14 Қазан 2025, 19:31

Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «AI-Sana бағдарламасын жүзеге асыру» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Онда ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова баяндама жасады.
Президент Жолдауында Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауқымды цифрлық жаңғырту кадрларға, адам капиталына жаңа талаптар қоятынын атап өткен болатын.
Осыған орай Министрлік жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу барысында тек технологиялық трендтерді ғана емес, сонымен бірге еңбек нарығындағы өзгерістерді де ескереді.
«Осы мақсатта біз жаңа мамандықтар атласы жобасы аясында, жасанды интеллектінің дамуына байланысты еңбек нарығындағы өзгерістерге де талдау жүргіздік. Жасанды интеллект саласында да қандай мамандықтар трансформацияланып жатқанын, қайсысы жойылатынын және қандай жаңа мамандықтар пайда болатынын анықтадық. Соған сәйкес, біздің білім беру бағдарламалары еңбек нарығының осы сұраныстарын ескере отырып әзірленуде. Аталған жұмыстар еңбек нарығындағы болашақ сұранысты алдын ала болжауға бағытталған», — деп түсіндірді вице-министр.
Негізгі мақсат – келешекте қажет болатын құзыреттер мен дағдыларды меңгерген кадрлар даярлау екенін жеткізген спикер бүгінгі күні 30 жоғары оқу орны жасанды интеллект бойынша 38 білім беру бағдарламасын жүзеге асырып жатқанын айтты.
Оның айтуынша, 2025 жылдан бастап барлық білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектіні қолдану дағдылары енгізілген. Қазірдің өзінде 95 жоғары оқу орны оқу жоспарына жасанды интеллект пәндерін енгізіп отыр.
Сонымен қатар оқытушылардың біліктілігін арттыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Профессорлық-оқытушылар құрамының 54%-ы жасанды интеллект бойынша курстардан өтті. Оның ішінде 7,7 мыңнан астам оқытушы сертификатталған курстардан өтті. Келесі жылы толық қамтуға шығару жоспарланып отыр.
«Жасанды интеллект» білім беру бағдарламасы әлемдік технологиялық трендтерге сәйкес келеді. Бұл бағдарламалар тек трендтерді ғана емес, сонымен бірге оқыту барысында математикалық және сыни ойлауды дамытады, инженерлік дағдылар қалыптастырады.
«Бағдарлама студентке екі бағытта нәтиже береді. Біріншісі – нақты құралдар мен дағдылар. Екіншісі – осы дағдыларды медицинада деректерді талдау, энергетикада тиімділікті арттыру, көлікте немесе агроөнеркәсіпте өндірісті оңтайландыру сияқты нақты салаларда қолдану. Жасанды интеллект бойынша әзірленген жаңа білім беру бағдарламалары бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерін толық қамтыды. Бұл бағдарламалар экономикадағы негізгі салалардың қажеттіліктерімен өзара келісілген. Теориялық дайындық тәжірибемен, ғылыми жобалармен және микроквалификациямен ұштасады», — деп толықтырды сөзін Динара Щеглова.

Оның мәлімдеуінше, оқу жоспарлары ұлттық компаниялар және жетекші кәсіпорындармен бірлесіп әзірленген. Осылайша білім беру жүйесі еңбек нарығына тікелей бейімделіп, студенттерге айқын мансаптық траектория ұсынады.
Жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау құрылып жатқан Академиялық хаб шеңберіндегі шетелдік жетекші университеттермен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Мысал ретінде – Қазақстнадағы Cardiff университетінде жасанды интеллект орталығы ашылды, сондай-ақ қазіргі таңда 3 жоғары оқу орны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті SeoulTech-пен, Satbayev University City University of Hong Kong-пен, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Лу Бань шеберханасының базасында нақты серіктестік жобаларды жүргізіп отыр.
Осындай тәжірибе Astana IT University, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде де дамып келеді.
«Халықаралық компаниялармен ынтымақтастық аясында қазіргі уақытта Министрлік NVIDIA, Google, Astana Hub, EduSystem, Huawei және Coursera сияқты халықаралық жетекші компаниялармен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Олардың әрқайсысымен жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және инновациялық білім беру салаларындағы құзыреттерді дамытуға бағытталған бірлескен бастамалар мен жобалар жүзеге асырылуда», — деп атап өтті вице-министр.
Coursera компаниясымен соңғы үш жылдағы бірлескен жұмыстарды ерекше атап өткен спикер осы кезеңде 197 926 студент оқытудан өтіп, 388 573 сертификатқа ие болғанын жеткізді.
Оның айтуынша, платформада жасанды интеллект бойынша 225 курс қолжетімді.
Сонымен қатар AI-Sana бағдарламасы аясында студенттер 72 406 сертификат алды, бұл олардың цифрлық және жасанды интеллект бағыттарына жоғары қызығушылығын көрсетеді.
Жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін жоғары оқу орындарында инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылып отыр.
Жетекші университеттер базасында ғылым мен практиканы ұштастыратын жасанды интеллект бойынша арнайы орталықтар мен зертханалар құрылды.
«Бүгінде жасанды интеллект орталықтары Шығыс Қазақстан техникалық университетінде, Астана IT университетінде, Қазақ ұлттық университетінде, Атырау мұнай және газ университетінде, Сүлейман Демирель университетінде, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде, Әлихан Бөкейхан университетінде және басқа жоғары оқу орындарында табысты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар жасанды интеллект бойынша арнайы кафедралар Қазақ ұлттық университетінде, Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Халықаралық ақпараттық технологиялық университетінде және Астана IT университетінде ашылды», — деп толықтырды сөзін спикер.
Бұдан бөлек, елімізде бірқатар ғылыми зертхана жұмыс істейтіні айтылды. Әсіресе, атап өтетін жайт, 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты 2024 жылда ғылыми-зерттеу институты болып заңды тұлға ретінде қайта ұйымдастырылды.
Сонымен қатар еліміздегі Қазақ ұлттық университеті, Еуразиялық ұлттық университеті, Сәтбаев Университеті, Назарбаев Университеті сияқты жоғары оқу орындары базасында суперкомпьютерлердің академиялық кластері қалыптасуда.
Алдағы уақытта бұл қуаттарды бірыңғай желіге біріктіріп, еліміздің барлық өңіріндегі жоғары оқу орындарының қол жеткізуін қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр.
Бұл Қазақстанға академиялық есептеулер және халықаралық әріптестермен бірлескен зерттеулер бойынша өңірлік көшбасшылар қатарына кіруге мүмкіндік береді.

«Жасанды интеллект дамуы тек есептеу қуаты мен ғылыми инфрақұрылымды ғана емес, ең алдымен барлық студент пен оқытушының жасанды интеллект саласындағы базалық сауаттылығын арттыруды талап етеді. Осы мақсатта Президенттің 2024 жылы берген тапсырмасын орындау аясында, AI-Sana бағдарламасы әзірленіп, оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жұмыстары басталды. Бағдарлама барлық деңгейдегі студенттер, магистранттар және жас зерттеушілерді қамтиды. Бірінші кезеңде 650 мың студентті жасанды интеллект негіздеріне және Жасанды интеллектіні басқару дағдыларына оқыту көзделген», — деп атап өтті ол.
Қазіргі таңда 544 мың студент курстардан өтіп, сертификат алған. Олар Huawei, Coursera, Astana Hub және университеттердің жеке бағдарламалары бойынша оқыды.
Келесі кезеңдерде – жасанды интеллектіні тереңдетіп оқыту, технологиялық кәсіпкерлік, салалық жобалар әзірлеу және стартаптарды акселерациялау жоспарланған.
Осылайша, AI-Sana бағдарламасы ЭКСПО аумағында орналасқан Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы үшін адами капиталдың негізгі көзіне айналды.
Оқыту Huawei, Astana Hub және Coursera сияқты жетекші халықаралық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылуда, ол жасанды интеллектінің кең бағыттарын қамтиды.
«Бүгінгі таңда еліміздің 80 жоғары оқу орнында 137 ЖИ-агент енгізілген, ал тағы 363 ЖИ-агент әзірлеу сатысында тұр. Студенттер әзірлеп жатқан ең танымал ЖИ-агенттерге – ЖИ-қабылдау комиссиясы, ЖИ-чек, ЖИ-прокторинг, ЖИ-лектор, ЖИ-кітапхана, ЖИ-психолог және білім беру үдерістерінің тиімділігін арттыру мен жоғары оқу орындары қызметтерін автоматтандыруға бағытталған өзге де мамандандырылған шешімдер жатады. 2025 жылы Ұлттық суперкомпьютер alem.cloud іске қосылуы аясында жасанды интеллект агенттері (ЖИ-агенттер) Мемлекет басшысына таныстырылды. Еліміздегі жоғары оқу орындарында әзірленіп, енгізілген ЖИ-агенттер үлгілері ЖИ-қабылдау комиссиясы, AI-Check қабылдау үдерістерін автоматтандыруға, оқу жұмыстарын тексеруге және оқытушылар қызметін қолдауға бағытталған», — деп түсіндірді вице-министр.
Сонымен қатар жоғары оқу орнындағы AI-лектор, AI-Library және AI-психолог ЖИ-агенттері студенттер мен оқытушыларға білім беру үдерісінде, цифрлық дағдыларды дамытуда және психологиялық қолдау көрсетуде көмегі зор.
Жоғары оқу орындарының мамандандырылған ЖИ агенттері өнер, музыка және туризм салаларында, атап айтқанда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында музыкалық әуендер мен партитураларды генерациялауға, формасы мен стилін, гармониясын талдауға арналған AIMusic чат-боты әзірленуде.
Қазақ спорт және туризм академиясында оқу процесін жетілдіріп, студенттердің қызығушылығын арттыру мақсатында TourMentor атты AI-агент жасалуда. Бұл агент оқу мақсатындағы туристік маршруттар мен кейстерді қалыптастыруға көмектеседі.
Аталған екі жоба да осы жылдың соңына дейін тиісті жоғары оқу орындарында енгізіліп, жүзеге асырылады.
«2026 жылы еліміздің жоғары оқу орындарының барлығына кең ауықымды тарату жоспарланып отырған 10 типтік жасанды интеллект агенті білім беру үдерісін оңтайландыруға, басқару тиімділігін арттыруға, студенттерді қолдауға және оқытушыларға көмек көрсетуге бағытталған. Әрбір жоғары оқу орны бұл ЖИ-агенттерді өз базасына енгізеді, бұл өз кезегінде біртұтас цифрлық стандарттарға көшуге және заманауи университетті дамытуда жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашады», — деді Динара Щеглова.
Бұған дейін министрлік AI-Sana бағдарламасы аясында Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізгенін атап өтілді. Бұған дейін қойылған барлық міндет белгіленген тәртіппен орындалып, алдағы қадамдарға қажетті негіз дайындалды.
Сонымен бірге, 2025 жылғы 1 қазанда өткен Кеңесте Мемлекет басшысы жаңа міндеттерді айқындады:
AI-Sana бағдарламасын одан әрі іске асырып, кадрлық әлеуетті дамыту арқылы мамандар даярлаудың жаңа кезеңіне көшу;
Ғылыми серпілістерге жол ашатын және құзыреттер орталығына айналатын мамандандырылған зерттеу университетін құру;
Сапалы цифрлық ресурстар мен заманауи оқыту стандарттарына қолжетімділікті қамтамасыз ететін ұлттық білім беру платформасын әзірлеу.
Министрліктің алдағы жұмысы осы стратегиялық бағыттарға сәйкес құрылып, елімізде жасанды интеллект саласын жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу