералды тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялауға 38,4 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен қосымша 11,6 млрд теңге бөлінгенін атап өту қажет. Яғни, сатып алынған тыңайтқыштар құнының 50%-ын мемлекет өтейді», — деді Әбілхайыр Тамабек өз сөзінде.

Көктемгі егіс жұмыстарын сәтті өткізудің негізгі мәселесі – фермерлерді несие қаражаттарымен қамтамасыз ету. Осы жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беруге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінді. «Кең дала» бағдарламасы аясында ресми түрде 70 млрд теңге сомасына 2562 АШТӨ өтінімі келіп түсті, оның ішінде 69 млрд теңге сомасына 2086 өтінім қаржыландырылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, соңғы қарыз алушыларға тікелей кредит беру банк кепілдігін берген кезде жылдық 1,5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша жүзеге асырылады. Бағдарлама сондай-ақ соңғы қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%-дан аспайтын екінші деңгейдегі банктерді, кредиттік серіктестіктерді, микроқаржы ұйымдарын және өңірлік инвестициялық орталықтарды қорландыруды көздейді.

«Кепілдік құнын есептеу объектінің түріне байланысты өтімділік коэффициенттерін қолдана отырып, мүліктің нарықтық құнынан анықталады. Мүлікті қамтамасыз ету ретінде ұсынылатын нарықтық құнды қоғам қызметкерлері Қазақстан Республикасының бағалау қызметі саласындағы қолданыстағы стандарттарға сәйкес айқындайды. Сонымен қатар әлемдік азық-түлік нарықтарындағы құбылмалылыққа байланысты фермерлер үшін салдарды нивелирлеу мақсатында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін қаржыландыру көлемін қосымша 70 млрд теңгеге ұлғайту және бюджеттік кредиттеудің жалпы сомасын 140 млрд теңгеге дейін жеткізу туралы шешім қабылданды. Бұл ретте, қосымша 70 млрд теңге бойынша кредиттеу нормативі ұлғайтылады, бұл фермерлердің сұрауы бойынша жасалды», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек.

Қазіргі уақытта «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өз қаражатынан 14 млрд теңгеден астам сомаға 435 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге кредит берді, олар қосымша бөлінген қаражаттан өтелетін болады. Форвардтық сатып алу шеңберінде "Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы" ҰК" АҚ 93,6 млрд теңгеден астам сомаға 550 өтінім түсті. 74,4 млрд теңге сомасына 410 өтінім қаржыландырылды. Бұл ретте биыл қаржыландыру сомасы 80 млрд теңгеге дейін жеткізілді, бұл өткен жылдың деңгейінен 2 есе артық. Сондай-ақ жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, зығыр, рапс, соя, қарақұмық және жүгері сияқты он атауға дейін сатып алынатын дақылдардың тізбесі кеңейтілді.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу мәселесі министрліктің тұрақты бақылауында. Қазақстанның барлық өңірлерінде көктемгі дала жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта 11,3 млн га алаңға дақылдар егілді.

Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау

Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау елдің саяси міндеттерін жүзеге асырудың ғана емес, сонымен бірге жер қатынастарын реттеу саласындағы саясатты тиімді жүзеге асырудың да негізгі құралы.

2014-2021 жылдар аралығында бақылау функцияларының негізгі бөлігі әкімдіктердің құзыретінде болған. Өз кезегінде, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті стратегиялық және реттеушілік функциялардан басқа облыстардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерінің қабылдаған шешімдерінің заңдылығын, сондай-ақ мемлекеттік жер кадастрын жүргізудің дұрыстығына бақылауды жүзеге асырды.

«2021 жылдың өзінде Комитетке мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері мен әрекетсіздіктеріне 3488-ден астам өтініш келіп түсті, бұл ретте өтініштердің 67%-ы елді мекендердің жерлеріне, 15%-ы басқа санаттағы жерлерге қатысты, ал қалған 18%-ы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге байланысты. Өткен жылы жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер (шағымдар, өтініштер) негізінде 175 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, оның нәтижелері бойынша заңдылықтың бұзылуына жол берген әкімдіктердің және басқа да мемлекеттік органдардың кінәлі лауазымды тұлғаларына қатысты жалпы сомасы 875,1 мың теңгеге 55 әкімшілік іс қозғалды. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы әкімдіктер мен мемлекеттік органдардың атына, орындау үшін тиісті 138 нұсқама енгізілді. Әкімдіктердің заңсыз қабылдаған шешімдерінің күшін жою бойынша сот органдарына 18 талап арыз берілді, оның ішінде 16 талап арыз қанағаттандырылды, 2 қараусыз қалдырылды», — деді вице-министр Әбілхайыр Тамабек.

Тексеру барысында әкімдіктер тарапынан анықталған бұзушылықтар — жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы жөніндегі уәкілетті органдарының өз функцияларын тиісінше орындамауының, олардың арасында тиісті өзара іс-қимылдың болмауының, аталған органдар мамандарының заңда белгіленген нормалар мен талаптарды, өздерінің лауазымдық міндеттерін білмеуі мен орындамауының, сондай-ақ басшылық тарапынан тиісті бақылаудың болмауының салдары.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес, 2021 жылы республика бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі уәкілетті органдар жер заңнамасының сақталуы тұрғысынан 2406 тексеріс жүргізді. Жүргізілген тексерулер барысында 1111 заң бұзушылық анықталды, 1072 жағдайда жер заңнамасын бұзушыларға жалпы сомасы 219,8 млн теңгеге айыппұл түріндегі әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.

2021 жылы анықталған бұзушылықтардың 65,7%-ы жерге мемлекеттік меншік құқығын бұзу; 1,9%-ы арнайы белгілерді жою; 8,6%-ы жерді бүлдіру; 5,3%-ы жер учаскелерін беру туралы өтініштерді қараудың белгіленген мерзімдерін бұзу; 18,5%-ы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімсіз пайдалану немесе пайдаланбау, жерлерді нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбау және басқалары құрайды.

Бұдан басқа, әкімдіктермен коммерциялық мақсаттарға арналған жерлерде 2019-2021 жылдар аралығында жалпы алаңы 5,2 мың га құрайтын 3,5 мың учаске анықталды. Жер инспекторлары ден қою шараларын қабылдағаннан кейін жер иелері жалпы алаңы 1,6 мың га құрайтын 1,2 мың учаскені пайдалануға кірісті; жалпы алаңы 210 га құрайтын 320 учаске мемлекетке қайтарылды; жалпы алаңы 3,4 мың га құрайтын 2 мың учаске бойынша жерді мемлекетке қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек Қазақстанда ерекше құқықтық мәртебесі бар ауыл шаруашылығы жерлеріне жеке тоқталды.

«Ауыл шаруашылығының табысты болуы үшін әрбір гектар жерді ұтымды пайдалану қажет. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шамамен 114 млн га құрайды. Оның ішінде, егістік жерлер – 26,1 млн га, жайылым – 80,5 млн га, басқалары – 7,4 млн га. Өздеріңізге белгілі, 2014-2021 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы жерлеріне бақылау жүргізу әкімдіктердің құзыретінде болды. Әкімдіктер жүргізген жұмыстардың аясында 2019-2021 жылдар аралығында 8,1 млн га пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері анықталды, оның ішінде егістік – 1,3 млн га, жайылым – 6,8 млн га. Олар бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Атап айтқанда, 3,4 млн га жерді шаралар қабылданғаннан кейін жер учаскелерінің бұрынғы меншік иелері мен жер пайдаланушылар игере бастады; 2,1 млн га мемлекеттік меншікке қайтарылды; 2,6 млн га жерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жерлердің ұтымды және тиімді пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша жұмыстар толығымен жүргізілуде. 2021 жылғы 30 маусымда Мемлекет басшысы Заңға қол қойды, оған сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылау өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне толығымен өтті. Осыған орай жерлерді беру және бақылау мәселелері бір мемлекеттік орган – әкімдіктерде болуына байланысты, жергілікті атқарушы органдардың деңгейіндегі мүдделер қақтығысы мәселесі шешілді. 2022 жылғы 3 қаңтарда пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алып қою мерзімін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарту және мемлекеттік бақылаудың жаңа тетігін енгізу жөніндегі норма қабылданды.

«Пайдаланылмай жатқан жерлердің 90%-ға жуығы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі. Бұл ретте ерекше жағдайларды қоспағанда, микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулерді жүргізуге мораторий енгізу туралы Президент Жарлығын бұза отырып, тексерулер жүргізу мүмкін емес. Осыған байланысты, Министрліктің 2021 жылғы 26 шілдедегі № 223 бұйрығымен "жаппай қатер" ұғымын айқындау жөніндегі ұсынымдар бекітілді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2022 жылғы 4 мамырдағы № 139 бұйрығына сәйкес, "жаппай қатер" шеңберінде жалпы алаңы 5,8 млн га құрайтын 1901 шағын кәсіпкерлік субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізу жоспарланып отыр, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбайтын шағын кәсіпкерлер қатынастарына тексерулер тағайындау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек.

Сонымен қатар жер пайдаланушыларды экономикалық мәжбүрлеуге жағдай жасау үшін пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салық ставкалары 10 еседен 20 есеге дейін екі есе ұлғайтылды. Тәжірибе көрсеткендей, осындай іс-әрекеттер нәтижесінде жер пайдаланушылар ұлғайтылған салықты төлемеу үшін жерлерді өз еркімен қайтаратын. Жоғарыда аталған іс-шаралар нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда ағымдағы жылы 5 млн га пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік меншікке қайтару жоспарланып отыр.

«Бұл ретте пайдаланылмайтын және заңнаманы бұзушылықпен берілген жерлерді алып қою бір күннің жұмысы емес екендігін атап өткен жөн, себебі Конституцияның және Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес меншік құқығы қорғалған, ал алып қою процессі тек сот арқылы ғана жүзеге асырылады. Пайдаланылмайтын жерлерді алып қою жұмыстарын жандандыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылғы 28 сәуірде Пайдаланылмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып берілген жер учаскелерін алып қою бойынша жұмыс комиссиясы құрылды. Осы комиссияның негізгі міндеті – мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-әрекеттерін күшейту, сондай-ақ оларды шешу бойынша жүйелі заңнамалық шараларды қабылдау арқылы пайдаланылмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып берілген жер учаскелерін алып қою бойынша іс-шараларды күшейту. Аталған комиссия тұрақты және ұзақ мерзімде қызмет ететін болады», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек.

Биыл 3 және 12 мамырда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалық етуімен Жұмыс комиссиясының отырыстары өткізілді.

Қазіргі уақытта әрбір аймақта мүдделі құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қатысуымен ведомствоаралық топтарды құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мал шаруашылығын субсидиялау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға көңіл бөледі. Президенттің тапсырмасына сәйкес, отандық агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығын сақтау үшін биыл фермерлерге, оның ішінде мал шаруашылығы саласында айтарлықтай мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетін болады. Қазіргі уақытта Қазақстанда өндірілетін ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімінің 45% мал шаруашылығына тиесілі. 2022 жылы мал шаруашылығын субсидиялауға шамамен 124,6 млрд теңге бағытталады. Бұл салада мемлекеттік қолдаумен субсидиялаудың 30-ға жуық бағыты көзделіп отыр. 2021 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруға әкімдіктер 108,1 млрд теңге бағыттады, республикалық бюджеттен қосымша 13,6 млрд теңге бөлінді. Осылайша, мал шаруашылығын дамытуға 121,7 млрд теңге бағытталды, оны 35 мың агроөнеркәсіптік кешен субъектілері алды, оның 70% астамы шағын және орта шаруашылықтар.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, субсидиялардың жалпы көлемінен 59,1 млрд теңге асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, оның ішінде тауарлы және асыл тұқымды ірі қара мал аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге – 17,2 млрд теңге, отандық асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға – 15,9 млрд теңге, шетелдік асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға – 8,8 млрд теңге бағытталды. Сондай-ақ бұқашықтарды күтіп-бағуға – 1,8 млрд теңге, қойдың тауарлық және асыл тұқымды аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге – 10,7 млрд теңге, асыл тұқымды қой сатып алуға – 2,3 млрд теңге, асыл тұқымды жылқылар мен түйелерді сатып алу – 61,7 млн теңге, ІҚМ мен қойларды қолдан ұрықтандыру қызметтері үшін – 430,9 млн теңге, шошқалардың аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге – 1,6 млрд теңге, бал ара ұяларымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге – 263 млн теңге қарастырылған.

Мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің құнын арзандатуға 62,6 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде сүт өндірісіне – 18,9 млрд теңге, құс етін өндіруге – 17 млрд теңге, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарына сатылған бұқашықтар – 4,9 млрд теңге, жұмыртқа өндірісіне – 3,9 млрд теңге, қымыз және шұбат өндірісіне – 534,3 млн теңге, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарына сатылған қошқарларға – 227,7 млн теңге, бордақылау алаңдарына және ет комбинаттарына сатылған қошқарларға – 227,7 млн теңге бөлінді, сонымен бірге ауыл шаруашылығы жануарларының аналық мал басына азық құнын арзандату – 17,6 млрд теңге.

2022 жылы облыс әкімдіктері асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялауға 100,1 млрд теңге бөлді.

Сонымен қатар республикалық бюджет комиссиясының шешімімен мал шаруашылығын субсидиялауға 24,5 млрд теңге сомасында қосымша қаражат бөлу туралы тапсырыс мақұлданды. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға субсидиялардың жалпы көлемінен 68,2 млрд теңге бағытталды. Мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің құнын арзандатуға 56,4 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік қолдау шараларымен 35 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қамтылатын болады.

Айта кету керек, 2021 жылдың жазында ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басын сақтау мақсатында жемшөп сатып алу құнын арзандатуға Үкімет резервінен Маңғыстау облысына 1,2 млрд теңге, Қызылорда облысына 1,7 млрд теңге бөлінген болатын. Қосымша Маңғыстау облысына Үкімет резервінен 663,8 млн теңге бөлінді.

Мал шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда агроқұрылымдарда ірі қара малдың саны 8,1% артып, 3 904,2 мың басты құрады: қой 8,3% көбейіп, 9 187,1 мың басты, жылқы 14,9% – 1949,7 мың басты, түйе 8,8% – 121,6 мың басты, шошқа 4,2% – 341,1 мың басқа, құстар 13,7% 35,8 млн басқа өсті. Союға арналған салмақтағы ет өндірісі 9,4% артып, 618,7 мың тоннаны, сүт өндірісі тиісінше 6,3% – 1 799,8 мың тоннаны құрады. Бұл ретте тағамдық жұмыртқа өндірісі 6,2%-ға төмендеп, 3 562,5 млн дананы құрағанын атап өткен жөн.

Шетелдік селекцияның асыл тұқымды ірі қара мал басын әкелу есебінен бүгінгі күні асыл тұқымды мал басының үлесі едәуір артып, жалпы ірі қара мал басының 13% құрады. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шаралары есебінен 53 инвестициялық жоба іске асырылды, оның ішінде 35 сүт-тауар фермасы, 7 құс фабрикасы бар. Ағымдағы жылы 62 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Жалпы, биыл агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың жалпы көлемі 449 млрд теңгені құрайды, бұл 2021 жылғы деңгейден 20%-ға артық. Қаражат мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын субсидиялауға, инвестициялық субсидиялауға және кредиттер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға, ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға, фитосанитариялық және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Қазақстандағы эпизоотиялық жағдай туралы

Қазақстанда жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне 68 ауру мен инфекция түрі енгізілді, оның ішінде жануарлардың 45 ауруы бойынша қолайлы эпизоотиялық жағдай байқалады, 23 ауру бойынша арнайы ветеринариялық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Халықаралық эпизоотиялық бюро жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізіміне 88 түрлі ауру мен инфекцияны енгізді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шаралар (профилактика, диагностика, жою) бюджет қаражаты есебінен жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне енгізілген аурулар бойынша жүргізіледі. Республикада мұндай профилактикалық іс-шаралар жануарлардың 23 ауруы бойынша жүргізіледі, бұл вакцинация және диагностика.

2022 жылға аса қауіпті ауруларға жануарларды вакциналау бойынша ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, диагностикаға 160,5 млн манипуляция, сондай-ақ 34,1 млн зерттеу жоспарланған. Жыл басынан бері республика аумағында 177 қолайсыз пункт тіркелді. Оның ішінде аса қауіпті жұқпалы аурулар бойынша 91 пункт (оның ішінде 51-і жойылды, 40-ы жұмыс істейді), сондай-ақ бруцеллез бойынша 86 пункт (оның ішінде 20-ы жойылды, 66-сы жұмыс істеп тұр). Ол үшін жоспардан тыс, мәжбүрлі 58 516 бас ірі қара мал, 4707 бас ұсақ мал, 2388 бас жылқы және 633 ет қоректі жануарларға вакцинация жүргізілді, сондай-ақ 1,0 млн шаршы метрден астам дезинфекциялық құралдар бөлінді.

2022 жылдың 4 айында тәркіленген және жойылған жануарлардың 61 басына 15,1 млн теңге өтемақы берілді. Осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша республика бойынша 13,04 млн бирка бар: 2,2 млн ірі қара мал, 8,6 млн ұсақ мал, 2,1 млн бас шошқа, 36,9 млн бас түйе.

Сонымен қатар 2022 жылдың бірінші тоқсанында ветеринариялық-санитариялық талаптарды бұзғаны үшін мемлекеттік ветеринариялық инспекторлар анықталған бұзушылықтарды жою бойынша 12 966 нұсқама жазып берді. Нұсқамалардың орындалуын тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бабына сәйкес, жалпы сомасы 208,6 млн теңгеге 6 088 әкімшілік айыппұл салынды.

Қазақстанда аусыл бойынша жағдай тұрақты

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы 2022 жылғы 14 қаңтарда Қарағанды облысында аусыл ошағын тіркеді. Көп ұзамай Шет ауданы Киікті ауылдық округі әкімінің шешімімен шаруа қожалығына карантин қойылып, байланыста болған барлық жануарлар жойылды, сондай-ақ дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті жануарлардың денсаулығын қорғау жөніндегі дүниежүзілік ұйымға аусыл ауруы туралы дереу хабарлады. Осыған байланысты Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын қорғау ұйымы вакцинациясыз аусыл бойынша салауаттылық мәртебесін тоқтатты, ал импорттаушы елдер (Ресей, Қытай, Беларусь және т. б.) Қазақстаннан тірі жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты экспорттауға қатысты шектеу шараларын енгізді, бұл қазақстандық экспорттаушылардың мүдделік қолдауының (лобби) жоқтығын көрсетті.

Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметі ауыл шаруашылығы құрылымдарының ветеринариялық дәрігерлерімен бірлесіп, аусыл бойынша жағдайды тұрақтандыруды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізді. Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметінің хаттарына сәйкес биыл сәуір айынан бастап Қазақстан аумағынан тағамдық коллаген өндіру үшін ІҚМ терілерін әкелуге рұқсат етілді.

Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті эпизоотиялық саулықты сақтау үшін Қазақстанның орталық аймағында ауыл шаруашылығы жануарларын вакциналау туралы шешім қабылдады, бұл туралы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын қорғау ұйымы хабардар етілді.

Айта кету керек, жануарлар ауруы туралы күдік туындаған әр жағдай кезінде ветеринарлық қызметтер аккредиттелген зертханаларда зерттелетін биологиялық материалдың сынамаларын алады. Ақмола және Павлодар облыстарынан келген ауру жануарларды зертханалық зерттеу нәтижелеріне сәйкес инфекциялық ринотрахеит орнатылды. Соның нәтижесінде шектеу іс-шаралары енгізіліп, қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Зерттеулердің нәтижесінде парагрипп-3, нодулярлық дерматит, аусыл, контагиозды плевропневмония, пастереллез және вирустық диарея сияқты аурулар анықталмады. Жалпы, елімізде аусыл бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу