Бизнес жүргізу шарттарын жақсарту, Жамбыл облысында пилоттық жобаны жүзеге асыру — кезекті Үкімет отырысы қалай өтті

А.ж. 17 қыркүйекте кезекті Үкімет отырысында Қазақстанның Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде және басқа да рейтингілерде позицияларын жақсарту бойынша шаралар талқыланды, сондай-ақ Жамбыл облысында ауылда жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау арқылы тұрғындардың табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны іске асыру жолдары қаралды. Үкімет кулуарларында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ағымдағы күн тәртібі мәселелері бойынша өзекті сұрақтарға жауаптар алды.

Қазір Қазақстан «Doing Business» бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінде 2019 жылы әлемнің 140 елінің ішінде 28-ші орынды алып отыр, бұл жүргізілген реформалардың табыстылығын көрсетеді. ҚР Премьер-Министрі мұның еліміздің инвестициялық тартымдылығына ықпал ететінін және жаңа жобалар мен өндірістерді құруға қатысты мүмкіндіктерді білуге жол ашатынын айтты. 

«Біз энергетика, темір жол көлігі, АКТ салаларында жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Сонымен қатар, халықаралық сауда, денсаулық сақтау және қаржы секторындағы көрсеткіштерді жақсарту бойынша жұмысты күшейту қажет», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Үкімет басшысы ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту бойынша сегізінші түзетулер топтамасын әзірлеуді тапсырды. 

Бір ай мерзімде қолда бар іс-шаралар жоспарларын өзектендіріп, жаңа іс-шаралар жоспарын қабылдау, сондай-ақ бағдарламалық құжаттарда халықаралық рейтингтерде Қазақстанның ұстанымын жақсарту жөніндегі нысаналы индикаторларды бекіту мәселесін пысықтау қажет.

Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі позициялары мәселесі Үкіметтің Жобалық кеңсесінің тұрақты бақылауында болады.

Екінші мәселені қарау кезінде Асқар Маминге Жамбыл облысында жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау арқылы тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны іске асыруға 2020 жылдың соңына дейін игеру кезеңімен шамамен 46,4 млрд теңге қажет екені баяндалды. Шағын несиелерді ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда соңғы қарыз алушыға жылдық 2,5% және 7 жылдан аспайтын мерзімге беру жоспарлануда.

«Өздеріңіз білесіздер, біздің алдымызда қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, өмір сапасын жақсарту міндеті тұр. Азаматтарға өздерінің кәсіпкерлік бастамаларын іске асыруға, несиелерді оңай алуға, отбасылық бизнес жүргізуге барлық мүмкіндіктерді жасауымыз қажет. Шағын несие беру жай ғана аз пайызбен ақша тарату болмауы керек. Жобаны іске асыру кезінде қарыз ақшаны қайтаруға қатаң бақылау болуы қажет», — деді А. Мамин.  

Үкімет басшысы қыркүйек айының соңына дейін пилоттық жобаны іске асыру тетігін қарауға енгізіп, сондай-ақ жарияланған көрсеткіштерге уақытылы қол жеткізудің тиісті бақылауын қамтамасыз етуді тапсырды.

Үкімет кулуарында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр «Air Astana» ұшағының двигателіндегі ақауға байланысты қайта оралуға мәжбүр болуына қатысты жуырда болған төтенше жағдайға түсінік берді. Әуе компаниясынан хабарлағандай, ақау двигатель жүйесінің параметрлерін индикациялауда туындаған. 

«Оқиғаны тергеу үшін комиссия тек бүгін құрылады. Әрбір жағдайды жекелей қарастыратын боламыз. Бізде тергеу жүріп жатыр, комиссия құрылады. Бұл жүйелі түрде қайталанған жағдайда, әрине, белгілі бір шаралар қабылданады», — деді Р. Скляр.

Айта кетейік, 16 қыркүйекте «Нұр-Сұлтан – Пекин» бағыты бойынша KC 227 рейсін орындаған Aibus A321neo ұшағы ұшып шыққан әуежайына техникалық себептерге байланысты қайта оралған еді. Ұшақ көтерілгеннен кейін двигатель жұмысының параметрлерін индикациялау жүйесінде туындаған проблемадан хабардар ететін белгі іске қосылған. Ұшу қауіпсіздігі нұсқаулықтарына сәйкес экипаж ақауды жою үшін әуежайға қайта оралу туралы шешім қабылдады. Қону штаттық режимде өтті. 

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңір тұрғындарынан сібір жарасы ауруының анықталуына және науқастардың қазіргі жағдайын байланысты түсінік берді. 

«Ресми мәліметтер бойынша, төрт адам ауырған. Олар қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер хабарлағандай, қазір олардың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Алдағы екі күнде олар ауруханадан шығарылады. Бүгінде олармен байланысқан барлық адамдар тексерілуде, заң аясында қажетті шаралар қабылданып жатыр», — деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Жамбыл облысында сібір жарасы диганозымен төрт адам ауруханаға жатқызылған еді. Медициналық мекемеге түскенде олардың барлығының денелерінде жаралар болған. Бұл адамдар шаруа қожалығында жұмыс істейді, мал союға жәрдемдескен. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу