23 Қаңтар 2026, 19:25

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Республикасы жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева қатысқан баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз конференциясы барысында қатысушылар елдегі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамытудағы бірыңғай цифрлық тірегі саналатын Цифрлық кодекстің негізгі ережелерін түсіндірді.
Жуырда Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексіне Мемлекет басшысы қол қойды. Президент өз Жолдауында үш жыл ішінде Цифрлық ел құру міндетін қойды. Дәл осы Заң оның құқықтық негізіне айналады.
Кодекс цифрлық мемлекеттің архитектурасы мен деректерді реттеуден бастап цифрлық адам құқықтарын қорғауға және киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге дейінгі цифрлық құқықтық тәртіптің барлық негізгі саласын қамтиды.
Кодекстің бірінші бөлігі – реттеудің мәні ақпараттандыру немесе автоматтандыру процестерінің өзі емес, цифрлық ортада туындайтын құқықтық қатынастар екенін анықтайды. Бұл «құрылыс заңнамасынан» қазірдің өзінде салынған цифрлық ортаны пайдалану туралы заңнамаға түбегейлі көшу. Кодекстің жобасы технологиялық және контенттік бейтараптық қағидаттарына негізделген. Ол цифрлық құқықтық тәртіптің архитектурасын қалыптастырады, оған кейінгі барлық салалық норма енгізіледі.
Қазақстан мұндай құжатты қабылдаған әлемдегі екінші ел және бұл оның халықаралық деңгейдегі маңыздылығын көрсетеді.
Цифрлық кодекс салалық заңнаманың шашыраңқы қамтылған нормаларын біріктіріп, құқықтық қайшылықтарды жоя отырып жұмыс барысының біріңғай қағидаларын енгізді. Осылайша, жаңа технологиялардың базалық реттеулермен қарама-қайшылықтары жойылды.
Баспасөз мәслихатында жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун цифрлық мемлекеттік басқарудың қайта қаралған және жаңартылған тәсілдері туралы баяндап, оның негізгі элементтерінің бірі – адамның цифрлық құқықтарын бекіту екенін жеткізді.
Оның айтуынша, енді азаматтар цифрлық сәйкестендіруге және оны қорғауға, сондай-ақ өздерінің дербес деректерін жоюға, жасыруға және оларды өңдеуге шектеу қоюға құқылы. Биометриялық аутентификацияны қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ғана рұқсат етіледі.
Сондай-ақ эталондық цифрлық деректерді қамтитын ұлттық тізілім қалыптастырылды. Енді, мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар және квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттік және өзге де қызметтерді көрсету барысында, аталған тізілімде қажетті цифрлық деректер болса, онда оларды ұлттық тізілімнен алуға міндеттеледі.
Елімізде алғаш рет цифрлық деректер өнімдерінің алмасуы мен айналымына арналған платформа енгізілуде. Бұл – онда орналастырылған цифрлық деректер өнімдерінің қолжетімділігін және олардың алмасуы мен айналымының белгіленген шарттарын қамтамасыз ететін цифрлық платформа. Платформаның жұмысы хабарлама тәртібімен жүзеге асырылады. Аталған платформа деректер айналымының көлеңкелі тұстарын айқындауға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде мемлекеттің цифрлық архитектурасы салалық түрлі IT-шешімдерден бас тартуға және өзара байланысқан, кешенді цифрлық сервистерді қалыптастыруға мүмкіндік беретіні айтылды.
«Цифрлық үкімет» архитектурасы цифрлық мемлекеттік қызметтердің жаңа деңгейін қамтамасыз етеді. Смарт-қалалар мен смарт-аймақтар цифрлық деректер мен жасанды интеллектіні пайдалану арқылы басқара отырып, өңірдің, өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының және өзге де салалардың даму бағытын қамтиды.
Кодексте цифрлық нысандардың жұмыс істеу циклі көзделген. Аталмыш цикл жоспарлау, құру, тәжірибелік пайдалану, киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынақтан өткізу, өнеркәсіптік пайдалануға енгізу, дамыту, және оны тоқтату, модификациялау, архивтеу және «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектісін есептен шығару кезеңдерін қамтиды.
Мемлекеттік басқаруды цифрландыру қарқынын жеделдету мақсатында «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерін құру және дамытуға қатысты ұзаққа созылатын рәсімдер қысқартылады. Енді бюджеттік процестердің құрылуы мен дамуы тек технологиялық тұрғыдан күрделі «Цифрлық үкімет» объектілері үшін ғана қолданылады.
Технологиялық тұрғыдан күрделі «Цифрлық үкімет» объектілері – жобалау, әзірлеу, жаңғырту, енгізу, интеграциялау мен пайдалану барысында арнайы талаптарды белгілеуді қажет ететін ерекше архитектуралық және технологиялық сипаттамаларға ие.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу