18 Маусым 2026, 11:54
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында 2026 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына өтінім қабылдаудың басталуына арналған брифинг өтті.
Брифинг барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Біржан Әлімжанов «Дарын» сыйлығы 1992 жылы дарынды жастарды жемісті ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалғанын атап өтті.
Жалпы, осы жылдар ішінде 380-нен астам дарынды жас қазақстандық «Дарын» сыйлығының иегері атанды.
Сыйлық түрлі салалардағы 10 номинация бойынша беріледі: «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы».
«Мемлекеттік жастар сыйлығын талантты, белсенді, шығармашыл, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ түрлі салаларда қоғамды дамытуға сүбелі үлестерін қосып жүрген Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейінгі азаматтары ала алады», — деді Біржан Әлімжанов.
Сыйлық алуға кандидатуралар ұсынуды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген өзге де заңды тұлғалар жүргiзедi.
Сыйлыққа ие болған адамдарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атағы беріледі, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйақы табыс етіледі.
«Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі үміткерлердің өтінімдерін 2026 жылғы 17 маусымнан 17 қыркүйекке дейін қабылдайды. Құжаттарды тапсыру белгіленген мерзімде қағаз немесе электрондық форматта жүзеге асырылады. Сыйлық лауреаттары арнайы комиссияның шешімі негізінде анықталады», — деді ол.
Брифинг аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Біржан Әлімжанов өтінім беру тәртібі мен құжаттарға қойылатын талаптарды жан-жақты түсіндірді.
Конкурс туралы толық ақпарат, оның ішінде грантты тағайындау қағидалары мен қажетті құжаттар тізімі Министрліктің ресми ақпараттық ресурстарында орналастырылған.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу