Биыл БҚО экономикасына 437 млрд теңге инвестиция тартылды – облыс әкімі Нариман Төреғалиев

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.

Ең алдымен аймақ басшысы өңірге инвестиция тарту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, биылғы жылдың 9 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 437 млрд теңге құраған. Соның ішінде жеке инвестициялардың үлесі 342 млрд теңге. Тартылған инвестициялардың нәтижесінде 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. 

«Ал өнеркәсіп саласында биыл 2,6 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Алдағы 5 жыл ішінде 2,4 трлн теңгеге 42 инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарымызда бар. Бұл дегеніңіз, өңірде 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деген сөз», — деп атап өтті Нариман Төреғалиев.

Облыста жаңа өндірістер құруға, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Мәселен, калий тұздарын өндіру бойынша байыту-өндірістік кешенін салу жобасы, қытайлық инвестормен бірлесіп 2028 жылға дейін қуаттылығы 100 МВт-тан 2 ГТЭС салу жоспарланған. Сонымен қатар түрік компаниясымен бірлесіп тұрмыстық химия өндірісі жолға қойылады. Орал трансформатор зауытының базасында алюминий бұйымдарын өндіру мен қуаты 15 мың тонна 2 көкөніс қоймасын және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және жағу кешенін, жылыжай кешенін, сондай-ақ күн панельдерінен электр энергиясын өндіру станциясын салу көзделген.

Бұдан бөлек, биылғы қарашаның басында Премьер-министрдің қатысуымен өткен KGIR-2024 аясында оңтүстіккореялық инвестормен жалпы сомасы 81 млрд теңге болатын меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде 120 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды өртеу және қайта өңдеу кешені, жылыжай кешені, күн панельдерінен электрқуатын өндіретін станция құрылысы бойынша жобалар жоспарланған.

Айта кетейік, тұрмыстық қалдықтарды заманауи тәсілмен қайта өңдеу бойынша шаралар қабылдауды Президент тапсырған болатын. Аталған инвестициялық жобаларды іске асыру өңірде қосымша жаңа жұмыс орындарын құруға, салықтық түсімдерді арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.

«Президентіміз алға қойып отырған басты міндеттерінің бірі – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ететін жағдайға жеткізу. Бұл дегеніміз, өзімізде өнім шығаратын деңгейге жету. Яғни, инвестиция тарту арқылы өндіріс орындарын ашып, отандық және жергілікті өнім түрлерін көбейту. Мәселен, Республика күні қарсаңында мұнай газ саласына қажетті кейбір жабдықтарды өндіретін зауытты іске қостық. Осылайша, шикізат өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды өзімізден шығаруға мүмкіндік алдық», — деді облыс әкімі. 

Өңірде өнеркәсіп көлемін арттыру бағытында Қарашығанақты кеңейту жобасы іске асырылуда. Былтыр 4-ші компрессор, биыл 5-ші компрессор пайдалануға берілді. Ал 6-ші компрессордың құрылысы аяқталуға жақын. Аталған жоба Қарашығанақ кен орнындағы шикі газды дайындау, кері айдау және газды өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған.

Мемлекет басшысы өткен жылы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жөнінде тапсырма берді. Қазір осы бағытта жұмыстар атқарылуда. Болашақта жаңа газ өңдеу зауытының іске қосылуы елімізде өндірілген тауар газымен қамтамасыз етуге серпін береді.

Үкіметтің ішкі нарықты сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында былтыр жыл соңында «Рожковское» газ конденсаты кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді.

Биыл жыл басында облыстың ішкі нарығына жеткізілген сұйытылған мұнай газы көлемі 30%-ды құраса, бүгінгі таңда өңірдің қажеттілігі 100% қамтамасыз етілген (6 мың тонна).

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев шағын және орта бизнесті дамыту бағытында атқарылп жатқан жұмыстар жайында баяндады. Оның айтуынша, облыстағы 58 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілерінде 130 мың адам жұмыс істейді. Жыл ішінде осы салада 1,2 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Шағын және орта бизнесті дамытуға биыл 22 млрд теңге бөлініп, 3 мыңнан астам жобаларға қолдау көрсетілуде.

«Сонымен қатар облыстағы индустриялық аймақта бүгінгі күнге жалпы құны 14,9 млрд теңгеге 5 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұдан бөлек, жалпы көлемі 2,8 га жер телімі негізінде шағын өнеркәсіптік аймақ құрылысы да қолға алынуда. Шағын өнеркәсіптік аймақ алаңында өздерінің мүмкіндіктері жоқ шағын бизнес субъектілеріне жаңа өндіріс орындарын ашу үшін инфрақұрылымдары дайын жер телімдері ұсынылатын болады. Бұл шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға Мемлекет тарапынан жасалып жатырған үлкен қолдау», — деді  Нариман Төреғалиев.

Аймақ басшысы өңірдегі пайдаланылмай жатқан жерді мемлекетке қайтару мәселесіне тоқталып, ауыл тұрғындарын мазалайтын сұрақтардың бірі жайылым тапшылығы екенін атап өтті. Оның сөзінше, жергілікті атқарушы органдар тарапынан осы бағытта жүйелі жұмыстар күнделікті түрде жүргізілуде.

Мысалы, соңғы 3 жылда мақсатына сай пайдалынылмай отырған 620 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылған (2022 ж. - 263 мың га; 2023 ж. - 250 мың га; 2024 ж. - 107 мың га). Сәйкесінше, 458 мың гектарға жуық жер учаскелері резервке қойылып, 140 мың гектар жер учаскелері елді мекен жерлер санатына ауыстырылып, осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде елді мекендер жалпы көлемі 607 мың гектар қосымша жайылымдық және шабындық алқаптармен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде, 2022 жылдың 1 қаңтарына облыс бойынша жайылым тапшылығы 339 мың гектарды құраса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 13 есе азайып, 25,0 мың гектарға дейін төмендеген.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшудің маңыздылығына тоқталды. 

Биыл  ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 50 млрд теңге қаражат бөлініп, ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілді. Батыс Қазақстан облысы бойынша барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 616 мың га құрады. Бүгінгі таңда егін ору науқаны облыста толық аяқталып, 300 мың тонна астық, 96 мың тонна майлы дақылдар, 50 мың тонна картоп, 46 мың тонна көкөніс және бақша өнімдері жиналды. Өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 60%-ы мал шаруашылығына тиесілі.  Биыл алынған төлмен бірге ұсақ мүйізді мал басының саны 2 млн-ға жуықтады, ірі қара малы 1 млн, жылқы 350 мыңнан асып, түйе 3 мың басқа жетті. 

Мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін өңір әлеуетін толық пайдалану мақсатында жайылымдарды суландыру бағытында ірі жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, ұзындығы 186 шақырым құрайтын 3 магистраль каналын қайта жаңғырту жұмыстары жүруде, бүгінде ұзындығы 67 шақырым «Ащы-Азнабай-Тайпақ» каналын жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар 43 шақырым «Азнабай-Тайпақ» және 95 шақырым құрайтын «Жайық-Шалқар» каналының жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар Казталов ауданы Жалпақтал ауылынан жоғары орналасқан Қараөзен бойында сыйымдылығы 28 млн текшеметр болатын су қоймасының құрылысын бастау келесі жылға жоспарланған. Ағымдағы жылы 12 мың га суармалы алқапта ауыл шаруашылығы дақылдары өсірілген болса, 2030 жылға 36 мың га дейін жеткізу жоспарда. Суармалы алқаптарда картоп, көкөніс пен мал азықтық дақылдар өсіріледі. 

Импортқа тәуелділікті болдырмау мақсатында облыс тұрғындарын жергілікті өндірістегі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізіміне барлығы 19 тауар кіреді. Бүгінгі таңда 8 тауар түрі бойынша толық қамтамасыз ету деңгейіне қол жеткізілді. 

Атап айтқанда:

ұн — қажеттіліктің 1800%-ы,

макарон өнімдері — 1300%,

нан — 108,3%,

сиыр еті — 200%,

картоп — 99,3%,

жұмыртқа — 98%,

күнбағыс майы — 98%,

пияз — 90%.

Үш тауар  бойынша қамтамасыз ету деңгейі 60%-дан 80%-ға дейін:

тауық еті — 76%,

қырыққабат — 63%,

сәбіз — 60%.

Климаттық ерекшеліктеріне байланысты өңір күріш, қант және тұзды еліміздің өзге аймақтарына тәуелді болып қала береді.

Басымдық берілген міндеттердің бірі – сүт өнімдерін (сүт, сүзбе, сары май, айран) өндіру көлемін арттыру. Себебі қамтамасыз ету деңгейі аймақ халқының қажеттіліктерін толық қанағаттандырмайды (25%).

Аталған мәселені шешу үшін келесі шаралар қабылдануда. Биыл республикалық бюджеттен 9,8 млрд теңге бөлініп, жалпы өндіріс көлемі 11 мың тоннаны құрайтын 5 жоба қаржыландырылды. Осы жобалар жүзеге асырылғаннан кейін сүт өнімдерімен өңірдің өзін өзі қамтамасыз ету деңгейі 50%-дан аспақ.

Қазіргі уақытта сүт бойынша өңірдің өзін өзі қамтамасыз ету деңгейі – 31%, сары май – 3,4%, сүзбе – 2,4%, айран – 1,4%. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті бюджеттен 5,3 млрд теңге бөлінді.

Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар бірқатар тауарлар бойынша (картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, күнбағыс майы, сүт, жұмыртқа және т.б.) 17 мың тонна көлемінде азық-түлік қоры қалыптастырылды. Өңірде өндірілмейтін тауарлар бойынша Қызылорда облысының өндірушілерімен (211 тонна күріш, 184 тонна тұз) және Жамбыл облысының өндірушілерімен (1891 тонна қант) келісімшарттар жасалды.

Облыс тұрғындарын маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жалпы сыйымдылығы 62 мың тоннаны құрайтын 35 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді, бұл қажеттіліктің 93%-ын жабады. 2025 жылы толық қамтамасыз ету мақсатында жалпы сыйымдылығы 15 мың тоннаны құрайтын тағы екі көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланып отыр. 

Қазіргі уақытта өңірде жалпы ауданы 22 гектарды құрайтын 48 жылыжай жұмыс істейді, оның ішінде 2 өнеркәсіптік жылыжай бар. Олар халықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, өнімді Қазақстанның басқа өңірлеріне экспорттауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, көкөністердің қазіргі бағасы — қызанақ 950-1050 теңге, қияр 600-700 теңге.

Бұдан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес ауыл халқының әл-ауқаты мен табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарламада өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді. Бағдарлама аясында өңірде соңғы екі жылда 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, ауылдық жерлерде 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды.

«Несиеге қол жеткізе алмайтын, халықтың әлеуметтік осал топтарына биылғы жылдан бастап тауарлық несие беру жүзеге асырылуда. Әзірге 195 отбасына тауарлық несие ретінде 247 бас мүйізді ірі қара, 474 бас ұсақ мал және 64 бас жылқы берілді. Жұмыстар жалғасуда», — деді  Нариман Төреғалиев.

Ағымдағы жылы өңірдегі ең ірі кәсіпорын «Қарашығанақ» мұнай-газ компаниясымен меморандумға қол қойылып, бағдарлама аясында кәсіп ашқан тұрғындардың өнімдерін зәкірлік кооперациялар арқылы КПО компаниясына тікелей сату жұмыстары ұйымдастырылды.

Өнім өндірісі көлемін арттыру және саланың дамуына инвестиция тарту мақсатында 2024-2026 жылдары агроөнеркәсіп саласында жалпы құны 120 млрд теңге болатын және 870 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 38 инвестициялық жоба жоспарланды. Соның ішінде биылғы жылы 19 жоба аяқталады. Нәтижесінде өңірде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі Президент тапсырмасына сәйкес 2026 жылы 70% деңгейіне жетпек.

Бұдан бөлек, облыста коммуналдық шаруашылықты дамыту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін маңызды коммуналдық объектілердің құрылысы мен жөндеу жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, жаңа электр қосалқы станциялары пайдалануға берілді, №3 кәріз-сорғы станциясы және №5 жылу магистралі жаңартылды, олар 60-70-ші жылдардан бері  жөндеу көрмеген болатын. Жаңа электр қосалқы станциясы Орал қаласының, жаңадан салынып жатқан шағын аудандарды және оған жақын орналасқан объектілерді, жалпы алғанда 120 мың тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз етеді. Ал №5 жылу магистралі 70 мың, №3 кәріз-сорғы станциясы 150 мыңға жуық пайдаланушыға қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар Орал қаласы бойынша №2, №21, №18А кәріз-сорғы станцияларына, №2 жылу магистралі, №1 турбоагрегатқа қайта жаңарту жұмыстары және қаланың солтүстік-шығыс бетінде жаңа электр қосалқы станциясының құрылысы жүргізілуде. Аталған нысандардың ішінен №2, №21 кәріз-сорғы станцияларын, №1 турбоагрегатты қайта жаңғырту және жаңа қосалқы электр станциясының құрылысы биыл ақталатын болады. Келесі жылы №29 кәріз-сорғы және №20-шы су көтергіш станцияларының құрылысы басталады. Жалпы алғанда, облыс орталығының су әкету және су көтеру нысандарының барлығына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, аяқталатын болады. Биылғы жылы аталған объектілерді реконструкциялауға және жаңадан салуға республикалық және жергілікті бюджеттерден 21,4 млрд теңге қарастырылды.

Энергетика саласы бойынша маңызды сұрақтардың бірі, ол басқа елге тәуелділікті азайту. Электрэнергетика бойынша, Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандары толық Ресей Федерациясынан қамтылған. Осыған байланысты қазіргі уақытта 5 мегаватты газ поршеньді қондырғысын орнату бойынша келіссөздер жүргізіліп, Энергетика министрлігімен бірлесе жұмыстар жүргізілуде. Газ саласы бойынша, облыста 4 елді мекен Ресейден газбен қамтылған, олар Жәнібек ауданында 3 ауыл (Қамысты, Борсы, Талов) және Бәйтерек ауданында 1 ауыл (Раздольное). Жәнібек ауданы бойынша құрылыс жұмыстарына мердігер анықталып, келесі жылы жүзеге асырылатын болады. Бәйтерек ауданы бойынша жоба жасақталуда.

Сондай-ақ 2023-2024 жылдарда бірқатар салалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында облыстық бюджеттен 10 млрд теңгеге жуық қаржыға 600-ден астам техникалар сатып алынды.

Бұдан бөлек, БҚО әкімі Нариман Төреғалиев көлік-логистика саласын жаңғырту бойынша өңірдегі бірқатар ірі жол құрылысы жобаларына тоқталды. Облыстың шалғай орналасқан Казталов, Бөкейордасы және Жәнібек аудандарында 2019 жылы басталған республикалық маңызы бар 245 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, нәтижесінде барлық аудандардың облыс орталығымен байланысы қамтамасыз етілді. Жобалардың жалпы құны 80,1 млрд теңге.

Сонымен қатар республикалық маңызы бар 144 шақырым Подстепное - Федоровка - Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі жолды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 60 шақырымға жуық жол жөнделді, қалғаны келесі жылы жалғасатын болады. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу бойынша Барбастау – Ақжайық - Индер (308 км, аяқталғаны 50 км) және Жаңақала – Бисен (210 км, аяқталғаны 23 км) бағытындағы жолдардың құрылысы жүруде.  

Өткен жылы 82 млрд теңгеге 562 шақырым жол жөнделсе, биылғы жылы 92 млрд теңгеден астам қаржыға 642 шақырым жол жөнделуде. 2025 жылы осындай көлемдегі жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ облыс орталығы Орал қаласындағы көше жолдарын жөндеу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы Орал қаласында 58 шақырым жол жөнделсе, биылғы жылы 50 шақырымнан астам жол жөнделді.

Брифинг барысында Нариман Төреғалиев облыстағы тұрғын үй құрылысы мәселесі туралы есеп берді. Өңірде 49 тұрғын (2018 пәтер) үйдің құрылысы жүргізілуде. Биылғы жылы 32 тұрғын үйдің (1114 пәтер) құрылысы аяқталады. Қалған 17 үйдің (904 пәтер) құрылысы 2025 жылға ауыспалы.  

Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауылдардағы тұрғын үй қорын жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы кезекте тұрған 110 ауыл бойынша әлеуметтік осал топтар үшін 14 млрд теңгеге 758  тұрғын үй сатып алынып, берілуде. 

Биыл Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламалармен қатар «Қаладан ауылға!» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба тұрғындардың ауылдық жерлерге кетуін азайтуға және келуін ынталандыруға, еңбек ресурстарының тапшылығын жоюға, ауылдық аумақтар мен агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, ШОБ субъектілері санының өсуін арттыруға бағытталған. Ағымдағы жылы жоба бойынша тұрғындарды көшіру үшін 57 ауылдық елді мекен анықталды. Жыл басынан бері 78 отбасы (402 адам) ауылға қоныс аударды.  

Өңірде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Сәуір айынан бері тазалық акциясына бүгінгі күні облыс бойынша 172 мыңнан астам тұрғын, 4 мыңнан астам мекемелер мен кәсіпорындар қатысты. 77 мыңнан астам аула, 2508 көп қабатты тұрғын үйлер, 74 мың жеке тұрғын үйлер, 300-ге жуық саябақтар жиналды. Облыста 59 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылды, 1221 әлеуметтік нысанға, бір мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіштерге тазалық жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта экологиялық акция аясында жұмыстар жалғасатын болады. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес еңбек нарығындағы экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны   353 000 адам болса соның ішінде жұмыссыздар саны 16904 адам. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8%, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,1%, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9%-ды құрап отыр.

Ағымдағы жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша 28 657 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, 2024 жылдың 1 қарашасына  26 810 (20190 тұрақты, 6620 уақытша, жастар – 7853) адам жұмысқа орналасты, орындалуы 94% құрайды.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2025 жылға дейін жаңа 50 нысан құрылысы жоспарланып, 2023 жылы 12-сі пайдалануға берілді. Биыл 38-нің құрылысы жүргізілуде (жыл соңына дейін 24-і аяқталады). Оған қоса, 13 нысан күрделі жөндеуден өтуде. 

Ауылдық жерлерде мамандардың тапшылығын азайту мақсатында қызмет етуге келген мамандарға да барынша көңіл бөлінуде. Биылғы жылы медицина мамандарына резидентуруға 9 және абитуриентерге 45 грант бөлінді. Сонымен қатар берілетін көтерме ақы 5 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін көтерілді. Биыл 131 медицина мамандары жұмысқа қабылданды.  

Білім саласында былтырғы жылы 16 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, биыл жаңа 6 мектептің құрылысы аяқталады. 6 «Жайлы мектеп» мектептің құрылысы 2025 жылға ауыстырылды. Келесі жылы қосымша 8 мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар 3,6 млрд теңгеге 7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Осы жылы өңір кадрларын даярлау мақсатында жергілікті мектеп түлектеріне облыстық бюджеттің қаржысына 86 бакалавриат, 23 резидентураға оқу гранттары бөлінді. Бұл өз кезегінде білім алған жастардың өңірде қызмет етіп, аймақтың дамуына үлес қосуына серпін береді. 

Спорт саласына қатысты Мемлекет басшысының 2023 жылы өңірге жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес, облыс орталығында 1000 орындық көп функционалды спорт кешені құрылысы аяқталуда. Жалпы спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында ағымдағы жылы 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 1 модульді спорт кешені пайдалануға берілді. Осылайша, облыстың барлық аудан орталықтары спорт кешендерімен толықтай қамтамасыз етілді. 

Ендігі кезекте облыстың ірі ауылдарын спорт нысандарымен қамтуды басталды. Бүгінде 7 ауылға спорт кешені салынса, келесі жылы 6 ауылда спорт кешендерінің құрылысы жоспарланып отыр. 

Келесі жылы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының есебінен жаңа Теректі ауданының ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарлануда. Мәдениет саласында төрт ауданда жеті нысан салу, сондай-ақ үш нысанды күрделі жөндеу жоспарлануда. 

Бұдан бөлек, биыл ауылдық кітапханаларды қайта жаңғырту мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ауылдық жерлерде 25 кітапхананы модернизациялау жобасы жүзеге асырылуда. «Қазақстан халқына» қорынан бөлген қаражатқа кітапханаларға заманауи құрал-жабдықтар, жиһаз сатып алынып, кітап қоры толықтырылатын болады. Жыл аяғына дейін жұмыстар аяқталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Оралдағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан Мәдениет және жастар үйі ғимаратында «Самұрық Қазына» қорының қолдауымен «Креативті хаб» іске қосылады. Хаб өңірдегі жастардың шығармашылығын дамытуға бағытталған. 

Сонымен қатар өңірде жастарды қолдау бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, 2024 жылы «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама жеңілдетілген несие арқылы облыс жастарына баспана алу мүмкіндігін ұсынып, 600 млн теңге көлемінде жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Нәтижесінде, биылғы жылы 40 жас отбасы жаңа пәтерлерге ие болды.

«Биылғы көктемдегі су тасқынына байланысты облыста өте күрделі жағдай қалыптасқаны баршаңызға мәлім. Су тасқыны салдарынан 2 мыңға жуық тұрғын үй және 15 мыңдай саяжай учаскелері су астында қалған болатын. Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында 9 994 отбасыға 3,6 млрд теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Бұдан бөлек, 10 мыңнан астам отбасыға келтірілген шығындарға 3,7 млрд теңгеге материалдық көмек берілді. Тұрғындарымыздың баспанасын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 4,3 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы саны 1939 пәтер сатып алынып, 889 жаңа тұрғын үйлер салынып, берілді. Қайырымдылық қорларының есебінен 69 жанұяға жаңа баспана берілді», — деп түйіндеді баяндамасын Нариман Төреғалиев.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу