Бүгінде Қазақстанның IT-қызметтері 86 елге экспортталады

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттандыру, дербес деректерді қорғау, байланыс, цифрлық активтер, мемлекеттік қызметтер туралы және басқа да заңдарды қамтитын Қазақстанның ақпараттық технологиялары саласындағы берік нормативтік-құқықтық базаны қалыптастырды.

Заңнамалық тәжірибеге блокчейн, цифрлық активтер және интеллектуалды роботтар сияқты жаңа институттар енгізілген.

Дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган құрылды, құпиялықты қамтамасыз етуге қойылатын талаптар қатаңдатылды, бұл азаматтарға өздерінің жеке деректерін бақылауға мүмкіндік береді, яғни, оларды пайдалануға келісім беру немесе өз құқығын қорғай отырып, оны қайтарып алу.

Цифрлық және қағаз нұсқасындағы құжаттардың заңды теңдігі бекітілді.

Сонымен қатар мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясы іске қосылды, мемлекеттік органдар арасында дерек алмасу үшін ведомстволық кедергілер жойылды, бұл мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тиімділігін арттырды.

Деректерді басқару саласындағы уәкілетті орган құрылды және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін өзекті және сенімді деректерге негізделген басқару тәсілі енгізілді.

Биыл елді мекендерде және республикалық жолдардың бойында байланыс инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ бәсекелестікті кеңейтуге бағытталған түзетулер қабылданды.

Байланыс қызметтерін ұсыну мақсатында ГЕСЖ пайдалану бойынша пилоттық жоба іске қосылды, перспективалы цифрлық технологияларды сынау үшін реттеуші құрылғылар әзірленді.

Қазақстанның жиынтықты қызметтердің өңірлік хабы ретінде қалыптасуы шеңберінде деректер орталықтарының қызметін және жиынтықты есептеу технологияларын пайдалануды реттейтін түзетулер қабылданды.

Қабылданған НҚА:

  • «Мемлекеттік қызметтер туралы» ҚР заңы (2013): мемлекеттік қызметтер көрсету саласына құқықтық негіз қалап, олардың негізгі қағидаттарын белгіледі, қызмет алушылардың құқықтары мен мемлекеттік органдардың міндеттерін айқындады.
  • «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» ҚР заңы (2013): дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау мақсаттары, қағидаттары мен құқықтық негіздерін белгіледі.
  • «Ақпараттандыру туралы» ҚР заңы (2015): ақпараттандыру саласына құқықтық негіз қалап, ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік басқарудың негізгі міндеттері мен қағидаттарын айқындады, сондай-ақ электрондық қолтаңбаның жұмыс істеу режимін белгіледі.
  • Цифрлық технологияларды реттеу мәселелері жөніндегі заң (2020): деректер талдауын енгізу, «блокчейн», «цифрлық активтер», «майнинг» және «зияткерлік робот» ұғымдарының құқықтық мәртебесі айқындалды, оларды реттеу режимі белгіленді, мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде биометрияны пайдалану тәртібі регламенттелді, дербес деректерді қорғау жөніндегі уәкілетті орган пайда болды, дербес деректерді бақылау сервисі іске қосылды.
  • «Цифрлық активтер туралы» заң (2023): цифрлық активтерді пайдалану, олардың айналымы және сақтау мәселелерін реттейді және блокчейн технологиялар үшін құқықтық негіз болады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанды жетекші IT-ел ретінде дамыту стратегиясының негізін құрайтын цифрлық трансформацияның бес негізгі бағытына баса мән береді (IT саласы және инновациялар, аэроғарыш саласы, жасанды интеллектіні дамыту, байланыс инфрақұрылымы және ақпараттық қауіпсіздік, мемлекеттік қызметтер).

 

Байланыс инфрақұрылымы

БҰҰ деректері бойынша Қазақстандағы интернет пайдаланушылардың үлесі дамыған елдер деңгейінде (93%).

2024 жылы әлемнің 193 елінің ішінде Қазақстан телекоммуникациялық инфрақұрылым индексінде 42-орынға (2008 – 96, 2010 – 91, 2012 – 78, 2014 – 47, 2016 – 48, 2018 – 58, 2020 – 62, 2022 – 61, 2024 – 42) және интернеттің қолжетімділігі индексі бойынша 54-ші орынға тұрақтады (2019 – 97, 2020 – 101, 2021 – 80, 2022 – 84, 2023 – 66, 2024 – 54).

Халықаралық рейтингтердің айтарлықтай жақсаруы байланыс саласындағы жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың тиімділігін көрсетеді, бұл төмендегі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді:

Бірінші. 2013 жылдан бастап талшықты-оптикалық байланыс желісінің ұзындығы 10,5 мың км-ден 2024 жылы 127 мың км-ге дейін 12 есе ұлғайды (2013 – 10,5 мың, 2023 – 107 мың, 2024 жылдың І жартыжылдығында – 127 мың шақырым). Бұл – еліміздегі елді мекендердің 71%-ын сымды технологиялармен қамтамасыз ете отырып, қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға мүмкіндік берді.

Екінші. Ұялы байланыс саласында да өсім байқалады. Қамту 98%-ды құрайды. Осы мақсатта 2023 жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бекітілді.

Ұлттық жобада сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамыту, транзиттік әлеуетті ұлғайту және өңірлік дата-хаб құру сияқты міндеттер қарастырылған.

Жоспарланған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін 7 негізгі жоба:

  • халықты 100% сапалы интернетпен қамтамасыз ету;
  • еліміздің барлық елді мекендерін және негізгі автомобиль жолдарын 4G технологиясы бойынша, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын 5G технологиясы бойынша мобильді байланыспен қамтамасыз ету;
  • Каспий ТОБЖ және Батыс-Шығыс гипермагистралі жобаларын іске асыру арқылы еліміздің транзиттік әлеуеті мен жаһандық байланысын арттыру.

Қазақстанның серверлік және есептеу қуаттылықтарының әлемдік нарығындағы позициясын нығайтуға әлемдік деңгейдегі деректер орталықтарын салу арқылы қол жеткізуге болады. Бұл еліміздің ұзақмерзімді өсуіне ықпал ете отырып, әлемдік цифрлық экономикаға интеграциялануға мүмкіндік береді.

Әзірленіп жатқан жобалар:

1. МЖӘ 2.0 моделі бойынша ауылдарға оптика жеткізу

  • Аукцион 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы ақпан аралығында өтеді (4 лот).
  • МЖӘ ҚазОрталығының оң қорытындысы алынды.

Қамту аумағы: 3 010 ауыл (48%)

2. Ауылдарда жергілікті желі салу үшін операторларды субсидиялау

  • Келісім жобасы келісілді және қол қоюға дайын.
  • Қол қойылғаннан кейін келісім ратификациялау үшін Парламентке жіберіледі.

Қамту аумағы: 1 123 ауыл (18%)

3. Республикалық және негізгі облыстық жолдарды МКЖҚ қамтамасыз ету

  • 243 АДҚ-дан 52 сараптама алынды (I кезең).

Қамту аумағы: автожол бойындағы 487 АДҚ

4. Бесінші буын ұялы байланысын енгізу (5G)

  • Еліміздің 20 қаласында 1 411 базалық станса орнатылған.

Аяқталу мерзімі: 2025 жылғы желтоқсан айы.

5. Ыстық және суық резервтері бар мемлекеттік органдар үшін ДӨО құру

  • Астана қаласындағы ДӨО – орындау («ҰАТ» АҚ ғимараттың теңгеріміне қабылданды).
  • Алматы қаласындағы ДӨО – мемлекеттік сараптаманы келісу жұмыстары жүргізілуде (2024 жылғы қараша).

Аяқталу мерзімі: 2025 жылғы желтоқсан айы.

6. Каспий теңізінің түбінде ТОБЖ салу

  • Құрылыс аяқталды, жоба операторы – CASPINET B.V.

Аяқталу мерзімі: 2025 жылғы желтоқсан айы.

7. Батыс-Шығыс ұлттық магистралінің құрылысы

  • Жобаны іске асыруға келісімге келу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Учаскесі: Ақтау – Қорғас 

Аяқталу мерзімі: 2025 жылғы желтоқсан айы.

 

Киберқауіпсіздік және азаматтардың дербес деректерін қорғау

Цифрлық трансформация тұжырымдамасының негізгі индикаторы – БҰҰ Халықаралық электр байланысы одағының жаһандық киберқауіпсіздік индексі.

2024 жылғы есепте Қазақстан екінші топта (Tier 2 – Advancing) 29 ел арасында 94,6 баллмен 3-орынға ие болып, ТМД-да бірінші орында болды.

Дербес деректерді қорғау шеңберінде мынадай шаралар қабылданды:

Бірінші. Азаматтардың келісімінсіз дербес деректерді мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алу мүмкін болмайтын дербес деректерге қол жеткізуді бақылау сервисі құрылды. Аталған қызмет сұранысқа аса ие, күн сайын 1 млн-нан астам сұраныс өңделеді.

Екінші. Азаматтарға несиелерді заңсыз ресімдеуді болдырмайтын сервис енгізілді – бұл қазіргі таңда өте өзекті мәселе. Аталған қызмет «Стоп-несие» деп аталады.

Үшінші. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қауіпсіз цифрлық экожүйені құруға бағытталған бастаманы іске асырды. Бұл – кез-келген ІТ энтузиастқа әр түрлі ақпараттық жүйелердегі осалдықтарды тапқаны үшін сыйақы беретін «Bug Bounty» платформасы.

 

Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру

Соңғы жылдары Қазақстан цифрландыру саласында ауқымды реформалар жүргізіп, халықаралық қоғамдастықта өзінің танымалдылығын арттырды.

БҰҰ-ның тәуелсіз бағалауы бойынша Қазақстан цифрландыру саласында айтарлықтай ілгері жылжыған.

Электрондық үкіметті дамыту индексінде Қазақстан 193 елдің ішінде 24-ші орынға ие болды, сондай-ақ онлайн-қызметтер индексі (OSI) бойынша көшбасшылардың ондығына кірді.

Цифрландыру есебінен азаматтар смартфон арқылы қажетті қызметтерді онлайн түрде ала алады.

Мемлекеттік қызметтерді тізілімде бекіту арқылы ұсыну тәртібін нақты регламенттеу, сондай-ақ азаматтармен жасырын өзара іс-қимылды анықтау бойынша жүйелі жұмыс мемлекеттік органдар тарапынан негізсіз бас тарту фактілерін болдырмауға мүмкіндік берді.

Соңғы 10 жылда мемлекеттік қызметтер саны 2 еседен астам өсті. Бұл ретте, тізбенің жыл сайын кеңеюіне қарамастан, Министрлік қызметтердің 92%-дан астамының онлайн-форматта қолжетімділігін қамтамасыз етіп, оларды барлығына ыңғайлы және қолжетімді етті. Қазіргі таңда сыртқы платформаларда мемлекеттік қызметтер мен сервистердің 56-дан астам түрі бар.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында осы қосымшалар арқылы 33 миллионға жуық қызмет көрсетілді, бұл 2023 жылғы (67 млн) жалпы көлемнің жартысына жуығын құрайды.

Сондай-ақ проактивті қызметтер енгізілді. Бүгінгі таңда мұндай қызметтердің 50 түрі бар. Барлық 1 359 мемлекеттік қызметтің 86%-ы смартфондарда қолжетімді.

Бұған қоса, биометриялық сәйкестендіру және QR-қолтаңба сервистері енгізілді, бұл электрондық қызметтерді алу процесін едәуір жеңілдетті.

2024 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша QR кодтары арқылы 8 млн қол қойылған, ал Digital ID жүйесі арқылы 18 млн идентификация жасалған.

EGov-ты жетілдіру және модернизациялау процесі үздіксіз жүргізілуде және үшінші нұсқаға көшудің белсенді кезеңінде. Жаңа eGov ЖИ технологияларын қолдану арқылы айтарлықтай тұрақты және ыңғайлырақ болмақ.

Ендігі уақытта Министрлік тіркеуден бастап компанияларды таратуға дейін қолдаудың толық циклін қамтамасыз ете отырып, бизнес үшін осыған ұқсас қызметтерді дамытатын болады.

Қазақстанның GovTech саласындағы цифрлық әзірлемелері халықаралық деңгейге шықты. 2023-2024 жылдары экспорт көлемі 1,36 млрд теңгені құрады.

Қазақстан Тәжікстан, Того, Сьерра-Леоне сияқты елдермен электрондық үкімет саласындағы озық шешімдерімен бөліседі.

ҚР экспорттайтын негізгі компоненттер – Smart Data Ukimet, Smart Bridge және gov.kz.

 

IT-саланы және инновацияларды дамыту

2023 жылы Қазақстанның IT-саласы қарқынды өсуді жалғастырып, жұмысқа орналасу үшін ең тартымды салалардың біріне айналды.

IT-компаниялардың саны 17 922-ге жетті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 11%-ға көп. Бұл секторға деген қызығушылықтың артуын және оның белсенді дамуын көрсетеді.

IT-мамандардың орташа айлық жалақысы 588 мың теңгені құрайды, бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 35%-ға артық. Бұл білікті кадрларға деген жоғары сұранысты және бәсекеге қабілетті еңбек жағдайларын көрсетеді.

Сондай-ақ IT-саладағы жұмыспен қамту көрсеткіші 12%-ға артып, 187 мың адамға жетті. Жұмыспен қамтылғандар санының өсуі саланың кеңейе түсуінің және жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуының көрінісі.

Astana Hub Қазақстандағы IT-стартаптарды дамыту орталығы ретіндегі рөлін растап, тамаша көрсеткіштер көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда технопарк 1,5 мыңнан астам қатысушыны біріктірді, олардың ішінде 1104 жергілікті және 437 шетелдік компаниялар бар.

Қатысушылар мен қызметкерлер саны тұрақты түрде өсуде: 2019 жылғы 185 компания мен 543 адамнан 2024 жылы 25 мыңнан астам қызметкерге дейін артты.

Қатысушылардың жалпы табысы 1,1 трлн теңгені құрап, соңғы бес жылда 31 есе өскенін көрсетті.

Экспорттық түсім 369 млрд теңгеге жетіп, төрт жарым жылда 30 есеге ұлғайды, бұл – жобалардың жоғары экспорттық әлеуетін растайды.

Тартылған инвестициялар 275 млрд теңгеден асты, бұл – инвесторлардың сенімі мен жобалардың перспективалылығын көрсетеді.

Astana Hub әртүрлі бағыттардағы стартаптарды қолдайды, соның ішінде: бағдарламалық қамсыздандыруды әзірлеу (105,8 млрд теңге), финтех (56,5 млрд теңге), SaaS (40,8 млрд теңге), сондай-ақ AI, индустрия 4.0 және Smart City саласындағы жобалар белсенді түрде дамып келеді.

Өңірлік хабтардың дамуы инновациялық экожүйенің негізгі элементіне айналды.

Бүгінгі таңда бүкіл ел бойынша жергілікті стартаптар мен кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететін 16 өңірлік IT-хаб жұмыс істейді.

2023 жылы хабтарда 42 000-нан астам қатысушыны жинаған 1 400-ден астам іс-шара өткізілді. Өңірлердің қолдауының арқасында 400-ден астам стартап-идеялар іске қосылды және екі GameDev орталығы ашылды. Биыл Қазақстанның әр өңірінен 100-ден астам жаңа компания Astana Hub құрамына енді.

2024 жылдың соңына дейін Жезқазған мен Петропавлда тағы екі хабты қосу жоспарда бар.

Өңірлік хабтар таланттарды ашуға және күшті инновациялық экожүйені құруға ықпал ете отырып, Қазақстанда IT-индустрияны дамытудың маңызды драйверіне айналуда. Қазіргі таңда Сауд Арабиясында, АҚШ-та және Сингапурда үш халықаралық ІТ-хаб табысты жұмыс істеп тұр.

Қазақстанның IT-қызметтерінің экспорты қарқынды өсім көрсетіп отыр.

2023 жылы экспорт көлемі $529 млн-ға жетті, ал 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш $306 млн-ды құрады.

Министрлік 2026 жылға қарай көрсеткішті $1 млрд-қа жеткізуге бет бұрып, халықаралық нарықтарға қатысуды біртіндеп арттырып келеді.

Бүгінде Қазақстанның IT-қызметтері 86 елге экспортталады, бұл отандық компаниялардың жоғары сұранысы мен жаһандық деңгейде табысты бәсекелесу қабілетін растайды.

ІТ экспортының өсуі Қазақстанның әлемдік IT-индустриядағы позициясын нығайтып қана қоймай, экономиканы әртараптандырудың негізгі элементіне айналуда.

Экспорттың негізгі бағыттары — Ресей ($34,5 млн), Ирландия ($30,3 млн), Мексика ($26,6 млн), АҚШ ($12,6 млн) және Сингапур ($12,3 млн).

2023 жылы жетекші экспорттаушылар арасында Netcracker, PAM, MX Credit Systems, Ozon, MyTona және Playrix сияқты компаниялар атап өтілді. Бұл жетістіктер қазақстандық IT-қызметтердің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді және секторды одан әрі дамытуға қолайлы жағдайлар жасайды.


Ғарыш саласының басым жобалары

Жерді қашықтан зондтау спутниктері: 2027 жылы ұшыру жоспарланған үш орташа жиілік спутнигін құру туралы келісімшартқа қол қойылды. Сондай-ақ Моңғолиямен спутникті өндіруге экспорттық келісімшартқа қол қойылды.

Геостационарлық емес байланыс жүйелері: OneWeb жерүсті стансасы пайдалануға берілді, ал 1 800 мектеп Starlink арқылы интернетке қосылған. 2026 жылға қарай Amazon Kuіper және SpaceSail жүйелерін пайдалану көзделген, бұл шалғай аймақтарға интернетті қолжетімді етеді.

KazSat-3R жобасы: спутниктік байланыс желілері мен телехабар таратудың үздіксіз сервисін қамтамасыз ету үшін 2029 жылға қарай KazSat-3 байланыс спутнигін ауыстыру жоспарлануда. Жоба бойынша жобалау алдындағы жұмыстар жүргізілуде, спутникті құруға келісімшартқа қол қою 2025 жылға жоспарланған.

«Бәйтерек» ҒЗК жобасы: жоба бойынша жұмыстар қайта жанданды. «Союз-5» зымыран тасығышын 2025 жылы ұшыру жоспарланған, ал коммерциялық тұрғыдан ұшыру — РН сынақтан өткізгеннен кейін 2028 жылдан бастап жүзеге асырылады.

Отандық зымыран тасығыш ғарышқа тәуелсіз қол жеткізу үшін дербес шығару құралын құруды көздейді. РН материалдары мен компоненттерін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қатты зымыран отынының прототипі жасалды. Метеорологиялық зымыранды ұшыру 2025 жылға және аса жеңіл зымыранды сынау 2030 жылға жоспарланған.


Жасанды интеллект

Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазақстан жасанды интеллект кеңінен қолданылатын және цифрлық технологиялар дамитын ел болуы тиіс екенін атап өтті. Осы мақсатта Министрлік жасанды интеллект (ЖИ) саласын белсенді дамытып келеді және қазірдің өзінде бірнеше маңызды бастамаларды жүзеге асырды:

  • Цифрландыру саласының дамуын үйлестіретін Жасанды интеллект комитеті құрылды;
  • ЖИ дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді;
  • Сондай-ақ ЖИ туралы заң жобасы әзірленді, бұл одан әрі өсуге қажетті нормативтік-құқықтық базаны қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Назарбаев Университетімен және басқа да ғылыми-практикалық ұйымдармен бірлесіп KazLLM үлкен тілдік моделін әзірлеп жатыр.

KazLLM әзірлеу ұлттық мүдделерді, дербес деректерді қорғауды, сондай-ақ идеологиялық тәуелсіздікті ескере отырып, шетелдік технологияларға тәуелділікті шектеумен, қазақстандық компаниялардың өздерінің дербес моделі негізінде технологиялық өнімдерді жасау үшін қажет.

LLM негізінде жасанды интеллект өнімдерін құру жұмыстары жүргізілуде. «ҰАТ» АҚ деректерге ыңғайлы және түсінікті қол жеткізу арқылы мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуді жеңілдетуге және мемлекеттік органдардың қызметін оңтайландыруға бағытталған 7 демо-шешім әзірледі.

Бұл – eGov, сот жүйесі, E-otinish, заң шығару, корпоративішілік заң көмекшісі және басқа да бағыттардағы ЖИ көмекшілері. Аталған ЖИ-өнімдері Қазақстан жеткілікті есептеу қуаттарына ие болған кезде жаппай іске қосылады.

eGovAI – азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қол жетімділігін жақсартуға арналған кеңесші.

E-otinish бот – азаматтардың электрондық өтініштерін басқаруға арналған бот.

Жоғарғы сот үшін талап арыздарды талдау – алдыңғы процестердің деректері мен ҚР заңнамалық базасының негізінде сот істерінің нәтижелерін талдауға көмектесетін бот.

Деректерді талдау боты – мемлекеттік қызметшілерді өзекті статистикамен және талдамалық деректермен қамтамасыз ететін чат-бот. Азаматтардың өтініштері мен Байланыс қызметтері орталықтарының негізінде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін талдау шараларын қамтиды.

Qazaq Law – заң шығару процестерін қолдауға арналған бот. Заңнаманың ағымдағы жай-күйі бойынша талдау жасайды және азаматтар мен мемлекеттік құрылымдарға заң мәселелерін шешуге көмектеседі.

Ішкі нормативтік құжаттама бойынша бот – ішкі нормативтік актілер негізінде құжаттардан қажетті ақпаратты іздеуге арналған чат-бот.

ПӘ кейстері бойынша талдау – деректерді талдау негізінде Президент Әкімшілігінің барлық істері бойынша сұрақтарға статистикалық жауаптар беретін бот.

Президент өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке келесі жылы ЖИ ұлттық орталығын іске қосуды тапсырған болатын.

Бұл орталық ЖИ дамыту саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер алаңына айналады, сондай-ақ халықаралық тәжірибені, инвестицияларды және жасанды интеллект саласындағы сараптаманы тартуға қажетті көпір мен хаб рөлін атқаратын болады.

Жасанды интеллект ұлттық орталығы барлық жастағы адамдарға арналған ЖИ мектебі, AI стартаптарына арналған кампус, R&D орталықтары және AI зертханалары орналастырылатын біліктілік орталығы болады.

Бүгінгі таңда зертханаларды іске қосу үшін ірі технологиялық компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

#Цифрландыру

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу