Биылғы жарты жылда туризм саласына салынған инвестиция 27%-ға өсіп, абсолюттік көрсеткіш 592 млрд теңгені құрады

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Жазғы туристік маусымның нәтижелері» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Онда Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев елдегі туризм саласының қазіргі жағдайы, жазғы туристік маусымның қорытындылары және еліміздің курорттық аймақтарын кешенді дамыту шаралары жөнінде баяндама жасады.

«Туризм – ұлттық экономиканы әртараптандырудың драйверлерінің бірі. Осыған толық қол жеткізу Үкіметтің алға қойған мақсаттарының ішіне кіреді. Мемлекет басшысы 8 қыркүйектегі өзінің жолдауында туризмді дамытудағы міндеттерді нақты бөліп айтты, осыған сәйкес тиісті шараларды қабылдайтын боламыз. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша туризм саласында тұрақты оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Ішкі туризм бойынша орналастыру орындарында қызмет көрсетілген азаматтардың саны 3,9 млн адамға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 500 мыңға көп. Ішкі туристер санының айтарлықтай өсуі әсіресе Алматы облысында +56%, Қызылорда облысында +54% және Ақтөбе облысында +40,8% тіркелді. Жалпы алғанда, әртүрлі туристік мақсаттармен елімізге 7,5 млн шетелдік қонақ келген. Бұл сан жұмыс бабымен немесе тұрақты тұру мақсатында келгендерді қоспағанда анықталды», — деді ол.

Аталған көрсеткіштің ішінде 5 млн адам елімізде бір күннен артық уақытын өткізген, сондықтан олар шетелдік туристер ретінде топтастырылып отыр. Орналастыру орындарының жиынтық кірісі, қонақүйлер, демалыс базалары, хостелдер және басқа да объектілерді қоса алғанда, 151 млрд теңгені құрап, өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 25%-ға жоғары болды. Еліміздегі орналастыру орындарының жалпы саны 4,4 мың нысанға жетті, өсім – 255 нысан. Олардың бір мезгілде қабылдау сыйымдылығы 232 мыңнан астам төсек-орынды құрап, 12 мың төсек-орынға артты. Өңірлер бойынша бұл көрсеткіштің ең жоғары өсімі Жетісу облысында +11%, Қарағанды облысында +13%, Шығыс Қазақстан облысында +11% және Шымкент қаласында +10% байқалды. Туризм саласына салынған инвестициялар көлемі 27%-ға өсіп, нәтижесінде абсолюттік көрсеткіш 592 млрд теңгені құрады. Ең жоғары өсім Ұлытау облысында +626%, Ақтөбе облысында +241%, Атырау облысында +214% және Қызылорда облысында +97% тіркелді.

«Мемлекет басшысының еліміздегі туристік нысандарды тиісті деңгейге келтіру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында басым курорттық аймақтарға инспекциялық сапарлар ұйымдастырылды, онда бірқатар ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық мәселелер анықталды. Мәселен, дауыс зорайтқыш қондырғылардың аздығы, санитарлық және құтқару нысандарының, қоқыс контейнерлерінің жетіспеуі, электрмен және сумен қамтуда үзілістердің болуы, орталықтандырылған кәріз жүйесінің, құтқару мұнаралары мен медициналық пункттердің болмауы, кіреберіс және елді мекен ішіндегі жолдардың қанағаттанарлықсыз күйі, сондай-ақ су көлігінің реттелмеген қызметі сияқты проблемалар бар. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жедел шаралар қабылданып, сегіз негізгі курорттық аймақта 38 жаңа санитарлық торап, 45 биодәретхана, 90 киім ауыстыру кабинасы, 73 душ кабинасы, 195 қоқыс жәшігі, 215 қоқыс контейнері, 28 құтқару мұнарасы, сондай-ақ 500-ден астам қолшатыр мен шезлонг орнатылды. Интернетпен қамту аумағы кеңейтіліп, 48 бейнебақылау камерасы орнатылды», — деді туризм индустриясы комитетінің төрағасы.

Жүзу маусымындағы негізгі мәселелердің бірі – туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, атап айтқанда, тыйым салынған жерлерде жүзу құралдарының қозғалысы бақыланбайды. Демалушылардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында 2025 жылдан бастап Жалпы су айдындарын пайдалану қағидалары күшіне енді. Өңірлерге жағажайлар мен жағалау аумақтарын қауіпсіздік талаптарына сәйкес келтіру жөнінде ұсыныстар жолданды. Су айдындарын тұрақты бақылап отыру үшін көлік бақылау инспекторларының штат санын көбейтіп, құтқару бекеттері мен жабдықтардың санын арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, шағын көлемді кемелердің қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін Көлік бақылау инспекциясының штатын кеңейтіп, жүзу маусымы бойы су айдындарында инспекторлардың тұрақты болуын қамтамасыз ету қажет.

Бұдан бөлек, Туристік саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында туристердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында «Азаматтық қорғау туралы» Заңға өзгеріс енгізілді. Енді саяхат басталғанға дейін өмір үшін қауіп-қатері жоғары болуына байланысты жетуі қиын жерлер – тау, су және үңгір аймақтарына сапарға шығар алдында саяхатшылар жергілікті төтенше жағдайлар органдарына жоспарланған бағыты туралы алдын ала ақпарат беруі міндеттеледі. Бұл шара төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге және туристердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Осы уақытқа дейін елімізде курорттық аймақтарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі шешілмеген күйінде қалып келген еді. Соған сай Мемлекет басшысы «Орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл құжат жергілікті атқарушы органдарға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және елді мекендерден тыс орналасқан туристік нысандарға жол, көпір, электр желісі және өзге де инженерлік инфрақұрылымдарды жобалап, салуға және күтіп ұстауға мүмкіндік береді. Осылайша жер санатын жер қорына ауыстырмай-ақ ұлттық парктер аумағында туризм инфрақұрылымын жедел дамытуға жол ашылады.

Сондай-ақ курорттық аймақтардағы проблемаларды жүйелі түрде шешу үшін 2025–2028 жылдарға арналған Жол картасының жобасы дайындалды. Құжатта курорттық аймақтарды қажетті инфрақұрылыммен жабдықтауға және туристердің демалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған жан-жақты іс-шаралар кешені көзделген. Жол картасының жобасы 5 бөлімнен тұрады және 141 іс-шараны қамтиды. Айта кету керек, жол картасында инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр. Осыған байланысты Жол картасын бекіту қажет, бұл курорттық аймақтардың мақсатты түрде дамуын қамтамасыз етіп, туристік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

«Бүгінде Қазақстандағы курорттық аймақтардың қызметі жүйелі түрде реттелмейді. Аумақтар курорттық аймақтар санатына жатқызу тәртібі мен критерийлері, бекітілген тізімі мен институционалды шекаралары жоқ. Сондықтан да мемлекеттік деңгейде мынадай шаралар ұсынылады. Туризм және спорт министрлігін курорттық аймақтардың қызметін реттеу қағидаларын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ олардың тізімін нақтылау жөніндегі өкілеттіктермен қамтамасыз ету. Қағидаларда туристік инфрақұрылым нысандарына қойылатын міндетті талаптар, жағажайларды абаттандыру, экотуризмді дамыту және белсенді туризм түрлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде ұлттық стандарттарды қолдану көзделетін болады. Сонымен бірге, жергілікті атқарушы органдарға курорттық аймақтардың шекараларын айқындау, кешенді жоспарларды, бас жоспарларды және дизайн-кодтарды әзірлеу жөніндегі өкілеттіктер бекітіледі. Барлық ұсыныстарды жүзеге асыру курорттық аймақтардың қызметін кешенді реттеуге, сервистің сапасын арттыруға және туристерді көбірек тартуға жағдай жасайды деп сенеміз», – деп атап өтті Нұртас Кәріпбаев.

Сондай-ақ курорттық аймақтарға жеңілдіктер мен міндетті қызмет көрсету стандарттары қарастырылған арнайы құқықтық мәртебе беру ұсынылып отыр. Ол басым туристік аумақтарға берілетін инвестициялық преференциялармен ұқсас болады. Курорттық аймақтарда міндетті талаптардың сақталуын қадағалау жүйесін бекіту де маңызды. Бұл жүйеге жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізу, шектеу шараларын қолдану кіреді. Сонымен бірге, туризм саласындағы жобаларды жеңілдетілген несие арқылы қаржыландыру көзделуде. Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерді қоса алғанда, міндетті талаптардың орындалуын бақылау және қадағалау жүйесін құру керек. Қазіргі кезде жүзеге асып жатқан және жоспарланып отырған жүйелі іс-шаралар инфрақұрылымды нығайтып, қызмет көрсету сапасын арттыруға әрі Қазақстанды әлем туристері үшін одан да тартымды ете түсуге мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу