Бюджетті оңтайландыру, «көлеңкелі» экономика деңгейін төмендету және мемлекеттік сатып алуды жетілдіру — қаржы министрі халық алдында есеп берді

Бүгін халыққа есеп беру кездесуінде ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қаржы министрлігінің 2020 жылғы жұмысының нәтижелері және ведомствоның 2021 жылға арналған алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

Қазір Қаржы министрлігінің штат саны 16 247 бірлікті құрайды. Соңғы екі жылда Министрлік үлкен оңтайландыру жұмыстарын жүргізді. 1 965 бірлік қысқартылды. Бүгінгі таңда Министрліктің құрылымы орталық аппараттан, 4 ведомстводан және 3 ведомстволық бағынысты ұйымнан тұрады. 

Министрлік тарапынан жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтің 50 түрі көрсетіледі, оның ішінде 46 немесе 92% электрондық түрде көрсетіледі. 2020 жылы барлығы 22,9 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде 22,2 млн немесе 97% электрондық түрде.

«Болашақта барлық қызмет түрін электронды форматқа көшіру жоспарымызда бар. Жалпы Министрлік өз қызметінде барынша ашықтық пен конструктивті тәсілді алға тартады. Қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Мемлекеттік қаржы қоғамдық кеңесі өз жұмысын сәтті атқаруда. Осының барлығы Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келеді. Министрліктің мақсаттары мен міндеттері экономиканы тұрақты дамытуға, қазақстандықтардың нақты әл-ауқатын арттыруға және жүктелген барлық тапсырмаларды іске асыруға бағытталған. Біздің басымдықтарымыз – бюджет шығыстарын жоспарлау тиімділігін арттыру және бюджеттік рәсімдерді жақсарту, салықтық-кедендік әкімшілендіру мен аудитті жетілдіру және цифрландыру», — деді қаржы министрі.

Өткен жылы мемлекеттік бюджетке 9 трлн 751 млрд теңге кіріс түсті немесе жоспар 102,7%-ке атқарылды. Жергілікті бюджеттердің кірістері бойынша жоспар 108%-ке атқарылды немесе жоспарланған 2 трлн 955 млрд теңгенің орнына 3 трлн 191 млрд теңге түсті.

Былтыр республикалық бюджетке 6 трлн 561 млрд теңге кіріс түсті немесе жоспар 100,3%-ке атқарылды.

Кірістер бойынша жоспар 22 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар – 16 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбаларды өндіру салығына және шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажына тиесілі болды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,2%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары 98,3%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,1%-ке атқарылды.

2020 жылы Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аяқталды. Былтыр 101,1 млрд теңгеге 12 объект сатылды. Нәтижесінде мемлекеттің экономикадағы үлесі 2015-2020 жылдар арасында жалпы ішкі өнімге қатысты 19,1%-тен 15%-ке дейін қысқарды. Жекешелендіру рәсімдерін оңайлату және жеделдету мақсатында тиісті заңнамалық актілер қабылданды. 

«Бюджетті атқарудың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі – мемлекеттік сатып алу. Бүгінде оның бүкіл процесі автоматтандырылған. Веб-порталда 109 мыңнан астам өнім беруші мен 24 мың тапсырыс беруші тіркелген. Мемлекеттік сатып алу көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 30%-ға өсіп, 5,9 трлн теңгеден астам соманы құрады. Өткен жылы мемлекеттік сатып алу кезінде шартты үнемделген қаражат 448 млрд теңгені құрады. Жалпы соңғы 3 жылда үнемдеу 1 трлн теңгеден астам болды», — деді Е. Жамаубаев. 

2020 жылы 10,4 трлн теңгеге 1,4 млн-нан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. Қорытындысы бойынша 983 млрд теңгеге бұзушылықтар ескертілді. 251 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның 74%-ы бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті жүргізу кезінде бұзушылықтарға келеді. 251 материал құқық қорғау органдарына жіберілді, ал бұзушылықтарға жол бергені үшін 2 349 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін арттыру үшін 1 950 ұсыным берілді.

Ведомство басшысы сондай-ақ министрліктің биылғы қызметі Мемлекет басшысының стратегиялық бастамалары мен тапсырмаларын және «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын іске асыруға бағытталғанын хабарлады.

Жалпы, жоспарланған жұмысты 5 негізгі блок бойынша топтастыруға болады:

Бірінші — теңгерімді қамтамасыз ету және бюджетті оңтайландыру;

Екінші — салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру және «көлеңкелі» экономика деңгейін төмендету;

Үшінші — мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыру;

Төртінші — мемлекеттік сатып алуды одан әрі жетілдіру;

Бесінші — мемлекеттік аудиттің сапасын арттыру.

Бірінші. Бюджеттік жоспарлау саласындағы міндеттерге қатысты.

Өткен жылы Бюджет кодексіне стратегиялық және бюджеттік жоспарлауды үйлестіру бөлігінде бюджетті қалыптастыру жөніндегі жаңа тәсілдерді және бюджет қаражатын барынша қайтарыммен пайдалануға мүмкіндік беретін тетіктерді көздейтін түзетулер енгізілді.

Түзетулерге сәйкес стратегиялық міндеттерге баса назар аудара отырып, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері айқындалды. Сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлесіп экономиканың түрлі салаларында ұлттық жобаларды дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Біздің міндетіміз – әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бағытталған теңгерімді бюджетті қалыптастыру. Бюджет процесінің маңызды құрамдас бөлігі – Ұлттық қор. Оның активтері осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 27,6 трлн теңгені құрады, оның ішінде валюталық портфель – $58,5 млрд. Айта кету керек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қор $744 млрд теңгеге өсті. Министрлік жүйелі негізде оның жинақтау функциясын күшейтуге бағытталған жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Бюджет кодексіне Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін кезең-кезеңімен қысқарту және контрциклдық бюджеттік ережені қолдану бойынша түзетулер енгізілді. Бұл шаралар Ұлттық қор активтерінің жинақталуына және мұнайлық емес тапшылықтың біртіндеп төмендеуіне ықпал етеді», — деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар 2020 жылы «Мемлекеттік жоспарлау жүйесін дамыту» жобасын іске асырудың 1-кезеңі аяқталды, бұл 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті электрондық түрде қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Жүйеге 1 125 мемлекеттік мекеме және 4 мың пайдаланушы қосылған. Биыл МЖАЖ дамыту жобасының 2-ші кезеңін жүзеге асыру жоспарлануда. Жоба бюджетті жоспарлаумен байланысты уақытша және үстеме шығыстарды оңтайландыруға, сондай-ақ оның транспаренттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қолдаудың бөлінетін шараларының тиімділігіне мониторинг жүргізу жүйесі іске асырылды. Тиісті әдістеме мен ақпараттық жүйе әзірленді. Бағалау тиімділіктің 3 көрсеткіші бойынша жүргізілді: бюджеттік, қаржылық-экономикалық және әлеуметтік-экономикалық. Қазірдің өзінде 8 мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде мемлекеттік қолдаудың 76 шарасы бойынша жүйе жұмысының алдын ала қорытындылары бар.

Биыл тиімділікті бағалаумен қаржылық қолдаудың барлық шаралары қамтылатын болады, олардың нәтижелері кейіннен республикалық бюджетті жоспарлау сапасын арттыру үшін пайдаланылатын болады. 

Бюджет процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Бюджеттің ашықтығын зерттеу бастамасы шеңберінде жұмыс жүргізілуде. Ол бюджет бойынша халықаралық серіктестік аясында екі жылда бір рет өткізіледі. 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға 58 балл немесе әлемнің 117 елінің арасында 37 орын берілді. Бюджет ашықтығы индексі бойынша кемінде 59 балл жинау жоспарда бар. Ол үшін бюджет бойынша халықаралық серіктестіктің ұсынымдары талданып, ескерілді.

Екінші. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыруға және «көлеңкелі» экономика деңгейін төмендетуге қатысты

«Біздің басым міндетіміз – көлеңкелі экономиканы ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін төмендету. Бұл – ЖІӨ-нің 15%-ы. Қазір көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын барлық салалар бойынша өзектендіру жұмыстары жүргізілуде. Біз бюджетті тұрақты кіріс көздерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін салықтық-кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша күшейтілген жұмыс жүргізіп жатырмыз. Тек соңғы 3 жылда қабылданған шаралар бюджетке 2 трлн теңгеден астам қосымша түсімдерді қамтамасыз етті, оның ішінде 2020 жылы – 710 млрд теңге. Көлеңкелі экономиканың төмендеуіне халықтың табысын жалпыға бірдей декларациялау да ықпал етеді. Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей салық декларациясының бірінші кезеңі басталды», — деді министр.

Оның мақсаты — жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін бақылаудың тиімді жүйесін құру. Бұл сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға және бюджетке қосымша түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді. Декларациялау кейіннен барлық азаматтар үшін ауыса отырып, мемлекеттік қызметшілерге қатысты кезең-кезеңімен жүргізіледі. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының инфрақұрылымын кеңейту бойынша уақытылы шаралар қабылданды.

Халыққа ыңғайлы болу үшін декларацияларды тапсыру бойынша электрондық сервистер іске асырылды, атап айтсақ: Салық төлеушінің кабинеті, «Электрондық үкіметтің» веб-порталы және «Е-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасы.

«Бүгінгі таңда декларациялаудың бірінші кезеңі аясында 462 мыңнан астам адам салықтық есептілікті ұсынды. Бұл осы жылдың жоспарланған көрсеткішінің 97% құрайды. Жалпыға бірдей декларациялауды түпкілікті енгізгенге дейін кең ауқымды түсіндіру жұмысы жалғасатын болады. Цифрландырудың келешегіне және әкімшілендіруді жақсарту жөніндегі шараларға жеке тоқталып өтейін», — деді Е. Жамаубаев.

Мақсаты — тиімді фискалдық жүйе мен сапалы сервисті қамтамасыз ету арқылы бизнес пен халыққа қолайлы жағдай жасау. Бұл үшін Интеграцияланған деректер базасы (ИДБ) және салықтық әкімшілендіру жүйесі (ИСӘЖ) жаңғыртылатын болады.

Осы мақсатта азаматтарымыздың шетелдік юрисдикциялардағы қаржылық шоттары бойынша ЭЫДҰ елдерімен мәліметтер алмасу жолға қойылған. Экономиканы деофшоризациялау бойынша жұмыс жандандырылатын болады. 

Биылдан бастап «Е-Salyq – Azamat» мобильді қосымшасы іске қосылды, ол көптеген деректемелерді толтырмай салық төлеуге, қате төлемдерді болдырмауға, 2 минут ішінде онлайн толтыруды, автоесепті және салықты автоматты төлеуге мүмкіндік береді. Жеке кәсіпкерлер үшін «E-Salyq Business» қосымшасы әзірленуде.

Мұнда ЖК тіркеу мен жабуды оңайлату, салық есептілігін ұсыну, сондай-ақ комиссияны алып тастау және фискалдық деректер операторларының қызметтеріне ақы төлеу қарастырылған. Ірі салық төлеушілер үшін көлденең мониторинг енгізілуде. Бұл салық төлеушілерге шығындарды азайтуға және салықтық бақылау шеңберіндегі тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік беретін салықтық әкімшілендірудің тиімді моделі.

«Өздеріңіз білетіндей, кәсіпкерлердің салық төлеуден жалтару мақсатында қолма-қол ақша фирмаларын пайдалануы өткір мәселе болып табылады. Бұл тиісті сақтық қағидатын енгізудің және контрагенттерді дербес тексеру үшін ашық интеграцияланған деректер базасын құрудың алғышарты болды. Біз тиісті сақтық таныту тәртібін белгілеу бойынша тиісті түзетулер әзірледік», — деп атап өтті министр.

Президенттің тапсырмасы бойынша трансшекаралық сауданы бақылауды күшейту үшін кешенді жоспар әзірленді, оның шеңберінде бірқатар міндеттер айқындалды.

Жалған транзитті болдырмау және жалған алушыларға тауарлар жеткізуді болдырмау мақсатында автокөлік құралдарына навигациялық пломбаларды қолдану кеңейтіледі. Салықтарды төлеудің толықтығы үшін импорттан бастап бөлшек саудада өткізуге дейінгі бүкіл тізбек бойынша бақылау енгізіледі және ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдарымен тауарлардың саны мен құны туралы ақпарат алмасу қамтамасыз етіледі. Алкоголь өнімдерін цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жобаны жүргізу жалғасуда. Салықтық әкімшілендірудің келесі шаралары пилоттың қорытындысы бойынша анықталады — шамамен осы жылдың қазан айында.

Сондай-ақ кедендік рәсімдерді жақсарту үшін жасанды интеллект және көлік ағындарын автоматты басқару технологияларын енгізе отырып, өткізу пункттері жаңғыртылады. Ситуациялық орталық салу, 1 теміржол және 9 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жоспарланып отыр. Заңсыз сауда айналымына қарсы күреске және бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге бағытталған басқа да шаралар қабылданады.

Үшінші. Мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыру үшін 2021-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспар шеңберінде жекешелендіру жалғасады. Мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектордың 733 объектісін іске асыру көзделіп отыр.

Жекешелендіру жоспарын іске асыру негізінде мыналар күтіледі:

  • мемлекеттің экономикаға қатысуын 14%-ға дейін қысқарту;
  • стратегиялық инвесторларды тарту және еңбек өнімділігін арттыру;
  • ШОБ-тың жекешелендірілетін компаниялардың қызметтеріне кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз ету;
  • квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыру және оның ықшамдылығын қамтамасыз ету.

Төртінші. Міндеттердің маңызды блогы – мемлекеттік сатып алуды одан әрі жетілдіру

Бұл бағытта Министрлік тұрақты негізде жұмыс жүргізіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген мемлекеттік сатып алулар бойынша заң жобасы Парламент қарауында.

Заң жобасында мемлекеттік сатып алуды бір көзден алу тәсілімен өткізудің 53-тен 49-ға дейінгі негіздемесін қысқарту көзделген. Бұл тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден сатып алудың барлық көлемінің шамамен 50%-ын құрайды.

Сондай-ақ заң жобасында тауарларды 1 күнде бәсекелестік негізде сатып алуға мүмкіндік беретін электрондық дүкенді іске қосу жоспарланған. Конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімдерін 5 жұмыс күніне дейін қысқартуға бағытталған негіздемелік келісімдер жасасу мүмкіндігі көзделеді.

«Оффтейк-келісімшарттар» түрінде ұзақ мерзімді кепілдендірілген шарттар жасасу көзделген. Заң жобасы бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Оны қабылдау сатып алу рәсімін оңайлатуға, бәсекелестіктің өсуін және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы биыл 8 маусымда «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» Заңға қол қойды. Заңда квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуын, оның ішінде «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуын реттеу ұсынылады. Ол келесі тәсілдерді қарастырады:

  • біріншіден, Заңның қолданылу аясына, қағидаттарға, шектеулерге, тәсілдерге, бақылауға және шағымдануға қатысты базалық ережелер барлық квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін бірыңғай болатын заң деңгейінде бекітілген;
  • екіншіден, «Самұрық-Қазына» қорының Сатып алу ережелерін бекіту Қордың құзырында сақталған.

Бұл Қор қызметінің ерекшелігіне және IPO жүргізу кезінде инвестициялық тартымдылықты сақтау қажеттілігіне, сонымен қатар жекешелендірудің өзге де нысандарына байланысты.

Жалпы, заңнаманы және мемлекеттік сатып алу веб-порталын жетілдіру бойынша жұмыстар жүйелі негізде жүргізілуде.

Бесінші. 2020 жылы аудиторлық қызмет туралы Заңға түзетулер қабылданды. Бұл инвестициялық ахуалды жақсартуға, жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингінде «аудит және есептілік стандарттарын жетілдіру» көрсеткішінің өсуіне бағытталған.

Аудиторлық қызмет бойынша кәсіби кеңес құру көзделген. Бұл Қазақстандағы аудит саласындағы сапаны бақылау және біліктілік емтихандары мәселелерін үйлестіруге мүмкіндік береді.

Электрондық қаржы орталығы мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу бойынша Бірыңғай операторы және бюджет процесінің интеграторы болып табылады.

Есепті кезеңде электрондық қаржы орталығы мынадай іс-шараларды орындады:

  • мемлекеттік сатып алудың бүкіл процесі автоматтандырылды;
  • бюджеттік жоспарлау мерзімі 2 есеге қысқартылды;
  • салық төлеуші кабинеті жұмысының жылдамдығы 8 есеге артты;
  • Байланыс орталығы тәулік бойына, 24/7 режиміне ауыстырылды.

«Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ қызметіне қатысты

Оның негізгі функциялары:

  • мемлекеттік меншікті есепке алу;
  • жекешелендіру нәтижелерін ұйымдастыру;
  • бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызмет көрсету;
  • қаржылық есептілік депозитарийін жүргізу;
  • астық қолхаттарын ұстаушылардың тізілімін жүргізу.

Орталықтың цифрлық платформаларының 400 мыңдай пайдаланушысы бар.

2020 жылдан бастап көмірсутектерге жер қойнауын пайдалану құқықтарын іске асыру бойынша аукциондар үшін электрондық сервис енгізілді.

Былтыр 23 желтоқсанда жер қойнауының жеті учаскесі бойынша алғашқы электрондық сауда-саттық өткізілді. Ашықтық пен бәсекелестік нәтижесінде ондағы бастапқы баға 263 млн теңгеден 61 млрд теңгеге дейін өсті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануға цифрлық мониторинг пен бақылауды енгізу жөніндегі IT-жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық байқауында 150 қатысушының ішінен 2-орынды иеленіп, үздіктердің бірі болып танылды.

Проблемалық кредиттер қорының қызметіне келер болсақ, қордың банк секторын сауықтыру және сатып алынған активтерді экономикалық айналымға тарту сынды екі стратегиялық бағыты бар.

Проблемалық активтерді сауықтыру және борышкер компанияларды экономикалық айналымға тарту үшін 43 борышкер компанияның берешегі қайта құрылымдалды.

Сондай-ақ 2019-2020 жылдары қор өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың борыш жүктемесін азайту бойынша қаржы операторы болып табылды.

Екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарының шоттарына 700 мыңнан астам адамның қарыздары өтелді.

Азаматтардың қойған сұрақтарының бірі жәбірленушілерге өтемақы қорының жұмыс істеуіне қатысты болды.

Министрдің айтуынша, Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры жұмыс істейді. Тиісті төлемдер 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап жүргізілуде.

«Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры туралы» заңда жәбірленушілердің үш санаты анықталды және өтемақылар белгіленді, олар құқық қорғау органдары тиісті іс-шараларды жүргізіп жатқан кезде бастапқы уақытқа жәбірленушілерге берілетін минималды қолдау болып табылады.

Қылмыстық қудалау органдары (ІІМ, ҰҚК), Бас прокуратура, Қорғаныс министрлігінің Әскери полициясы ұсынатын деректер өтемақы төлеу үшін негіз болып табылады.

«Қордан төленетін қаражат бюджет қаражаты болып табылмайды. Қор заңды тұлға болып табылмайды. Бұл жәбірленушілерге өтемақы төлеуге арналған шот. Ондағы қаражат сот пен қылмыстық қудалау органдары салған айыппұлдар мен төлемдерден түсетін түсімдер есебінен қалыптасады», — деп атап өтті Е. Жамаубаев.

Сондай-ақ салық есептілігі формасына (СЕФ) қатысты қызықты сұрақ қойылды.

Резидент еместермен өзара қарым-қатынас болмаған кезде СЕФ 101.04 ұсыну бойынша міндеттеме туындайды. Салық төлеуші салық салу объектісі болмаған жағдайда неліктен 101.04 СЕФ-ын «бос» бағанмен тапсыру керек деп сұрайды? Бұл жағдайда Салық кодексінің 208 және 648-баптарының екі нормасының қарама-қайшылығы байқалады, яғни екі норманы бір уақытта орындау мүмкін емес.

Министр мұнда қандай да бір қақтығыстар бар екеніне келісті. Сонымен қатар мәселе шешілуде.

«Министрлік уәкілетті орган – Ұлттық экономика министрлігіне құзыреті бойынша жіберілген түзетулерді әзірледі. Салық кодексіне тиісті түзетулер (208-бап) салық салу объектілері болмаған кезде 101.04 формасы бойынша есеп беруден босатуды көздейді», — деп хабарлады Е. Жамаубаев.

Министрдің айтуынша, осы бағыттағы жұмысты уәкілетті орган тиісті заң жобасы аясында жалғастыратын болады.

«Ұлттық экономика министрлігі Үкіметке және одан әрі Парламентке тезірек түзетулер енгізуі үшін біз осы мәселенің шешілуін қадағалайтын боламыз», — деп атап өтті Е. Жамаубаев.

Сондай-ақ азаматтарды 1 маусымнан бастап кәсіпкерге QR-код беру міндеттемесі не үшін енгізілді деген сұрақ қызықтырды. Бұл код нені білдіреді және ол не үшін қажет?

«QR-кодтарды енгізудің негізгі мақсаты – тұтынушылардың, яғни клиенттердің құқықтарын қорғау. Бұл іс жүзінде кәсіпкердің паспорты. Онда оның барлық деректері бар», — деп атап өтті Е. Жамаубаев. 

Мысалы, сапасыз тауарды немесе алкогольді сатып алған жағдайда сатып алушы QR-кодты пайдалана отырып, мемлекеттік кірістер органдарына жүгіне алады.

Сонымен қатар QR-кодтағы ақпараттың көмегімен кәсіпкер өзінің адал салық төлеуші болып табылатыны туралы мәлімдейді, өйткені QR-кодта сатылатын алкоголь өніміне лицензияның болуы туралы ақпарат, БКМ және салық төлеушінің қолданыстағы мәртебесі бар.

Министрдің айтуынша, бұл ақпарат клиенттердің сенімін арттыруға және кәсіпкердің бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік аудит жүргізілгеннен кейін кәсіпкердің шағымдары мен қарсылықтарын кім қарайды деген сұраққа Е. Жамаубаев бұл Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің апелляциялық комиссиясының құзыреті деп жауап берді.

Егер мемлекеттік сатып алу сомасы 2 млрд теңгеден асқан жағдайда, ол бойынша шағымды Қаржы министрлігі ІМАК-пен бірлесіп қарайды.

«Егер аудит объектісі Комитеттің жауабымен келіспесе, онда ол Қаржы министрлігінің апелляциялық комиссиясына немесе сотқа жүгіне алады», — деп атап өтті Е. Жамаубаев.

Бұл ретте Апелляциялық комиссияның құрамына министрліктің лауазымды тұлғалары, «Атамекен» ҰКП және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Комиссияның кейбір мүшелері халықаралық деңгейдегі сертификатталған мемлекеттік аудиторлар болып табылады.

Мемлекеттік объектілерді жекешелендіру тақырыбы бойынша көптеген сұрақтар қойылды. Жекешелендіру не үшін қажет? Бұл процесстен бизнес пен қарапайым адамдар не күтеді?

«Жекешелендіру мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқартуға және мемлекеттік активтерді неғұрлым тиімді меншік иесіне көшіру арқылы жеке бизнесті одан әрі дамытуға бағытталған. Жекешелендіру – бұл жеке бизнесті, жеке секторды дамыту. Жекешелендіру үдерісі неғұрлым жақсы және ашық болса, соғұрлым білікті және бәсекеге қабілетті жеке секторды тезірек аламыз. Бүкіл әлемде жеке сектордың үлесі 10-15%-дан аспайды. Бізде де таргеттелетін көрсеткіштер бар», — деп атап өтті Е. Жамаубаев.

Бұрын мемлекеттің қатысуымен ұйымдар ұсынған қызметтер бәсекелестік ортаға беріледі. Министрдің айтуынша, ең бастысы жекешелендіру процедуралары «Yellow Pages Rules» қағидаларына сәйкес келуі тиіс. 

«Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жекешелендіру шығындарды азайтуға және активтерді басқару сапасын арттыруға алып келеді. Сайып келгенде, кәсіпорындарды жаңғырту есебінен бәсекелестік, сапа артады, өндірілетін тауарлар мен қызметтердің көлемі мен ассортименті артады», — деп атап өтті Е. Жамаубаев.

Жекешелендіру жоспары 2021-2025 жылдарға есептелген және Министрліктің оны іске асыру бойынша үлкен міндеттері бар.

Жекешелендіру тақырыбын жалғастыра отырып, бизнесті әртараптандыру мүмкіндігі туралы мәселе көтерілді. Кәсіпкер сауда-саттыққа қатыса ала ма және ол үшін не істеу керек деген сұрақ қойылды.

«Иә, қатысуға ешқандай шектеулер жоқ. Сауда-саттық www.gosreestr.kz мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында бірыңғай электрондық сауда алаңында өтеді», — деді Е. Жамаубаев.

Сауда-саттықтың электрондық формасы, министрдің айтуынша, веб-портал арқылы қатысушының географиялық орналасқан жеріне қарамастан, сауда-саттыққа жалпыға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жекешелендіру, сату объектілері, сауда-саттық бағалары мен түрлері, өткізілген сауда-саттық нәтижелері туралы барлық ақпарат, қатысу тәртібі туралы егжей-тегжейлі нұсқаулықтар және т. б. веб-порталда орналастырылған және бәріне қолжетімді. Сұрақтар туындаған жағдайда қосымша call-орталық жұмыс істейді.

Сонымен қатар веб-порталға Электронды үкімет, ҚР Әділет министрлігі және «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының сайттарындағы баннерлер арқылы кіруге болады. 

Жосықсыз қатысушылардың тізілімі де мәселенің тақырыбына айналды. Қаржы министрлігі өз шешімімен шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушінің жосықсыз қатысушылары тізілімінен алып тастай ала ма деген сұраққа министр қазіргі уақытта жосықсыз қатысушыларды тізілімнен алып тастау мерзімі өткеннен кейін ғана не сот шешімі бойынша ғана мүмкін болады деп жауап берді.

Сонымен қатар ол бүгінгі таңда депутаттармен бірге бұл мәселе талқыланғанын және заң жобасында әлеуетті өнім берушіні негізді себептер болған жағдайда тізілімнен мерзімінен бұрын шығару туралы шешім қабылдайтын келісім комиссиясын енгізуді қарастыру туралы шешім қабылданғанын айтты Қазіргі уақытта жоба Мәжілістің қарауында жатыр.

«Келісім комиссиясын “Атамекен” ҰКП өкілдерінің қатысуымен тапсырыс беруші құратын болады. Осылайша, кәсіпкерлер конкурстық рәсімге қатыса алатындай жағдай жасалуда», — деді Е. Жамаубаев.

Әлеуметтік бағыттағы мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Министр бала кезінен мүгедек баланың ата-анасы болып табылатын қызметкерге 2019-2020 жылдарға салық шегерімдерін қолдану мүмкін бе деген сұраққа егжей-тегжейлі жауап берді. Жұмыс беруші оған өтініш қабылдаудан бас тарта ала ма? Ол бұған дейін ұсталған салықтарды қайтаруға өтінішпен салық органына жүгінуге құқылы ма?

«Салық кодексіне сәйкес, мұндай өтінішті Мемлекеттік кіріс органдарына тек салық агенті, яғни жұмыс беруші ғана береді. Сіздің қызметкеріңіз (бала кезінен мүгедек баланың ата-анасы) сізге жұмыс беруші ретінде салық салуға жататын табыстарды қайта есептеу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы», — деп жауап берді Е. Жамаубаев.

Ол үшін қызметкер өтініш пен растайтын құжаттарды ұсынады, олардың негізінде жұмыс беруші кірістерді қайта есептеуге міндетті (882 АЕК шегінде).

Өз кезегінде, жұмыс беруші өткен кезеңдер үшін өзінің салық міндеттемелерін азайтуға резидент азаматтар бойынша ЖТС және әлеуметтік салық бойынша қосымша декларация (200.00 форма) ұсынуға құқылы. Бұл ретте, жұмыс берушінің өтініші бойынша ЖТС бойынша қалыптасқан артық төлем талап қою мерзімі (3 жыл) шегінде бюджеттен қайтарылады. Осыған байланысты, жұмыс берушінің қызметкерге ЖТС қайта есептеуден және қайтарудан бас тартуға құқықтық негіздері жоқ.

ЖШС-нің жалпы белгіленген режимнен бөлшек салықтың арнайы салық режиміне көшу мүмкіндігі туралы сұраққа министр Салық кодексінде көрсетілген бөлшек салықтың арнайы салық режиміне көшу үшін белгілі бір критерийлер бар екенін айтты (1 т. 696-1-б.).

«Салық төлеушілер арнайы салық режимін қолдануға мына жағдайларда құқылы:

1) егер олар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері деп танылса;

2) бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолдану мақсаттары үшін қызмет түрлерінің тізбесінде айқындалған бір немесе бірнеше қызмет түрлерін жүзеге асырса (02.02.2021 ж. №30 ҚР ҮҚ)» , — деп жауап берді Е. Жамаубаев.

Яғни, оның айтуынша, салық төлеуші көрсетілген тізбеден қызметтің бір немесе бірнеше түрін жүзеге асырған жағдайда осы салық салу режимін қолдануға құқылы.

Қаржылық тұрақтылық бойынша талапты енгізуге байланысты мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін шарттарды жеңілдету мәселесі бойынша министр жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Қаржылық тұрақтылық бойынша талаптар Министрліктің бұйрығымен жеңілдетілді (05.05.2021 ж. №431).

Атап айтқанда, төленген салықтардың көрсеткіші 4-тен 3%-ға дейін төмендеді.

Министрдің айтуынша, жанар-жағармай материалдарын жеткізушілер мен көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасаған жеткізушілер үшін – 1%.

Бұл әлеуетті жеткізушілерді қолдау, сондай-ақ адал бәсекелестікті қамтамасыз ету үшін жасалады.

Сондай-ақ, министр қаржылық тұрақтылық бойынша біліктілік талабы материалдық, еңбек және қаржы ресурстары жақсы беделге ие компаниялардың мемлекеттік сатып алуларына қатысу мақсатында енгізілгенін еске салды.

2019 жылы осы талапты енгізумен бір күндік фирмалар енді мемлекеттік сатып алуға қатыспайды.

Салаға байланысты төленген салықтар көрсеткішінің мөлшерін айқындау мәселесін пысықтау жоспарда бар.

Жалпы, министрдің айтуынша, қаржылық тұрақтылықты жетілдіру және мемлекеттік сатып алуға қатысуды оңайлату бойынша жұмыстар жалғасатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу