06 Ақпан 2025, 19:48

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы 2024 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2025 жылға арналған жоспарлар қаралды. Онда оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев және бірқатар сала мамандары баяндама жасады.
Сонымен қатар жиында білім беру үдерісін жақсартуға және оқушылар үшін қауіпсіз орта құруға бағытталған маңызды бастамалар мен бағдарламалар талқыланды.
ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Қазіргі білім: сапа және менеджмент, заманауи инфрақұрылым, балалардың қауіпсіздігі, экономика үшін маман даярлау» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде дәстүрлі алқа отырысын өткізу жоспарларды нақтылауға, білім берудің өзекті мәселелерін талқылап, қорытындылауға, сондай-ақ білім беру мен тәрбие сапасын арттыру бойынша алдағы қадамдарды айқындауға мүмкіндік беретінін баса айтты.
«Мемлекеттің, білім беру жүйесінің және қоғамның бірлескен күш-жігерімен ғана біз әрбір баланың сапалы әрі қолжетімді білім алуына жағдай жасай аламыз. Нәтижесінде, балаларымыз алдағы уақытта биік белестерді бағындыра алады», — деді спикер.
Ғани Бейсембаев сапасы жоғары білім беруде маңызды саналатын негізгі бағыттарға тоқталды.
Біріншіден. Білім беру сапасын арттыру мақсатында орта білім беру мазмұнын қайта қарау, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына өзгерістер енгізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жаңартылған мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары сыни ойлау, жауапкершілік, азаматтық белсенділік және жеке даму сияқты білім беру құндылықтарына баса назар аударады.
Жасанды интеллект элементтерін жаңартылған стандарттарға енгізу оқыту тәсілдерін айтарлықтай өзгертуге, оқу үдерістерін басқаруға мүмкіндік береді және білім алушылардың материалды неғұрлым тиімді игеруін қамтамасыз етеді.
«Білім – тәрбиенің ажырамас бөлігі. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында барлық білім беру ұйымдарына “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама аясында жастар арасында құндылықтар жүйесін қалыптастыру мен нығайтуға бағытталған 6 негізгі жоба мен бірқатар шара жүзеге асырылуда. Сонымен қатар мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының жаңа жобасына Бағдарламада белгіленген құндылықтар енгізілді. Тәрбиелік жұмыстың тиімділігі сынып жетекшілеріне тікелей байланысты. Бұл жұмысты біліктілігі жоғары және тәжірибесі мол педагог мамандар жүргізгені өте маңызды. Педагогтердің сынып жетекшілігіне деген көзқарасын түбегейлі қайта қарайтын уақыт жетті», — деп түсіндірді министр.
Еліміздің барлық мектептерінде Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Орталықтар жұмысының арқасында мектеп пен ата-аналар арасындағы өзара іс-қимыл 42%-дан 82%-ға дейін артып отыр. Дегенмен, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет. Тәрбие жұмысы педагогтер мен ата-аналар қауымдастығы бірлескен жағдайда ғана оң нәтиже береді.
Екіншіден. Бүгінде елімізде білім беру сапасын бағалаудың өзіндік ұлттық жүйесі қалыптасты. Ол оқушылардың білім жетістіктерін бақылау, мектептерді мемлекеттік аттестаттау, мектепішілік бақылау сияқты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сенімді бағалау құралдарына негізделген.
Оқушылардың білім жетістіктерін бақылаудың қазақстандық бағалау құралы Ар-Си-И-Си (сірке суы) сараптау және сертификаттау ғылыми-зерттеу орталығында халықаралық деңгейде танылды. Осылайша, еліміз Орталық Азиядағы білім беру сапасын бағалау жүйесі бойынша аккредиттеу рәсімінен өткен жалғыз ел атанды.
«Биыл Қазақстан PISA-2025 халықаралық зерттеуіне қайта қатысуда. Өткен циклде біздің білім алушылар математика және жаратылыстану пәндері бойынша үздік 50 елдің құрамына енді. Дегенмен, оқу сауаттылығында мәселе әлі де бар. «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп кітапханасы» жобаларының нәтижелерін көрмей отырмыз. Мектеп кітапханалары мен тіл білімі мұғалімдерінің жұмысын күшейту қажет. Яғни, мұнда қазақ тілі, орыс тілі мен әдебиеті және шет тілдері мұғалімдері жұмысының нәтижелілігі айқын көрінуі тиіс. Бұл мұғалімдер тек өз пәндері бойынша білім сапасын арттырып қана қоймай, сонымен қатар оқу сауаттылығын дамытуға белсенді атсалысуы қажет», — деп атап өтті спикер.
Үшіншіден. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озады» деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, адам өміріндегі сарқылмас қазына – білімділік пен тәрбиелік. Бұл мәлімдеме мұғалімнің білім беру үдерісіндегі рөлін көрсетеді.
Оқу-ағарту министрі педагогтің кәсіби қалыптасуының негізгі үш кезеңіне тоқталды:
педагогикалық білім алу;
жұмыстың алғашқы жылдарындағы бейімделу;
және ең ұзағы – үздіксіз кәсіби даму кезеңі.
Қоғамда мұғалімнің білім сапасы үнемі сынға ұшырайтыны жасырын емес, кейде бұның негізсіз емес екенін де айту керек.

Министрдің мәлімдеуінше, бүгінде педагогтердің білімін бағалау нәтижелеріне сүйенсек, жоғары оқу орындарының түлектерін даярлау деңгейі өңірлер арасында да, өздерінің ішінде де айтарлықтай өзгеріп отырады. 7 653 түлектің 45%-ы ғана 50%-дық шекті деңгейден өте алған.
«”Мақсатты мектептер” жобасы аясында биология, информатика, ағылшын және қазақ тілдері бойынша жұмыс істеп жүрген педагогтердің әлсіз жақтары анықталды. Бұл пәндік білімдегі елеулі олқылықтарды көрсетеді әрі педагогикалық мамандықтар бойынша мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын жедел қайта қарауды талап етеді. Өрлеуге педагогикалық жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, біліктілікті арттыру курстары бағдарламаларын түбегейлі қайта қарауды тапсырамын. Олар педагогтің жеке сұраныстарына бейімделіп, икемді болуы тиіс», — деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.
Тағы бір айрықша назар аударатын мәселе – педагогикалық этика. Педагогтердің білімін бағалаудан өту кезінде аттестаттау қағидаларын бұзған 346 педагогтің нәтижелері жойылды.
Білімі туралы жалған дипломдар, аттестаттаудан өту үшін сертификаттарды қолдан жасау фактілері бар. Мамандардың пікірінше, бұл педагог мамандығы үшін өте ыңғайсыз жағдай. Педагогикалық этика ережелері әр мұғалім үшін міндетті стандарт болуы керек.
Еліміз үшін балаға сапалы білім, саналы тәрбие бере алатын білімді де білікті мұғалімдер қажет. Мансаптың сапалы басталуы болашақта мұғалімнің кәсіби жетістігін қамтамасыз етеді.
«Министрлік педагогтің үздіксіз кәсіби даму үдерісі ретінде біліктілікті арттыру парадигмасын қайта қарады. Барлық рәсім "Ұстаз" ұлттық платформасында автоматтандырылған. Биыл алғаш рет платформада 88 мыңнан астам модератор мен сарапшы аттестаттаудан өтеді деп жоспарланып отыр. Білім басқармасы мұғалімдерге жаңа форматтағы аттестаттаудан өту кезінде көмек және әдістемелік қолдау көрсетуі қажет. Құрметті әріптестер! 2024 жылы еліміздің екі педагогі "Қазақстанның Еңбек ері" атағына ие болды. Бұл – Президенттің еліміздегі педагогтердің еңбегіне берген жоғары бағасы, құрметі мен сенімі», — деп баса айтты министр.
Министрлік педагогтерді ынталандыру мақсатында 2024 жылы 33 педагогті мемлекеттік наградалармен марапаттады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге көп. Ведомстволық көтермелеулер арқылы 14 мыңнан астам педагог марапатталған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 есеге көп. Бір қарағанда, көп сияқты көрінгенімен, білім беру саласында 600 мыңнан астам педагог жұмыс істейтінін ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстар жалғастырыла түсуі қажет екенін көреміз. Сонымен қатар мұғалімдерді қолдау мақсатында 2020 жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданған болатын. Алайда, бүгінгі таңда жергілікті жерлерде жекелеген нормаларды іске асыру бойынша сұрақтар туындап отыр.
Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерде құқық бұзушылықтардың 120 жағдайы тіркелген. Атап айтқанда, Семей қаласында Педагогтерді әдеттен тыс қызметке тартуға жол бермеу туралы заң нормаларын елемеу салдарынан педагог маманның қатысуымен қайғылы оқиғаға әкеп соқтырған. Оқу-ағарту министрі өңір әкімдерін «Педагог мәртебесі туралы» Заңды қатаң сақтау үшін қажетті шаралар қабылдауға шақырды.
Төртіншіден. Сапалы білім берудің негізгі аспектісі – сапалы менеджмент. Бүгінде Республика бойынша 7 мыңнан аса мемлекеттік мектеп жұмыс істейді.
Талдау нәтижесі директорлардың біліктілік деңгейін көтеру қажет екенін көрсетіп отыр. Директорлардың тек 9%-ында ғана «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты бар. Осы жағдайды шешу үшін 2023 жылдан бері «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы іске асырылып келеді. Бүгінде 583 кандидат Республикалық кадрлық резервке енгізілген, жобаның іске қосылғанына қарамастан, 740 мектепке директор жетіспейді, оның 81%-ы ауыл мектебіне тиесілі.

Министрдің айтуынша, білім беру ұйымдары басшыларына Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарында анағұрлым қажеттілік байқалып отыр. Резвервтегі кадрларды тағайындау Ақтөбе облысында қажетті деңгейде орындалмаған, яғни басшылық лауазымға 12 кадрдың 2-еуі, Шымкентте 23-тің 3-еуі ғана тағайындалған. Алматы қаласында, ревервте тұрған 30 маманның біреуі де тағайындалмаған.
«Бұл білім басқармалары тарапынан өңірдегі бос орындарды ескере отырып, оқытуға қатысушыларды іріктеу кезінде нақты тәсілдің жоқ екенін көрсетеді. Басқаша айтқанда, стратегиялық маңызды жобалар өз бетінше іске асырылуда, ал біз қазірдің өзінде жоғары дәрежелі міндеттер қойып отырмыз. Бүгінгі таңда жаңа басшыларды даярлау ғана емес, сонымен қатар білім берудегі сапа менеджменті және көшбасшылық бағдарламаларына бүкіл директорлар корпусын оқыту мәселе болып отыр. Сонда ғана біз білім берудегі елеулі өзгерістерді көре аламыз. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады», — деді оқу-ағарту министрі.
Бесіншіден. Балалардың әл-ауқатының енгізілген индексін талдау оң динамиканы көрсетуде. Балалар қауіпсіздігі – мемлекеттік органдар үшін де, педагогикалық қоғамдастық және ата-аналар үшін де басты міндет.
2024 жылы Министрлік Баланың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнамаға бірқатар түзету енгізді. Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жауапкершілікті күшейтетін, сондай-ақ отбасы институты мен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған нормалар енгізілді.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылау функциялары кеңейтілді. Биылғы қаңтар айында БҰҰ-ға мүше мемлекеттер еліміздегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайту, сондай-ақ балалар құқықтарын қорғау жөніндегі қазақстандық реформаларға жоғары баға берді.
Сонымен қатар балалардың құқықтарын нақты қорғау балалық шақ мәселелеріне жанашырлықпен қарауға және барлық көзделген қорғау шараларын мүлтіксіз орындауға, оның ішінде білім беру ұйымдарында тамақтану сапасын қамтамасыз етуге байланысты болады.
Алтыншыдан. Министрлік инклюзивті және арнайы білім беру жүйесін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыруда.
Балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтуды арттыру үшін мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі енгізілді. Нәтижесінде балаларды арнайы қолдаумен қамту 85%-ға жетті.
2024 жылғы жетістіктерге қарамастан, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан және Ұлытау облыстарында мүмкіндігі шектеулі балаларға жағдай жасау бойынша көрсеткіштер төмен.
«2025 жылға балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен 100% қамту міндетін қойып отырмыз. Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен “Бөбек” ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының трансформациясы басталды. Балалардың сапалы және қолжетімді білім алу құқығын іске асырудағы жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы шеңберінде жалғастырылатын болады», — деді министр.
Жетіншіден. Еліміздегі мектептердің 67%-ы ауылдық жерде орналасқан. Қалалық және ауылдық мектептер арасында білім беру сапасындағы алшақтықты азайту мақсатында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы іске асырылуда.
2023-2024 жылдары жоба Ақтөбе облысында басталғаны белгілі. 2024 жылдан бастап жобаны шағын жинақты мектептер саны көп өңірлерде кезең-кезеңімен, ауқымды түрде тарату басталды. Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары білім басқармаларының басшылары жобаны сапалы іске асыруды қамтамасыз етуі қажет.
Бірыңғай экожүйені құру үшін Министрлік жайлы мектептерді басқару жүйесін әзірледі. Жайлы мектептер білім беру саласындағы білім беру стандарттарын арттыру және елдің стратегиялық даму құралына айналады.
Модель орта білім беру жүйесіне кеңейтілетін болады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар қысқа мерзімде өз балансына жайлы мектептер қабылдауы қажет.
Сегізіншіден. 2023-2024 жылдары инфрақұрылымдық шешімдерге салынған инвестициялар көлемі 2 трлн теңгеден асты. 2 жыл ішінде 500-ге жуық жаңа білім беру нысандары салынды. Егер 2023 жылы 165 мектеп іске қосылса, 2024 жылы – 257. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында – 105 мектеп салынған.
2024 жылы 254 мектепке күрделі жөндеу, 1 000 ауыл мектебіне кешенді модернизациялау жүргізілді, 1 700-ге жуық заманауи пәндік кабинет сатып алынды, 2 мыңнан астам орынға арналған 8 жатақхана пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл 1300 мектепті жаңарту басталды. Бұл жұмыс 2027 жылға дейін аяқталуы тиіс. Кешенді жұмыс 2027 жылы еліміздегі 8 000 мектептің барлығын жайлы мектептер стандартына сәйкестендіру үшін жасалуда.
«Алайда, іс жүзінде кейбір өңірлер инфрақұрылымды толыққанды модернизациялауды жүргізбей отыр. Мәселен, Алматы, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары тек кітаптар мен мектеп жиһаздарын сатып алумен шектелген. Білім басқармаларының басшылары білім беру объектілерін салуға, модернизациялауға және жекеменшік мектептер ашуға деген қажеттілікті анықтау мәселесін егжей-тегжейлі пысықтау қажет. Бұл мәселе біздің министрліктің ерекше бақылауында болады», — болады деді Ғани Бейсембаев.
Сапалы білім беру ортасының тағы бір маңызды аспектісі – білім беруді цифрландыру және процестерді автоматтандыру.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды жан-жақты енгізу міндетін қойды. Сапалы деректер және оларды қорғау жүйесі қамтылған цифрлық экожүйе құрылатын болады.
Министрлік «SMART ОҚУ АҒАРТУ» жобасын іске қосты. Цифрлық білім берудің бірыңғай экожүйесін қамтамасыз етіп, оқыту үдерісі мен оқытудың сапасын арттырады, білім беру процесінің барлық қатысушылары үшін білім беру ресурстары мен қызметтеріне қол жеткізуді жеңілдетеді.
«Ең үлкен жобаларды нақтылай кетейін. Starlink терминалдарын енгізу есебінен сапалы интернет тартылған мектептердің үлесі 2022 жылғы 19%-дан 2024 жылы 95%-ға дейін, яғни 3 есеге ұлғайды. Мемлекет басшысы бюджет қаражатын үнемді және ашық жұмсауды қамтамасыз ету тетіктерін енгізу қажеттігін атап өтті. Жыл басынан бері біз мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыруды масштабтауға кірістік. Білім басқармаларының басшылары өңірде ваучерлік қаржыландыруды уақытылы әрі сапалы енгізу үшін жағдай жасауы қажет. Ұлттық білім беру дерекқорымен интеграциялау қаржыландырудың жаңа моделіне жылдам көшуді қамтамасыз етеді», — деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, цифрландыру бойынша ауқымды жобаларды толық іске асыруға Цифрландыру басқармаларын, Қазақтелекомды және өзге де мүдделі ведомстволарды тарту қажет.
Тоғызыншыдан. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау бойынша тапсырма берді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент бұл процеске бейінді ведомстволар мен бизнесті тарту арқылы тапсырмаға пәрмен берді. Бұл ретте негізгі рөл әкімдерге жүктеледі, олар өңір үшін басым мамандықтарды айқындап, колледждерді сұранысқа ие кадрларды даярлауға бағдарлауы қажет.
Оқу-ағарту министрлігі былтырғы ақпан айынан бастап ел өңірлеріндегі колледждерге толықтай түгендеу жүргізді. Жергілікті жердегі индустриалдық жобалар мен жұмыспен қамту карталарын ескере отырып, кадрларды даярлаудың бейінді бағыттары айқындалды.
«Сіздерге осы жұмысты жандандырып, маусым айында мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде кадрларды даярлау мен нарықтағы қажеттілік арасындағы теңсіздікті толықтай жою керек. Сонымен қатар экономиканың энергетика, агроөнеркәсіп кешені, су және құрылыс сияқты салалары үшін жұмысшы кәсіптердің кадрларын даярлау мәселесін пысықтау қажет», — деп нақтылады Ғани Бейсембаев алқа отырысына қатысушыларға.
Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялаудың барлық бағыты қамтылған жол картасының орындалу мәселесі Министрліктің бақылауында болады.
Оныншыдан. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында азаматтардың мәселелерін тиімді шешу үшін күнделікті жұмысты түзеу қажеттігін атап өткен болатын. Әсіресе педагогтер үшін құқықтарының қорғаулы, ал олардың кәсіби қызметіне қатысты шешімдер мен тәртіптік жазалар заңнама аясында объективті критерийлерге негізделіп, қабалданғаны маңызды.
«Министрлік профилактикалық шаралар ретінде білім басқарламаларын хабардар ету үшін тоқсан сайын нормативтік-құқықтар актілердің бюллетендерін жіберіп отыр. Алайда, педагогтерден көптеген өтініштер түсетіні, ақпарат мұғалімдерге жетпейтінін білдіреді. Мәселен, 2024 жылы Министрліктің азаматтарды қабылдауына 468 адам жазылды. «е-Өтініш» ақпараттық жүйесіне 33 мыңнан астам өтініш түсті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп», — деп атап өтті спикер.
Бір жағынан, бұл азаматтардың білім министрлігіне деген жоғары сенімін, екінші жағынан жергілікті атқарушы органдарға деген төмен сенімін көрсетеді. Министрдің айтуынша, педагогтарды алаңдататын мәселелердің көбі еңбек қатынастары мен еңбекақыға, білім беру ұйымдарына қабылдау мәселелеріне қатысты.
Бұл мәселелердің барлығы білім беру ұйымының қабырғасында шешілуі керек, ал ең дұрысы – мүлдем туындамауы керек. Сонымен қатар өтініш берушіге кейде білім беру ұйымының немесе білім басқармасының басшысына қарағанда министрлікке кіру оңайырақ.
«Білім сапасын арттыру – күрделі әрі көп қырлы үдеріс, ол жүйелі тәсіл мен белгілі бір уақытты қажет етеді. Алайда, кейбір мәселелер шынымен де жедел шешім қабылдауды қажет етеді. Бұл – кадрлық әлеуетті күшейту, сапалы білім беру ортасын қамтамасыз ету, білім беру сапасын тұрақты бағалау жүйелерін енгізу қоғамдастықты білім беру процесіне қатысуға тарту. Тек осылай ғана біз білім беру жүйесінде едәуір өзгерістерге қолжеткізіп, адами капиталдың сапасына ықпал ете аламыз», — деп түйіндеді сөзін Ғани Бейсембаев.
Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Павлодар облысындағы Ерсін Мұқашев атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Жанабек Ғаламат соңғы бес жылда елімізде ұстаздардың еңбегіне және оларды қолдауға байланысты айтарлықтай ілгерілеу байқалатынан тоқталды.
Елімізде Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, бұрын болмаған көтермелеу шаралары жүзеге асуда. Педагогтердің жалақысы еке есеге жуық артып отыр. Педагог мамандығына деген талпыныс та артқан. Әсіресе ҰБТ-де жоғары балл жинаған түлектердің және «Алтын белгі» иегерлерінің мұғалім мамандығын таңдап жатқаны байқалады.
«Мен Павлодар облысы Май ауданы Ерсін Мұқашев атындағы орта мектепте химия пәнінің мұғалімімін. Осыдан 8 жыл бұрын өзім де мектепті үздік бітіріп, ҰБТ-дан жоғары балл жинап, педагогикалық мамандықты таңдадым. Жұмыс тәжірибемді ауылдық мектептен бастадым. Жас маман болған кезде ең алдымен жұмысқа орналасу кезінде де қорқыныштар көп болды, сенімім аз болды. Біз, жас педагогтер, оқушыларға жасымызбен жақынбыз, олардың мұн-мұқтажын, көңіл күйін, жан-дүниесін жақсы түсінеміз. Сондықтан осы артықшылығымызды дұрыс пайдалануымыз керек. Баланың ой-санасын түсініп, сапалы білім алуға, оқуға деген құштарлығын арттыру – бүгінгі таңда біздің алдымызда тұрған үлкен жауапкершілік», — деді ол.
Дегенмен, спикер жас ұстаздар үшін әлі де мәселелер бар екенін жеткізді. Осыған орай маман бірақатар ұсыныстарын ортаға салды.
Ең алдымен, міндетті сертификаттау. Жоғарғы оқу орнында педагогикалық тәжірибеден өтіп, мемлекеттік емтихан тапсырып, дипломдық жұмысты қорғағағаннан кейін бірден сертификаттау емтихандарын тапсырса. Яғни, барлық сынақты біріктіріп, университеттен тапсырып шықса.
Екіншіден, бәсекелестік. Жұмысқа орналасу кезінде жас мамандар мен тәжірибесі және біліктілік санаты бар мұғалімдер үшін талап бірдей емес. Жанабек Ғаламат аталған мәселенің шешімін табу үшін жас мамандардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін оларды қолдаудың арнайы тетіктері әзірленсе деген ұсыныс білдірді.
Үшіншіден, тәжірибе алмасу, қарым-қатынас қалыптастыру және конструктивті механизмдерді жасау үшін, мен «Жас мұғалімдер қауымдастығын» құру қажет.
«Өзім сол жұмысты қолға алып, ұйымдастыруға және жетекшілік жасауға дайынмын. Егер Министрлік бұл идеяны қолдаса беделді, мықты, креативті, идеяшыл, бастамашыл жас педагогтерді Астана қаласында жинап, алғашқы жиынды наурыз айында өткізсек», — деген ойын білдірді павлодарлық мұғалім.
Сондай-ақ кеңейтілген алқа отырысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында арнайы баяндама жасап, өз ойын бөлісті.
Оның пікірінше, ұрпақ тәрбиесіне қатысты жұмыс жемісті болу үшін баланың тәрбиесіне ата-аналар да асқан жауапкершілікпен көңіл бөлу керек.
«Халқымызда “Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер” деген керемет сөз бар. Біз балаларымыздың тәрбиесі отбасынан, ошақ қасынан басталатынын бір сәтке де естен шығармауымыз керек. Мен өнер жолында жүріп, бірталай шет елді аралап көрдім. Бірақ, біздің қазақ халқының ұрпақ тәрбиелеудегі үлгісінен артық дүние көрген жоқпын», — деді Нұрлан Өнербаев.
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесіне сай, бала кішкентайынан ата-әженің тәрбиесін көріп, есті сөз тыңдап, жыр-дастан жаттап өсетін. Ыбырай Алтынсарин атасы Балғожа бидің тәрбиесін көрді. Абай мен Шоқан әжелерінің ертегісін тыңдап өсті. Қазақтың бар баласы бүлдіршін күнінен кісіге сәлем беру, қолына су құю сияқты күнделікті жақсы әрекеттердің арқасында үлкендердің батасын алуға болатынын түсінген.
«Ата-бабаларымыз “ұлға отыз үйден тыйым, қызға қырық үйден тыйым” деп, ұл-қызын тура жолмен жүруге, адал болуға тәрбиелеген. Тіпті, сәбидің аяғына ала жіп байлап, тұсауын кескенде, біреудің ала жібін аттамасын деп ырымдаған. Сол себепті де қазақ қоғамында қылмыс деген атымен болмаған. Жеті атаға дейін қыз алыспай, алыс-жақын туыстық қатынастарды терең ұғынған. Ал, біреулер аңдаусызда жаза басса, бір тентекті бір ауыл тезге салатын, бір абыз ақсақалдың сөзіне бүкіл ел тоқтайтын. Бұлардың барлығы – отбасындағы тәрбиемен беріліп, тұтастай қоғамдық қатынастарға ұласқан бұлжымас заңдылықтар еді», — деп тоқталды әнші.
Өнер қайраткерінің ойынша қазір қоғамдағы келеңсіздіктердің дені ұлттық бала тәрбиесінен ажырап қалуымыздың себебінен туындауда. Сондықтан бәріміз де ойланатын сәт жетті. Бабалар қанымен сіңген тектілігімізді оятып, ұрпақтың тәрбиесіне қоғам болып, әулет болып, ата-ана болып жауапкершілікпен қарауымыз керек.
«Ол үшін әркім өзінен бастаса жетіп жатыр. Өйткені, “балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі”. Атасының ақылын, әжесінің әдемі ертегісін тыңдап өскен, әке-шешесінің өнегесін көрген бала да өскенде саналы ұрпақтың қатарынан болары анық. Мұхтар Әуезовтің “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” деген бір ауыз сөзі ұлттың ұрпақ тәрбиесіндегі басты қағидатына айналуына тиіс!», — деп ойын түйіндеді Н. Өнербаев.
Білім кез келген мемлекеттің дамуының негізі. Бүгінде Қазақстан білім индустриясын жаңа деңгейге көтеруге маңызды қадамдар жасауда. Соның ішінде мемлекет тарапынан жеке мектептердің білім кеңістігінде еркін жұмыс істеуіне жақсы жағдайлар жасалуда. Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «Зерделі» мектептер желісінің директоры әрі құрылтайшысы Ырысбек Мәуіт «Жеке білім беру ұйымдары – жауапты әлеуметтік серіктестер» тақырыбында баяндама жасады.
Бүгінде білім беру бағдарламалары да жаңартылып, оқыту әдістемелері жаңа технологиялармен толықтырылуда. Жеке білім беру ұйымдары мемлекеттік қаржыландыру арқылы оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастырып отыр.
«Кез-келген бала орта білім деңгейінде нағыз мектеп тәрбиесін алады. Сондықтан орта білімнің дамуы еліміздің болашағы үшін де өте маңызды. Бүгінде Қазақстанда туу көрсеткші кейбір шет елдермен салыстырғанда өте жоғары. Бұл жастардың, жас бүлдіршіндердің санының артуын көрсетеді. Сондықтан бұл еліміздің болашағы үшін үлкен мүмкіндік. Әр мектеп оқушысына сапалы білім беру – қоғам алдындағы маңызды міндет. Жеке мектепке де, мемлекеттік мектепке де баланың болашағы ортақ, сондықтан жауапкершілікте ортақ», — деп атап өтті Ырысбек Мәуіт.
Оның айтуынша, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасының алшақтығы – тезірек әрі сапалы шешуді қажет ететін мәселе. Осы мақсатта «сапалы білім, саналы тәрбие» деген ұстаныммен бастау алған, нақты нәтиже мен сұранысқа сай Зерделінің мектептер желісі қалыптасты.
«Біз ешкімге ұқсамайтын Зерделі мектептерінің өз тәжірибесін ұсынып, ауыл балаларының жоғары деңгейде білім алуына мүмкіндік жасаудамыз. Еліміз бойынша бастауыш сыныптан бастап оқушылар үшін ақысыз олимпиадалар, сайыстар өткізіп келеміз. Жыл сайын біздің олимпиадаларда 300 мыңнан астап оқушы өз бағын сынап отыр. Оның ақтық сайыста 200-ге жуығы әр түрлі деңгейде марапатқа ие болады. Жүлде қоры 10 млн теңгеге жетіп отыр. Осылайша, арнайы білім беру бағдарламалары мен гранттық қолдау жүйесін кеңейту арқылы барлық балаларға тең мүмкіндік берудеміз. Біз – бизнес өкілі ретінде өз әлеуметтік жауапкершілігімізді ұғынып ғана қоймай, оны одан әрі кеңейтудің жолдарын тауып, жүзеге асырып келеміз», — деді спикер.
Білім сапасын арттыру үшін ең алдымен педагогтардың кәсіби біліктілігін көтеру қажет. Мұғалімдердің шетелдік тағылымдамалардан өтуі, үздіксіз білімін жетілдіруі маңызды.
«Қазір Сингапурлық білім деп, басқа білім деп, олардың бағдарламасын толық көшіріп алып келіп жатқандарда бар. Бірақ осы тұста қай озық елдің бағдарламасын алсақ та өзіміздің қазақстандық білім беру стандарттарына, құндылықтарына бейімдеу өте маңызды. Бізде 2023 жылы Лондонға, одан кейін 2024 жылы Сингапурға 38 мұғалімді апарып тәжірибеден өткізіп келдік. Барлығын өз қаражатымызбен жасап отырмыз. Жинаған тәжірибені мемлекеттік тіліміз бен Ұлттық менталитетімізге бейімдеп, қажет жерін алып, пайдаланудамыз. Себебі ұлттық тәрбие мен Ұлттық құндылықтарымыз қашанда бірінші кезекте тұруы тиіс», — деп атап өтті маман.
Осылайша, балалар мен педагогтерге арналған өзіндік қолдау жүйесін құру арқылы білім сапасын арттырудың нақты тетіктері жүзеге асырылуда. «Зерделі» мектептер желісінің директоры әрі құрылтайшысы Ырысбек Мәуіт баяндамасын қорытындылай келе, Қазақстанның білім индустриясын дамыту үшін халықаралық тәжірибені тиімді пайдалануға тоқталды. Ол үшін педагогтарға қолдау көрсетіп, әр балаға сапалы білім беруді қамтамасыз етуіміз қажет.
«Әрбір жеке меншік білім ұйымдары өз қызметін бизнес үшін деп емес, еліміздің жарқын болашағын тәрбиелеп отырғанын терең түсінсе деймін», — деді ол.
Бүгінде балабақшаларда ваучерлік тетікті және мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары бойынша әлеуметтік әмиян құралын енгізу, сайып келгенде, қарапайым азаматтар үшін де, жалпы мемлекет үшін де елеулі әсер береді. Бұл туралы алқа отырысында Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Анар Төлеубаева баяндады. Оның пікірінше, Қазақстанның географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, еліміздің ең шалғай өңірлерінде сапалы интернетпен қамтамасыз етілуін атап өту аса маңызды, бұл цифрландырудың аса маңызды көрінісі.
«Қазіргі жағдайда цифрлық технологиялар мен цифрлық трансформацияны, оның ішінде жасанды интеллектті пайдалана отырып дамытуды жалғастыру қажет», — деп атап өтті Анар Төлеубаева.
Министрлік білім беру жүйесінде жасанды интеллект элементтерін енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Білім беру стандарттарына елеулі өзгерістер енгізілді:
Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында оқушыларға заманауи цифрлық технологияларды игеруге және цифрлық сауаттылық деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін ЖИ қолдануға байланысты мақсаттар бекітілген.
«Информатика» пәнінің оқу бағдарламасына машиналық оқыту негіздерін және ЖИ алгоритмдерін тәжірибелік қолдануды қамтитын жасанды интеллект бойынша жаңа модуль енгізілді.
Мектеп пәндерінің мазмұнына ЖИ қолданудың этикалық аспектілеріне арналған тақырыптар біріктірілген, бұл сыни ойлауды қалыптастыруға және технологияны қолданудың моральдық салдарын түсінуге көмектеседі.
Сонымен қатар Министрлік педагогтарды жаңа цифрлық жағдайға бейімделуде қолдайды:
Мұғалімдер дәптер тексеруге және есептілікті дайындауға күніне 3-5 сағат жұмсайтынын анықтаған зерттеу жүргізілді. Осының негізінде жасанды интеллект көмегімен әкімшілік процестерді автоматтандыру бойынша шешімдер әзірленуде.
Астананың жайлы мектептерінің мұғалімдері үшін ЖИ-ді педагогикалық практикаға интеграциялау бойынша практикалық мастер-класстар ұйымдастырылды. «Жасанды интеллект» және «Game Development» бағыттары аясында пилоттық мектептердің 180 педагогы мен 120 жаттықтырушы дайындалды.
Сондай-ақ Қазақстанның жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы балаларды ерте дамыту институтымен бірлесіп 2023 жылдың жазында «Тілге бойлау» біліктілікті арттыру курстары шеңберінде «Педагог үшін жасанды интеллект» шеберлік сыныбын өткізді.Жасанды интеллект жекелендірілген білім берудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. ЮНЕСКО мәліметтері бойынша, ЖИ оқушылардың күшті және әлсіз жақтарын ескере отырып, жеке білім беру траекторияларын әзірлеуге көмектеседі.
ЮНЕСКО-ның 2020 жылғы есебіне сәйкес, білім беру технологияларының жаһандық нарығы, соның ішінде ЖИ, $252 млрд-қа бағаланады және жыл сайын 16%-ға өсуде. Финляндияда орта мектеп оқушылары үшін міндетті ЖИ курстары енгізілді. Қытайда мектептердің 70%-дан астамы оқу үлгерімін талдау және жеке оқу бағыттарын әзірлеу үшін ЖИ пайдаланады. АҚШ-та мектепке дейінгі білім беруде ЖИ қолдану балалардың қарым-қатынас дағдыларын дамытуды 20%-ға жеделдетеді.
Министрлік кемсітушілік пен стереотиптердің алдын алуға бағытталған білім беруде ЖИ-ді этикалық қолдану жөніндегі ережелер жинағын әзірлейді. Оны аяқтау 2025 жылға жоспарланған. Сондай-ақ білім беру технологияларына тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге назар аударылады.
2025 жылы күнделікті үдерістерді автоматтандыратын, оқу материалдарын дайындауды және оқушылардың үлгерімін бақылауды жеңілдететін мұғалімнің көмекшісі ЖИ-ді іске қосу жоспарлануда. Осының арқасында мұғалімдерге әкімшілік жүктеме азаяды және оқыту сапасы артады деп күтілуде.
Болжалды сараптама және бұлтты технологиялар мектептерге реактивті процестен білім беру процесін белсенді басқаруға көшуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның жасанды интеллект қауымдастығы білім беруді цифрландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты құптайды. Министрлік инновациялық шешімдерді енгізуге және педагогтар мен оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған Google for Education және Microsoft-пен меморандумдарға қол қойды. Microsoft корпорациясымен ынтымақтастық шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысында пилоттық жоба іске асырылды, ол қазірдің өзінде шағын жинақталған мектептерде үміт күттіретін нәтижелер көрсетіп отыр.
«Қауымдастық цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін білім министрлігімен тығыз өзара іс-қимылға дайын екендігін білдіреді. Біз мемлекеттің, бизнестің және сараптамалық қоғамдастықтың күш-жігерін шоғырландыру білім беру жүйесін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», — деді Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Анар Төлеубаева.
Сондай-ақ Алқа отырысында Астана қаласының «Great children» жекеменшік балабақшасының меңгерушісі Бақытгүл Сакаупова баяндама жасады. «Мектепке дейінгі білім беру саласына ваучерлік қаржыландыруды енгізудің жекеменшік ұйымдарға ықпалы жайлы» атты баяндамасында ол биылғы қаңтар айынан бастап Астана қаласының мектепке дейінгі ұйымдарын пилоттық жоба аясында ваучерлік қаржыландыруға көшіру жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Қазіргі кезде балабақшалар ваучерлерімен балаларды қабылдауда.
«Басында жобаның нәтижелі боларына үлкен күмәнмен қарадық, бірақ іштей өзіміздің жұмысымызға және ата-аналарымыз жекеменшік балабақшалардың сапалы қызмет көрсете алатынына сенім білдіріп, таңдау жасайды деп күттік. Жаңа балабақшалардың жүйеге қосылуын жеңілдету, мемлекеттік тапсырыс жүйесіне кіру рәсімін оңтайландырудың арқасында үш ай ішінде Тараз қаласында мектепке дейінгі ұйымдардың тізіміне 19 жаңа жекеменшік балабақша қосылғанын білеміз. Қазіргі кезде Министрліктің және Қаржы орталығы мамандарының дер кезіндегі түсіндіру жұмыстары, жан-жақты қолдауы мен көмегінің нәтижесінде біздің жекеменшік балабақшаларымыз да жобаға қосыла бастады», — деді балабақша меңгерушісі.
Оның айтуынша, бұл жерде ата-ананың таңдауы мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың салауатты басекеге қабілеттіліктерін арттырады.
«Сондай-ақ ата-ананың да тарапынан жауапкершіліктің артқаны бізге үлкен көмек болды. Мысалы, менің балабақшамда денсаулығына байланысты әкелінетін анықтамалар күрт азайды (бұрын 1 айда 50 анықтама тіркесем, қазір 1 айда 15-ке азайды). Ай сайын табельді растау ата-аналардың жауапкершілікті түсіне бастағанын көрсетеді», — деп атап өтті спикер.
Сонымен бірге ата-ана қаржылай ваучер алуға есепшот ашқысы келмесе виртуалды ваучерге ауыстыру арқылы балабақшаның есепшотына қаржы операторы арқылы аудару мүмкіндігі жасалған. Мемлекет тарапынан беріліп отырған көмекті алу процесінің ата-ана мен мектепке дейінгі ұйым үшін ашықтығы көңілге қонымды.
Бақытгүл Сакаупова қазіргі уақытта ата-аналардың тарапынан бос орындарға үздіксіз ваучерлердің беріле бастағанын түсіну қиын болып жатқанын жеткізді. Себебі осыған дейін олар бос орындарды жаппай жинақтау кезінде маусым айында күтетін. Ата-аналардың тарапынан тағы бір түсініспеушілік, ваучерлерді мемлекеттік балабақшаға алуға ұмтылуы. Осыған байланысты ата-аналармен, мектепке дейінгі ұйымдармен жан-жақты түсіндіру жұмыстарын қолға алу керек.
Бүгінге дейін де Астана қаласында 500-ден астам жекеменшік ұйымдар 30 мыңнан астам баланы қамтып, ата-аналармен ықпалдастықта жұмыс жасап келеді. Оның үстіне, Астана қаласында мектепке дейінгі ұйымдардың 84%-ы жекеменшік ұйымдар.
«Great children» жекеменшік балабақшасының меңгерушісі Алқа отырысында Астана қаласында ваучерлік қаржыландыруды енгізуді жеңілдету үшін 2 мәселені назарға алуды ұсынды:
1) ваучерді күтіп отырған ата-аналар үшін тағы бір «көтерілген қол» функциясы қосылса, ол Астана қаласындағы 40 мыңнан астам ұзын-сонар кезектен қажеттілігі бар ата-аналарды бірден көруге мүмкіндік берер еді;
2) балалардың денсаулық жағдайына байланысты анықтамасы QR-код бойынша емханалардан дұрыс берілмегендігі анықталып жатыр. Алдағы уақытта жүйеде мәліметтерді растау жүргізілсе, қаржылай бұзушылық деп танылып, балабақша ваучерді жоғалтуы мүмкін немесе айыппұл салынады.
«Сөзімді қорытындылай келе, баланы жеке тұлға ретінде жан-жақты дамыту, баланың сенімді болашағының негізін салу – ата-ана мен білім беру ұйымының ортақ жауапкершілігі деп білемін. Осы жауапкершілік – мектепке дейінгі ұйымдар арасында әділ бәсекелестік арқылы білім сапасының әрі қарай артуына жол ашады деген сенімдемін», — деді спикер.
Басқосуда Allur МК Директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Айгүл Ахметова да өз ұсынысын айтты.
Оның айтуынша, экономика салалары үшін кадрлар даярлау тек мемлекеттің немесе Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ғана жүзеге асырылмауға тиіс.
Бүгінгі таңда Министрлік барлық қажетті жағдайларды жасады, яғни колледждерге қамқорлық жасауды, дуальды оқытуды дамытуды, тәлімгерлікті, студенттердің өндірістік практикадан өтуін, педагогтердің тағылымдамадан өтуін, жұмыс берушілердің қатысуымен кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеуді және жаңартуды көздейтін нормативтік құжаттарды қабылдаған.
«Мәселен, Allur кәсіпорны Қостанай автомобиль көлігі колледжіне қамқорлықты жүзеге асырады. Колледждің материалдық-техникалық базасын дамытуға белсенді қатысады. Кітапхананың оқу залы, 18,5 млн теңгеге конференц-зал, 24 млн теңгеге футбол, волейбол және баскетбол алаңдары салынды. Колледж Allur зауытымен бірлесіп "Автомобиль жасау" мамандығын ашты, CKD өндіру технологиясы бойынша білім беру бағдарламасы әзірленді», — деп атап өтті Айгүл Ахметова.
Мақсатты топтарға қабылдау сәтті жүргізілуде: Allur студенттері өндіріс қажеттіліктері бойынша оқытылады және бірінші курстан бастап дуальды оқыту мен тәлімгерлікпен қамтылады. Әр топқа өндіріс тәлімгерлері бекітілген.
«"Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп "Тәлімгерлік мектебі" жобасы табысты іске асырылуда. Жоба аясында студенттер мен жас жұмысшылардың тәлімгерлері болып табылатын 100-ден астам қызметкер оқытылды», — деді спикер.
Өңірдегі 8 колледж кәсіпорындағы дуальды оқытудың бірыңғай жүйесіне кіреді. Аллюр-мен бірлесіп білім беру бағдарламалары өзгеруде, оқытушылардың өндірістік тәжірибесі мен тағылымдамалары бағдарламалары іске асырылуда.
Студенттерге ай сайынғы жалақы төленеді, ақысыз тамақтану және жол жүру ақысы беріледі, сонымен қатар компанияның адалдық жүйесі қолданылады. Зауыт барлық басқа қаладан келген студенттерді абаттандырылған жатақханаға орналастырады.
Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждерде перспективалы жұмысшыларды оқытуға бағытталған «Allur білім беру гранттары» гранттық бағдарламасы белсенді жұмыс істейді, студенттік мансап орталығы құрылды.
«Allur автомобиль зауыты 2025 жылдың наурыз айында 250-300 орындық өндірістік кәсіпорын қызметкерлері мен студенттерге арналған заманауи жатақхананың құрылысын аяқтайды», — деді Allur МК Директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі.
Жалпы, Алқа отырысына қатысқан сарапшылар жас жұмысшыларды өндіріске тарту, еңбек адамының имиджін арттыру үшін бизнес-қоғамдастық кадрларды даярлау, колледждерге қамқорлық жасау, лайықты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау жөнінде өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Бұл тұрғыда кәсіпорындар да оқу-тәжірибелік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік кепілдіктер беру, қолдау көрсету үшін жауапкершілікті өз мойнына ала отырып, жас жұмыскерлер үшін нақты жағдайлар жасауы қажет.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу