Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Жетісу облысының тұрғындарымен кездесті

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Талдықорған қаласында Жетісу жұртшылығымен кездесу өткізді. Министр саладағы атқаралып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, орталық мемлекеттік органдар басшылары жүйелі түрде халықпен кездесулер өткізіп келеді. Осы орайда, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Үкімет мүшесі ретінде Министрліктің атқарып жатқан жұмысы мен негізгі бағыттары туралы айтып, өңір тұрғындарының сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді.

Ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің маңызды бағыттарының бірі – азаматтық қоғам институттарын дамыту екенін атап өтті.

«Азаматтық қоғам институттарының өкілдерін мемлекетті басқару процесіне белсенді тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда ашықтық пен есептілікті арттыру, сондай-ақ онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру мақсатында қоғамдық бақылауды жүзеге асыру процестерін реттеуге бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасы әзірленді», — деді Дархан Қыдырәлі.

Оның айтуынша, қоғамдық бақылау мемлекеттік бақылауға балама болады және үкіметтік емес ұйымдардың рөлін едәуір арттыруға және азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимылының сапалы жаңа қағидаттарын құруға мүмкіндік береді. Бұл заң жобасы бүгінде Парламент Мәжілісіне енгізіліп, қаралуда.

«Сонымен қатар Министрлікпен «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң жобасына өзгерістер енгізу жоспарлануда. Бұл түзетулер азаматтардың құқықтары мен қоғамдық бірлестіктер еркіндігін кеңейтуге мүмкіндік береді, атап айтқанда, қоғамдық бірлестіктер үшін құрылтайшылар санын 10-нан 2 адамға дейін қысқарту көзделеді. Бұл Заңның қабылдануы қоғамдық бірлестіктердің құрылуын жеңілдетіп, олардың қызметіне қатысты мәселелерін реттеуге ықпал ететін болады», — деді ол.

Министрдің мәліметінше, былтыр Мемлекет басшысы волонтерлік қызмет, қайырымдылық және ҮЕҰ мемлекеттік қолдау мәселелері жөніндегі ҚР Заңына қол қойды, онда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттық қаржыландыру, волонтерлік, қайырымдылық бөлігінде түзетулер қабылданды. Сондай-ақ Заңда ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылдың жаңа тетігі – стратегиялық әріптестік енгізілді.

Бұдан басқа, азаматтардың үлесін арттыруды ескере отырып, қоғамдық кеңестер құрамын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, биыл жүргізілген жұмыс қорытындысына сәйкес, республика бойынша азаматтық сектор өкілдерінің үлесі 23,5%-ға өсті. Мысалы, Жетісу облысында бұл сан 123 адам немесе азаматтық қоғам үлесінің 72%-ын құрайды.

Сонымен қатар Жетісу облысында 2023 жылы жалпы 915,7 млн теңге сомасына 76 әлеуметтік жоба іске асырылып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 4,6 есе ұлғайды.

Алайда, Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемінің ұлғайғанымен түйткілді мәселелер өзектілігін жоғалтқан жоқ. Соның ішінде жобаларды жоспарлау сапасының төмендігі, қысқа мерзімді нәтижелермен «шағын жобаларды» және әлеуметтік әсері жоқ жобаларды іске асыру, ауылдық ҮЕҰ-ға арналған жобалардың белгілі бір деңгейде жеткіліксіздігі байқалады.

Осыған орай, Министрлік облыс әкімдігімен бірлесіп, өңірдегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі жобалардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет деп санайды.

«Біздің жұмысымыздың тағы бір бағыты – волонтерлер қозғалысын дамыту. Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 200 мың белсенді волонтер және 680 волонтерлік ұйым бар. Облыстық фронт-офис волонтерлері, еліміздегі ең белсенді волонтерлердің бірі. Сондай-ақ 2022 жылғы Халықаралық волонтер сыйлығын алу конкурсының қорытындысы бойынша, байқаудың 42 лауреатының ішінде облыстың 13 өкілі болды. Бұл елдегі ең жақсы көрсеткіш. Бұл ретте облыстың фронт-офисі республикадағы ең мықтылардың бірі саналады. Қазір облыста 4 мыңға жуық волонтер мен 50 волонтерлік ұйым тіркелген», — деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, Текелі қаласында 2018 жылдан бері Халида Есболқызы Құсайынованың жетекшілігімен «Жақсылық жаса Текелі» волонтерлер қозғалысы жұмыс істейді. Бұл қозғалыс құрылған сәттен бастап өмірлік қиын жағдайға тап болған 120-дан астам отбасына көмек көрсетті. Жетісу өңірінде жыл басынан бері 930-дан астам қайырымдылық шарасы ұйымдастырылған.

Сондай-ақ облыста «Біргеміз: Таза әлем» бағыты бойынша 5 мың адамды жұмылдырып, қоршаған ортаны қорғау, өзен-ормандарды тазарту, ағаш отырғызу, қоқыстарды сұрыптау бойынша 125 акция өткізілді.

«Биыл біздің елде волонтерлердің ірі халықаралық форумы өтеді, оның аясында Қазақстанға 34-ке жуық шетелдік делегация келеді. Отандық волонтерлер үшін 2 мамырдан бастап осы форумға қатысу үшін республикалық байқау басталды. Форумның ашылуы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтеді деп жоспарланып отыр. Өңірдегі барлық волонтерлерді байқауға белсенді қатысып, біздің сайт пен әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды бақылап отыруға шақырамын», — деді министр.

Д. Қыдырәлінің айтуынша, биыл алғаш рет Қазақстанда қайырымдылықты дамытуға қосқан үлесі үшін меценаттар мен қайырымдылық ұйымдары және волонтерлері құрметті атақтармен марапатталады.

«Марапаттау рәсімі 5 қыркүйекте Халықаралық қайырымдылық күні аясында өтеді. Марапатқа өтініштер қабылдау 1 маусымда басталады. Өңірдегі барша меценаттарды қайырымдылық саласындағы құрметті атақ үшін байқауға қатысуға шақырамыз», — деді ол.

Министр атап өткендей, қазіргі таңда Министрлік медиа заңнаманы жетілдіру бағытында кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. 

Біріншісі, «Масс-медиа» заң жобасы бойынша, Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Министрлік салалық заңнаманы жетілдіруде. Бүгінде дәстүрлі БАҚ-тың бағыты концептуалды тұрғыда өзгеріп жатыр, «Жаңа медиа» деген түсінік қалыптасты. 

«Қазіргі уақытта “Масс-медиа туралы” заң жобасын талқылау және Парламентке енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл заң жобасы мемлекет мүдделерінің, қоғамның сұраныстары мен медиа үрдістерінің теңгерімін құруға бағытталған. Мәселен, осы Заң жобасының негізгі жаңалығы – баспасөз карталарын енгізу, ол журналистермен жұмыс істеудің басты тетігі болады. Бүгінгі таңда біз сала өкілдерімен және үкіметтік емес ұйымдармен бірқатар кездесулер өткіздік. Сонымен қатар қоғамның сұрауына жауап бере отырып, заң жобасында гранттық қаржыландыруға көшу, спутниктік операторларды субсидиялау, журналистердің құқықтары мен бостандықтары туралы Ұлттық баяндама жасау, өзін-өзі реттеу институтын дамыту және басқа да бірқатар өзгерістер ұсынылды», — деді Д. Қыдырәлі.

Оның айтуынша, гранттық қаржыландыру мемлекеттің отандық бұқаралық ақпарат құралдарын ашық және транспарентті қаржыландыруға толық дайындығын көрсетеді, ал оның тетіктері отандық контент сапасының жақсаруына айтарлықтай әсер етеді. Сонымен қатар қазақ тіліндегі мазмұнға баса назар аударылады.

Спутниктік операторларды субсидиялау халықты, әсіресе елдің шекаралас аймақтарында «сұр тарелкалардан» бас тартуға ынталандыруға бағытталған. Бұл шара қазіргі геосаяси жағдайда өте өзекті.

Жоба халықаралық қоғамдастық тарапынан талқыланды. Атап айтқанда, Сыртқы істер министрлігі, БҰҰ және ЕҚЫҰ (ОБСЕ) алаңында заң жобасын талқылау бойынша бірқатар іс-шаралар өткізілді.

Екіншісі, «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасына қатысты. Қазіргі уақытта, Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылығымен «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасын әзірленуде. Бұл Заң жобасы бірінші кезекте онлайн-платформалармен тиімді ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл орнатуға мүмкіндік береді. Заң жобасы аясындағы басты мәселе – мемлекеттік тілдегі онлайн-платформалар интерфейсін дамыту, онлайн-ортаны қауіпсіз және ашық түрде дамыту. Қазақстан Республикасы азаматтарының өз өтініштері негізінде буллинг пен жеккөрінішті риториканы қамтитын мазмұнмен күресуге мүмкіндік беретін нормаларды енгізу ұсынылады.

Д. Қыдырәлінің мәлімдеуінше, жоғарыда аталған заң жобаларын әзірлеу және қабылдау жыл соңына дейін жоспарланып отыр. Сондай-ақ еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық егемендігін қамтамасыз етуге, отандық контенттің сапасын арттыру, ақпараттық сын-қатерлер мен тәуекелдерге уақтылы ден қоюға бағытталған ақпараттық доктрина қабылданды.

Сонымен қатар алдағы кезеңге ақпарат саласындағы бірқатар міндеттер қойылған. 

Бірінші, мемлекеттік тілдегі контентті ұлғайту. «Масс-медиа туралы» заң жобасында қазақ тіліндегі контентті дамытуға бөлінген гранттардың жалпы санының 2/3 пропорциясында қазақ тіліндегі гранттардың қажетті көлемі туралы норма қарастырылған. Бұл БАҚ-та шығарылатын қазақ тіліндегі контенттің үлесі мен сапасын арттыруға ықпал етеді. 

Екінші, балаларға арналған контентті ұлғайту. Телеарналар мен әлеуметтік желілерде анимациялық және балаларға арналған контентті ұлғайту жоспарланып отыр. Бұдан басқа, адамгершілік қағидаттарын, патриотизмді, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды ұстануды ілгерілету үшін балалар баспа басылымдары мен интернет-жобаларға қолдау көрсетілетін болады. Бұл міндетті өңірлік деңгейде де іске асыру қажет. 

Үшінші, өңірлік контенттің сапасын күшейту. Бүгінде Жетісу облысында 92 БАҚ жұмыс істейді, оның ішінде мерзімді баспасөз басылымдары – 68, телеарналар мен радио – 3, ақпараттық агенттіктер мен желілік басылымдар – 21, олардың жұмыс бағыттарының бірі – өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты іске асыру. Өңірлік БАҚ-та, әсіресе ақпараттық сайттарда көбінесе республикалық БАҚ-та жарияланған ақпараттар ғана таратылады. Сондықтан өңірлік БАҚ-тың жеке контентін күшейту қажет. Арнайы медиа жобалар қолға алынуы тиіс.

Бұл ретте БАҚ-тың дәстүрлі түрлерін қолдау және сақтау маңызды. Атап айтқанда, баспа БАҚ-ты қолдау мәселесіне басты назар аудару қажет. Биыл аудандық, қалалық, облыстық БАҚ басшылығының қатысуымен өңірлік баспа өкілдерінің форумы өткізілді. Екі күндік іс-шара аясында көптеген мәселелер шешімін тапты.

Төртінші, жалған ақпараттандырудың алдын-алу. Қазіргі таңда ақпарат алаңдары мен әлеуметтік желілерде көптеген жалған ақпараттар тез қаралым жинап, кең таралуда. Осыған орай, облыстық және аудандық деңгейде жалған ақпараттың алдын-алу жұмыстарын күшейту қажет. Министрлік тарапынан бұл бағытта қажетті қолдау көрсетілетін болады. 

Бесінші, баспасөз хатшылары мен БАҚ қызметкерлерінің біліктілігін арттыру. Биылдан бастап, Қазақстандық қоғамдық даму институты жанындағы Media Lab базасында баспасөз хатшылары мен БАҚ қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру курстары (семинарлар, тренингтер) ұйымдастырылады. Отандық журналистерді әлемдік танымал БАҚ-та тағылымдамадан өткізу пысықталып жатыр. Сонымен қатар халықтың медиа сауаттылығын арттыру жөніндегі шаралар кешені іске асырылады.

Министр бұдан кейін мемлекеттің жастарды қолдау бойынша жүргізіп жатқан шаралары туралы айтты.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар саясаты саласында бірқатар жұмыстар атқарды. 2022 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты» Қазақстан Республикасының Заңына тұжырымдамалық түзетулер енгізілді. Осы Заңның негізгі өзгерістерінің бірі – Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен «жастар» ұғымының жас шегін 35 жасқа дейін ұлғайту ұсынылды. Осылайша, жастарды мемлекеттік қолдау шараларымен қамту 1,5 есе, 3,7 млн адамнан 5,7 млн адамға дейін кеңейтілді», — деді Д. Қыдырәлі.

Оның айтуынша, жастарды жұмыспен қамту, тұрғын ұймен қамтамасыз ету, ақпараттық-кеңес беру және т.б. жан-жақты қолдау мақсатында 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Жетісу облысында 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны статистикалық деректерге сәйкес, 190,3 мың адамды, жалпы өңір халқының 47,6%-ын құрайды. Соның ішінде 106,4 мыңы ауыл жастары. 2022 жылы облыстағы NEET санатындағы жастар саны 6,2% құрады, бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен төмен. Дегенмен, облыстық және қалалық әкімдіктерге аталған санаттағы жастармен жұмысты жалғастыру қажет.

«2022 жылдың қыркүйек айында елімізде алғаш болып Текелі қаласында (моноқала) арнайы жастар үшін сыйымдылығы 100 адамды қамтитын Жастарға қызмет көрсету орталығы қазіргі таңда халық игілігіне жұмыс істеудеа. Осы жылы Жетісу облысының жұмыспен қамту органдарына жастар арасынан 2 мың адам жүгініп, 900-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына орналасқаны 260-қа жуық адам», — деді министр.

Д. Қыдырәлінің сөзіне сүйенсек, бұдан бөлек, түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша жастарды мемлекеттік қолдау шараларымен қамту жүргізіліп жатыр. Мысалы, осы жылы облыста «Жасыл ел» жобасы аясында 635 жасты уақытша маусымдық жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

«2023 жылдан бастап, жастар ресурстық орталықтарында “ІТ хаб” ашуды жоспарлап отырмыз. Аталған жоба аясында жастар тікелей Жастар ресурстық орталықтары арқылы бір әлеуметтік қызметпен қамтамасыз етіледі. Пилоттық жоба Жетісу облысының жастар ресурстық орталығы негізінде бастау алып отыр. Сіздермен кездеспес бұрын, “ІТ хаб”-тың салтанатты ашылу рәсімі мен жас стартап жобалардың таныстырылуына қатыстым. Бұл жастар үшін беріліп отырған таптырмас мүмкіндік, себебі бұл жоба “Астана Хаб” орталығымен бірлесе жүзеге асырылады және әр жобаға қолдау көрсетілетін болады. Жыл бойы бұл жұмысты әр өңірде жалғастыруды жоспарлап отырмыз», — деді ол.

Оның айтуынша, министрлік тарапынан жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін 2023 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына (5 бағыт бойынша – «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар, «Бизнес», «Медиа») өтінім қабылдау жоспарланып отыр. Әр жобаға 3 млн теңге қарастырылған.

«Жергілікті жастарды осындай жобалар мен бағдарламаларға белсенді қатысуға, дамуға және мұнымен тоқтап қалмауға шақырамын. Біз министрлік пен әкімдіктер тарапынан барлық көмек көрсетуді жалғастырамыз. Жастарды қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы барлық сұрақтар бойынша біздің Министрлікке, сондай-ақ өңірлік жастар ресурстық орталықтарына жүгіне аласыздар», — деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта отбасы саясаты саласы күн тәртібінің басты мәселесі ретінде тұр. Мемлекет басшысы қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қарсы бірқатар міндеттерді тапсырғаны белгілі. Осыған орай Министрлік өңірлермен бірлесе отырып, бірқатар жұмысты қолға алды. Олар:

  • Өмірлік қиын жағдайдағы отбасылармен жұмысты үйлестіру. Осы мақсатта барлық өңірлерде 68 Отбасын қолдау орталығы ашылды. 2025 жылға қарай барлық республика бойынша 140-тан астам орталық ашылады. Жетісу облысында 1 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, биыл 3 Орталық ашу жоспарланып отыр. Министрлікпен Орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында оқыту курстары жүргізілуде.
  • Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін дағдарыс орталықтарының базасында агрессорлармен профилактикалық жұмыс басталды. Осы мақсатта биыл Дағдарыс орталықтарының психологтарын тарта отырып, Министрлік бірқатар өңірлерде агрессорлармен жұмыс жөніндегі жобаны пилоттауды бастайды. Министрліктің мақсаты – зорлық-зомбылықтың қайталануының алдын алу, отбасыларды сақтау, отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыс деңгейін төмендету.
  • БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қормен (UNFPA) бірлесіп, бірнеше өңірлерде некені тіркеуге өтініш беретін азаматтарды оқыту мен некеге дейін өтеусіз консультациялар, отбасын жоспарлау және отбасы психологиясы, репродуктивті денсаулық, отбасы бюджетін жоспарлау және басқа да маңызды мәселелер бойынша пилоттық жоба іске қосылады.

Бұдан әрі министр этносаралық қатынастар мен дін саласы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

«Жетісу жері еліміздің көпэтносты өңірлерінің бірі. Аймақтағы этносаралық жағдай Министрліктің ерекше назарында. Облыста 100-ге жуық этнос тұрады, 21 этномәдени бірлестік тіркелген, оның ішінде 11-і Талдықорған қаласында орналасқан», — деді ол.

Оның айтуынша, жалпы, елдегі этносаралық қатынастар саласы тұрақты дамып келеді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі этносаралық саладағы уәкілетті мемлекеттік орган ретінде орталық және жергілікті органдармен бірлесіп, мынадай маңызды бағыттарды үйлестіреді: 

  • елдегі этносаралық келісімнің сақталуына, қоғамдағы этносаралық коммуникациялардың дамуына ықпал етеді;
  • азаматтар құқықтарының теңдігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ этникалық және тілдік негізде қандай да бір кемсітушілікке, этносаралық шиеленістер мен қақтығыстарға жол бермеу бойынша шаралар қабылдайды;
  • қазақстандық этностардың интеграциясы, азаматтық құндылықтар мен бірегейлікті қалыптастыру мақсатында тиісті жағдай жасайды;
  • Қазақстан халқы ассамблеясы қазақстандық этностарды интеграциялаудың бас институты ретіндегі қызметін қамтамасыз етеді. Барлық этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимылды ұйымдастырады.

Д. Қыдырәлінің айтуынша, Министрлік тарапынан мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы, этномәдени бірлестіктерге арналған Тіл мектебі және басқа да ауқымды жобалар жүзеге асырылып отыр. Бұған қоса, 26-27 сәуірде Астана қаласында Ассамблеяның «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты XXXII сессиясында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі этносаралық саясаттың негізгі бағыттарына қатысты маңызы жоғары мақсат-міндеттерді айқындап берді.

Мемлекет басшысы елдегі татулық пен бірлікті нығайтып, одан әрі дамыту, этноәлеуметтік шиеленістің шығу себептерін жою, заң аясында этносаралық қарым-қатынас, тіл және әлеуметтік мәселелер, әрбір этностың өз дәстүрін, мәдениеті мен тілін дамытуды жалғастыруы және тағы басқа негізгі мәселелерге тоқталды.

Оның айтуынша, жоғарыда атап өткен маңызды бағыттардың іске асуы этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың одан әрі тиімді жүзеге асуына өз септігін тигізетіні сөзсіз.

«Аталған саланы дамытуға қатысты мақсат-міндеттерге барлық мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан баса назар аударылады. Демек, баршамыздың алдымызда осы бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру міндеті тұр», — деді министр.

Қазіргі таңда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің негізгі бағыттарының бірі – елімізде діни тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету.

«Аталған бағыттар бойынша өз құзыретіміз шегінде өңірлерге үнемі ықпалдастық танытып келеміз. Бұл ретте, Жетісу өңірінде тіркелген 256 діни бірлестіктің бірлігі берік болып, қоғамның дамуына ауқымды үлес қосуы дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігінің нәтижесі деп білеміз. Дегенмен, Мемлекет басшысы жуырда ғана “Плюрализмді құптаймыз, ал радикализмге жол жоқ” деп атап өткеніндей, әлемдік үрдістер мен жаһандық сын-қатерлерді де жадымыздан шығармағанымыз дұрыс. Осы орайда, еліміздің ынтымағы мен тыныштығына қауіп төндіретін кез келген әрекеттің алдын алу біз үшін маңызды міндет», — деді Д. Қыдырәлі.

Оның айтуынша, аталған жұмыстарды атқаруда халқымыздың дүниетанымына сай келетін құндылықтарға бағытталған шаралар арқылы жақсы көрсеткіштерге жетуге болады.

«Біз орталықта болғанымызбен өңірдің ахуалына қанықпыз. Тек талдау ғана емес, өзекті ұсынымдарды қамтитын маңызды бағыт-бағдарлар да беріп отырамыз. Ол үшін Министрлік тарапынан Жетісу өңіріндегі әріптестерімізге аталған бағыттар бойынша жүйелі түрде әдістемелік қолдау көрсетіліп келеді. Сонымен бірге, дін саласындағы жергілікті мамандардың қажырлы еңбегін атап өткен жөн. Өңірдегі қазіргі тұрақты жағдай осы бірлескен нәтижелі жұмыстардың жемісі. Сондай-ақ, дін саласындағы уәкілетті орган ретінде тек жергілікті атқарушы органдар ғана емес, осындағы белсенді азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныс-бастамаларын қарастыруға дайынбыз. Бұл тұста, ортақ бастамаларымыз дін саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруда көзделген мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді деп сенемін. Біздің тарапымыздан қарастырылған әдістемелік қолдаулар жалғасатын болады», — деді министр.

Айта кетейік, кездесу барысында тұрғындар тарапынан қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріліп, деструктивті ағымдармен күрес, медиа контент, жалған ақпараттың алдын алу мәселелеріне байланысты сұрақтар қойылды. Кездесуден соң министр жеке сұрақтары бар азаматтарды қабылдап, олардың мәселелеріне құлақ түрді.

#Халықпен кездесу #ҚР АҚДМ

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу